Қазақтың қаһарман қызы

Псков облысындағы Невель қаласын азат ету үшін кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тапқан қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың азан шақырылып қойған аты – Мәнсия. 1930 жылдардың аяғында Мәметовтар әулеті Алматы қаласына көшіп барған соң, Мәншүк 28-ші мектепте оқыды. Оқуға ынталы, өте ұқыпты, көңілі кең қайсар қыз әйгілі адамдардың ортасында өсті. Ахмет пен Әмина Мәметовтар Мәншүкті «Моншағым» деп еркелетіп, ерекше махаббатқа бөледі. Әкесінің жолын қуған Мәншүк Алматы медицина институтына оқуға түсіп, Кеңес Халық Комиссариатында жұмыс істеді. Соғыс басталғанда Мәншүк 2-ші курс студенті еді. Әскери комиссариатқа әскерге жіберу туралы жазған өтінішіне бір жылдан соң ғана қол қойылып, Мәншүк 1942 жылы 13 тамызда Алматы қаласынан 100-ші атқыштар бригадасының құрамында соғысқа аттанды.

Мәншүк Мәметованың майданның алдыңғы шебінен тілшілерге берген алғашқы сұхбатынан: «Мен о баста дәрігер болуға талпындым. Бірақ, ол мақсатымды соғыс орындатпады. Өз тілегіммен майданға келдім. Ал штабта қағаз жазып отырғанда не бітіремін. Небір жайсаң азаматтар жауды жайпап, өздері де қыршын кетіп жатқанда менің жаным солардан артық па еді! Соғыс сұрапылының бәріне төзгім келді. Бас сауғалауға арым бармайды... Тек кейде ауырып қаламын ба деп қорқамын. Мен өзімді-өзім мүлде өзгертіп, кейбір қатал командирлерге ұқсағым да келеді. Өзім басқаратын пулемет расчетында жақсы да, нашарлау да адамдар бар. Олардың бәріне бірдей мен жақсы көрінгім келмейді. Тәуір істерін жақтап, мақтап, нашарларын жөнге салсам- командирлік міндеттің орындалғаны ғой деп ойлаймын».

1943 жылы қазан айының 7-сі күні Невель қаласының маңында орналасқан Изочка темір жол стансасын басып алу үшін ұрыс болды. Осы ұрыста Мәншүк Мәметова жанқиярлық танытып, пулеметімен көп фашистің көзін жойды. Бір өкініштісі сол, шайқаста өзі де ерлікпен қаза тапты. Соғыстың сұрапыл жылдары Мәншүктің қарулас жолдастарының бірі анасына былай деп хат жолдаған екен: «Аға сержант Мәншүк Мәметова жолдас өмірінің соңғы минутына дейін фашистік жауыздарды аямай жойды. Мәметова жолдас жаудың боратып атқан оғына, сондай-ақ өзінің жаралануына қарамастан жауды үздіксіз атқылады. Шабуылына шыққан бөлімдердің тоқтаусыз алға басуын қамтамасыз етіп отырды. Шексіз батырлығымен жауынгерлерде жаңа жігер тудырып, оларға фашистерді құртуда бар күштерін жұмсауға зор дем берді».

   1944 жылы 1 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен аға сержант Мәншүк Мәметоваға Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді.

   Сандуғаш ТӨЛЕУҒАЛИҚЫЗЫ, Семей медицина Университетіндегі Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мұражайының директоры:

–       Шығыс қыздары арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атанған Мәншүк Мәметова – Ахмет Мәметовтің асырап алған қызы. Мәншүк жеті жасына дейін Семей қаласындағы балалар бақшасында тәрбиеленіп, 1929 жылы бірінші сыныпқа Семейдегі Радищев атындағы (қазіргі Чернышевский атындағы 1-ші мектеп) мектепке барды. 1930-шы жылдардың аяғында Мәметовтар Алматыға көшіп барып, Мәншүк 28-ші мектепте оқыды. Қазір бұл мектеп Кеңес Одағының Батыры атында. Әкесі мен анасына деген Мәншүктің сүйіспеншілік сезімін бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мәншүк Мәметованың жазған хаттарын, сарғайған құжаттарын, жеке заттарын және орден-медальдарын біздің мұражайға анасы Әмина тапсырды. Ал, Ахмет Мәметовтың үкіміне қатысты анықтама қағаздарын Алматыдан алып келген осы мұражайды құрушы, әрі ұйымдастырушы – Семей Медицина Университетінің КОКП тарихы кафедрасының доценті А.Т.Птушенко.    Мұражайдың қоры Мәншүктің полктас мерген досы Ибраим Сүлейменовтың,

100-ші атқыштар бригадасының қызыл әскерлері Ғаббас Тапбаев пен Сейбек Молдабековтің, қарулас құрбысы байланысшы Тая Пропенконың және 1943 жылдың қазан айында азат етілген Невель қаласының шежірелі суреттеріне бай. 100-ші атқыштар бригадасынан көзі тірі қалған жауынгер Атамбай Оразбаев Семей қаласында тұрады.

   Атамбай ОРАЗБАЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:

–       Мен 1942 жылы 13 тамызда Алматы қаласынан 100-ші атқыштар бригадасының құрамында Мәншүк Мәметовамен бірге соғысқа аттандым. Мәншүктің жүзіндегі сүйкімділік, мейірімділігі мен жылы жанары әлі күнге дейін көз алдымда. Ол қой аузынан шөп алмайтын момын, тал шыбықтай нәзік еді. Мәншүк Мәметова Ұлы Отан соғысы жылдарында нағыз батыр болды. 21-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының «ең үздік пулеметші атқышы» атанды. Оның пулеметін тасымалдаған күндерді ешқашан ұмытпаймын. Батыл қыздың ұрыс даласынан өз қолымен жазған соңғы хатын оқыған сайын көзіме жас келеді.

 

                        Алуа ИСКАКОВА

«ШЫҒЫС» өңірлік қолбасшылығы

 

 

 

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"