Қаһарман қазақ қыздары

Сонау бабалар заманынан бері жауға қарсы шауып, ерен ерлігімен тарих беттеріне із қалдырған қайсар қыздарымыз, асқан ақылдылығымен бүкіл бір елді басқарып, даналығымен ішкі-сыртқы жағдайды жөнге салып отырған орақ ауыз, от тілді шешен-дана аналарымыз аз болмаған. Қазақ әйелі қашан да дәстүрлі мәдениеттің бесігін тербетіп, әйелдіктен даналыққа, отбасы, ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын жейтін ел анасы деңгейіне көтеріле білген. Иә, қазақ қызы әрдайым «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеттті». Ел қорғаған, айбатымен жау қашырған аналарымыз бен апаларымыз туралы бүгін ақтарылсақ, әлбетте, айыбы жоқ. Өйткені, олардың есімдері әр буынның жадында жаңғыруы тиіс.

Тұмар ханша – күнгей түркі сақ халықтарын билеген атақты әйел патша. Грек жазбаларында оның елін «массагет» деп атайды. Тұмар ханша есімінің тарихқа еніп, әлемге танылуы «төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған парсы патшасы Кирдің Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген, «жеңілуді білмейді» деп дәріптелген әскерін ашық шайқаста жеңуімен тікелей байланысты. Томирис шайқас соңында торсықты қанға толтырып, оған Кирдің басын салуға бұйрық береді. Ол өз елінде бұдан кейін де талай жылдар билік етіп, қара қылды қақ жарған әділдігімен, данышпандығымен, көрегендігімен халқын таңғалдырды.

Бопай − Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың зайыбы әрі мүдделесі, Кенесарының қарындасы. Сол кездегі қазақ халқының басына ел болу немесе елдігін мүлде жоғалту қаупі төнгенде, Әбілқайыр ұстанған саяси бағытты Бопай қолдап, ең бір шешуші кезеңдерде айырықша икемділік-тапқырлық танытып отырған, шайқасқа шыққан сарбаз болған. Мұны Бопай ханымның Анна Иоановнаға, Елизавета Петровнаға, А.Тевкелевке, И.Неплюевке, канцлер А.Бестужев-Рюминге жазған хаттарынан аңғаруға болады.

Гауһар батыр – Қаракерей Қабанбай батырдың сүйген жары, Малайсары батырдың қарындасы. Көптеген жорықтарға қатысып, ерлік істері ел есінде қалған. «Қалмаққырғанның» сыртындағы тауға Гауһар батыр қарауылға шығады екен» деген бұрынғылардан жеткен сөзді ақсақалдар айтып отырады. Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір ауданындағы Арыс өзенінің Сырдарияға құятын тұсында үлкен төбелердің бірі «Гауһар ана төбесі» деп аталады. Ақын Бақи Әбдіқадыровтың «Гауһар батыр» деген дастаны бар.

Айбике – XVІІІ ғасырда өткен атақты Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздар қолын басқарған ержүрек әйел. Ол қазақтың батыры, ағасы Қабанбайға Алтай, Ертіс, Тарбағатайдағы жоңғар жасақтарының жорық жайын біліп, жеткізіп отырған.

Сапар – әкесінің аты – Мөтең, руы – Табын. Кейбір деректерде есімі Сапура деп келеді. XVІІІ ғасырдағы Е.Пугачев көтерілісінде аты аңызға айналған батыр қыз. Аңызда "Көктемір", "Көрінбес" деген атпен дәріптелген қаһарман қыз өзін Е.Пугачев ізбасарымын деп жариялап, азаттық көтерілісті одан әрі жалғастыруды үндеген. Бұл туралы ғалым Н.Бекмаханова "Легенда о невидимке" деген кітабында жазған.

...Бұл тізімде сәл арыдағы тарихтың бұрымды батырларын атадық. Әрине, түгел-дерлік емес, бірегейлері ғана. Енді тарихтың бергі парақтарын ақтарсақ. Жетпіс жыл бұрынғы Ұлы Отан соғысына қатысқан қайсар аруларымыз жайында таңды таңға ұрып ақтарылуға болады-ақ. Өйткені, қанымыздағы батырлық қасиет бұрымды қыздарымызда да бар. Айталық, сол сұрапыл соғыстың алғашқы күндерінен бастап майдан даласына сұранып, әскери комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Қарағандының әскери комиссариатына өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асса, Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінде 3 мың өтініш түскен. Ал, Алматы қаласының тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш түсті. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальдарда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамаларда болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Қолдарына қару алып, майданға аттанған қазақ жұлдыздары - Әлия мен Мәншүк Қазақстан даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген қазақ қызы – Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының батыры М.Раскова басқарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып, 300-ден астам мәрте әуеге көтерілді. 2004-жылы Президенттің жарлығымен Х.Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді. Жауһария Сафарбекова Ленинград майданында қалалық радиостанция бастығы болып, ерлігімен көзге түскен. 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34-жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта аруы Курск иініндегі шайқасқа қатысып, бірнеше марапаттарға ие болды.

Қазақстандық қыз-келiншектер Қиыр Солтүстiкте, Карелияның омбы қарында, Смоленск өңiрiнiң қалың ну орманында, Қап тауларында, Қара теңiз жағалауында, Украина мен Белоруссия қалаларында, Мәскеу, Ленинград, Сталинград үшiн болған шайқастарда батырлықтың, Отанға шексiз берiлгендiктiң жарқын үлгiлерiн танытты. Олардан ұшқыш та, танкист те, радист те, барлаушы да, партизан да шықты. Мәселен, ұшақ механигi Д.Жәкеева, зениттi артиллерия расчетiнiң командирi А.Ақжолова, танкистер Ж.Байтасова, К.Тоқбергенова, Г.Талқанбаева, пулеметшi Ж.Бейсенбаева, «Қызыл әскер ақиқаты» атты майдан газетiнiң қызметкерi Р.Жанбекова, зенитшiлер А.Оразғалиева, Қ.Елубаева, А.Оразғалиева, десантшылар Р.Сыздықова мен Қ.Асанова, барлаушылар Ж.Сәлiмова, Р.Ералина, гвардиялық атқыштар дивизиясының сержанты Ш.Құсанова, әуе бақылаушылары Р.Мазитова, Н.Хамитова, Б.Тынысбекова, майдан дәрiгерлерi М.Сырлыбаева, Р.Момынова, Р.Мақашева, М.Түкiбаева, Г.Түсiпжанова, майдандық медбикелер С.Шынәлиева, С.Сартбаева, Ә.Орынбасарова, Қызыл Крест комитетiнiң «Флоренс Найтингейл» медалiмен марапатталған лейтенант Р.Ысқақова, байланысшы Р.Абдуллина, авиамоторшы Ә.Ақжолова, I және II дәрежелi «Даңқ» орденiнiң иегерi, зеңбiрекшi Қ.Асанова, сержант Ш. Әмiрова, радист Ш.Ботаханова, байланысшы А.Есболатова, әуе механигi, ұлы Абайдың шөбересi И.Жағыпарова, жау ұшақтарының «тамыршысы» аға сержант Р.Шамжанова, тағы-тағы көптеген қаһарман қазақ қыздары Отан үшiн жанқиярлықпен шайқасты.

Соғыс жылдарының шежiресiне назар аударсақ, қазақ қыздарының ерлiгi қайран қалдырады. Алапат аласапыран айқас кезiндегi бiздiң жауынгерлерiмiздiң теңдесi жоқ ержүректiлiгi, қазақ қыздарының жауапкершiлiгiмен толысып, толыға түседi. Бұл жайында майдандық газет беттерiнде кеңінен жазылған. «Жауға қарсы аттан» газетiне (9 наурыз,1944 жыл) басылған аға лейтенант Асқар Закариннiң «Мәншүк» деген мақаласында Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың ерлiк iстерi тәптiштелiп, Невель қаласы үшiн болған шайқастың алғашқы бiр күнiнде Мәншүк өзiнiң күнделiгiне «шiлденiң 20-күнi немiс жауыздарының екеуiн өлтiрдiм, бұл бiрiншi адым» деп жазып қойды делiнген. Әсiресе, Мәншүктiң 14 қазан күнгi кескiлескен ұрыста көрсеткен жанқиярлық ерлiгi айна-қатесiз баяндалады. «Оның жанын қиып қорғаған қаласы Невельдiң Приамур көшесi мен Трофяной переулогi Мәншүк Мәметованың атына көштi» деген сөздер кеудеде мақтаныш отын маздатады.

Маршал И.Конев басқарған Бiрiншi Украин майданының «Отан намысы үшiн» атты қызыл әскер газетiнiң 1945 жылғы 8 ақпандағы санындағы мақала «Батыр қыз» деп аталады. «…Қазiр Зоя Досбергенова бiздiң артиллериялық бөлiмшенiң взводында радист болып iстейдi. Командованиенiң тапсырмасын үлгiлi орындағаны үшiн Зоя II дәрежелi «Отан соғысы» орденiмен және «Ерлiгi үшiн» медалiмен наградталды. Зоя атқарып жүрген қызметiн мiсе тұтпады. Қолына қару алып, майданның алдыңғы шебiне барып, ұрысқа араласқысы келдi. Ақыры полковник Зояға рұқсат бердi. ...Кеңес батырларының соққысынан тозғындап шегiнген жау маңызды бiр елдiмекеннiң маңында табан тiреп қарсыласты. Осы ұрыста рота командирi саптан шықты. Осындай сын сағатта Зоя үлкен батылдық iстедi. Ұрыстағы ерлiгi үшiн Зоя Досбергенова «Қызыл жұлдыз» орденiмен наградталды» делінген жазбада.

Бiрiншi Прибалтика майданының «Жауға қарсы аттан» газетiнiң 1944-1945 жылғы сандарында майдан шебiнде жүрген қазақ қыздарының есiмдерi жиi кездеседi. Соның бiрi – Белоруссия мен Литва, Польша жерлерiндегi соғыстарда болып, фашистiк Германияға бұзып өткендердiң iшiнде болған Баян Байқожина. Жан ұшыра арпалысқан немiс әскерлерi Шығыс Пруссияда мықты бекiнiс шебiнде болды. Осындай берiк қамал Гинденбург қалашығында да жасалған. Баянның бөлiмi осы кiшкене қаланы алу үшiн ұрыс жүргiздi. Екi мерген – Баян мен оның қарулас жолдасы сержант Иван Вараксин – қала шетiндегi бiр биiк үйдiң тасасына отырып алып, дұшпанның солдаттары мен офицерлерiн, әсiресе пулеметшiлерiн бiреулеп құрта бердi. Бiр кезде жақын жарылған снарядтың жарқыншағы Баянның бетiне келiп тидi. Оның омырауына қарай қан саулады. Баян қалтасынан бинт алып, бетiндегi жарасын өзi таңды да, ұрысты жалғастыра бердi. Бiздiң жаяу әскерлерiмiз жау шебiн атқылауға көтерiлгенде Баян да тұра жүгiрiп, «уралаған» айғаймен алдыңғы сапқа барып араласты. Оның Гинденбург үшiн ұрыстағы ерлiгi лайықты бағаланып, “Отан соғысы” орденiмен наградталды. Баянның сондағы шайқаста көрсеткен ерлiгi жөнiнде «Правда» газетi жазып, қазақ қызының есiмiн дүниежүзiне таратты.

Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының бұрынғы «Қызыл Диқан» колхозынан майданға өз тiлегiмен аттанған Майра Қанатова шынайы ерлiктiң үлгiсiн паш еттi. Бiр ұрыста қарсы жақтың күшi нашарлағанын байқап дандайсыған немiстер винтовкадан атқан оққа тоқтамай, тiке шабуылға көшедi. Аралары жақындай түседi. Жау 100 метрдей қалғанда ер жүрек медбике Қанатова иесi қаза тапқан пулеметке отыра қалып оқ жаудыруға кiрiседi. Жауынгерлерге: «Серпiлiңдер, немiстер қазiр-ақ жер жастанады!» деп айқайлап күш бердi. Ақыры, немiстердiң шабуылы тойтарылып, позиция шебi бұзылмай қалады. Асқан батылдығы үшiн сержант М.Қанатова «Ерлiгi үшiн» медалiмен наградталды.

Міне, қазақтың қайсар қыздарының ерлігі! Мұндай тектілік пен ержүректікті бүгінгі аруларымыз да жоғалтпағаны ақиқат. Бұл сөзімізге кешегі, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарына айналған Ләззат Асанова мен Сәбира Мұхамеджанованың жарқын бейнелері растай түседі.


Көшірмеге қайта келу
Пікірлер

Жүгіртпе / Лента