ТАРИХЫ ТЕРЕҢ АСТАНА

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ АСТАНА

6 шілде – Елорда күні

  Дүйсенбіде ел бағына баланған елордамыздың туған күні. Қазір Сарыарқаның төсінде көзтартарлықтай боп бой тіккен бас қаламызға қазақстандықтар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келгендер де тамсана қарап, сүйсінуде.

Ал осыдан бірнеше ғасырлар бұрын бұл жер қандай еді?! Осыдан мыңдаған жылдар бұрын Есіл өзенінің сол жағалауында орын тепкен Қыпшақ сұлтанының әскери ставкасы жаңа ғасырда жаңарып, бой түзеген беделді бас орда болады деп кім ойлаған?!

Біздей ұрпаққа бұл Боз-оқ қаласының үйіндісін ашып, зерттеу жұмысын жүйелі жүргізілуімен жеткен тарихи мәлімет еді.

 Ақмола бекінісі

Иә, тарихи зерттеулерге сүйенсек, сол кезеңде Ресей империясы отарындағы алыс мекендерін бақылайтын осындай әскери қамалдарды тұрғызып, Ақмола уездік қалашығын әскерилікке сай қорған еткен.

Басында қала емес, жай ғана қорған болған. Осы маңда қоныстанған қазақтар жылдың қай мезгілі болса да Қараөткелдің таяздау жерімен жылқы, түйе малын пайдаланып, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып жүреді екен.

Өзеннің осы тұстағы арнасын жабатын қара түсті құмнан Қараөткел пайда болған. Ал одан Нұра өзеніне қарай он сегіз шақырым жерді жұрт Ақмола деп атапты. Бұл маңда кезінде Аңырақай, Қалмаққырған мен Қарақұмда 1710-1729 жылдары болған жоңғар соғысында қыпшақтың 92 руының әскерін басқарған Тілеулі батырдың ұрпағы, Абылай ханның беделді кеңесшілерінің бірі Нияз би жерленіпті. Кейін осы Нияз бидің кесенесінің айналасына Ақмола бекінісін салу туралы шешім қабылданғанда 1830 жылдың 28 мамырында құрылысқа Петропавлдан құрамында екі жүз адамы бар Ф.Шубиннің тобы бірінші болып шатыр тігіпті.

Акмолинск-1.gif

Осы бір ғана зиратпен әйгілі болған жерге болашақ Ақмола бекінісі аймағының әкімшілік орталығының тұрғызылатын орнын ақылдасу үшін жергілікті рулардың ақсақалдары жиналып, сонда ақсақалдар Шубинге Есілдің екі жағалауының да тұрғындарына ыңғайлы болу үшін Қараөткелде көпір салуды ұсыныпты. Офицер айтылған кеңеске құлақ түріп, 1830 жылдың 18 маусымында ақсақалдардың қол қоюымен құжат жасалып, сол бойынша Ақмола атауы өзгеріссіз қалып, бекініс салу басталыпты.

Міне, содан кейін бұл аймақта дала қорғаны құрылысының дүмпуімен 1832 жылдың 22 тамызында ресми түрде Ақмола бұйрығымен ішкі округ ашылады. Бас кезінде бұл жерде қорғаныс үшін бірнеше балшықтан, ағаштан жасалған үйлер салынады. Өзеннің жағалауында бірінші қатарда қазыналық ғимараттар мен кеңсе, лазарет пен асхана, ал екінші қатарға әскери тағайындаудағы ғимараттар, яғни, офицерлер үйі, казармалар мен қару-жарақтар қоймалары орналастырылады. Сөйтіп, 1835 жылы округте 71 262 адамнан тұратын он бес болыс пен тоғыз, ағаш үйлі бір орыс поселкесі, ал бес жылдан соң бес мұнаралы көп қырлы формалы қабысқан далалық қорған салынады. Оның төменгі жағы балшықтан оқшашарға лайықтап жасалады. Бүгінде бұл қару еліміздің мұражайында сақтаулы.

Жалпы әскери-стратегиялық жағынан алып қарағанда қорған тамаша қорғалған болып саналады. Оң жағынан – ағып жатқан Есіл, батысы мен солтүстігінде – қамысты батпақ, ал шығысында — созылған сарыдала.

Міне, сол «Қорған» қазіргі Желтоқсан мен Кенесары көшелерінің орнында, ал «Орталық мұнара» Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның орнында болыпты.

Қорған қалаға айналды

Ақмолаға Ресей мен Шығыстың сауда қатынасының көпірі іспеттес Сібір, Орал, Орта Азия көпестері қоныс аударған соң кішкене ғана қорған біртіндеп қоныстанушылар қаласына айнала бастады. Сөйтіп, Ресей империясының 1862 жылғы 7 мамырындағы шешімімен Ақмола станицасына қала мәртебесі беріледі.

Ал 1868 жылғы Жарлыққа байланысты Ақмола, Көкшетау, Петропавл, Омбы, Атбасар сияқты бес уезден тұратын Ақмола облысы боп құрылып, сол жылдардың талаптарына сай облыстың елтаңбасы бекітіледі.

Ақмола бекінісі.gif

   Мұндағы халық та біртіндеп өсе бастайды. 1869 жылдың өзінде бұл жерде 5122 адам, 1910 жылы 13000-дай тұрғын болса, 1916 жылы облыс тұрғындарының саны бір жарым миллионға жеткен. Жергілікті тұрғындармен қатар, басқа да ұлттардың 228 мыңға жуық өкілі және шамамен 1 миллионға жуық Ресей мен Украинадан қоныс аударушылар да болған.

   Біртіндеп қаланың дамуына да қан жүгіреді. Мысалы, сол кездері бой көтерген үйлерді елорданың ескі орталығында көруге болады. Ал білім беру жүйесінде 1898 жылы облыста 3 қалалық, 12 шіркеу мектебі және бірнеше ауыл шаруашылық училищесі болыпты.

Кеңес кезіндегі Целиноград

Кеңес өкіметі кезінде Ақмоланың аясы кеңейіп, ол (1939 жылдың қазан айында) облыс орталығына айналды. 1941-1945 жылдарында оның ересек тұрғындардың барлығы әуе қорғанысы және химия қорғанысы дайындығынан, ал 16 мен 50 жас аралығындағы ерлер міндетті түрде әскери дайындықтан өтіпті. Бұл туралы мәліметтерді Ақмола қалалық атқару комитетінің қалада әскери құрылымды қабылдау және орнықтыру туралы, қызыл әскерге жылқы жіберу туралы сақталған құжаттардың түпнұсқалары шындыққа шығарып береді.

Сол жылдардың санағы көрсеткендей, 1945 жылдың басында он мың ақмолалық әуе қорғанысы мен химия қорғаны дайындығынан өткен. Ал 9172 адамды әскери іске баулыған. Жергілікті әуе қорғанысы штабы құрылып, қорғаныс топтары да дайындалып, ОСОАВИАХИМ және Қызыл Крест тобы да белсенді жұмыс атқарыпты. Осылайша Ақмола қазақстандық әскери бөлімшелердің құрылуында және соғыс жылдарында маңызды рөлге ие болған.

Целиноград.jpg

Ал тың жерлерді игеру жылдары Ақмола облысы елдің ең маңызды астықты аймағына, ауылшаруашылығы, машина құрылысы орталығына айналды. 1960 жылғы 26 желтоқсанда тың өлкесін құру туралы Жарлық шығып, 1961 жылы қаланың аты Целиноград болып өзгертіледі. Ресми түрде 1962 жылы бекітілді.

Осы жылдары Қазақстанда тың өлкесін құру, оның астанасын Целиноград қаласы жасау идеясы белең алды. Ресми деректерге сүйенсек, сол кездері

қала орталығы мен вокзал ауданындағы көзге ілінер Сталин кезіндегі бірнеше үй мен коммуналкаға айналған көпес үйлерден басқа ғимарат болмаған.

Ең бірінші болып қазіргі Бейбітшілік көшесі, (ол кездегі атауы – Мир) қайта құрылады. Ескі үйлердің орнына биік жаңа үйлер бой көтере бастайды. Қалада саябақ, сквер мен мәдени орталықтар салынады. Мәселен, Темір жолшылар мәдениет орталығы салынды. Кейін атауы бірнеше рет өзгертіліп, қазір «Жастар театры» деп аталады.

Целиноград2.jpg

Біртіндеп Целиноград машина жасау, түсті металдарды өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, астық өндірісі орталығына айналады. 1960 жылдардың басында қалада институттар ашыла бастайды. Ең бірінші педагогика институты, кейін медициналық институт ашылады. Бастапқыда бейімделген ғимараттарда орналасты. 1963 жылы қалада «Тың игерушілер» сарайы (бүгінгі Астана концерт залы) тұрғызылды. Сыйымдылығы 2355 адамға жоспарланған бұл ғимарат салыстырмалы түрде алғанда Кремльдегі Съездер сарайынан кейінгі екінші орында тұратын. Кейін 1975 жылдың 20 наурызында 1200 көрерменге арналған Жастар сарайы тұрғызылады.

Осылайша, біртіндеп қала танымастай өзгере бастайды.

 Ақмола Астана атанды

Ел тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Целиноград қаласы мен облысы қайтадан байырғы атауымен Ақмола атанды. Сөйтіп, ҚР Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1992 жылғы 6 шілдедегі «Орал, Целиноград, Шымкент облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» қаулысына сәйкес қаланың тарихи атауы қайта қалпына келтіріледі.

Астананы көшіру туралы ойын алғаш рет 1994 жылы 6 шілде де елдің Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Тұңғыш Президент ортаға салды. Қабылданды.

Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты.

Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Ал оның халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.

Мәртебелі Астана болды

Уақыт өте келе, мәртебесіне сай Астана да әлемдік деңгейде танылды. Мәселен, 1998 жылы ЮНЕСКО шешімі Астана қаласын «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танып, медальмен марапаттады. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Астана жоғары атақты иеленді. Астанадағы терең әрі кең көлемді өзгерістер әлемдік ұйымдар назарынан тыс қалмады. 1999 жылдың шілде айында елордамыз ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды. 2003 жылы әлемдік «Moodys Investors Service» рейтингтік агенттігі қаламыздың кредиттік рейтингісін Ва3-тен (тұрақты) Ва1-ге (оң) дейін, бірден екі деңгейге көтерді.

Бүгінде елордамызды Мәскеу, Минск, Киев, Кишинев, Ташкент, Рига, Тбилиси, Баку, Каир, Исламабад, Берлин, Будапешт, Варшава, Вильнюс, Анкара, Гданьск (Польша), Ушак (Түркия), Бангкок (Таиланд), Сеул (Корея Республикасы), Амман (Иорданиялық Хашимит Корольдігі) секілді әлемнің жиырма қаласымен достық және бауырластық қарым-қатынастар тығыз байланыстырады.

3.jpg

2000 жылдан бастап Қазақстан елордасы Астана Мәскеу, Минск, Бішкек және тағы да басқа ЕурАзЭҚтің ірі қалалары мүшелік ететін, әлеуметтік және іскерлік қатынас саласында беделді ұйым болып саналатын астаналар мен ірі қалалар халықаралық Ассамблеясына (ХҚА) мүше болды.     

Осылайша ел астанасы саяси, экономикалық-іскерлік қарым-қатынастар мен рухани келісімнің негізгі ордасына айналды. Алғашқы жылдары қаламызға келген қонақтарымыз да осыған көз жеткізді. Мәселен, 2001 жылы Астанаға келген Рим папасы Иоанн Павел II ұшақтан түскен бойда: «Мен ұлтаралық бейбітшілікке жол ашқан осы жерді үлкен толғаныспен сүйіп отырмын», - деп өз қуанышын жеткізген еді. Ал бір жылдан соң Астанаға табан тіреген БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстан­ның жаңа елордасын көріп, оның өсу деңгейіне таңғалғаны бар.

Аз да болса, азығы мол, жемісі көп осы жылдар ішінде Астана беделі мен қуаты асқан, әлемге өз үлесін қосқан жасампаз қалаға айналды. Жылдар жылжыған сайын жоғары жетістіктерге жетіп, әлемдік қауымдастықты таңғалдырды. Бұл ретте, ең шоқтығы биік, әлемдік деңгейдегі алқалы жиын – 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Астана саммиті, одан кейінгі Азиа­даны айтуға болады. Бұдан кейінгі 2012 жылы елордамыз күллі түркі дүниесінің мәдени астанасы мәртебесін абыроймен алып шыққанын атамай кете алмаймыз.

2.jpg

Жыл сайын еселенген кейінгі шараның ішінде ел әскерінің әлеуетін танытып, Қарулы Күштеріміздің қауқарын паш еткен әскери шерулерді, халықаралық әскери көрмелерді және бірегей шараларды да айта кеткеніміз абзал.

Мұнан өзге, әлемге 2017 жылғы ЭКСПО көр­­ме­сі, жаһанды жарастырған Астана саммиті елордамызды келісімнің, ынтымақтастықтың орталығы ретінде танытты.

Елбасының құрметіне аталды

Жиырма бес жыл ішінде Ақмола Астанаға, Астана басты ордаға айналды. Мұның бәріне Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты мен жасампаз істерінің арқасында жеткеніміз хақ. Содан да болар, Елбасы десе елорда, елорда десе Елбасының есімі қоса айтылып, ел санасында ажырамас ұғымға айналды. Мұны 2019 жылдың 20 наурызында Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант беру рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев тілге тиек етті.

«Жаңа елордамыздың бой көтеруіне Тұңғыш Президентіміздің сіңірген еңбегі ерекше. Астананың құрылысы Елбасының тарихи ерлігі саналады. Бас қаламыз Тәуелсіз еліміздің шынайы бет-бейнесіне, халқымыздың мақтанышына айналды. Елорда жаңа мемлекеттің идео­логиясы ретінде киелі ұғымға ие болды» дей келе ол: «Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Елбасының халқымызға және әлемдік қоғамдастыққа сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек» деп, өзінің бірқатар ұсынысын ортаға салды. 

5.jpg

«Біздің елордамыз оның есімін ие­леніп, Нұрсұлтан аталуы тиіс. Мұн­дай ұсыныс парламентшілер тарапынан Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігіне орай 2016 жылы 23 қарашада қабыл­данған Декларацияда айтылған болатын, деді. 

Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру рәсімінде айтқан Астана қаласын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту жөніндегі ұсынысын Парламент палаталары да көпке созбай бірден қарады. Ата Заңға сай Үкімет Астананың атауын өзгерту туралы түзету енгізу үшін республикалық референдум өткізу туралы Қазақстан Президентіне ұсыныс жасады. Президент оны референдумға шығармай, Парламент қарауына жіберу туралы бірден шешім қабылдады. Мұны Конституциялық Кеңес қолдады. Ұсынылған түзетулерді Президент әкімшілігі басшысының орынбасары да құптады. Қос палаталы Парламенттің депутаттары да Заң жобасын қарап, бірауыздан мақұлдады.

6.jpg

Ал, 23 наурыз күні (2019 жылы) ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың атауын ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп Қазақстан Республикасының астанасының атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгертілді. 

Міне, осылайша жиырмадан астам жылда көпті тоғыстырған басты орда бүгінде Нұр-Сұлтан қаласына айналды. Бағаналы басты ордамызға айналған Нұр-Сұлтанның келешегі кемел болсын деген ниет бар. Елді игілікке бастаған елордамыздың еңсесі биік, тұғыры берік, болашағы жарқын болатынына кәміл сенімдіміз.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Почему нельзя использовать сдвоенные рожки для автомата

Почему нельзя использовать сдвоенные рожки для автомата

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи