Жамбыл жыр еткен қаланы жаудан азат еткен күн

Кезінде Солтүстік флотында қызмет атқарып жүріп, Ленинград (Санкт-Петербург) қаласына барғанымда,  Лодейное поле қаласынан төрт  шақырымдай  жерде – Санкт-Петербургке  апарар автомобиль жолының бойында граниттан жасалынған тақта орнатылғанын көріп, елдің батырларын еске алдым.     Әрине, Отан үшін от кешіп, қан майданда қаза болған ерлердің, қыздардың ерлік істері ешуақытта ұмытылмайды.                                             Тақтада: «Вечная слава воинам-казахстанцам павшим в боях за честь и независимость нашей Родины...» деп қысқаша  жазылған екен.

Дәуқарадан Прагаға дейін «ЗИС-5» автомашинасымен

Әлі есімде, бұл кездесуім Ұлы Отан соғысы ардагері Қасен ағамен 1982 жылы тамыз айында болатын, нағыз егін, шөп жинау науқаны еді. Ақсақал түнгі жұмыстан оралған беті екен. Орта бойлы, жүзі кең даладай, ақжарқын, шашы аққыраудай аппақ, талайды көрген адам екені сөзсіз білініп тұрды. Бауырмалдық танытып, аға маған «төрлет» деді. Дастарқан басына отырып, сөзі ширақ, ойы терең ардагер өмір жолын еске алып, жүрегі елжіреп, көңілі босады.

«Алыс пен жақынды жортқан, ащы мен тұщыны татқан біледі» демекші, сонау соғыстың жүрекке салған салмағы ауыр екенін осы күнге дейін сезінудемін. Несін айтасың, ыстық-суыққа да, аштыққа да төзіп, шыдадық қой. Біздің көргенімізді сендердің бастарыңа бермесін» деп, қарт сарбаз ойланып қалды.                                

     – Гитлерлік Германия елімізге соғыс бастағанын естіген біз, жігіттер, «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, фашизімнен қорғауға аттануға дайын тұрдық, - деді Қасен аға. – Алайда, соғыс қайғысы кімге болсын жүрекке жазылмас жара салды. Колхоз басшысы Әутақ Әбілнәсіровтің арқасында менің ауылдастарым да жан-жақты көмегін көрсетіп, нан мен етін, майы мен жеміс-жидегін майданға жолдап тұруға асықты. Майданға адамдармен бірге техника да жұмылдырды. Сол кезде ауылда жалғыз «ЗИС-5» автомашинасы бар еді. Оны да өзім жүргізетінмін. Осы көліктің колхозға көмегі көп еді, талай жұмыстар атқарылатын.    

Сын сәтте ата-анаммен, туған-туыстарыммен қош айтысып, майданға осы көлгіммен аттандым. Құдайға шүкір, ЗИС «захарыммен» Солтүстік Қазақстан облысындағы Дәуқара ауылымнан Чехословакия астанасы Прагаға дейін майданның алғы шебінде талай қанды шайқастарға қатысып, елге қайттым. Осы күнге дейін әлі есімнен кетпейді, жүрер алдымда Мәтжан әжем көзіне жас алып: «Құлыншағым, аман-есен шаңырағыңа оралуыңды тілеймін, жаудың алдында жүректі бол, өз намысыңды биік ұста. Алла бұйыртса, жауды жеңетіндеріңе кәміл сенемін» деген еді.

«Қызыл Жұлдыз» орденінің, көптеген ерлік медальдарының иегері қатардағы жауынгер Қасен Омаровтың майдандық жолы Ұлы Отан соғысына дейін Қиыр Шығыстың өңірінде автомобиль батальонында жүргізуші ретінде басталған болатын. Ал, соғысты басынан аяғына дейін 314-ші атқыштар дивизиясында өткізді. Бұл құрама Солтүстік Қазақстан облысында жасақталған еді. Осындай қиын-қыстау күн таяп, қара бұлт төнген кезде  ленинградтықтарға аталған атқыштар дивизиясы көмекке барды.                 



«Ленинградтық өренім! Мақтанышым сен едің!..»

– Бірден біздің әскери бөліміміз, - деді кейіпкерім, – Ленинград түбіндегі Лодейное поле қаласына келіп орналасты. Орналасқанымыз сол еді, аяқ астынан бізді жау ұшақтары бомбалауға көшті. Біз де шапшаң ұрысқа кірісіп кеттік. Осылай 1942 жылы талай қиян-кескі шайқастарға қатысып, Лодейное поле, Свирь және Подпорожье мекендерін азат етіп, Ленинградты қорғауға атсалыстым. Жолдастарым да ерекше ерлік көрсетіп, батырлық танытты.           Сол күндері әсіресе, соғыстың қайғы-қасіреті ленинградтықтарға ауыр тиді. Шынымен, 900 күн мен түн қоршауда болған олардың ерлігі мен табандылығы дүние жүзін таңдандырды ғой. Соны бүгінгі жастар ұмытпауы керек. Қала қорғаушылары қорғаныс шептерін де тұрғызды. Бәрінің, сондай-ақ ұл-қыздардың, қариялардың, балалардың ерліктері айтарлықтай. Атылған зеңбірек, пулемет, автомат оғы, төбеден түскен бомба астында олар аштыққа қарамастан жұмысты тоқтатқан жоқ.

Қысыл-таяң кезінде ақын Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өренім!» атты жалынды жыры қорғаушыларды, әрине, көңілімізді көтеріп, бізді ерлікке жігерлендіре түсті. Бүгінде ұмытпасам, есімде өлеңнің жолдары:

Ленинградтық өренім!

Мақтанышым сен едің!

Нева өзенін сүйкімді!

Бұлағымдай көремін. 

...Жолды кернеп қол кетті

Сендерге дем бергелі,

Нева алабын қорыңдар

Ленинградтың ерлері,

Ұрпаққа үлгі болыңдар,

Заманымның өрнегі!

Ата-бабаң баяғы

Аян еді Жамбылға; 

...Жаным қалай жайланар!

Құс ұйқылы көнемін,

Қайтып ұйқы көремін!..

Жетсін деймін сендерге

Жыл құсындай өлеңім,

Қаласындағы Лениннің

Сайып қыран өренім!

 Сөздің қысқасы, - деді қарт жауынгер, – Қорғаушылардың қаһармандығының арқасында фашистер Ленинградты ала алмады. Жоғарыда айтылғандай, 314-ші атқыштар дивизиясы Ленинград, Волхов және Карель майдандарының қарамағында болып, біз, сарбаздар Ладога көлі бойында жазда бірден-бір сау қатынас жолын, ал қыстың аязына, боранына қарамастан атақты «өмір жолын» қорғап, жол ашыла көлігімізбен жүк тасыдық. Ал, 1943 жылы қаңтарда Ленинград қоршауы бұзылып, тек қала толығымен 1944 жылдың 27 қаңтарында фашистерден толықтай азат етілді.

Осы ұрыстарда Қасен Омаров та автоматтан оқты қарша боратып, талай гитлершілерді жер жастандырды. Алғашқы “Ерлігі үшін” медалін ол Лодейное поле аудан орталығы, «Свирь және Подпорожье мекендерін азат етіп, өмір жолын» қорғаған шайқастарда көрсеткен қаһармандығы үшін алды. Ленинград облысынан кейін Омаровтың майдан жолы Балтық жеріне қарай жалғасты. Қасен аға, әсіресе, айрықша тауатқыштар бригадасында «ЗИС-5» автомашинасында жүргізуші міндетін атқарып жүргенінде кеудесін оққа төсеп, асқан ерлігімен, әскери шеберлігімен танылды. Күні-түні жолдастары Константин Андреев, Вячеслав Емельянов және Иван Логиновпен бірге майданның алғы шебіне тамақ, жәшік-жәшік оқ-дәрі мен снарядтарды, ал ұрыс алаңынан тылдағы госпитальдарға жараланған жауынгерлерді тасыды.                       

Сарбаз Омаровтың тәуекелі жауды жықты  

– Әлі есімде, 1944 жылдың шілде айы болатын, - деп естелігін жалғастырды қарт солдат. – Ұрыстарда ұйқысыз өткен ауыр түндерімнің есесін қайтарғым келгендей, қатты ұйықтап, бір түс көрген екенмін. Түсімде соғыс аяқталып, елге аман-есен оралып, көңілім мәз-мейрам, төбем көкке тигендей боп, машинаммен дала қырманынан элеваторға бидай тасып жүрмін. Қасымда аққұба, ауызы оймақтай, көзі қарақаттай жайнаған, сұлу қыз отыр екен. Менен көзін айырмайды, жымиғаны жанымды балдай ерітіп барады... Кенет тәтті ұйқымды кезекші бұзды.

– Жолдас Омаров, сізді командир шақырып жатыр, жедел блиндажға жетіңіз, - деді сержант.

«Шіркін, көрген түсім орындалса екен!..» деп қиялдап, далаға атып шықсам, көзге түртсе көргісіз қараңғы. Жаңбыр шелектеп құйып тұр. Штабымыз блиндажда болатын. Жаңбырға малшынған денем тітіркеніп, аяққа жабысқан батпақты кешіп келемін. Дүркін-дүркін алыстан артиллерияның қаһарлы үні естіледі. Блиндажға кіріп келгенімде рота командирі Григорий Юхно телефон тұтқасын ұстап, біреумен сөйлесуге әзірленіп жатыр екен. Мені көріп, қолымды қысты. Григорий Петрович сақа кісі болатын, біз оны әкеміздей қадірлейтінбіз. Жақсы адам Тәңірдің нұры дегендей, командиріміз өзінің ерлігі мен ақыл-парасатын талай ұрыстарда, бізбен күнделікті қарым-қатынаста көрсете білетін. Командир маған жылы жүзбен қарап, екі қасын түйістіре тіл қатты:

– Омаров, бірнеше түн дұрыс ұйықтамағаныңды білемін. Бәрімізге де күні-түні тыныш жоқ, шабуылдан шабуыл. Бұйыртса, жауды шыққан апанына тығып, «ух» деп шаршағанымызды да басармыз. Бірақ қазір уақыт тығыз. Алғы шепке жылдам оқ-дәрі жеткізу керек. Автомашина тізбегін өзің бастайсың, саған сенемін. Машиналардың жарығын жағушы болмаңдар, жау байқап қалады. Сақ болыңдар!                                                                               «Тәуекел тау жығады» демекші, атам қазақ «жігіттің түсін айтпа, ісін айт», мен жауды қалай болса да жығамын деген оймен Омаров бастаған автомашиналар, жүк артып, жолға шықты.                                                                   – Таң алдындағы қараңғылық сейіле бастаған екен. Тағы да артиллерия дауысы естілді деп, естелігін жалғастырды ардагер. Біраз жүргеннен кейін ұзын орманды қыраттар басталды. Кенет, күтпеген жерден аспанда қасқырдай ұлып, жаудың ұшақтары пайда болды. Басыма «Қиын жағдайға душар болдық-ау...» деген ой келгенімен, жүк машиналарын бомбалаушы ұшақтардан сақтап қалуға тырыстым. Алдымыздан шыққан орманды пайдаланып, жасырынғанымыз дұрыс болды. Аспан тажалдары байқамады ма екен, әйтеуір, біз тасалаған орманға жақындамай алыстан ұшып өтті. Бірақ жау бомбалаушыларынан құтылғанымызбен, қарсы жақтан фашистердің жаяу әскерлері шыға келді. Көлік тізбегін жылдам тоқтатып, соңымда келе жатқан автомашинаның жүргізушісі Костя Андреевті өзіме шақырдым. Ол қасыма ентіге жетіп келіп:

– Қасен, қасық қанымыз қалғанша тосқауыл қоямыз, жаудың аяғын алға бастырмаймыз, - деді.

– Дұрыс айтасың, Костя, - деп оның сөзін бөлдім. – Бірақ әр минут санаулы, сөйлесуге уақыт жоқ. Мен жауға бөгет жасаймын, сен тізбекті шегіндіріп, басқа жолмен алып кет! Бұл – бұйрық. Андреев маған бірдеңе айтқысы келгенімен, ойымды түсініп, іркіліп қалды да, бұйрығымды орындауға кірісті. Константин ашық мінезді жауынгер, қандай қиыншылық болсын, қолұшын беруге дайын, нағыз сенімді жолдас еді. Қан майданда Андреевпен қатар, басқа ұлттардың азаматтарымен де арамыздан қыл өтпестей достасып кеттік. «Біреумен достастың ба, оған адалдығыңнан айныма! Адалдың арқаны ұзын» деп отырушы еді Мәтжан апам. Сол сөзі шын екен.                                                                                                     Константин іле машиналарды сәл қиғаштай бұрып алып кетті. Фашистер құмырсқадай жайылып, автоматтарын кезеніп, менің жағыма ентелей еңкейген қалпы жүріп келеді. Жүрегім лүпілдеп барады. Әйтсе де, орманның ағаштары қарсы шабуылға шыққан жаудан тасалай тұрып, оқ атуға табылмас бекініс болары сөзсіз. Оның үстіне гитлершілер қалың орманға кіруге қорқады, оны да талай ұрыстарда көргенмін. Қайткенде мұндай жағдайда ең дұрысы – уақыт оздырмай ең ұтымды атыс тактикасын таңдау. Ойым – жүк тиелген «ЗИС»-імді гитлершілерге бермеу әрі оларды алға бастырмау. Тізбек алысқа ұзай алды ма екен деп уайымдап та қоямын. Фашистер бетпе-бет келгенде автоматымнан оқ жаудырдым. Әр тұстан айғай-шу естіле басталды. Жау есін жинап үлгеріп, орманға қарай үсті-үстіне оқ боратты. Сонан соң «Рус, сдавайся!» деген дауыстары әлсін-әлсін шығып, құлағыма тыныштық берер емес. Кеудемді ашу-ыза кернеп барады. «Саспа, Қасен!» деп ішімнен өзіме-өзім рух беріп жатырмын. Бар ниет-пиғылым – қайырымсыз қатал жауды қалай да тоқтату. Менің атқан оғыма, лақтырған гранатама ерегіскен гитлершілдердің қарсылықтары күшейе түсті. Бір сәтте ойламаған жерден кеңес сарбаздары жаппай шабуылға көтеріліп, жан-жақтан фашистерге қарсы лап қойды. Ең алдымен Алла, содан соң апамның майданға жүрерде берген батасы қолдаған шығар, таңғы шайқас ұзаққа созылмай, көмекке келген біздің әскерлер алға өршелене ұмтылған фашистерге жайрата соққы берді. Шынын айту керек, менің қуанышымда шек болмай, жаудан құтқарған бөлімше сарбаздарына рахметімді айтып, «ЗИС» автомашинаммен көлік тізбегін соңына түсіп, қуып жеттім. Осылай сәті түсіп, оқ-дәріні бөлімшелерге уақытында жеткізіп, өзіме берілген тағы бір бұйрықты қанды-көйлек жолдастарымның табандылығы арқасында абыроймен орындадым.                                                                                       Қасен аға сол күні айрықша қуанышқа бөленді. Оның ерлігі ерекше аталып өтіліп, тау-атқыштар бригадасының командирі, гвардия полковнигі Артур Митоян «Қызыл Жұлдыз» орденін омырауына қадады. Сонымен қатар, оған Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен үздік әскери іс-қимылдары үшін алғыс жарияланды.                                                                                                    Бұдан кейін де Балтық, Польша, Чехословакия жерінде болған қанды шайқастарда қаһарман сарбаз талай ерлік жасады. Омаров қиян-кескі ұрыстарға қатысып, ойран-топанды өз көзімен көріп, мыңдаған шақырым майдан жолын «ЗИС-5» автомашинасымен артқа тастап, жаудың оғынан шұрқ-шұрқ тесілген «захары» сонау Прага жеріне дейін жетіп, сарбаз сол көлігімен елге оралды.

Соғыстан кейін Қасен Омаров ауылдағы әкесінің шаңырағының түтінін өшірмей, майданда көрген түсіндегіндей сұлу қызды өңінде кездестіріп, отау құрды. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деген қағиданы берік ұстанып, көп жылдар бойы жүргізуші болып істеді. Ол автомашина мен трактордың қыр-сырын өзі ғана біліп қоймай, жастарға да үйретіп, тәлімгер атанды. Ардагер адал еңбегімен жерлестерінің сенімі мен құрметіне бөленді. Жұбайымен бірге алты бала тәрбиелеп, өсірді. Олардың бәрі де ержетіп, өз алдарына бір-бір шаңырақ құрды.

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Қасен Омарұлы өмірден озғанынша өзі басынан өткерген сұрапыл жылдарды еске алып, кейінгі жастарға: «Біз сияқты аталарыңның өсиетіне берік болыңдар! Халқымыздың жыртығы болса – жамау, тесігі болса тығын болуға тырысыңдар! Туған еліміздің бейбіт те жарқын өмір сүруіне үлестеріңді қосыңдар» деп отырушы еді. Лайым солай болғай!


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента