Әділет подполковнигі Алмас Баймұхамбетов: «Сыбайластықтың ең қауіптісі - пара алу»

Осы жылдың 1-қаңтарынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» жаңа Заң күшіне енгенінен хабардармыз. Қоғамдық дертке айналған құқықбұзушылықтың бұл түрі қай салада да өзекті күйінде. Жаңа құжат жөнінде ҚР ҚК Әскери полициясы бас басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Алмас Болатұлы  Баймұхамбетовпен әңгімелесіп, ой тарқатқан едік.

– Осы жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның бұрынғы қолданыстағы осы заңнан қандай айырмашылықтары бар?

– 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңмен күшін жойған 1998 жылғы Заңның негізгі айырмашылығы мемлекеттік қызмет саласында, сондай-ақ кәсіпкерлік саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталуы болып табылады. Сыбайлас жемқорлықты ескерту үрдісіне барлық қоғам, бизнес-құрылымдар, жеке сектор және БАҚ кіреді. Заңмен үшінші тұлғаның пайдасына мүліктік игілік және мүліктік емес игілікті, артық болушылықты көздейтін сыбайлас жемқорлықтың жаңа айқындаушысы енгізілді.

Этика нормаларының бұзылуын сыбайлас жемқорлық көріністерінен шектеу мақсатында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту алынып тасталды. Сыбайлас жемқорлық енді қылмыстық және әкімшілік заңнама арқылы қарастырылатын болады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша мынадай шаралар енгізілді: сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық қаупіне талдау жасау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен стандарттар.

Жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда азаматтық қоғамды кең көлемде тарту үшін әрбір адам немесе кез-келген ұйым мониторинг жүргізуге құқылы, бұл – нормативтік-құқықтық актілер, ведомстволық статистика, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтері, әлеуметтік сауалнама және БАҚ-та жариялау мәліметтері.

Ұйымдастыру-басқару қызметінде жүйелі қауіптер анықталған жағдайда өкілетті орган сыртқы талдау жүргізуге және оларды жою бойынша ұсыныстар енгізуге құқылы. Сыбайлас жемқорлық мәдениетін қалыптастыру деп сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті сипаттайтын қоғамдағы құндылықтар жүйесін сақтау жөніндегі қызмет деп түсіну. Бұл білім беру, ақпараттық және ұйымдастырудың кешенді шаралары арқылы жүзеге асырылады.

Заң сараптамаларын жасау кезінде сыбайлас жемқорлық нормаларын анықтау қарастырылған. Сонымен қатар қаржылық бақылау шаралары жетілдірілді. Шенділердің тек кірістерін ғана емес, сондай-ақ мүлік алуға жұмсалған шығындарын да ресми мәлімдеу міндеті енгізілді. Заңда кәсіпкерлік саласындағы мүдделілердің арасындағы жанжалдың алдын алу және шешу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері көрсетілді. Ең маңыздысы, қоғам сыбайлас жемқорлық жағдайларына төзбеуі үшін адамдар олар туралы хабарлай алады және барлық белгілер бойынша пәрменді шаралар қабылданады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын өткізу тәртібі заңға қосымша құқықтық актілермен нақтыланған.

– Жаңа Заң талаптарының құқықбұзушылыққа қолданатын жазалары тым қатаң көрінді. Бұл біздегі сыбайластыққа қаншалықты тежеу бола алады?

– Сыбайлас жемқорлық құқықбұзышылық жасағаны үшін жазадан бұлтартпау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгісі болып табылады. Осы қағидатты бекітудің жағымды алғышарттары әлдеқашан қалыптасқан. Өткен жылдарда кең таратылған тәжірибе әскери қызметтен шектеу түрінде жаза тағайындау болған, бұл сотталған әскери қызметшілерді қызметтен босатуға мүмкіндік бермеген. Жаңа Қылмыстық кодексте осы жаза түрі алынып тасталды, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға қатысты жауапкершілік пен жаза түрі күшейтілді. Мүмкін, адамдар пара алғаны үшін сол сомманы 70 есе артық мөлшерде төлейтініне назар аударған шығар.

Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар тараптардың келісімге келуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. Оларға шартты мерзімінен бұрын босату және шартты түрде бас бостандығынан айыру жазалары қолданылмайды. Мемлекеттік қызметке түсуге өмірлік тыйым салу енгізілді, мерзімінің өтуі алынып тасталды. Әскери атағынан және мемлекеттік сыйлықтардан міндетті түрде айыру көзделген.

Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылатынын атап өту қажет:

- адамның өзi берген сертiн немесе кәсiби антын бұза отырып, қылмыстық құқықбұзушылық жасауы;

- кiнәлi адамға оның қызмет бабына немесе шартқа қарай көрсетiлген сенiмдi пайдаланып, қылмыстық құқық бұзушылық жасау;

- билiк өкiлiнiң нысанды киiмiн немесе құжаттарын пайдаланып, қылмыстық құқық бұзушылық жасау;

Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қатаң жауапкершілікке тарту қажеттілігі 2010-2020 жылдар кезеңінде ҚР Құқықтық концепциясында көзделген. Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық жасаған немесе әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаған не сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамайтын кез келген адам теріс себептер бойынша Қарулы Күштердің қатарынан шығарылатын болады.

Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін жазаны және жауапкершілікті күшейту көптеген мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтарды тоқтататын ең маңызды фактор болып табылады деп ойлаймын.

Алайда, қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты жою үшін сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік атмосферасын қалыптастырусыз әлеуетті әдістерді қолдану жеткіліксіз. Сондықтан «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ісінде мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен барлық азаматтар бірігіп жұмыс жасауы тиіс.

– Қорғаныс саласындағы осы уақытқа дейінгі жемқорлық әрекеттерін Заң талаптарының әлсіздігінен деп ойлайсыз ба, әлде, бақылаудың жүйесіздігінен бе?

– Жоқ. Заң талаптарын әлсіз деп айтпаймын, өйткені, қылмыстық-құқықтық саясат лауазымды адамдарды сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін қатаң жауапкершілкке тартуды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік мекемелердің жетекшілеріне қарсы іс-қимыл бойынша тікелей міндет жүктелген, оған олар жеке жауапты болып табылады. Тиісті бақылаудың болмауы сыбайлас жемқорлыққа әсер ететін себептердің бірі болуы мүмкін. Тиісті бақылауды қамтамасыз ету үшін әрбір әскери бөлімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орыгндалуын бақылау жөніндегі комиссия құрылған, олар мынадай іс-шараларды ұйымдастырады:

1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс әрекетін, кадрларды іріктеу және орналастыру кезінде меритократия қағидаттарын сақтау, сыбайлас жемқорлық сипаттағы көріністерді шектеу бойынша;

2) отырыстарда лауазымды адамдардың сыбайлас жемқорлық заңнаманы, мемлекеттік сатып алу заңнамасын, қаржы-шаруашылық қызметін, қызметтік этиканы бұзудың жеке дәйектерін қарау және кінәлі адамдарға тиісті шаралар қабылдау бойынша;

3) сыбайлас жемқорлық көріністердің алдын алуға бағытталған
іс-шаралар өткізу және олардың орындалуын бақылау бойынша;

4) сыбайлас жемқорлық қылмыстың жай-күйін талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы орындау бойынша.

Құқықтық статистика мәліметтері бойынша 2015 жылы Қарулы Күштерде сыбайлас жемқорлық қылмыстың деңгейі 21% азайғаны анықталады. Әскери қызмет саласында жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстың талдауы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауға ықпал ететін негізгі жағдайлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік атмосферасын, әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы кемшіліктер болып табылатынын көрсетті, осыған байланысты сыбайлас жемқорлықты ескерту бойынша қолданыстағы заңнаманы түсіндіруге басты назар аударылды. 

– Әңгіме барысында жемқорлық әрекеттерінің нақты көріністері мен оған қолданылатын жаза түрлерін айтып берсеңіз...

– Жаңа Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлық құрамы бар 21 қылмысты қарастырды. Сыбайлас жемқорлық көріністерінің ең қауіпті және кең тараған түрі пара алу болып табылады. Қылмыстық кодекс пара алумен байланысты қылмыстың үш түрін қарастырады: пара алу (366-б); пара беру (367-б); парақорлыққа делдал болу (368-б).

Лауазымды адамның, пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) осы адамның қызметтiк өкiлеттiктерiне кiретiн болса не ол лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсiздiкке) ықпал жасай алатын болса, сол сияқты жалпы қамқорлығы немесе жол берушiлiгi үшiн өзiне немесе басқа адамдарға ақша, бағалы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе делдал арқылы пара алуы мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның 50 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айтарлықтай мөлшерде жасалған дәл сол iс-әрекет, сол сияқты заңсыз әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн пара алуы мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның 60 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Егер осы әрекеттер, қорқытып алу жолымен, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, iрi мөлшерде, бiрнеше рет жасалса, мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның 70 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Егер осы әрекеттерді, қылмыстық топ жасаса, сол сияқты аса ірі мөлшерде жасалса, мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыра отырып, параның 80 еселенген сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға не 10 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мысалы, 2015 жылғы 19 қыркүйекте Балқаш гарнизонының әскери полиция қызметкерлері Балқаш өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен өзара іс-қимылда келісімшарт бойынша әскери қызметшіден тиісінше 385 мың теңге және 90 мың теңге сомасында пара алу күдігі бойынша 31765 әскери бөлімінің командирі майор А.Қожаховты және штаб бастығы капитан С.Қаратасұлын ұстады. 2015 жылғы 21 қазанда С. Қаратасұлы «майор» әскери атағынан айырумен, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда және ҚР ҚК қызмет атқарумен байланысты лауазымда болу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 млн. 500 мың теңге мөлшерінде айыппұл салуға, бас бостандығынан айыруға жазаланды. 2015 жылғы 27 қарашада А.Қожахов «майор» әскери атағынан айыру мен мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда және ҚР ҚК қызмет атқарумен байланысты лауазымда болу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жалпы режимдегі түзеу колониясында бас бостандығынан айыруға жазаланды.

– Әңгімеңізге рахмет!


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента