"Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған"

10 тамыз – қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ойшыл ақыны, данышпаны, біртуар перзенті Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың туған күні. Өз заманынан оза туып, еліне жөн сілтеген шырақшы – ұлы Абайдың туғанына биыл 175 жыл толды

   «Ибраһим мырза ұлы ақын аталып бұдан төрт жыл бұрын дүниеден қайтты, 59 жаста еді. Ғылымсыз, қара халық арасында, сахара қазақтары ішінде жалғыз жұлдыздай болып жанып шығып, тілі оқушыларын оятатын өлеңдері оны бүкіл атырапқа мәшһүр етті. Шығармалары қазақша жазылды. Мейлінше мол еңбектенумен орыс тілін үйреніп, орыс әдебиетіне еркін жетіліп, достасып алды. Өлеңдері есіткеннің жүрегін жігерлендірерліктей табиғи болып шығармаларының асыл негізі Лермонтовқа үндес. Мәжілісінде болған кісілердің айтуынша, тілі ләззәтты; араб, парсы, түрік, қалмақ тілдерінен хабардар; тарих, география пәндерінен мағлұматы кең болып, танымы ауқымды еді. Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды, елін-жерін сүйген кісі еді» деді Міржақып Дулатов 1908 жылы татар тіліндегі «Уақыт» газетінің 383-санында. Абай 176 өлең, 3 поэма, 45 қара сөз және «Қазақтың шығу тегі туралы» мақаласын жазды. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, айналасы теп-тегіс жұмыр келетін» өлеңдері, терең ойлары мен асыл сөздері – баға жетпес рухани қазына. Бабалар рухының үндестігі сезілетін Абай әлемінен сусындаған, дара тұлғаның мол мұрасынан нәр алған әскери қызметшілер ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өтілетін мерейтойға жақұт жырларын арнайды.

Майор Мейірхат САЯБАЕВ, ШҚО Жарма ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жасақтау тобының бастығы:

Майор Мейірхат САЯБАЕВ, ШҚО Жарма ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жасақтау тобының бастығы.jpg

   Ақындықтың шыңына жеткен Абай,

«Өлеңді – сөз патшасы» еткен Абай.

Алып шынар іспеттес поэзияның

Біз үшін әрқашан да ұлы Абай.

Жырымен таныс болған тегіс дала,

Абайды білмейтұғын болмас сана.

«Біртуар ақын болам Абайдай» деп

Әрдайым арман етер әрбір бала.

Сөзін ұққан қазақтың мыңнан бірі,

Ол бір жарық, қараңғы құрбандығы.

175 жыл бүгінде тойлануда

Шын алыптың осынау туған күні.

Ер-жігітке аз көрген жеті өнерді,

Өнегең өле-өлгенше өтеледі.

Шірімес қыл арқаны сын шақтарда

Бабатай, мойынымен көтереді.

Ойға шомып, сиясын көп малдырған,

Тәтті қиял-арманмен шөл қандырған.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы?

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған!»

   Кіші сержант Данияр ТҰРАЛЫҚОВ, Аягөз гарнизоны 10810 әскери бөлімінің 1-ші танк батальоны 1-ші танк ротасының танк командирі:

АБАЙҒА АРНАУ

   Мойындаған бар әлем Абай – дана,

Ұмытылмақ бұл күн де қалай ғана?

Әділдігін жүргізіп алты алашқа

Өсиетін қалдырған талайларға.

Абай – дана, данышпан, ғұламасың,

Қара сөзді қаламмен құрағансың.

Өшпейтіндей ұрпаққа із қалдырған

Біздер үшін әрқашан Ұлы адамсың.

Абай – дана, өлмейтін шырақ едің,

Мөлдір таза таусылмас бұлақ едің.

Ашу үшін сауатын әр қазақтың

Мың сүрініп, жығылып, құлап едің.

Абай – дана, тарихтың дастанында,

Жарық жұлдыз қазақтың аспанында.

Сенің жазған өлеңің өшпейтіндей

Жазылып тұр әр таудың тастарында.

Абай – дана, ешкім жоқ тең келетін,

Жаулап алдың біліммен сен жер бетін.

Абай десе өлең көп құралатын

Абай – дана, мәңгілік мұрағатым.

ӘЙГЕРІМ АРУҒА

   Әйгерім Абайды рас тамсандырған,

Әйгерім деп жазылды қаншама ән.

Екеуі жайлы өлең жазғанымда

Көрінді Абай атам қарсы алдымнан.

Сірә, бұл Абайдың шын махаббаты,

Әйгерім – Шүкімәннің лақап аты.

Екеуі жайлы өлең жаза алсам

Абайдың төгілердей шапағаты.

Білемін, Абайдан мен аспақ емес,

Бірақ мен қара сөзден қашпақ емес.

Бүгінгі жас ұрпақтың мақтанышы

Екеуі қол ұстасып асқан белес.

ТОҒЖАНҒА

   Сұлу еді Тоғжан, рас, ханшайымдай,

Тамсанады жұлдыз бен аспанда ай.

Куәгері болып сол кереметтің

Қанша өлеңін арнады-ау ақын Абай.

Абай ғашық сол қызға, Абай ғашық,

Тоғжан – сұлу, қыр мұрын, маңдайы ашық.

Қосыла ма екеуі тағдырласып

Сырласады кей кезде таңды ұрлатып.

Абай ғашық Тоғжанның келбетіне,

Тең көрмейді ешкімді жер бетінде.

Махабаттың керемет сезім күші

Бұл екеуін әлдилеп тербетуде.

ДІЛДӘҒА

   Ділдәнің көрініп тұр даналығы,

Өмірдің өзі аңыз қара мұны.

Кешегі Қазыбектің ұрпағы ғой,

Абайдан кем түспейді саналығы.

Ділдә да көркем сұлу, келбетті қыз,

Абайдың ұрпақтарын тербеткен қыз.

Өмірге төрт ұл, екі қыз әкеліп,

Абайдың жан жарасын емдеткен қыз.

Екеуі бірін-бірі шын ұнатты,

Аралап қайтушы еді қыр, бұлақты.

Ділдәға деген Абай махаббаты

Жүректен жүректерге жыр боп ақты.

   Қатардағы Нұрбек ОРЫНЖАНОВ, 44736 әскери бөлімінің барлаушысы:

Қатардағы Нұрбек ОРЫНЖАНОВ, 44736 әскери бөлімінің барлаушысы.JPG

«Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол. Бәлки мұнан кейін Абайдан үздік, артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай» деген екен Міржақып Дулатов. Әлихан Бөкейханов болса Абайды қазақтың жаңа әдебиетінің көшбасшысы ретінде жоғары бағалады. Қазақтың бас ақынының туған күні жақындаған сайын өлеңдерін бірнеше мәрте оқып, қайта-қайта қара сөздеріне ден қоямын. Қалай десек те, Абай мұрасы – қазақ ұлтының баға жетпес асыл дүниесі. Мен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 44736 әскери бөліміне Маңғыстау облысынан шақырылдым. ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өтілетін ғұлама ақынның 175 жылдығымен мерзімді қызметімді өткерудің уақыты тұспа-тұс келгеніне аса қуаныштымын. Әрі Абайдың үні, табанының ізі қалған Семей жерінде Отан алдындағы әскери борышымды атқарып жатқанымды зор мақтаныш тұтамын».

АБАЙ

Әнін жазған: старшина Тынышгүл АҚАЙ, 44793 әскери бөлімінің мәдени-

                                                                          демалыс орталығының бастығы.

Сөзін жазған: Мұрат Тастағанов.

Ғаламшарды зерттегендей ғарыштан,

Бар ғаламнан ілім түйген данышпан.

Ал пенделік күйкі өмірде күйініп,

Басын тігіп, мыңмен жалғыз алысқан.

Қайырмасы:

Хакім Абай, ақын Абай, ұлы Абай,

Қазағына қалдырғаны мұра бай.

Қара өлеңі кәусар, тұнық тұмадай,

Қара сөзі қасиетті дұғадай!

 

Жан сала үндеп қазақты бас қосуға,

Аямаған қасы түгіл досын да.

Бірлік үшін тәркі еткен тірлікті

Абайдың шын Абайлығы осында.

Қайырмасы

 

Даналығы аңыз болған талайға,

Әкесінен өте туған қалай да.

Айтар сөзін айтып кеткен ашылып

Айхай, шіркін, арман бар ма Абайда?!

Қайырмасы


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"