Қайта оралған қазағымның дәстүрлері-ай!

   Наурыз мейрамы – салт-дәстүрге бай мереке. Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурызды қазақ халқы барынша салт-дәстүрлерін дәріптеп, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдыратындай берік ұстанып, кеңінен пайдаланып келеді. Ата-бабамыздан мұра ретінде қалған салт-дәстүрімізді игі мақсаттарда қолдану, ұмытылып бара жатқандарын қайта жаңғырту, халық арасында қайта дәріптеу әрбір исі қазақтың міндеті.

Наурызнама

Наурызнама ойын-сауыққа арналған шат-шадыманды мереке. Ұлы Абай: “Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша болады екен” – деп, “Абай жолы” романында да жазыпты.  Ал Мәшһүр Жүсіп еңбегінде: “Ол күні қожаларға оқытатын наурызға арналған кітап болады. Оны “Салдама” деп атағандығын мысалға келтіреді. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар өткізеді. Наурызнамада үлкендерден бата алып, 3-9 күнге созылатын халықтың ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрпы кеңінен орын алатын үлкен той. Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып “ұйқы ашар” дайындайды. Ал жігіттер қыз-қырқынға сақина, сырға, айна, тарақ секілді заттарды тарту барысында “селт еткізер” дәстүрін ұйымдастырады екен. Қарт-қарияларға арналған “бел көтерерде” тіске жұмсақ, тілге майда тағамнан дәм тартылады. Бұл “наурыз көжеге” жалғасады.

                 «Көрісу» дәстүрі

14 наурыз - Көрісу мейрамы. Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәтті-пәттісімен қосып үйіп қояды. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір–біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Біреуге реніші бар адамдар бұл күні өкпесін ұмытып, ренжіскен адамына кіріп көріседі. Сөйтіп, арадағы суық қарым-қатынастың жібі үзіліп, көрісу күні адамдар бір-бірімен қайта табысады. Бүгінгі күні Қазақстанның батыс аймағына берік орныққан бұл дәстүр жыл сайын жергілікті халық сағына күтетін бірден-бір салт болып отыр. Таң лебі мен таң атысымен қазанда бұрқырап пісіп жатқан бауырсақтың иісі Көрісу күнінің белгісі іспетті. Әр үйдің үлкендері оянып, дастарханын толтырып, көрісіп шығатын бала-шағаны күтіп отырады. 14 наурыз күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды. Бәрінің есігі ашық, үйі жинаулы, дастарханы мол болып тұруы керек. Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Жаңа Жылы - 22 наурыз мерекесін қарсы алады. «Көрісу» дәстүрі қыстың қаһарынан аман шыққан адамзаттың бір бірімен қуанышып, сүйіншілесіп, жаңа күннің, жаңа жыл мен жаңа айдың бастау алғанына білдірген қуаныш сезімінен туындаған.

          Наурыз көже

Наурыз көже – ұлттық тағам. Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Қазақ соғымнан қалған сүр ет, болса қойдың басы, сүт, қатық, тары, бидай, сарымсақ қатарлы жеті тағамды қосып, қазан толы «Наурыз көже» немесе «Тілеу көже» жасайды. Ақ дастарханға «Ақ ырыстан» – қатық, құрт, ірімшік, қаймақ, кілегей, «көк ырыстан» – жүзім, алма, банан, мейіз, қайын, қарбыз, «өызыл ырыстан» – қойдың басы, жамбас, ортаң жілік, кәрі жілік, жая-жал, қазы-қарта, «дақыл ырысынан» – бидай, тары, күріш, арпа сияқты тағамдардан жасалған жеті түрлі тағам қояды. Дастарханды молынан жаяды. Ұлыс күнгі жайылған дастархан барынша мол болады. Соған орай қазақтарда мынадай сөз тіркестері бар: «Дастархан аш болса, қонақтың көңілі жарым болады», «Жыл басындағы жоқшылық жыл аяғына дейін жалғасады», «Жыл басында датархан тоқ болса, жыл аяғына дейін уайым жоқ болады, үйге ай сайын ырыздық оралады», – міне, осы сөздер ежелгі ата-бабаларымыздың наным-сенімдерін, әдет-ғұрыптарын одан әрі айқындай түседі. Қазақтың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрі бойынша Ұлыс күні ауыл адамдары бір-бірінің үйіне қыдырады. Ұлыс күнге арнап жасалған тағамдарын ішіп-жейді. Соның ішінде «Тілеу көжені» тойып ішу ырымы бар. Наурыз көжеге, наурызға арналып сойылған малдың кәделі асына Наурыз бата берілген соң, жиналған халық: “Ақ мол болсын” деген тілек айтып тарқасады.

             Наурыз бата
Наурыз бата — батаның ішінде халық наурыз батаға ерекше мән берген. Той-мерекеге жиналған жас талантқа, өнегелі ұрпаққа, өнер көрсеткен әнші, ақын, палуандарға ел ағасы, көнекөз ақсақалдар бата береді. Мысалы:

Өркенің өссін!

Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!

Ұлың – оңға, қызың – қырға қонсын!

Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!

Айың ьусын оңыңнан.

Жұлдызың тусын солыңнан,

Бақ берсін, Қыдыр дарысын! Наурызда алған батаның орны бөлек деп жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады.

   

             Наурыз тілек


Наурыз тілек – әр адам өзіне, отбасына немесе жақын туыс-туғандары мен дос-жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінің үйіне кіріп дәм татады. Бұл тілек — достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі, әр тойдың жарасты салтының бірі ретінде айтылатын болған.


 

             «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер»

Күн мен түн теңелетін Наурыз айының 21-нен 22-не қараған түн базғы заманнан бері-ақ ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың теңесуімен тұспа-тұс айтылды. Сол себептен барша қазақ халқы тап осы түнді ұйқысыз отырып қарсы алып, шуағын шашып шыққан күннің көзін алғашқылардың бірі болып көруді жақсылыққа балаған. Жаратқанға жалбарынып, кіріп келе жатқан жылдың құтты жол болуын дұға-тілектеріне арқау еткен. Ал қыз-келіншектер мен жастар түні бойы өлең жырлар оқып, алтыбақан тебісіп, ауылдың алты ауызын жырға қосып, күліп ойнап таң атқызатын болған. Үлкендері жоқ үйде жиналып бастаңғы жасап, дастархан басында ән-жырдан айтысып, қалжыңдасып өздерінше тойлайды. Жыл бастағалы отырған осындай әдемі кеште көптен ұнатқан қыздарына сөз салып, болашақ жарын табуға тырысқан. Ал қыздар бұл бастаңғыда тәтті-дәмді тағамдар әзірлеген. Мұндай қарбалас, у-шу кеште ұйқы тұрмақ мүлгуді де ойлай алмаған жігітке қыздар ұйқыңды аш деген сылтаумен «Ұйқыашар» тәттілерін ұсынған. Мұны қазақ халқы сезімге ерік бермейтін қазақ қызына ғана тән қылық деп ұққан. Жалындаған махаббат пен ыстық сезімді үнсіз ғана дәмді асты ұсыну арқылы ұқтырған. Мұны байқаған айбатты жігіттер нәзік жүрекке жол табу қамына кіріскен. «Ұйқыашар» - сезімдердің тұтануына, махаббаттың жалындауына себеп болатын керемет тағам. Бұған жауап ретінде қапы қалмай, «Селтеткізер» деген дәстүрмен қызға айна-тарақ, шолпы, сырға деген сынды дүниелерді ұсынған.

            Белкөтерер

Бұл - қазыналы қарттарымызға арнап арнайы дайындалатын дәм. Оған құрамы дәруменге, минералды заттарға бай қазы, сары май, жент, қымыз, ақ ірімшік сынды тағамдар кіреді. Қысқы соғымнан дайындалған қазыны бүлкілдетіп қайнатады немесе өз қолымен сары май пісіп қария көршілеріне береді. Ағзасы да, көңілі де қарттыққа жол берген үлкендер дертінен айығып, қатарымызда қарайып жүрсін деген үмітпен жасалынатын құрмет. Мұндай асты алған қария бата беріп, алғысын жаудырады.

          Қыдыр ата

Қыдыр(Қызыр) ата бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел қарт. Ол Ұлыстың Ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып, бата береді. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп, немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан.

 

      Самарқанның көк тасы

Бұл да Наурыз күніне байланысты сөз. Оның бірнеше мәні бар. Бірінші, аңызда әйгілі астроном Ұлықбек(1394-1449) обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22 наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді-мыс.

Екінші, бұл күні әр адам қателігі болса, кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірмесе «бұл күні Самарқанның да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады. Сол сияқты бұл күннің әлемге жылулық әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан. Келгенінше құттықтап бірін-бірі, Қуанышта көрісіп кәрі-жасы. Көңілі түгел адамның сен келген соң, Самарқанның елжіреп түскен тасы. (А. Байтұрсынов).

Үшінші, ертеде Наурыз күнінде өз қатесін түсініп, кешірім сұраған қылмыскерлер мен жазаға ұшырағандарға да кешірім жасалатын болған. Осыдан әз Наурыздың қасиеті мен ізгілік пен жақсылыққа бастайтын ерекше күн екенін білеміз.

                 Саумалық

Наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Оны өлеңмен айтады:

Саумалық, саумалық,

Наурызымның көк құсы

Ұйқыдан көзін ашты ма?

Саумалық, саумалық,

Самарқанның көк тасы

Жібіді ме көрдің бе?

Саумалық, саумалық,

Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келді,

Ескі жыл есіркей кет,

Жаңа жыл жарылқай кел-деп бір ескі ыдысты сындырып, «жамандық кетсін» деп ырым жасайды.

     Наурыз төл

Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар «наурыз төлі» деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, мал жанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"