Мереке күндерінің бастауы

«Талап қыл артық білуге, артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге».

Абай Құнанбаев

(қазақ халқының ұлы ақыны)


    Тәуелсіз Қазақстанның күнтізбесіндегі мамыр айының мереке күндерінен кенде емес екендігі белгілі.  1 мамыр күні бүкіл ел болып, Қазақстан халқының бірлігін атап өтсе, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып өткізіледі.

    Ал, 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінің алатын орны ерекше. Өйткені, өткен ХХ ғасырдың бел асар тұсында, яғни, 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысында біздің батыл да батыр жауынгер ата мен апаларымыз гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы тұрып, теңдесі жоқ Ұлы Жеңіске қол жеткізді. Сонымен қатар, биыл елімізде Кеңес Одағының Батыры, пулеметші Мәншүк Маметова мен Халық Қаһарманы, ұшқыш Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толулары атап өтіледі.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінен кейін, Қарағанды облысы «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде оқырмандар қауымының қатысуымен, алға қойған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Кітапхананың кітап сөрелері алдындағы оқырмандар орнын іс-шараға арнайы шақырылған Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Кенжебеков, тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа қатысушы ардагер Қамқабек Дулатов, Приозерск гарнизоны 44841 әскери бөлімінің мерзімдік қызмет әскери қызметшілері, 06708 әскери бөлімі «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері саналатын Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қалалық білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» КММ оқушылары, коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының сыныбында білім алып жүрген Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қалалық білім бөлімінің «№2 жалпы білім беретін мектебі» КММ

6 «в» сынып оқушылары және Приозерск қаласындағы «Айналайын» бөбекжайының тәрбиеленушілері толықтырды.   

    Іс-шаралар шымылдығын «Приозерск қалалық кітапханасы» КММ директоры Павлина Кенжебекова ашып берді. Лауазымды басшы Павлина Сиязбекқызы өзінің кіріспе сөзінде: « Қазақ халқына белгілі жазушылардың бірі Мұзафар Әлімбаев «Кітап – өмір ұстазы. Кітап – рухани құндылық. Кітап – біздің досымыз ғана емес, мәңгілік тұрақты серігіміз. Кітап ел мен жерді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, төзімділікке баулиды»-деп, жазған болатын. «Оқымасаң, ой тоқырайды» деп, бекер айтпаса керек. Кітап бетін ашпаған адамның ойы таяз, ойлау санасы төмен болатыны анық. Тәуелсіз Қазақстанда көптеген мерекелер бар. Олар біздің салт-дәстүрімізді, тарихымызды жаңғыртып отырады. Ел келешегі бізден көп үміт күтеді. Сондықтан да, бәріміз кешегі батыр бабаларымыздың ерлік жолын мақтан тұтып, өз еліміздің шынайы патриоты болуға тиіспіз!» - деп, жиналған оқырмандарға ой тастады.

    Мереке күндерінің бастауы, алда келе жатқан 15 мамыр - Халық Қаһарманы, ұшқыш Х.Доспанованың туғанына 100 жыл толуына арналды. «Қазақтың қанатты қыз» тақырыбындағы ерлік сабағының тізгіні оқу бөлімінің кітапханашысы И.Талханбаеваның тізгінінде болды. Кітапхана маманы оқырмандарды қазақтан шыққан ұшқыш Хиуаз апамыздың өмірі және ерлік жолымен таныстырды. Келесі кезекте, Кеңес Одағының Батыры, пулеметші М.Маметованың туғанына – 100 жыл толуына арналған «Қазақтың батыр қызы» атты ерлік сабағы жалғасын тапты. Ерлік сабағы барысында жас сарбаз А.Аманбай «Мәншүк» атты тақпақты жатқа айтса, жас сарбаз Б.Ерғали «Жеңіс» тақырыбындағы өлеңді мәнерлеп оқып берді.

    Оқырман қауымға көгілдір экраннан   ұшқыш Х.Доспанова мен пулеметші М.Маметованың ерлік жолына арналған деректі фильм көрсетілді.

    Кезегі келген 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған іс-шарада Қарулы Күштер ардагері Т.Кенжебеков пен тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа қатысушы ардагер Қ.Дулатовқа оқырмандар тарапынан құрмет көрсетіліп, төрден орын берілді. Бас қосқан ортаның басты тақырыбы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күнінің 30 жылдығына арналды. Әрине, егеменді еліміздің төл әскерінің ірге тасының қалануы Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов есімімен тығыз байланысты. Бүгінгі күнге жеткен Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясының жетілуі, еліміздің ең жоғарғы «Халық Қаһарманы» атағының №1 иегері Сағадат Қожахметұлының сіңірген еңбегінің жемісі деп білеміз. Төрден сөз алған Қарулы Күштер ардагері Тілек Алшымбекұлы: «Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов – біздің мақтанышымыз. Ел әскері турасында әңгіме өрбісе, алдымен Халық Қаһарманы Сағадат Қожахметұлының есімін атайтынымыз рас. Өйткені, Ұлы Отан соғысынан аман-есен елге оралған Кеңес Одағының Батыры С.Нұрмағамбетов көп жыл қорғаныс саласында қызмет етіп, Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары өзінің алпыс жастан асқан шағына қарамастан, егеменді еліміздің армиясының тізгінін қолға алып, бүгінгі күнге жеткізді. Сол үшін Сағадат есімін ардақтаймыз, сол үшін мақтан етеміз!»-деп, тебіренді.

   Отан қорғаушылар күніне арналған іс-шарада жас сарбаз Нұрсұлтан Сәбит оқырмандар алдында домбырамен күй тартып, қазақ өнеріне деген талантын көрсетті.

           Мереке күндерінің мәресі оқырмандар үшін қызық та тартымды болды. 9 мамыр – Ұлы Жеңіске 77 жыл толуына орай, «Жеңіске жетелеген қазақстандық батырлар!» атты кеште, алдымен оқырман қауымға Ұлы Отан соғысындағы ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазақстандық жауынгерлердің майдан даласындағы жанқиярлық ерлігі туралы деректі фильм ұсынылды. Кешті жүргізушілер қызмет ету бөлімінің кітапханашысы А.Ермағамбетова мен оқу бөлімінің кітапханашысы И.Талханбаева оқырмандар алдында Ұлы Отан соғысындағы қайсарлық танытқан қазақстандық батыр жауынгерлердің есімдеріне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, Мәскеу түбіндегі ұрыста 28 панфиловшылар ерлік көрсетсе, Бауыржан атамыздың есімін ел таныды. Әлия мен Мәншүк - Шығыстың қос шынары атанса, ұшқыш Хиуаз «қанатты қыз» ретінде жаудан тайсалмады. Қасым Қайсенов партизан атанса, ұшқыш Нүркен Әбдіров ерлікпен қаза тапты. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов ұшақпен жауды атқылай отырып Берлинге жетсе, қазақтың Рақымжаны Жеңістің Туын ең бірінші болып желбіретті. Бұл есімдердің ел есінде мәңгі сақталары анық. Бұдан бөлек, әлі айтылмаған, майдан даласындағы көрсеткен ерлігінің сыры мен құпиясы ашылмағандар қаншама?!....

    Салтанатты кештің көркі қызған шақта «Айналайын» бөбекжайынан келген «Қарлығаш» мектепке баратын даярлық тобының Р.Амангельдиев, Е.Гареев, Р.Жайылхан және А.Күзембай есімді тәрбиеленушілері сахна төрінде Ұлы Жеңіс күніне арналған тақпақтарын жатқа айтып беріп, қазақ халқының ұлттық «Қара жорға» биін орындап шықты.

    Іле-шала сахнаға көтерілген жас сарбаздар оқырмандарға жазушы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының желісі бойынша дайындалған «Опасыздың жазасы – өлім» атты көрінісін өз мәнерінде орындап, тамаша сахналық қойылымды тарту етті. Басты кейіпкер батыр Бауыржан Момышұлы рөлін - жас сарбаз Қ.Қойшыбаев сомдаса, Бозжановтың орнында жас сарбаз А.Әбдәлі ойнады. Ал, опасыздық жасаған Боранбаев рөлінде жас сарбаз Ж.Нарымбет өнер көрсетті. Сондай-ақ, кештің өтуі кезеңінде жиналған оқырман қауымға жас сарбаздар А.Жанәбіл «Әлия туралы» тақпақты арнаса, А.Кенгесова «Жеңіс туралы» тақпақты жатқа айтып берді.

    Кештің қорытындысында сөз сөйлеген Қарулы Күштер ардагері Т.Кенжебеков пен жас сарбаздарды бастап келген «№2 жалпы білім беретін мектебі» КММ 6 «в» сынып жетекшісі М.Давлятярова қалалық кітапхана мекемесінде ұйымдастырылып өткізілген іс-шараларға жоғары баға беріп, 44841 әскери бөлімінен келген оқырман сарбаздарға, әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілеріне, жас сарбаздарға және бөбекжай бүлдіршіндеріне шексіз алғыстарын білдірді.

    Іс-шаралар соңынан оқырмандар тобы бір ортаға жиналып, естелік фотосуретке түсті.

 

Думан Құрманғалиев

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"