Ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді ...

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында еліміздің отыз жылдық кезеңіндегі бағдар мен белестерге кеңінен тоқталып өтеді. Тәуелсіздіктің атаулы датасын атап өтудің бағдарламасына айналған бұл мақалада «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды» деп атап көрсетеді.

«Айбынды Армиямыз – Тәуелсіздігіміздің төл перзенті» деген тақырыппен жарияланған көлемді сұхбатында Армия генералы С.Нұрмағамбетов: «Армиямызды құрғанға дейін алғашқы қадам Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру болған. Комитет өз қызметінің басында елімізде орналасқан барлық әскери бөлімдермен тығыз байланыс орнатып, олардың жағдайлары туралы ақпараттар алған болатын. Сонымен бірге Қазақстан Президентінің аппаратында және Министрлер Кабинетінде әскерлерді басқару жүйесін тиімді ұйымдастыру үшін Қорғаныс бөлімі құрылды. Сол кезде жұмыс күні-түні қайнап жатты. Кәсіби мамандар жетпейтін еді. Бұрынғы Кеңес Одағының Орта Азия, Түркістан әскери округтерінде қызмет еткендер, өздерінің туған елдеріне кетіп жатты. Бірақ та біз ұлттық армиямызды бұрынғы одақтық республикаларынан Отанымызға оаралған әскери қызметшілермен толықтыра бастадық. Онымен бірге Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің базасын кеңейтіп, жаңадан факультеттер аштық. Ұлы Отан соғысы кезінде әскери қызметшілерді қысқа офицерлік курстарында дайындайтын, сол тәжірибені біз де қолға алдық», - деп еске алған.
«Мемлекет басшылығы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан 40А армиясын Түркістан Әскери округінің құрамынан шығарып, ҚР Президентіне және Қарулы Күштер қолбасшылығына бағынатын жеке армия етіп қайта құру; Әуе қорғанысының 37 корпусының командирі етіп 1945 жылы туылған, ұлты – қазақ, қазіргі таңда ПВО 12 ОА ПВО 17 дивизиясында командир лауазымында қызмет атқарып жүрген авиация генерал-майоры Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевты тағайындау; Алматы жоғары жалпы әскери-командалық училищесін Орта Азия республикалары мен Қазақстанның жергілікті ұлттарынан офицер кадрларының басым көпшілігін дайындайтын оқу орнына айналдыру; полковник Абай Бөлекбайұлы Тасболатов, 1951 жылы туған, ұлты – қазақ, М.Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген, Алматы жоғары жалпы әскери-командалық училищесінде 20 жылдан астам взвод командирінен батальон командиріне дейін қызмет атқарған, қазір Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің аппаратына тағайындалған, әскери маман ретінде училищенің бастығы лауазымына сәйкес келеді» деген ұсыныстар жасалды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында: «...Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді» деп атап көрсеткендей, елге оралған қандастарымыздың алдыңғы көші осы Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіне дөп келді. Елге қарап елеңдеген қазақ баласы әлемнің түкпір-түкпірінен атажұртқа оралуға қам жасады. Биылғы жылы қандастардың елге оралғанына отыз жыл толып отыр. Осы кезеңде әскери мамандар да өз өтініштерін билік басына жеткізіп жатты. Бұл жөнінде де архивте біршама деректер сақталған.
Шетелдегі қазақтармен байланыс жасайтын «Қазақстан» қоғамының төрағасы Ш.Жәнібековтың ҚР Президенті Н.Назарбаевқа монғолиялық Б.Қауияұлының Монғолия Республикасында тұратын қазақ офицерлерінің атамекенде қызмет етуге әзір екендіктері жайлы жазған хаты ерекше назар аудартады. Шетелдегі қазақ офицері өзінен басқа әскери қызметте жүрген бірнеше адамды атап өтіп, ел қорғау қызметіне дайын екендіктерін баяндаған Ш.Жәнібековтің хаты төмендегі мазмұнда: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Жуырда елімізде туысшылай жүрген монғолиялық отандасымыз Білімхан Қауияұлы «Қазақстан» қоғамы тарапынан қабылданып, астанада болып қайтты. Отандасымыз шетелдік қазақтар арасында таралмаған кәсіптің түрі – әскери өнерді игеріпті. Ол 1957 жылы туған, шені – майор. Монғолияның батыс шекарасындағы «Цаган-Нұр» кедені бақылау-тексеру пунктінің бастығы болып істейді екен. 1980 жылы Москвадағы Моссовет атындағы шекарашылардың жоғары мектебін бітіргеннен соң әртүрлі қызметтерді атқарған. Өткен жылы әкесі – Қауия ақсақал Қазақстанға (Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданы) әулетімен көшіп келіпті. Ал Білімхан қызмет бабымен сол жақта қалып қойған. Алдағы мақсаты – атамекенге қоныс аударып, әскери қызметін осында жалғастыру. Бұл күрделі шаруа болғандықтан алдымен мән-жайды анықтап білу үшін Алматыға келіп қайтуды жөн көріпті. Мейман астанада республика Еңбек министрі С.Бейсенов пен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-майор С.Алтынбековке жолықты. Сұхбаттасуларда бірқатар мәселелер бойынша мәмілеге қол жеткізілгенімен отандасымыздың талап-тілегі шешімін толық таба алмады. Басты бөгет – Б.Қауияұлының Монғолияның азаматы екендігі және ант беріп елге қызмет етіп жатқандығы.
Бір кездері түрлі саяси науқандардың салдарынан еріксіз қоныс аударған қаралы көшті құрағандар мен олардың ұрпақтарының өз тарихи Отанына қайта оралуына азды-көпті қадамдар жасалынуда. Осынау өмірлік маңызды ұлы іске Сіздің тарапыңыздан қажетінше қолдау мен көмек керектігі айқын сезілуде. Атап айтқанда, сырттағы қазақ жұртының өкілдерінің Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы мәселесін тездетіп іске асыру керек сияқты. Сонда республикамызда қат көптеген білікті мамандарды шетелдік қазақтар арасынан да табуға болар еді. Білімжан Қауияұлының айтуынша, монғол қарулы күштерінің қатарында 80-ге жақын қазақ офицерлері бар екен. Бұлардың барлығы Қазақстанда қызмет етуге белді бекем буынған көрінеді. Олардың іштерінде әскери басшы қызметтерде жүргендері де бар деседі. Атап айтқанда, армия тылы бастығының орынбасары, полковник Дәлел, Увенур аймақтық шекара штабының бастығы, майор Жекей сияқты азаматтар атамекенге қызмет етуге әзір екендігін отандасымыз хабардар етті. Қазақ офицерлерінің дені – әскери жоғары оқу орындарын бұынғы Кеңес Одағында тауысқандар.
Сапар соңында отандасымыз Сіздің атыңызға жазған өтініш-хатын табыстауды «Қазақстан» қоғамына аманат етіп қалдырып еді. Сол тілекті орындай отырып, туысымыздың сұранысы қанағаттандырылады деп үміттенеміз.
Б.Қауияұлының хаты: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге өтініш. Өтініш білдіруші мен, Білімхан Қауияұлы, Монғолия азаматымын. 1957 жылы Монғолияның Баян Өлке аймағында тудым. 1965-1975 жылдары аймағымыздағы қазақ орта мектебін бітірдім. 1975 жылы Москваның Моссовет атындағы шекарашылардың жоғарғы мектебіне түсіп, оны 1980 жылы тауыстым. 1980 жылдан бүгінге дейін ешбір үзіліссіз Монғолияның шекара жауынгерінде әртүрлі қызмет атқардым. Қазір еліміздің батыс шекарасындағы «Цаган-Нұр» кеденінің тексеріп-бақылап өткізу пунктінің бастығымын. Шенім – майор, Семьям, екі балам бар. Орыс, монғол тілдерінде сөйлей аламын.
Бірге туысқан 6 ағайыным, әкем барлығы 1991 жылдан Қарағанды облысы, Қазыбек би ауданы (бұрынғы Егіндібұлақ), Мәди атындағы совхозда тұрады. Өзім де Қазақстанға көшіп келу ниеттемін. Әрине, мүмкін болса, Қазақстанның Қарулы Күштерінің қайбір саласында әскери қызмет атқарып, туған халқыма қызмет етсем деп ойлаймын. Осы өтінішім орындалып қалар деген үміттемін. Өтініш білдіруші Білімхан Қауияұлы. Менің адресім: Монғолия. Баян-Өлгей аймағы, «Цатын-Нур» ШНА ХУ –1116. Салбар. х/ч Х.Билимхан.
Мемлекеттің міндеті – адамдардың еңбек етіп, өмір сүруінің тиісті заңдық тетіктерін жасау, конституциялық құқықтарына кепілдік беру. Қорғаныс саласындағы алғашқы қадамдар жөнінде архив құжаттары осылай сыр шертеді.

Ә.СҮЛЕЙМЕНОВА,
Қазақстан Республикасы Президенті архивінің Жинақтау және құжаттама басқармасының бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты

Көшірмеге қайта келу
Пікірлер

Жүгіртпе / Лента