Қазақстан қарулы күштерінің қаһармандары

Қаһармандық – қазаққа тән қасиет. Біз сұрапыл соғыста даңқты қолбасшы, батыр Бауыржанды, қайсарлық танытқан Қасымды, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжанды, ұшқыш Хиуазды қаһарман деп білеміз. Бұл біртуарлар – бүгінгіге өнеге.
Ержүректілердің ерлік ісі егемен алған тұста еленбей қалмады. Президент пәрменімен «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Аға ұрпақтың ерлік ісі мен жауынгерлік рухын бейбіт күнде бойтұмар еткендер де болды. Оларды Қазақстанның Тұңғыш Президенті жоғарғы мәртебеге лайық деп санады. Олар кімдер еді және еліміздің егемен жолында қандай үлестер қосқан еді?

Егемен елдің алғашқы қаһарманы

Ол – қазақ елінің біртуар перзенті, Кеңес Одағының батыры, кейін Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағамбетов.

Сағадат Армия генералы болуды емес, география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған. Бұл пәндерге деген ықыласы ерекше болыпты. Жұмулы көзбен ол әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп бере алатын. Сол кезде картаны көрсеткіш таяқшамен емес, Еуропаны жаудан азат ете отырып, барлық қала мен даланы өзі жүріп өтетінін, кейіннен жас мемлекет үкіметінің мүшесі ретінде бүкіл әлемді шарлайтынын білді дейсің бе?..

Қырық бірінші жылы соғыс оның мұғалім болсам деген арманына тосқауыл қойды. Соғыс, әскер, әскери іс... Оның бүкіл өмірінің мәніне айналған іс. Майданға жазылу үшін келген мұрты шықпаған бозбалаларға әскери бөлімшедегілер: «Алдымен мұрындарыңды сүртіп алыңдар!» деп, күлкі ететін. Бірақ зерек Сағадатты бірден байқап, саяси ағарту қызметкерлері курсына жіберді. Келесі жылы әскери училищеге бөлді. Оқу тез қарқынмен жүрді: соғыс өз дегенін істетті. Келесі жылы Ақмола облысының Қосым ауылынан шыққан кешегі бала өзінің пулеметшілер взводымен Солтүстік Кавказдағы Курка өзеніндегі неміс қорғанысын талқан етті. Қайтпас жүректілік пен қырағылық, ағасының өлімі үшін кек алу сезімі мен әрбір солдаттың өмірін сақтап қалуға деген қамқорлық, үлкен жауапкершілік пен балалық қызбалық оның бойында араласып, өзгелерді тыңдатуға мәжбүрледі. Донецкіге өткен бойда-ақ ол пулеметшілер ротасын басқарды. Днепрді алды, онан соң Украина, Бессарабия, Беларуссия, Полыпаны азат етті...

Берлинге ол комбат болып кірді. «Батяня-комбат» деген ән сөздері есіңізде ме? Ол болса жасы жиырмадан жаңа асқан батяня?! Ал батальонда: 3 атыс ротасы, пулеметшілер ротасы, артиллериялық батарея, шаруашылық взводы... Барлығы – 250-300 адам. Адамдар, қару-жарақтар мен танкілердің үлкен тобын жас комбаттың бір ғана сөзі қозғалысқа келтіретінін елестете аласыз ба? Сіз оның орнына сіздің қамқорлығыңызды қажет ететін бозкүйек өз балаңызды қойып көріңізші. Бірақ біздің де ұлдарымыз өзге қиын шыңдарды алуда. Тек заман басқа және армия да бұрынғыдай емес. Армия бұрынғысындай қалды. Талап та бұрынғыдай, тек күшеймесе азайған жоқ. Армиядағы басты қағида – дара басшылық. Бейбіт уақытта да Сағадат Қожахметұлы алдыңғы қатарда болды. Қазақстандағы әскери құрылым оның қатысуынсыз болмады. Тарих пәнінің мұғалімі болу бұйырмаса да, ол өзінің ерекше тағдырымен республиканың әскери басшыларының тарихын құрып берді. Өмірінің ең үлкен кезеңін –1942 жыл мен 1996 жыл аралығын ол әскери мансабына арнады.

Ол жас тәуелсіз мемлекеттің Қорғаныс министрлігін құрған тұңғыш жан болды. Оны Тұңғыш Президент өзі таңдады. Оған «Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовты таптым» деген сөзі дәлел.

Сол кезде қазақтар арасынан бірде-бір полк командирі болмады, әскери училищеде небәрі екі әскери мамандыққа оқытты, орасан зор материалдық- техникалық ресурстарды ысырап ету, жақсы кадрлардан айрылу қаупі болды. Бәрін бір уыстың астында ұстау, бәрін орнықты қолдану, әскери машинаны қозғалысқа келтіру үшін ерлік, ерік-жігер, дәл осындай әскери басшының тәжірибесі қажет болды.

Тәжірибесі мол Сағадат ел әскерін аяқтан тұрғызу үшін барын салды. Мемлекет қауіпсіздігін сақтауда, қорғанысымызды нығайтуда жасаған реформалары қаншама. Енді егемен алған елде жас офицерлерді әскери машыққа баулу жолында көп тер төкті. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіз еліміз әскерінің іргетасын қалағандардың бірі. Елбасы – Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшымен бірге тәуелсіз елдің әскерін құруда көп еңбек сіңірді.

Қазақ елінің Қарулы Күштерін қалыптастыру жолындағы сол еңбегі үшін Президент Жарлығымен (1994 жылдың 23 мамырында) тұңғыш Қорғаныс министрі Нұрмағамбетовке алғашқы «Алтын жұлдыз» сыйлығы мен Халық қаһарманы атағын берді.



Көк тарланы

Араға он екі жыл сала бұл атақты Армия генералы Мұхтар Алтынбаев иеленді. Мұхтар Қапашұлы Тәуелсіздік алған тұста еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасуына белсене қатысты. Ол Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде Кеңес Одағының Батыры, Сағадат Нұрмағамбетовтың жақсы дәстүрін жалғастырып, жас мемлекетіміздің Қарулы Күштерін реформалап, жаңа талаптарға сай ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды.

1992 жылдың 7 мамырынан, яғни Қазақстан Қарулы Күштері құрылған тарихи cәттен бастап Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды.

1994-1996 жылдары Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің бас қолбасшысы бола жүріп Мұхтар Алтынбаев өз бойына біткен қайсарлығы мен табандылығының арқасында талай бір өткір мәселені шешуде батыл қимылдауына тура келген сәттер де аз кездескен жоқ еді. Бойына біткен өжеттілігінің де пайдасы тиді. Кешегі Кеңес Одағының әскери дүние-мүлкі мен қару-жарағын бөлуге келгенде Қазақстанның әуе күштерін қалыптастыруға қажетті алғашқы әскери ұшақтардың біразын Мұхтар аға Ресей жеріндегі әскери бөлімдерден дау­ласа жүріп, алғашқыларын өзі әуеге көтеріп алып келуіне де тура келді. Ресейдің сол кездегі Қорғаныс министрі Павел Грачев пен Әскери әуе күштерінің бас қолбасшысы, Армия генералы Петр Дейнекинді Липецкіде тұрған авиация полкынан 26 әскери ұшақ алуға көндіргені бар. «Өздерің ұшырып алып кете алсаңдар, әкетіңдер» деген ресейліктердің талабына да көнуге тура келді. Әскери ұшақтармен өзге бір мемлекеттің әуе кеңістігін бұзып өтудің өз қиындықтарымен бірге, елеулі бір қаупі де бар болатын. Мұхтар аға оны да білді. Сондай күндердің бірінде Волго­градтың маңындағы Ахтюбинск деген жерде арнайы ұшып-қону алаңы бар әскери ұшқыштар дайындайтын оқу орнын басқаратын Юрий Петрович Клишин деген ұшқыш досы есіне түсіп, «Юра, саған қонаққа келейін деп едім, қабылдайсың ба?» деп хабарласып еді, ол қуанып кетті. Мұхтар аға Ресейдің орталық бөлігіндегі Липецкідегі әскери алаңнан «СУ-27» жойғыш ұшағымен ұшып шығып, жауынгер досы Юрий Клишиннің көмегімен жауынгерлік ұшақты әуелі Қазақстанның іргесіне бір жақындатып алды да, келесі күні тағы да аспанға көтеріліп, елге жетті. Ресей жағы бұл жайды үлкен бір дауға айналдырып жібере жаздады. Қазақстанның Әскери әуе күштерін жасақтауды осылайша өз қолына алған Мұхтар Алтынбаев енді өз еліміздің әскери ұшқыштарын дайындауға да үлкен мән бере бастады. Краснодардағы ұшқыштар дайындайтын оқу орнына бірден он алты қазақ жігітін жіберіп алды.

Қазір тәуелсіз Қазақстанның көгілдір аспанында небір әскери ұшақтармен самғап жүргендердің дені осы Мұхтар ағаның қырандары екендігін де айтқан ләзім.

1996-1999 жылдары Қорғаныс министрі болып тағайындалған Мұхтар Алтынбаев Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери жаттығулары мен қару-жарақтың жаңа түрлерімен жабдықталуына және мамандар дайындайтын әскери оқу орындарының өз елімізде көптеп ашылуына да үлкен мән берді. Қазақстанның Әскери доктринасының қалыптасуына да белсене атсалысты. Министр демекші, Мұхтар Қапашұлы бұл міндетті екі мәрте атқарды. 1996 жылдың желтоқсан айында Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшылығына тағайындалып, 2001 жылы қайтадан министр, ал одан кейін, яғни 2007-2010 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Штабтар бастығы комитетінің төрағасы cияқты өмірлік абыройлы жолдан өтті. Сол өзінің өмірлік жолында Қазақстан Қарулы Күштерінің де шыңдалу мен жетілдіру кезеңдерінің жауапты да қиын әрі күрделі асулары «менмұндалап» тұр.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылдың 6 мамырындағы Жарлығымен Мұхтар Алтынбаевқа Қорғаныс министрі болып тұрған кезінде еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуына, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту жолындағы жетістіктеріне қоса, жауынгерлік айбыны мен жеке ерлігі үшін Халық қаһарманы атағын берді.


Отанымыздың нағыз патриоты

КСРО тұсында 10 жылға созылған Ауған соғысы ардагерлері арасынан «Халық қаһарманы» атағын алған адам біреу ғана. Ол – генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

Бақытжан Ертаев – батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Жамбыл облысы, Жуалы ауданының перзенті.

1979 жылы Ауған соғысы басталды. Ауғанстан мұсылман мемлекеті болғандықтан, бастапқыда соғысқа қатысқан 40-шы армия құрамы көбінесе мұсылман ұлты өкілдерінен жасақталды. Солардың бірі болып Б.Ертаев та әскери бұйрық бойынша соғысқа аттанды. Аттанғанда қатардағы жауынгер болып емес, командир болып аттанды. Бұл кезде небәрі 27 жастағы жігіт еді. Отызға да толмаған командир­ге анау-мынау емес, соғыс жағ­дайындағы басшылық тапсырыл­ды. Жері негізінен таулы аймақтан тұратын ауған елінде соғыс тапсырмасын орындау оңай емес, сондықтан сан түрлі қақтығыстарда төтеп бере алады деген сенім қазақ баласына жүктелді. Ертаевтың жастығына әрі әскери шенінің аса жоғары еместігіне қарамастан, әскер бас­шылары оны біліктілігі мен тәжірибелілігі, таулы аймақтағы соғыс тактикасын үз­дік орындай алатындығы үшін батальон командирі етіп тағайындады.

Ол басқарған батальон Ауғанстанда тау шатқалдарын қиялай кесетін Кунар өзенінің жанына орналасты. Кунар – Пәкістанның солтүстік-шығысынан басталып, Ауғанстанның шығысына келіп құятын өзен. Кунар өзенінің бойында Пәкістан жағында Читрал, ал Ауғанстан жағында Асадабад аталатын екі провинция орналасқан. Ал Пәкістанға жақын орналасқан әскери бөлімдер өмірі қауіп-қатерге толы болды. Өйткені, бүлікшілер мен дұшмандарды дайындайтын орталықтар мен лагерьлердің басым көпшілігі Пәкістан шекарасына жақын орналасқан еді. Осын­дай аса қауіпті және қатерге толы алқапта алғашқы жылдарда Бақытжан Ертаев және оның батальоны ғана тұрды. Бірақ батальон басқарған Алаш баласына ба­тыр атағы берілмеді.

Ол соғыста жауынгерлер шығынының мейлінше аз болуын ойлады. Сондықтан, ең алдымен жергілікті тұрғындармен достық қарым-қатынаста болу өте қажет жол деп тапты. Осындай қағиданы санасына серік еткен комбат өз жауынгерлеріне бірінші талап ретінде ауған халқының діні мен ділін, дәстүрі мен салтын сыйлауды үйретті. Мұндай іс-әрекет нәтижесін бермей қойған жоқ.

Әскери жорықтардың бірінде батальон жауынгерлері жақын орналасқан қышлақ ішінде жүріп, бір жолы абайсызда танкімен мешіттің бір шетін қиратып кетеді. Мұндай ебедейсіздікке шыдамаған қыш­лақ халқы өре түрегеліп, наразылықтарын білдіреді. Жағдай ушығып кетпей тұрғанда комбат Ертаев тұрғындармен бейбіт бітімгершілікке келіп, мұсылманшылық танытып, мешітті қалпына келтіріп береді. Жас болса да тура шешім қабылдаған командирге жергілікті жұрт дән риза болып, ыстық ықыласын білдірген. Сөйтіп, жергілікті тұрғындарға деген құрмет екі жақ арасындағы бейбіт қарым-қатынастың нығая түсуіне септігін тигізді. Ертаевтың ауған халқының діні мен салтын сыйлауына байланысты қышлақ халқы мен ауыл ақсақалдары да Ертаев басқарған жауынгерлерге оң қабақ таныта бастады. Ол КСРО-ның іргесі сөгіліп, рес­публикамыз тәуелсіздік алған тұста елге оралып, 1992 жылдан 2012 жылға дейін әуелі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетінде, кейіннен Қорғаныс министрлігінде түрлі әс­кери лауазымдарда қызмет атқарды. 1996 жылы Ресей Федерациясының Қарулы Күштері Бас штабының академиясында оқыды. 2012 жылдан бастап Парламент Мәжілісінің V және VI шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2008 жылдың 15 желтоқсанында Бақытжан Ертаев «Халық қаһарманы» атағына ие болды. Жоғары награданы өз қолымен тапсыру сәтінде Елбасының: «Бақытжан Ертаев – Қазақстан өз тәуелсіздігін алған алғашқы күндерден менің шақыруыммен елімізге келіп, Қазақстан Қарулы Күштерінің іргесін қаласқан офицерлердің бірі. Біз бүгін оның ерен еңбегі мен әскери ер­ліктерін жоғары бағалап, Отанымыздың ең жоғары наградасын тапсырғалы отырмыз. Бұл – еліміздің Қарулы Күштеріне деген үлкен құрметіміз бен сенімімізді білдіреді» деуі Бақытжан Ертаевтың батыр ғана емес, әскери саланың хас шебері және Отанымыздың нағыз патриоты екендігін толық аңғартады.

 

Бір отбасын қызыл жалыннан құтқарған

 

Кейінгі жас буын да ерлік дәстүрін сабақтастыра алды. Бір отбасын оттан аман алып қалған Азаматты солардың қатарына жатқызуға болады. Оқиға қалай болған еді?

2007 жылдың қазанның 11-іне қараған түні. Қырық мыңға жуық халқы бар Үштөбе дейтін қаланың бір бұрышында біреулер той-тойлап, қуаныштарын ағайын-тумамен бөлісіп жатқанда, келесі шетінде тілсіз жаудың жалаңдаған қызыл тілі темір жол вокзалының маңындағы макарон цехын жалмап бара жатқан еді. Бұл оқиға түнгі сағат бір шамасында орын алады.

Осы мезеттерде қала маңында орналасқан 55078 әскери бөлімінің лейтенанты Азамат Жұмаділов анасын тойдан алып келе жатқан болатын. Түтіні будақтай бастаған макарон цехын алыстан байқаған офицер көлігін кілт тоқтатып, өртке қарай ұмтылады. Осындай сәттерде адамда алапат күштің қайдан пайда болатынын жай адамдар түгілі, ғалымдар түбіне жетіп зерттеп көрмеген. Бар күшпен жұлқып ырғағанда қақпаның іштен құлып салынған шығыршығы дәнекерленген жерінен сынып түседі. Азамат темір қақпадан кейін цехтың есігін бұзып кіргенде, күтпеген тарсылдан цехтың бір бұрышындағы бөлмеде, жалындап жанып жатқан оттың ортасында үш бірдей ботасымен алаңсыз ұйықтап жатқан Маржан атып тұрады. Офицер Азамат Жұмаділов ең бірінші үш жастағы Алмасты көрпесіне орай салып, екінші қолымен газ баллонын қапсыра құшақтап сыртқа ұмтылады. Бала мен баллонды анасына бере салып, үйдің ішіне қайта кіріп, не болғанын ұғып үл­гере алмай жатқан үйдегі екі ересек баланы, содан кейін анасын сыртқа алып шығады.

Лейтенант Азамат Жұмаділов киініп те үлгермеген Маржанды бала-шағасымен мәшиненің ішіне отырғызып, анасы екеуі қалалық өрт сөндіру қызметіне, милицияға хабарласу үшін көршілерді оята бастайды.

Хабарланғаннан кейін өрт болып жатқан жерге қалалық өрт сөндірушілер де, Жұмаділовтің хабарлауымен 55078 әскери бөлімнің де өрт сөндіргіш машиналары келіп жетеді. Қалалық өрт сөндірушілердің 2,5 тонна су сыятын, бір шлангасы бар машина суы қайта-қайта таусылып, суға шапқылап жүргенде, әскери бөлімшенің 8,5 тонна суы бар, 4 шлангалы әлеуеттілеу мәшинесімен қатардағы өрт сөндіруші жауынгерлер өртті әп-сәтте сөндіріп бітеді.

Бұл оқиға кезіндегі сардар әрекетін, қалай болғанда да, қайсарлыққа жат­қызуға болады. Өйткені, макарон цехынан үш метрдей жерде кішігірім жанар-жағармай орны бар екен. Адамдар дер кезінде құтқарылып, өрт ауыздықталмаса, атылған жанар-жағармай көрші үйлерді де қамтып, іс әлдеқайда насырға шабуы әбден мүмкін екен.

Ерлік істедім-ау деп те ойламаған Азамат Жұмаділов ертелете әскери бөлімге, жұмыс орнына оралады. Әскери бөлім басшыларының сұрауы бойынша киімдерінен түтіннің иісі кетіп үлгермеген офицер болған оқиғаны мәлімдейді.

Жақсы хабар жерде жатпайды ғой. Өмірдің өзі де сол, жақсылық адамға жақсылық болып оралады.

Көп ұзамай 55078 әскери бөлімнің командирлері Қорғаныс министріне өз қатарларында Азамат Жұмаділов сынды қайсар әскери қызметшінің бар екен­дігін мәлімдеген. Нәтижесінде Қорғаныс министрлігі 23 жастағы лейтенант Азамат Жұмаділовке мерзімінен бұрын аға лейтенант атағын беру туралы шешім қабылдап, марапаттайды. Кейін Президент Жарлығымен осы ерлігі үшін Халық қаһарманы атағы берілді.

Бүгінде әскери ортада сыйлы Азамат сол марапат жөнінде бізбен ой бөліскенде: «Бұдан менің түйсінгенім, игі іс істеген жай ғана қарапайым азаматты да мемлекет жоғары бағалайтыны. Оны мен тек өзіме берілген атақ деп санамаймын, ол мен сияқты ауылдан шыққан қарапайым қазақ жігіттеріне берілген атақ деп санаймын. Бұл атақты алғаннан кейін оны аса үлкен жауапкершілікпен алып жүруге ұмтылдым», - дейді.

P.S. «Халық қаһарманы» атағы – Қазақстан Республикасына сіңірген қайталанбас ерен еңбегі үшін, Отан қорғауда, азаматтардың өмірін қауіпсіздендіру барысында ерлік көрсеткені үшін, Қазақстанның бостандығы мен Тәуелсіздігі жолында аянбай күрескені үшін берілетін жоғарғы дәрежелі атақ. «Халық қаһарманы» атағы 1993 жылы заңмен бекітілді. «Халық қаһарманы» атағын алған адамға аса ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» бен «Отан ордені» беріледі.


Көшірмеге қайта келу
Пікірлер

Жүгіртпе / Лента