Ұлы ақынның жарияланбаған өлеңдері

АБАЙ ҚҰНАНБАҰЛЫНА – 175 ЖЫЛ

Абайдың 100 жылдық тойына арналып 1945 жылы «Екпінді» газетіне Қайым Мұхамедханов жинақтаған Абайдың бұрын жарияланбаған өлеңдері мен «Абайдың әдебиет мектебі» мақаласы, өз заманынан оза туған ақынның терең ойлары мен асыл сөздері шықты. Оның бірқатарын кемеңгердің көркем тілімен айтқанда «кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын» деген ниетпен оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

   Жуантаяқ Балқожа Боқанов деген кісі бір көзі ашық адаммен сөз таластырып Абайға жүгініске келген екен. Сонда оған Абай былай депті:

   Ғалымнан надан артпас ұққанменен,

   Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.

   Одағы қалыбынан аса алмайды,

   Жауқасын ерте көктеп шыққанменен.

* * *

   Тобықты Қарамырза Ташмұқамбет Белгібай баласы Белағашта егін салып харекет етеді екен. Абай соған былай депті:

Түбінде баянды еңбек егін салған,

   Жасынан оқу оқып білім алған.

   Би болған, болыс болған өнер емес,

   Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.

* * *

Көкбай Абайды бір сөйлетейін деп, әдейі келіп мынадай өлең айтыпты:

   Жүрісім-тұрысымның бәрі Абайша,

   Абайдан кем боламын мен қалайша.

   Көп закон, азғана ақыл өзімде бар,

   Ашылып көкірегім кең сарайша.

Сонда Абай тұрып Көкбайға былай деген:

   Мен боламын демеңдер,

   Аяқты алшаң басқанға.

   Екі көзіңді алартып,

   Құр қарайсың аспанға.

   Бір ғылымнан басқаның,

   Бәрі де кесел асқанға.

   Өйткен адам жолығар,

   Кешікпей-ақ тосқанға.

 

***

Ойға түстім толғандым,

   Өз мінімді қолға алдым.

   Мінезіме көз салдым,

   Тексеруге ойландым.

Өзіме-өзім жақпадым,

Енді қайда сыя алдым.

Қалап алған көп мінез,

Қалайша қылып тыя алдым.

   Бойдағы мінді санасам,

   Тау тасынан аз емес.

   Жүрегімді байқасам,

   Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға,

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңрім салған наз емес.

* * *

   Домбыраға қол соқпа,

   Шымырлатып бір-бірлеп.

   Жүрегім соқпа, кел тоқта,

   Жас келер көзге жүр-жүрлеп.

Қайғылы көңілім қайдағы,

Бұрынғымды жаңғыртар.

Қайратты алып бойдағы,

Басымды қайғы қаңғыртар.

   Онан да жылы жүзіңмен,

   Кел жарым, қара бетіме.

   Жылы тәтті жауап айт,

   Іштегі қайғы дертіме.

Іштегі ескі жалынды,

Сөндір жаңа қылықпен.

Сөйлеші жақсы жағымды,

Мендей көңлі сынықпен.

   Сынық көңлім көп кешер,

   Майда қолмен ұстасаң.

   Көңілге түрлі ой түсер,

   Әр тереңге нұсқасаң.

Күйлі-күйсіз бәйгеде,

Қажыды көңілім көп шауып.

Көп қыйнамай әр неге,

Енді семірт жеп тауып.

Жыйнаған Қайым Мұхаметханов

1945 жыл,10-июнь.

***

Көкіректі шер кернеп, көңіл қаяу,

Елім бе деп жүргенде досым да жау.

Сүйер кісім, сүйенер жақыным жоқ,

Бір өзіңе сыйындым бар құдай-ау.

Елге ерсем-ақ жолымнан адасамын,

Көнбей жүрсем көп итпен таласамын.

Тек отырсам тепкілеп шыдатпайды,

Енді қайтып, бұл елмен жарасамын.

Бір момынның ұстасам түзік ісін,

Жөн демейді ғәріптің жөн жұмысын.

Ардан безген ары жоқ өңкей залым,

Ырылдатып жабады ит пен құсын.

Көп төбетке жетеді қайдан күшім,

Адалды құтқаралмай пысады ішім.

Қабағыңды қаққанша қас болады,

Жақыным деп жан тартып жүрген кісім.

   *Абайдың бұл өлеңі тұңғыш рет жарияланып отыр. Бұл өлең Абай ауданы «Бірлік» колхозының председателі Ермұса Телібаевтың аузынан жазылып алынды. Ермұса Тайшеке баласы Қорамжаннан 1930 жылы естіген. Қорамжан Абаймен көп жолдас болған адам. (Қатпаның әкесі, 1930 жылы март айында қайтыс болған). Өлеңнің мазмұнына қарағанда, 1898 жылы Мұқыр сайлауынан соң айтылғанға ұқсайды. Абайға қастық жасау осы сайлауда болған.

Абай ұлы Мағауиядан

Ай жарық, жаздың түні ат терлетіп,

Бір сайға уағдаласқан келсең жетіп.

Жалғаннан жардан басқа түк тілемей,

Жолыққан қандай қызық еңбек етіп.

Ауылды бір кезеңнен тұрсаң бағып,

Бой дірілдеп, шошынып, жүрек қағып.

Асыққанда бір минут бір сағаттай,

Япырмау, келмеді деп әлде неғып.

Шыққан жарың көрінсе ода беттеп,

Әрең шыққан секілді ептеп-септеп.

Қара шапан, ақ көйлек, камшат бөрік,

Көк шалғынның үстінде көлбелектеп.

1945 жыл,30 сентябрь.

Сізге мыналар мәлім бе?

... Семейдегі Абай музейінде Абайдың 1896 жылы балалары Турағұл және Ақылбаймен түскен суреті және 1887 жылы суретші Листовский қарындашпен салған Абайдың суреті сақтаулы тұр.

   ... Абай 1890 жылдары Өскемен қаласына барып, Евгений Петрович Михаэлиспен жолыққан. Оның Михаэлиспен түскен суреті Михаэлистің үйінде әлі күнге дейін бар.

   ... Семейдегі Абай музейінде Абайдың ерші Сағындыққа жасатқан күміс ер-тоқымы сақталады. Ер-тоқымды Абай кавказдатып, нақыстатып жасатқан.

   ... Федор Михайлович Достоевский Омбыдағы каторгадан кейін Семей қаласындағы 7-линиялық полкка қатарлы әскер етіліп жіберіліпті. Ол 1854-1859 жылға дейін Семей қаласында тұрыпты.

   ... 1855 жылы Ф.М.Достоевский Семейде Шоқан Уәлихановпен кездесіпті.

   ... Ф.М.Достоевский 1859 жылы 31 октябрьде Шоқан Уәлиханов туралы жазған хатында былай депті: «Уәлиханов өте тамаша, өте ғажап адам. Мен оны мейлінше жақсы көремін, оған өте құштар болып тұрамын».

   ... Семейдегі Абай музейінде Ф.М.Достоевский мен Шоқан Уәлихановтың 1855 жылы Семей қаласында түскен суреті бар.

   ... Семейдегі Абай музейінде Шоқан Уәлихановтың 10 жасында Омбының кадецкий корпусының киімін киіп түскен суреті сақталады.

1945 жыл,10-июнь.

Б і л е с і з д е р м е...

   ... Алексей Максимович Горькийдің «Челкаш» атты әңгімесін қазақ тіліне тұңғыш рет аударған Абай баласы Турағұл екенін? Турағұлдың бұл аудармасы 1925-жылы Семей қаласында шыққан «Таң» журналының 3 – 4 сандарында басылғанын?

   ... Абайдың Әкімбайға (Көз жұмғанша дүниеден, Иманын айтып кеткені-ай!) деген өлеңінің алғаш рет «Таң» журналының 2-санында басылғанын; Әбішке (Талаптың мініп тұлпарын...), Оспанға (Жайнаған туың жығылмай...) деген өлеңдерінің сол журналдың бірінші санында басылғанын; Әбішке (Жыйырма жеті жасында...), Абыралыға деген өлеңдерінің үшінші санында басылғанын; Осы журналда Абайдың бірнеше қара сөзінің жарияланғанын?

   ... Абайдың ақын ұлы Ақылбайдың «Зулус» дастанының үзіндісі алғаш рет 1924 жылы Ташкент қаласында шығатын «Сана» журналының 2 – 3 сандарында басылғанын?

   ... 1913 жылы Семейде халық үйінде (Народный дом) халық өнерпаздарының (әнші, күйші, т.б.) жарысы болғанын; Бұл жарыста бас бәйгені Абайдың шәкірті, досы Мұқа Әлімханов (1857-1927 ж, Уақ руынан ) алғанын?

   ... Абайдың «Ескілік киімі», «Сап-сап көңілім» деген екі өлеңі тұңғыш рет 1924 жылы «Сана» журналының 2 – 3 сандарында басылғанын?

   ... Бұқар жыраудың «Ханға жауап бермесем, ханның көңлі қайтады» және «Керей қайда барасың, Сырдың бойын көбелеп» деген толғауларын Абайдың шәкірті, досы Көкпай ақынның 1925 жылы «Таң» журналының бірінші санында жарияланғанын?

1945 жыл,23 қыркүйек.

Әзірлеген Алуа СӘКЕНҚЫЗЫ


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"