Капитан Бақтығали Әлімбаев: «Тәрбиеші офицерлер – адамдардың ішкі жан дүниесінің емі...»

19-қаңтар ҚР Қарулы Күштеріндегі тәрбиеші-офицерлер күніне орай біз «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбиеші-офицері капитан Бақтығали Әлімбаевпен әңгімелескен едік.

Бақтығали Тохтарбайұлы, әскери ортаға қалай келдіңіз?

– Осы қорғаныс саласында жүргендердің көбісі – әскери болуды армандап, мақсатына қол жеткізгендер. Мен де солардың қатарынанмын. Алдыма мақсат қойып, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің әскери кафедрасын бітірген соң, запастағы лейтенант шенімен 2009 жылдың қазан айында ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен Аэроұтқыр әскерлері колбасшысынын қарамағына әскери қызметке шакырылдым. Екі жылдық шақырылым мерзімі аяқталған соң, әрі қарай келісімшартқа отырып, әскери қызметті жалғастырып келемін. Бірнеше лауазымдарда аэроұтқыр әскерлерінде, одан «Оңтүстік» өңірлік колбасшылыгында қызмет еттім. Бүгінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 41433 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет аткарудамын.

– Яғни, қазір еліміздің Қарулы Күштеріндегі тәрбиеші офицердің бірісіз. Айтыңызшы, бүгінде олардың рөлі қандай?

Еліміз егемендігін алғаннан бері тәрбиеші офицерлер Қарулы күштеріміздің жеке құрамын тәрбиелеуде отанға, елге, туған жерге деген адалдықты, сүйіспеншілікті арттыруда  орасан зор үлестерін қосып келеді. Тәрбиеші офицерлерді «адамдардың ішкі жан дүниесінің емі» деп бекер айтпаған. Өйткені, өздеріне бағынысты жеке құрамы үшін қандайда бір жағдайда қуанышы болсын, мейлі, қиыншылығы болсын әрдайым қасынан табылатыны сөзсіз.

Бүгінгі таңда біздің тәрбиеші офицерлеріміз жеке құрамды тәрбиелеу жолындағы өздеріне жүктелген тапсырмаларды лайықты аткарып, тұғыры биік тәуелсіз елімізге, Қарулы Күштеріміздің қорғаныс қабілеттілігінің дамуына аянбай еңбек етуде. Жеке құрамның алдында қашанда тәрбиеші офицерлердің орны бөлек болған. Әрқашан жеке құрамның рухын көтеріп, моральдік-психологиялық тұрғыда демеу болады.

–  Сіздің ойыңызша, еліміздің Қарулы күштеріндегі  тәрбиелік-идеологиялық жұмыстар қалай жүріп жатыр?

 – Қарулы Күштерімізде тәрбие және идеологиялық жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Атап айтар болсақ, тек қана бағынысты жеке құрамды тәрбиелеумен шектелмей, артта өсіп келе жатқан өскелең жас ұрпаққа өз Отаны Қазақстанның нағыз патриоты болуға жетелейміз. Бабаларымыздан қалған «халқымның болашағы келер ұрпаққа аманат» деген жақсы сөз бар.

Міне, бабаларымыздың армандап өткен аманатын біздің Қарулы Күштеріміздің айбынды жауынгерлері сактай да, ақтай да білетін нағыз Отанының патриоты екеніне сеніміміз мол.

– Сіздер өзара тәжірибе алмасып отыратын да шығарсыздар?

–  Иә, өзіңіз білесіз, біздің бас қосуымызға себеп болатын тәрбиеші офицерлер жиыны бар. Біздің санатпен жылына бір рет  ҚР ҚК Құрлық әскерлері Басқолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасенов өткізеді. Әрине, ол жиында біліктілігімізді арттырып, тәжірибе алмасамыз.Одан басқа да Жоғарғы басшылықтың жоспарына сәйкес,  жылына бір рет біліктілігін арттыру оқуына барғанда да, Қарулы Күштеріміздің басқа әскер тектерінен тәрбиеші офицерлерімен тәжірибе алмасып, отырамыз.

– Әріптестеріңізге айтар тілегіңіз?

Мен үшін армиямыздың айбынын асқақтатуға үлес қосумен қатар, тәрбиеші офицер атанудың өзі қандай мақтаныш. Отанды қорғау жолында жеке құраммен жас ұрпақты тәрбиелеп келе жатқан ұжымдастарыма тілерім, әрқашан еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын, жанұямызда бақ-береке болсын, жеке құрамды тәрбиелеу жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болғай!

– Әңгімеңізге рахмет!
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента