Әділет полковнигі Серік Төреханов әскерилердің арасындағы өзіне қол жұмсаудың себептерін айтты

Бас әскери прокуратураның 2015 жылды «Әскердегі суицидті сауықтыру жылы» деп жариялауына байланысты Шығыс аймағының әскери прокуратурасы Семей гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінің әскери қызметшілері арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын-алу шараларын тұрақты жүргізіп келеді. Оның барысы жайында Шығыс аймағының әскери прокуроры, әділет полковнигі Серік Байболатұлы Төреханов өз ойын ортаға салады.

Серік Байболатұлы, әскердегі суицидті сауықтыру жылы қалай өтті?

- Шығыс аймағының әскери прокуратурасы 2015 жылдың басында қылмысты іздестіру мен басқарманың әскери органдарының ведомоствааралық мәжілісін өткізіп, мәселенің түрлі аспектілерін талқылады. Семей гарнизонындағы әскери бөлімдер командирлері мен әскери мекемелердің жетекшілері, олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары, сержанттар, психологтар, әйелдер кеңесінің төрайымдары және «ForteBank» АҚ мен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ өкілдері мәселені шешудің жолдарын зерттеді. Әскери бөлімдерде «Суицидтің белгілерін сауықтыру жөніндегі командирлер жұмысының жағдайы», «Өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік» деген секілді тақыптарда дәрістер өтті. Сондай-ақ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Банк Хоум кредит» АҚ қызметкерлерінің қатысуымен де кеңес беру жиындары да ұйымдастырылды. Бұған қоса Шығыс аймағы әскери прокуратурасының бастамасымен гарнизонның барлық әскери бөлімдері мен мекемелерінде әскери қызметшілер арасында суицидтің алдын-алу жөніндегі жұмыс топтары құрылды.

Төленбеген несиелерден қомақталған қарызы бар әскери қызметшінің әрқайсысымен жүйелі жұмыс жүргізетін осы топтар емес пе?

- Әскерилердің арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының негізгі себептері ол – қаржының қиыншылығынан болатын отбасындағы тұрмыстық қарым-қатынастар, төленбеген несиелер, ішімдікті шамадан тыс пайдалану, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністіктің жоқтығы, опасыздық жасау және тағы басқалары. Бірақ, бұл тек болжамды себептер. Осындай немесе басқалай себептермен өзіне қол жұмсаған әскерилердің басым бөлігі хат қалдырмайды, көкейін тескен мәселе жайында ешкімге тіс жармайды, туған-туыстары да ақиқатты айтудан жалтарады. Қажетті мәліметтерді жасырып қалуы да сараптама жұмысын жүргізуге айтарлықтай кедергі келтіреді. Бұл жерде осы әскери қызметшілердің қызмет бабына қарай қару-жарақ пен оқ-дәріге тікелей қатысы және рұқсаты болғанын ескерсек, өзге адамдарға келетін қауіптің зардабын да айта кету қажет. Әлгінде айтылған жұмыс топтары банк алдында берешегі бар әскерилермен жеке-жеке әңгімелеседі. Несиені алудың мақсатын, оның өз қажетіне қарай жұмсалу-жұмсалмауын, белгілі уақытта төленбеу себептерін міндетті түрде анықтайды. Ай сайын әскерилердің өзіне-өзі қол жұмсау ойларын айқындау мақсатында жасырын түрде психологиялық тест те жүргізіледі. 

Дегенмен, Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің міндетін адал орындауға ант берген әскери қызметкерлеріміз неге өлімге барады?

- Адамдардың өз өміріне қол жұмсауына себеп болатын факторлар көп. Мәселен, денсаулықтың нашарлығы немесе мүгедектік, өмір сүрудің мәнін жоғалту, жұмыссыздық, қаражаттың қиындығы, тұрмыстың ауырлығы, құмарлық, жақынынан айырылу, отбасындағы келеңсіздіктер және жазасын өтеуден жалтару мақсатында қатерлі қадамға бару салдарынан болуы мүмкін. Бүгінгі күні ғалымдар суицидтің 800-ге жуық себебін алға тартады. Алайда, фактілердің 41 пайызының неліктен болатыны белгісіз күйде қалып отыр. Бұған қоса өзін өлтіруге бейім тұратын адамдарды алдын-ала анықтау жөнінде нақты, айқындалған және ықпалды әдістеме әлі жоқ.  

Демек, әскерилер арасындағы суицидтің алдын-алу мен сауықтыру жөніндегі қызметке әскери бөлім командирлері мен олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары ғана емес, сары уайымға түскен офицердің жанында жүргендер де араласуы керек пе?

- Міндетті түрде. Әскерилер қызметтестерінің көңіліндегі кірбің мен күдікті назардан тыс қалдырмағаны жөн. Мінез-құлқы мен жүріс-тұрысынан секем алған жағдайда, бірден қолбасшылыққа немесе штаттық психологқа хабар беруі тиіс. Әскери қызметшілер арасындағы суицидтің алдын-алу жөніндегі ғалым-психологтар әзірлеген жалпы ұсынымдардың негізінде тиісті шаралар қолданылады.

Ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сай кәсіби армия дамып жатқанда Қарулы Күштерге қарасты барлық әскери құрылым мен әскери бөлімде психолог маман болуы шарт қой?

- Әрине. Психологиялық қызмет - әрқашан әскери қызмет және оқу мен тәрбиенің негізі болып саналады. Қызметтегі негізгі тапсырма – түрлі топтағы әскери қызметшілердің психологиялық дайындығын бағдарлау. Ал, әскери бөлім командирлері шебер ұйымдастырушы, мотиватор, жан-жүрегі жақсы қасиеттерге бай адам ретінде қарамағындағыларға үлгі-өнеге көрсетіп қана қоймай, жақсы психолог та болуы керек. Әскери қызметкердің отбасы мүшелерімен сұхбаттасып тұрған дұрыс. Әскерилердің психологиялық білімін ағарту және насихаттау жөнінде жұмыстардың көп болғаны жөн. Әрбір әскери адам психология ғылымын оқып-біліп, оны қызметте дұрыс пайдалана білуі маңызды. Әсіресе құрылым командирлері үшін жеке тәрбие жұмыстарының сапасын жақсартуда және қызметті басқаруда психологияның көмегі көп. Әскерде психологиялық климатты жақсарту үшін алдымен әлеуметтік-тұрмыстық қажеттіліктерді анықтау керек. Нақты көмек көрсету мақсаты туындаған жағдайда әскерилердің психологиялық ерекшеліктерін айқындаған абзал.

- Полковник мырза, сонымен әскери қызметшілер арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың жолдарын бөгейтін ақпараттық-түсіндіру шаралары не береді?

Мәселен, әскери қызметшілердің қаржылық сауатын арттыруға бағытталған семинар-кеңестер ҚР қылмысты іздестіру және басқарманың әскери органдарының үйлестіру кеңесінің әскери ортадағы суицид оқиғаларының алдын-алу мақсатындағы Ұлттық банк Орталық аппаратына берген нұсқауының негізінде жүзеге асты. Банктен қарыз алушылардың мәселелерін шешу жөніндегі жұмыстар туралы өте мол ақпарат берілді. Соның нәтижесінде ағымдағы жылы әскерилердің өз өмірін өлімге қию фактілері де төмендеді. Әскердегі өзін-өзі өлтіру оқиғаларын одан әрі болдырмау үшін қосымша нұсқаулар да беріліп отыр


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента