Тәлімімен тәнті еткен тәрбиеші

Штаб ғимаратының алдында бізді жылы ұшырай қарсы алған офицер өзін «майор Біләлов» деп таныстырды. Әлгінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің басқармасында үздік тәрбиеші офицер туралы шағын суреттеме жазғымыз келетінін айтқанымызда әскерлер қолбасшысы осы жігіттің есімін атаған болатын. Біз «тілегеніміздің іздемей-ақ табылғанына» қуандық.

Екеуміздің әңгімеміз Думанның жұмыс кабинетінде жалғасты. Кейіпкеріміз қазақтың қараша ауылында туып-өскен. Қарағанды облысының Шет ауданында Нұра-Талды деген ауылда дүниеге келіпті. Осындағы орта мектепте оқыды. Ата-анасы медицина қызметкерлері. Ұзақ жылдар адам жанының арашасы сияқты мәртебелі қызметті абыроймен атқарған олар бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жандар. Өндірісті қала Қарағандыда тұрады.
Өндірісті қала демекші, Думан мектепте жүріп Қарағандыдағы әскери мектепке барамын деген ниетін білдіргенде ата-анасы бетінен қақпапты. Балаларына батасын беріп, ақ жол тілеген. Мектептегі ұстаздары да талапты жастың бұл таңдауына қолдау көрсеткен. Сөйтіп, әскери болсам деген ақжал арманы Думанды адастырған жоқ, 2002 жылы Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық әскери мектеп-интернатын бітіріп, арман қала Алматыға аттанған.
Мұрты жаңа тебіндеген бозбалаға Құрлық әскерлерінің Әскери институтына түсу аса қиындық тудырмады десе де болады. Әскери өмірдің әліппесімен Қарағандыдағы мектептен таныс Думан үшін бәрі таныс орта, таныс маңдай көрінді. Оған бойындағы талап пен жігерді қосыңыз.
Еліміздегі маңдайалды әскери оқу орнының курсанты атанған Думанның таңдауы тәрбие құрылымдарының офицері мамандығына ауды. 2006 жылы осы оқу орнын ойдағыдай аяқтаған жас офицерге алғашқы қызмет жолын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінде бастау бұйырып тұр екен. Елімізге тау қорықшысы деген атпен танымал әскери бөлімде өткізген екі жылы жас офицер үшін қалыптасу мектебі болды. Мотоатқыштар ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары бола жүріп, ысылды. Алдағы асуларды аларлықтай тәжірибе жинақтады.
2008 жылы «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері сапынан дәм бұйырып, 31775, 36352 әскери бөлімдерінде тәрбиеші офицер болып лайықты қызмет атқарды. Думанның тәрбиеші офицер ретіндегі тәжирбесінің шыңдалып, талабының ұшталатыны да осы тұс деуге болады. 36352 әскери бөлімі командирінің орынбасары бола жүріп, запастағы әскери қызметшілердің жиынын ұйымдастырып, өткізу сияқты жауапты істің басы-қасында жүрді. Жауапкершілігі мол, талабы күшті осы мемлекеттік тапсырманы әскери бөлімнің басшылығы абыроймен атқарып шыққан болатын.
Сонымен қатар, «Спасск» оқу орталығында өтетін «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының далалық лагердегі ұйымдастыру шаралары да Думан қызмет атқаратын әскери бөлімге жүктелген. Қашанда тас түскен жеріне ауыр. Алайда кейіпкеріміз алғашқы және екінші рет өткізілген жас патриоттар жиынын сағынышпен еске алады. Әрине, еңбектің еленгені, бейнеттің бағаланғаны дұрыс. Майор Думан Біләлов та жоғары қолбасшылық атынан бірқатар алғыс хаттар мен грамоталармен марапатталды.
Бүгінде Думан Бұшанұлы Семейдегі 44736 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары. Бұл – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты арнайы мақсаттағы жеке барлау полкы. Осы жерде бөліп айтуға болады, аталған әскери бөлім 2017 жылғы жауынгерлік жарыстың қорытындысы бойынша оперативтік (техникалық) қамтамасыз ету бөлімдері арасында 1 орынды жеңіп алыпты. Сонымен қатар, шығыстық барлаушылар Қарулы Күштердің барлау бөлімдері арасында былтыр өткізілген жарыста да жүлделі екінші орынды иеленгенін мақтанышпен айта алады.
Тәрбиеші офицердің мойнындағы жүк ауыр. Жеке құрамның тәртібі, олардың арасындағы моральдық ахуал, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыстың ұйымдастырылуын қадағалау бірінші кезекте тұр. Оған қоса қоғамымыз болып күресіп жатқан сыбайлас жемқорлық оқиғаларының алдын алу іс-шаралары, жеке құрамға теріс діни ағымдардың ұлттық қауіпсіздікке тигізер залалы мен зардабын жеткізу басшыдан асқан ыждақаттылық пен білімді талап етеді. Біз кейіпкеріміздің бойынан бұл қасиеттерді байқай алдық.  Атқарылған жұмыстар да нәтижесіз емес. Бүгінде әскери бөлімде жеке құрам арасында өрескел тәртіп бұзушылық тіркелген емес. Діни радикализм шырмауына шырмалғандар да жоқ. Тақырыптық онкүндіктер мен ашық есік күндері де жоспарға сай өткізіліп тұрады. Әскери қызметшілердің отбасы мүшелері үшін де даталы күндері бөлім есігі әрдайым ашық. Ондай шараларда Отан қорғаушыларының балалары бөлімде болып, әкелерінің қызмет орындарымен жақын танысуға мүмкіндік алады. Қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін тамашалайды. Командирлер мен бастықтардың әкелеріне берген жақсы бағасын есту қай баланы болсын қанаттандырары сөзсіз. Бұл алдымен әскери қызметшінің отбасындағы сүттей ұйыған береке мен бірліктің бұзылмауына әсер етсе, балақайлардың болашақта Отан қорғаушысы деген абыройлы мамандықты таңдап, әкелерінің әскери династиясын жалғастыруына сеп болса керек.
Қаладағы № 28, № 1 орта мектептерінің оқушылары мен әскери бөлімнің шефтік қамқорлығындағы «Жас ұлан» мамандандырылған ерлер мектебінің тәрбиеленушілері үшін де әскери бөлімге әр келген күн естен кетпес естелік десе болады. Олар да барлаушылардың күнделікті қызметімен жақынырақ танысып, жауынгерлік дайындықтарын көзбен көреді. Бір уақыт сарбаз ботқасынан дәм татып, өздерін жауынгер сезінгеннің өзі неге тұрады. Осындай ауқымды шаралардың басы-қасында әрдайым майор Думан Біләлов жүреді.
Думан айтады: «Осы күні офицерлік мамандықты, оның ішінде тәрбиеші мамандығын таңдағаныма өкінбеймін. Оңтүстікте басталған офицерлік қызметім бүгінде Шығыста лайықты жалғасуда. Қиындығы мен қызығы қатар жүрер әскери қызметте аз да болса өмірлік тәжірибе жинай алдым деп айта аламын. Алдымда ақылын айтып, жол көрсетер ағаларым көп болды. Олар полковниктер Бастеми Дүйсембаев, Қайрат Мұғалов, Ермиян Биятов сынды танымал тәрбиеші офицерлер. Бұл кісілердің есімін бүкіл Қарулы Күштер біледі десем, артық айтқандық емес. Полковник Е.Биятовтың 2017 оқу жылының қортындысы бойынша үздік тәрбиеші офицер атануы мен үшін мақтаныш. Біз, жастар әрдайым алдынғы буын ағаларға қарап, бой түзейміз. Алдымызда үлгі тұтар буын бар біз бақыттымыз».
Отбасындағы адал махаббат пен сыйластық, бауыр етің балаларыңның риясыз күлкісі, кез келген ата-анаға одан артық не керек! Думанды да шаңырағында әрдайым сақина алмасқан серігі Әмина, қос құлыны Мөлдір мен Мансұр сағына күтіп отырады. Қызметтен келіп, қос сәбидің маңдайынан құшырлана бір иіскегеннен-ақ Думанның шаршағаны басылып қоя беретініне біз бәс тіге аламыз.

Подполковник Мұхарбек МАХАМБЕТ

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"