Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгілік желбіресін

Тарихымыздан белгілі, әлемнің алтыдан бір бөлігін бауырына басып, оны иемденген және сол аумақтағы одақтас он бес мемлекетке әмірін жүргізген партиялық жүйе – Кеңестер Одағы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында ыдырады. Етек-жеңін қамдап, ес жиып жатқан шақта Тұңғыш Президент үшін ел іргесін сақтап, қорғанысын мықтағаны сол алған қамалдардың бірі еді. Тарихтың осы бір бұлтарысты кезеңінде Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің берік қорғанысын қамтамасыз етер, жас мемлекеттің құрыш қалқаны болар жаңа тұрпатты

Өйткені, сол кездегі Кеңес армиясының әскери қуаты мен жауынгерлік әлеуетін сақтап қалу үшін тәуелсіз елдердің Қарулы Күші біріккен күйі қалған еді. Сондықтан ел басшысы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуде еліміздің мемлекеттік саясатын біртіндеп жүзеге асырды. Алдымен жарияланған егемендікті қорғау үшін, сондай-ақ, елдегі әскери саясатқа іс жүзінде ықпал ету үшін республикалық қорғаныс мекемесін құруды қолға алып, «Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру» (1991 жылы 25 қазанда) туралы Жарлығын жария етті. Бұл комитеттің төрағалығына генерал-лейтенант С.Нұрмағамбетовты лайық деп танып, оған «әскери жасақтарға бақылауды» жүзеге асыруды, сонымен бірге әскерлердің орын алмастырып, әртүрлі әскери жаттығулар жүргізуін, әскери мүліктердің республикадан тысқары жерлерге тасымалдануын, армияның әскери қызметіндегі басқа да бағыттарды «назарда» ұстау міндеттерін жүктеді. Бірақ Қазақстанның Мемлекеттік қорғаныс комитеті әскери-кадрлық саясатын КСРО Біріккен Қарулы Күштері Бас қолбасшылығының келісімімен жүргізіп отырды. Осы жағдайды және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ескерген ел Президенті 1992 жылғы 7 мамырда №745 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін құрды. Осылай еліміздің Қарулы Күші дүниеге келген еді.

Қазақтың әйгілі академигі Жабайхан Әбділдин бір сұхбатында «Тәуелсіздікті немен теңер едіңіз?» деген сауалға «Тәуелсіздікті тек атқан таңмен, шыққан күнмен ғана теңеуге болады» деп өте орынды жауап қатқан еді. Шындығында, атқан таңды, шыққан күнді көру бақытына ие болған азамат, соған қаншалықты шүкіршілік етсе, Тәуелсіздікке де соншалықты тәу етіп, соншалықты шүкіршілік етуіміз керек. Өйткені, қазақтың басынан өткен қасаң тағдырлар да тәуелсіздікке ешбір дүниенің жетпейтінін көрсетіп кетті.

Академик ағамыз айтпақшы, «Өмірге адам болып келген соң, сол өміріңді бодандықпен өткізу, құл болу, тәуелді болу деген дүниедегі ең сорақы нәрсе, ондай адам өзіне сенімсіз болып, ұдайы «біреу не айтады екен?...» деумен күні өтеді». Ендеше, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасқан шағын көзбен көріп, сол қалыптасқан елде егемен тірлік кешіп отырған біздің буын – нағыз бақытты ұрпақ. Біздің толқынның маңдайына Тәуелсіз елдің азаматы болу жазылыпты. Әлбетте, бұл үлкен бақыт қана емес, зор жауапкершілік. Қазақстан халқы сан ғасырлар бойы бабалар армандаған азаттықты алып, аңсағанына қол жеткізген Тәуелсіздік күнін биыл 30-шы рет қарсы алғалы отыр. Әрине, тарих үшін бұл тым қысқа, тіпті қас-қағым сәт болып көрінуі де мүмкін. Әйтсе де, осы жылдар ішінде тәуелсіз мемлекет ретінде тындырған істеріміз де аз емес. Өңірге ғана емес, әлемге танылдық. Дүниедегі күллі елдермен байланыс орнатып, тереземіз барша мемлекетпен теңесті. Бұл да сол Тәуелсіздіктің жемісі. Ендеше, егемен ел атанған Қазақстан үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың атасы Тәуелсіздік күні екендігі даусыз әрі бұл солай болуы да тиіс.

Шындығында тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанымызға – 30 жыл! Осы жылдар ішінде елдіктің іргетасы сапалы қаланды. Экономикалық, әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық-өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымын паш ете алатын егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап, мойындаттық. Халықаралық бастамалармен бірге, әлемдік деңгейдегі іс-шараларды, дүниелік, адамзаттық маңызды форумдарды да жоғары деңгейде ұйымдастыратын жұрт екенімізді таныттық. Ендігі күннің міндеті ретінде мемлекетіміз Мәңгілік Ел болу идеясына бет бұрды. Иә, бұның бәрі тек Тәуелсіз, егемен елдің ғана қолынан келеді. Бұның барлығы дербестіктің, Тәуелсіздігіміздің арқасы. Тәу етер Тәуелсіздіктің киесі туралы мемлекеттің негізін қалаушы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев та ұдайы әңгіме етіп, естеліктерінде де зор маңыз беріп отыратыны баршаға аян. Мәселен, Елбасы айқындаған «Қазақстан-2050» стратегиясында да Мәңгілік Ел ретіндегі тәуелсіздіктің тұғырлылығына барынша мән беріледі. Соған тоқтамас бұрын «Тәуелсіздік қандай жағдайда орнаған еді?» деген сұраққа көз жүгіртіп алсақ. Дәл осы жайында Елбасы Н.Назарбаев өзінің естелігінде былай деп жазған еді: «Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады: 1990 жылдың сәуірі – республика Президенті лауазымын тағайындау, 1990 жылдың қазаны – Қазақстанның егемендігі туралы Декларация, 1991 жылдың тамызы – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және республикалық егемен алтын-валюта қорын құру, 1991 жылдың желтоқсаны – алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау, біздің мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 желтоқсаны – «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасы – өзіміздің ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу. Жеке мен үшін іс жүзінде осынау ырғақты кезеңнің әрбір күні ұмытылмақ емес».

Шындығында да, 1991 жылдың күзгі айларында Қазақстан тәуелсіздігіне қарайғы қадам ретінде экономика салалары, кәсіпорындар, инфрақұрылымдар, сыртқы экономикалық қызмет үстінен заң жүзінде ресімдеген іс жүзінде күн сайынғы режимде жаңа заңдар мен жарлықтар қабылданған болатын. Мұны Елбасы да ерекше тебірене еске алады. «Осылайша, біз апаттық жағдайда Тәуелсіздікті орнаттық. Республика Президенті ретінде мен сыртқы саяси қызметтің жаңа бағыттарын белсенді дамыттым. Менің АҚШ мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкермен, Ұлыбритания премьер-министрі Дж.Мейджормен, Австрия канцлері Ф.Враницкиймен, германдық саясаткерлер вице-канцлер, сыртқы істер министрі С.Геншермен және қаржы министрі Т.Вайгелмен, Австралия мен Иранның сыртқы саясат ведомстволары басшылары Г.Эванспен және А.Велаятимен, Сингапурдың аға министрі Ли Куан Ю-мен, сондай-ақ Мәскеуде тіркелген АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Қытайдың, Болгарияның және бірқатар өзге елдердің елшілерімен, шетелдік бизнес өкілдерімен кездесулерім болды. Мен Түркия мен Ұлыбританияға алғашқы ресми сапарлар жасадым. Іс жүзінде, осы оқиғалардың бәрі өз Тәуелсіздігі жолымен бара жатқан Қазақстанның өзіндік халықаралық тұсаукесері іспетті болды», - деп еске алады Н.Назарбаев.

Иә, Елбасы айтпақшы, «апатты жағдайда қалыптасқан Тәуелсіздіктің» әрбір қадамына үңіліп шығу Тәуелсіздікке тәу етумен бірдей. Өйткені, Тәуелсіздік атты киеліміз бізге ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының қанымен, жылдар бойы бодандықтан арылуды аңсаған аға ұрпақтың жанымен, одан қалса 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, көз жасымен келді. Тіпті, басқасын былай қойып, жоғарыдағы Н.Назарбаев еске алып отырған үлкен оқиғаларға толы болған 1991 жылдың қиыншылықтарының өзі де бір төбе емес пе? Сөйтіп Тәуелсіздік арқасында Қазақстан талай белесті аттады, асудан асуға жетті. Еліміз әлемдік аренада ойып тұрар орынға табан тіреді. Дегенмен, бұл да «болдық, толдық» дегенді білдірмейді. Өйткені, біз Мәңгілік Ел болуға ұмтылған жұртпыз. Ондай мерейлі межені Елбасы да ұдайы айтып келеді. «Біздің басты қазынамыз – Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын ен жайлап, еркін көсілген Мәңгілік Еліміз. Біз шекарамызды шегендеп, іргемізді бекіттік, көршімен тату, алыспен сыйлас, ісі ілгері басқан жасампаз Ел болдық. Біздің мұратымыз – Мәңгілік Еліміздің асқақ болмысын аялап, ХХІ ғасырдың төріне оздыру», - деді Н.Назарбаев. Осыған орай, Елбасы халықтың басты игілігі Мәңгілік Ел екенін, он төрт мың шақырымнан астам талас тудырмайтын шекарамыз біздің Отанымызды біртұтас монолитке шегендегенін айтады. Иә, түптеп келгенде, Тәуелсіздік арқасында талай асуды асқан, төрткүл әлем елдерімен терезесін тең еткен Қазақстанның діттегені – Мәңгілік Ел болу. Осындай ұлы мұраттарға ұмтылған жұрттың бірлігі бекем болса, тәуелсіздігі де тұғырлы болатыны анық.

Түйіндей айтсақ, біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ. Өйткені, «қазақ» деп соғар жүрегі бар әрбір алаш баласының жұмылатын тұсы, ешбір тайсалмайтын ісі де осы Тәуелсіздік болуы тиіс. Ендеше, тәу етер Тәуелсіздігіміздің туы желбіреген күні құтты болсын, ағайын!


Көшірмеге қайта келу
Пікірлер

Жүгіртпе / Лента