Әйтікеш Толғанбаев: Тұтқында болған скрипкашы

Екінші дүниежүзілік соғыстың ақтаңдақ тұстары жетерлік. Соның бірі – тұтқындар тағдыры.

Атақты скрипкашы Әйтікеш Толғанбаевтың тағдырына тоқталар болсақ, ол 1924 жылы туған. Бала кезінен-ақ скрипка тартуды үйреніп, 1936 жылы мектеп оқушыларының Семейде өткен олимпиадасында айрықша көзге түседі. Бұл талант жайлы кезінде атақты ақын Ілияс Жансүгіров атаулы мақала жазса, жоғарыдағы шараға арнайы келген композитор Латиф Хамиди жас скрипкашы Әйтікешті осы жылы Алматыдағы музыка-драмалық техникумға қабылдайды.

Музыкант оқытушыларының бірі Әйтікешті болашақ Паганини деп бағаласа, енді бірі әлемдік даңққа жететін скрипкашы болады деп сеніммен айтады. Бірақ, көп ұзамай-ақ дүние асты-үстіне төңкерілді. Бұдан кейін сұм соғыстан хабар жетіп, Айткештің асыл армандары аяқсыз қалды.

         Әйтікеш Толғанбаев 1942 жылдың қаңтар айында әскерге шақырылады, медициналық комиссияның іріктеуінен кейін химиялық ротада болып, үш айлық әскери дайындықтан өтеді. Жазда Өзбекстанның Термез қаласына аттандырылады. Термезден Каспий және Баку арқылы 398- дивизияның 545 – атқыштар полкі Кавказ майданына жіберіледі. Неміс басқыншылары Кавказдың мұнайы үшін жанталаса ұмтылды. Бұл жердегі ауыр шайқастарда полкте қару жетіспейді. Неміс танктері, артиллериясы, ұшақтарымен қарсы шыққан алапат ұрыста жараланған Толғанбаев жау қолына тұтқынға алынады.

       Скрипканы жетік меңгерген ол Бетховен, Бах, Моцарт сынды классикалық музыканың корифейлерін өмірге әкелген немістердің өзін таң­дай қақ­тырады. Фрайбург қала­сында тұтқындар ұйым­дас­ты­рыл­ған концертте Шуберт, Верди, Па­га­нини, Чайковскийдей сында музыка май­тал­мандарының шығармаларымен қатар, ха­лық әні «Елім-айды»  ойнап, Еуропа төрінде азалы әуеннің зарын төгеді. Өнерлі жанның аспапты еркін игерген кәсіби шеберлігіне тәнті болған фашистер өнер құдіреті алдында бас иіп, талантты жанның өмірін сақтап қалады. Бұндай өнері болмағанда, қазақ скрипкашысы Вермах сотымен өлім жазасына кесілер еді.


Сөйтіп, өнерімен Еуропаны дүр сілкіндірген Әйтікеш ұлы жеңіс хабарын Римдегі Кеңес елшілігінде вахтер болып жүрген кезде естиді. Мұндағы күндер оның өмірінің ең бір жаймашуақ кезеңдері еді. Бір күн кезекте шықса, екі күн бос уақытында Италияның атақты театрларын аралап, опера тыңдаумен болған. Соған қарамастан елге оралуға талпынып, елшінің атына хат жазуын тоқтатпайды. Италиядағы Кеңес елшісі Михаил Костелевтің бұл өте асығыс шешім екенін ескерткеніне қарамастан өз дегеніне жетеді.

1945 жылдың аяғында елге оралған Әйтікеш шығармашылыққа ден қоя бастайды. Жаңа жылды М.Әуезов, Б.Момышұлы, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин, Е.Брусиловский, К.Бәйсейітова сынды тұлғалармен бірге Ғабит Мүсіреповтің үйінде қарсы алады. Сол кеште неміс, француз, итальян халық әндерін скрипкада ойнап, қазақ зиялыларын тәнті етеді. Сазды үнге елтіген Бауыржан Момышұлы:

– Міне, ақсақалдар! Сендер мына баладан үйреніңдер... Өз еңбектеріңді мақтан тұтасыңдар. Мына жігіттен туған халықты сүюді, сол халықтың атын шығаруды үйреніңдер, – деген екен.

Бірақ бұл бақытты күндер ұзаққа бармады. Көп кешікпей «Отанға сатқындық жасады» деген желеумен соңына қуғын түседі. Сөйтіп, ол 1946 жылы 3-ақпанында қамауға алынып, Магаданнан бірақ шығады.

Айдауда жүріп те өнерін тастамайды. Соның арқасында өзінің және қасындағы жолдастарының өмірін сақтап қалады. Араға 8 жыл салып, лагерьден босатылады. Магаданнан елге оралғаннан кейін де мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оның қыр соңынан қалмайды. Ахмет Жұбановтың арқасында Алматы консерваториясының доценті атанғанымен, көп кешікпей барлық мемлекеттік марапаттары мен соғысқа қатысушы ретінде көрсетілетін жеңілдіктерінен айырылады.

Осылайша ұзақ жыл, яғни тәуелсіздік таңы атқанға дейін өзінің саяси бостандығы үшін күресіп, Мәскеуге сан рет барып қайтқан Әйтікеш Толғанбаев 1992 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының шешімімен «1920–1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп танылып толық ақталып шығады.

Еліміздегі кәсіпқой скрипка мектебінің негізін қалаушы, «Қазақтың Паганиниі», бар ғұмырын күреспен өткізген Әйтікеш Толғанбаев 1995 жылы өмірден озды.   

Оның артында өнердегі өшпес ізін жалғастырушы шәкірттері мен қазақ радиосының алтын қорында скрипкада орындаған музыкалық шығармалары, орыс және қазақ тілдерінде жазылған «Қатал тағдыр тәлкегі» атты естелік-кітабы қалды. Бүгінгі күні Толғанбаев есімі қазақстандық музыка өнерінің алтын қорына енгізілді.

ҚР ҚК Әскери кітапхана меңгерушісі Г.Жекибеева


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента