Қарапайым кісімен қалай таныстым?

1993 жылдың сәуірі. Әскери газетте жүргеніме 4 ай ғана болса да өзімді тәп-тәуір «шолақ» бастық сезінемін. Жоқ, лауазымым да төменгі буында – тілші-ұйымдастырушы, әскери атағым да ең бастапқысы – лейтенант. Соған қарамастан пікір, қайсыбір тұстарда түріме қарамай ақыл да айтып қоямын. Қалыптасқан жағдай солай еді. Күзетшілерді қоса есептегенде 13-15 жанбыз. Офицерлер саны – 3. Қазақ тілін жетік білетін мен ғана. Редакция болғандықтан есігі айқара ашық, келімді-кетімді адамдар көп, енді бой көтеріп жатқан ұжым болғандықтан келушілердің басым бөлігі – жұмысқа орналасу мәселесімен жүргендер.

«Қазір ешкім жоқ, бастықтар кешірек болады» дегеніме қарамастан мына кісінің кететін ойы жоқ. «Неше адам істейді?», «Обедті қайдан ішеді?», «Газетті қайда басады?» тәрізді қызық сұрақтар қояды. Жауабын алмайынша тесіліп тұрып алады екен. Буындап сөйлейді. Оның үстіне менен қорқып тұрғандай тым ақырын. Шпиондар сияқты. «Очень странный тип» дедім ішімнен. Бұрышта жатқан сынық орындықты көтеріп қойды, ешкімге зияны жоқ, өзімен-өзі тұрған кабинеттің ашық тұрған есігін жапты, біреу «жап» дегендей. Шынымен де, ысырап шығар тапа-тал түсте шамдардың жанып тұрғаны, барып «выключателді» басты. Оны да ешкім сұраған жоқ. «Точно, странный». Небір рэкеттер шықты, небір баукеспе ұрылар қалада бас көтеріп жатыр деп еді, сондайлардың бірі болмасын. Аяқта кроссовки, бұтта джинсы, кеудеде әдемі ақ футболка. Спортпен сәлемі түзу екені көрініп тұр. Бойы аласа дегенің болмаса, дене бітімі мығым екен. Бейтаныс замандасымның «Бұл жаққа қандай автобустар келеді?» деген кезекті сұрағы, әрең шыдап тұрған мені бомбаша жарып жіберді. «Аға, мен сізге «справочный бюро» емеспін, шамалы шыдаңыз, қазір келеді дөкей бастықтар. Солардан сұрайсыз автобусты да, пойызды да, самалетті де» дедім ашуға булығып. Араға жарты сағат салып осы такси-транспорттарым үшін қатты өкінгендей болдым. Себебі, бұл адам енді тағайындалған газеттің бас редакторы подполковник Жағыпаров екен. Сапар ағамен таныстығым осылай болған еді.

Өткенге шамалы шегініс жасасам, 1992 жылы алғашқы саны шыққан «Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана» газетінің тізгінін ұстаған 4 бас (әскери мәнерде жауапты редактор) редактордың ішіндегі ең ұзақ болғаны осы Сапарғали Нұрдәулетұлы. 6 жарым жыл. Рас, 4 ай болған подполковник Виль Рахманкулов та, 3 жыл болған подполковник Марат Нұрсейітов та, 5 жыл болған полковник Серік Қанапиянов та өздеріне жүктелген міндетті шама-шарқынша абыроймен атқарды деп білемін. (Әсіресе, Нұрсейітов. 10 жыл басшылық құрамда болды. 3 жыл – жауапты хатшы, 4 жыл – редактордың орынбасары, 3 жыл – редактор). Десе де, бұл тізімде мен үшін Сапар ағаның орны айрықша.

80 көлдің Отаны, ақындар мен жыраулардың мекені – Көкше жерінде

дүниеге келген. 4 миллион жеке құрамы болған Совет Армиясының журналистерін даярлаған бірден-бір арнайы жоғары оқу орыны – Львов жоғары әскери-саяси училищесін аяқтаған. Кейіннен, әскери білім мен ғылымның шыңы саналатын - Москвадағы Ленин атындағы Әскери академияны да тәмамдаған. Қызығы сол, ағамыз – Құрлық әскерлері емес, Әскери-теңіз күштері баспасөзінің маманы. Тынық мұхиты флотында қызмет еткен. Орыс тілді маман бола тұра, сол бір жылдары «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Лениншіл жас» («Жас Алаш») тәрізді іргелі республикалық газеттерге мақала жазып тұрған. Теңізде қызмет етіп жүрген қазақ балалары жайлы. Сапар аға – табиғатынан өте қарапайым жан. Бұндай фактілерді тіс жарып айтқан емес. «Да, ладно» деп қолын бір сілтей салады. Ал мен, сол шағын мақала-очерктерді көрдім, тіпті оқыдым да. Бізге Германиядағы әскерлерден келді.

Тәуелсіз Қазақстанның әскери баспасөзіне («Қазақстан сарбазы» газеті ғана емес) қатысы бар қазақтілді журналистердің барлығы бірауыздан «Сапар аға – біздің ұстазымыз, біз – шәкіртіміз» дейді. Әбіш (Әбубәкір Смаилов) әріптесім тіпті «Біз Сапар аға шинелінің астынан шыққандармыз» деген әдемі теңеу де тауып қойған. Басқаны білмеймін, өз басым «шәкірт-ұстаз» дегенге келісе қоймаймын. Менің түсінігімде «ұстаз» оқытады, білім береді, көзін ашады, сауаттандырады. Сапар аға мені еркелетті, қорғады, пана болды. Жалпақ тілмен айтқанда, «қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқтырмады». Бұндайды ұстаз емес, жанашыр ата-ана дейді. Демек, Сапар аға мен үшін әке-шеше болды.

Темірдей қатты тәртіпке бағынған Қарулы Күштер. Бұйрық негізінде ғана өмір сүретін әскер. Отырып-тұруыңнан бастап, киген носкиіңнің түсін айқындап беретін Жарғысы бар ортада командирі мен қарамағындағысы, подполковник (полковник) пен лейтенант (аға лейтенант, капитан) арасында осындай диалог орын алды десе, кім сенер еді. Ешкім. Мен де сенбес едім. Сапар ағаны білмесем. Бақытыма қарай білемін. Ол кісі, менің «оққағар» періштем болды.

Сәндібай КҮМІСБЕКОВ


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"