2004 жылы елімізде Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, жүзеге аса бастаған болатын. Аталған бағдарлама қазақ халқының бай мәдени мұрасы арқылы қазақстандықтардың ұлттық сана сезімін дамыту мен бекітуді, ұлттық рухани қазынамызды әлемге таныту, ұлттық мәдени мұраны зерттеу жүйесін құру мақсатында қабылданған бағдарлама қоғамның қолдауын иеленіп, көптеген шаралардың қолға алынуына негіз болған еді.
Осыдан бір жарым жыл бұрын ел Президенті жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да еліміздің рухани өмірінде, азаматтардың күнделікті тыныс-тіршілігінде серпіліс туғызуды мақсат етеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылы 21-ші қараша күні «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы осыған дейінгі «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының заңды жалғасы деп айтуға болады.
Президент өзінің мақаласын: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», – деп бастады. Өйткені, уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде басталған осы ұлттық тарихымызға терең үңіліп, түп-тамырымызды жете танып, оның күрмеуі күрделі түйінін шешуге ұмтылу – баршамызға ортақ міндет.
Елбасымыз Тәуелсіз Қазақстанның жастарына «Жастар жылын» жариялай отырып, шыққан тектерімен таныстырған мақала жолдап отыр. Мақалада көрсетілгендей: «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар». Осы салада өзінің елі, жері үшін жанын пида еткен, есімдері тарихта мәңгілікке қалған азамат тұлғалар көп.
Қазіргі уақытта ата-бабаларымыз бізге өсиет етіп қалдырған жеріміздің, еліміздің тыныштығын қорғауда, азаматтардың қазақстандық патриоттық сезімін дамытуда, Қарулы Күштердің оң беделін көтеруде көптеген іс-шаралар жасалуда, соның бірі – мемлекет тағдырына азаматтық жауапкершілік сезімін, аға ұрпаққа, олардың өткен батырлық кезеңіне құрметпен қарау сезімін қалыптастыру, оқушылар арасында Қазақстан патриоты сезімін биіктету мақсаттарында республикалық деңгейдегі «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы.
Департаменттің әскери қызметшілері барлық қазақстандық азаматтар сияқты төл тарихын білуге ұмтылып, тарихи санасы жаңғырып, мақалада айтылған керемет идеяларды қолға алып, жобаларға атсалысатынына сенеміз.
Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Нұржан Әзімханұлы Исаков