Зайырлылық – қуатты мемлекетке тән

Қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың үшіншісі – зайырлы қоғам мен жоғары руханият. Зайырлы мемлекет – қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттелетін, мемлекеттік органдардың шешімдері діни тұрғыдан шығарылмайтын мемлекеттің сипаты. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүмкін, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылықпен емес, одан азат болуымен анықталады.

Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни институттарға қатыссыз өмір сүруге құқылы. Мысалы, некені тіркеу және әділ сот жүйесі мемлекеттің айрықша құқығы болып табылады. Сол сияқты зайырлы елде барлық конфессия өкілдері заң алдында бірдей. Діни мерекелер халықтың дінге сенуші бөлігіне қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс күні ретінде бекітілген.
Жалпы, адамзат дамуының тарихи тәжірибесінен туындаған мемлекеттің зайырлылық принципі мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуін жариялағанымен, ол ұғым бұл екеуiнiң арасына қорған салуды білдірмейді. Өйткені, дiнсiз – мемлекет, ал мемлекетсiз – дiн жоқ. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, ел дамуының бүгінгі кезеңінде екi тараптың өзара бiрiгiп әрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындаудың және жетілдіріп отырудың маңызы зор. Бұл жерде мемлекет мынадай қағиданы басшылыққа алуы тиіс: ол қоғамдағы діни бірлестіктерді реттейтін өз шекарасының аумағын тарылтпауы керек және еліміздің негізін құрап отырған халықтың дәстүрлі дініне басымдық беруі қажет. Өйткені, қоғам мен дінді бір-бірінен бөлудің мүмкін емес екендігін ескерер болсақ, мемлекеттің діни салада белсенді түрде реттеуші болуы тиіс екендігі талас тудырмасы анық.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, еліміздегі барлық діни бірлестіктердің құқығы бірдей және тең. Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман, құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Олай болмаса, Қазақстан сияқты халқының 70 пайызы мұсылман елде халқының діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеспейді деген сөз емес. Демократиялық үкіметтің ең басты міндеті халық үшін қызмет ету болса, сол халықтың діни қажеттіліктерін ескеріп, оларды қамтамасыз ету де үкіметтің басты міндеті болып саналады. Осыны жете түсінген Батыс елдері, соның ішінде Англияны алып қарасаңыз, шіркеу шығындарының жартысы мемлекет тарапынан қаржыландырылады, ал шіркеу барлық салықтан босатылған. Ал, Францияда өзінің қызметкерлеріне мемлекет діни қажеттіліктерін қамтамасыз етуде көмек көрсетуде. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, ауруханаларда, түрмеде, әскерде арнайы орталық ашылып, дін адамдарының қызмет көрсетуін мемлекет өзі ұйымдастырып отыр.
2009 жылы Қазақстанда өткен халық санағы бойынша, еліміздегі халықтың 70,2 пайызы – Ислам дінін, 26,3 пайызы – христиан дінін, 0,1 пайызы – буддизм дінін, 5281 адам иудаизм дінін ұстанады, ал халықтың 2,8 пайызы ешбір дінге сенбейтінін айтқан. Егер келтірілген дерекке назар аударсақ, халық қай дінді ұстанамын десе де өз еріктеріне берілгенін көруге болады. Бұл дегеніміз, Қазақстан толықтай зайырлы мемлекет екенін көрсетеді.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы сәттен-ақ зайырлы қоғам құру мақсатында көптеген істер атқарды, ал бүгінде зайырлылықты күннен күнге нығайту үстінде. Қазақстанның конституциялық құрылысының тарихында бес рет Конституция жазылып, қабылданғаны мәлім. Олардың әрқайсысы қазақстандық мемлекеттіліктің ұлттық автономиядан толық мемлекеттік дербестікке және егемендікке дейінгі дамуының белгілі бір кезеңдерін көрсетеді. 1995 жылы қабылданған Қазақстанның қазіргі Конституциясы еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігінің жаңа өрлеуін заңды түрде нығайтты. Кейіннен Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық әлеуметтік мемлекет екенін Ата заңы арқылы да бүкіл әлемге таныта бастады.
Біздің республикамыздың дінаралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілердің, діни нанымдағылар мен діни бірлестіктердің сандары тұрақты өсуде. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін қал-қадерінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз. Кең-байтақ Қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр.
Қазақстан зайырлы мемлекет болғаннан соң оның негізгі басымдықтары адамдардың өз құқықтарына беріледі. Құқықпен қорғалған және сол берілген құқықты жақсы пайдалана білетін адам, қоғам, мемлекет қана жоғары қарқынмен дамиды. Жалпы, құқықтық мемлекет – конституциялық басқару тәртібі, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі бар мемлекет екені белгілі. Құқықтық мемлекет – өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тәуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқы бұзылуына жол бермеуді және оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастыратын мемлекет. Ол идеяның сан ғасырлық тарихы бар. Қазіргі әлемде құқықтық мемлекет тұжырымдамасы мемлекет, қоғам және азаматтың арақатынасын қалыптастырудың әмбебап идеалы болып отыр.
Дінмұхамед АЯЗБЕКОВ

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"