Жиырма бес жылдағы жиырма бес белес

Биыл – ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекелі кезеңі. Жиырма бес жылда Қазақ елі қаншама белес пен асудан өтті. Өсті, өркендеді, қанатын кеңге жайды, іргелі елге айналды.
Іргесі мығым, тұғыры биік, ұстанымы берік Қазақстанның әрбір жолы мен әр жылы бүгінде тарихтың еншісінде...

1.     Тоқсан бірдің «тамаша» сыйы

Бәрімізге мәлім, 1991 жылдың тамызындағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің «әйгілі» әрекетінен кейін мемлекеттік думада Борис Ельцин Ресей аумағында Коммунистік партияның қызметіне тыйым салу туралы Жарлығына қол қояды. Сөйтіп құр қағаз жүзінде ғана тіршілігі қалған кешегі мызғымас КСРО ыдыраудың соңғы шыңында тұрды. Бұл кезде қарапайым халықтың жағдайы қиын еді. Жаппай жұмыссыздық, зейнетақы мен жалақының жоқтығы, ұлтаралық қақтығыстар... Бұндай тұрақсыздықтан шығудың жолын тапқан біраз одақтас республикалар бөлініп, президентік институтқа көшті.

Дәл осы кезеңдерде Қазақстандағы негізгі өзгерістер де бұрынғы кеңестік партиялық жүйенің орнына Қазақстанның егемендігін қамтамасыз ететін жаңа жүйені құруға бағытталған еді. Сондықтан да, қалыптасқан ахуалды сауатты саралаған ел басшылығындағы Н.Ә. Назарбаев тұңғыш рет бүкілхалықтық Президент сайлауын жүзеге асыруға мұрындық болды. Жалпы бұл идея 1991 жылғы 16 қазанда «Қазақ КСР Президентінің сайлауы туралы» Заңның қабылдануымен бірге жүзеге асты.  Сол жылы қабылданған Заңға сәйкес, 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет жүзеге асқан бүкілхалықтық республика басшысының сайлауы болып өтті. Сайлаушылардың 88,23 пайызы қатысқан бүкілхалықтық шарада Елбасы Н.Ә. Назарбаевты жақтап жұртшылықтың 98,78 пайызы дауыс берді. Осылайша, Қазақстан халқы сайлау арқылы Нұрсұлтан Назарбаевқа өз тағдырын сеніп тапсырды. Ал, 10 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы» шешім қабылдады. Алты күннен соң, яғни, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жария етілді. Содан 45 минут өткен соң Түркия Республикасы бірінші болып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін таныды. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды.

 

2.     Көк Тулы, қорғанысты жаңа Қазақстан

Тәуелсіздіктің әрбір жылы, оның ішінде енді егемен ел ретінде етек-жеңді жиып, тізгінді қолға алған кез болмады. Соның ішінде 1992 жыл  –Қазақстанның тұңғыш рет тәуелсіздік ақиқатын сезіне отырып, жаңа жылдың табалдырығынан жаңа егемен ел ретінде аттаған жыл болды. Дәл осы тәуелсіздіктің алғашқы 1992 жылының ел тарихындағы орны ерекше. Өйткені, күні кеше өз егемендігін жариялап үлгерген Қазақ елі өзінің дербестігін танытып, тұтастығын да сақтап қалуы үшін барын салуға тура келді. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі осы бір жылдың ауқымында Қазақстан бағындырған биік, түрлі саяси шешімдер, халықаралық аренадағы өзіндік беделін анықтау, айқындау барысы, өзге елдермен қарым-қатынас шеңберін межелеу кезеңі үсті-үстіне қабаттасып жатты. Мәселен, Тәуелсіз елдің Президенті ретіндегі Елбасының алғашқы шетелге сапарлары, мемлекеттің қаржысын жасақтау қадамдары жасалды. Өз алтынымыз бен алмасымызды өндіруге кірістік. Еуропаның кез келген елімен тереземіздің тең екенін білдіретін ЕҚЫҰ-ға, содан соң әлемдік БҰҰ-ға, ЮНЕСКО-ға мүше болдық. Бұл еліміз үшін маңызды қадамдар болды

Осы жылы (4 маусымда) көк аспанда желбіреген Көк туымызды көтердік, Елтаңбаны таңбалап, Әнұранды әуелеттік.

Ерекше айта кететін жайт,  етек-жеңімізді жинап, қорғанысымызды мықтаған кезіміз де (7 мамырда ҚР Президентінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қорғаныс Комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы Жарлығы шықты) осы жыл еді. Сондай-ақ, дәл осы жылы 25 тамызда  ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Әскери ант туралы» Жарлығы шықты және еліміз өз аумағын  ядролық қарусыз аймақ деп жариялады.  

 

3.     Шекарамыз бекіп, төл теңгеміз енді

Тәуелсіздік шежіресіндегі 1993 жылдың алатын орны да ерекше. Өйткені, осы жылдың 28 қаңтарында егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Тұңғыш Ата Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды.

Ал, 26 ақпанда республика аймағының  тұтастығын, өзгешелігін дәлелдейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңы өз күшіне енді. Қазақстан әлемде жер аумағы жағынан 9-орынды иеленетін ірі мемлекет және еліміздегі шекара ұзындығы шамамен 14 мың шақырымдай болды.

Жалпы, Тәуелсіздігінің ақиқатын жаңа сезіне бастаған Қазақстанның экономикасына аса ауыр болған кез 1993 жыл еді. Өйткені, осы жылдың көктеміне қарай Қазақстан Ресейден мүлдем ақша алуды тоқтатты. Ал 1993 жылдың мамырында Ресей Үкіметі ТМД елдеріне техникалық несие беруді бүтіндей тоқтату туралы шешім қабылдады. Осының өзі елдің тәуелсіздігіне үлкен соққы болатыны айқын еді.  Бірақ сарабдал басшының арқасында бұл қиыншылық та еңсерілді. 12 қарашада ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шығып, 15 қараша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге енгізілді.

 

4.     Ел астанасы туралы шешім

1994 жыл. Дәл осы жылы Жоғарғы Кеңес астананы Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады. Дәлірек айтқанда, 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі мемлекеттердің астананы ауыстыру жөніндегі тарихи тәжірибесімен, ғылыми негіздемелерімен, геосаяси қажеттілікпен тұжырымдалған баяндамасымен жан-жақты түсініктерінен кейін көпшілік дауыспен «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген тарихи шешім қабылданып, жария етілді. Бұл да Елбасы көрегендігі арқасында ел болып атқарылатын үлкен істің алғашқы іргетасы еді. Сөйтіп қазіргі Астананың орнына жайғасу тарихына да осы жылдың көп әсері болды.  

 

5.     Ата Заң жаңғырды

1995 жыл. Бұл жылы қолданыстағы Ата Заң дүниеге келді. Яғни, 30 тамыз Республикалық референдум арқылы елдің Негізгі Заңы – Конституциясы қабылданды. Референдум арқылы дауыс беруге 8 миллионнан астам азамат қатысып, жаңа Конституцияны жақтап 7 млн. 210 мың адам (89,1 пайыз) дауыс берді. Конституцияның жаңа жобасын талқылауға 3 миллион 345 мыңнан астам қазақстандық қатысып, 31 886 ұсыныстар мен ескертулер жасады, соның нәтижесінде жобаның, 98 бабының 55-іне 1100 түзетулер мен қосымшалар енгізілді, сол сияқты Конституцияға жаңа тарау мен бірқатар жаңа баптар қосылды. Жалпы алғанда Конституция мәтінінің 18 нұсқасы дайындалған.

 

6.     Тәуелсіздіктің бесінші белесі...

1996 жылы елімізде Тәуелсіздігіміздің бес жылдығы алғаш рет салтанатпен атап өтілді. Алматыда өткен салтанатты жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: «ХVІІ ғасырда қазақ сахарасында жасындай жарқылдаған Абылай армандап өткен, мұңды шерге толы ХІХ ғасырда Кенесары қарумен күрескен, жаппай қырып-жоюға қарсы бас көтерген Бөкейхан межелеп кеткен асыл мұраттар өлген жоқ, соның бәрі 1991 жылы 16 желтоқсанда жүзеге асты. Осы бес жылда біз толыққанды тәуелсіз мемлекеттің бар нышандарына ие бола алдық». Бұл  – тәуелсіздіктің алғашқы тойы еді. Бұл бес жылда әлем қауымдастығындағы жаңа мүше - тәуелсіз Қазақстан әлемге белгілі, танымал болып үлгерді. Қазақстанды 117 мемлекет таныды, 105 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 26 ел бізде өздерінің елшіліктерін ашса, қырық елде біздің елшіліктеріміз бен өкілдіктеріміз жұмыс істей бастады. Осы уақытта шетелдермен, халықаралық ұйымдармен сегіз жүзден астам келісімшарттарға қол қойылды...».  

 

7.     Тұңғыш жолдау. Алматыдан – Ақмолаға...

1997 жылы елбасы халыққа алғашқы Жолдауын жария етті. Президенттің халыққа жасаған тұңғыш Жолдауы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиясына арналды. Міне, содан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында алғашқы бекіген міндет пен алға қойған нақтылы мақсаттарды кезең-кезеңімен іске асырудың тетіктерін бір-бірімен ұштастыра ұсынып келеді. Осы жылдың еншісіндегі тағы бір оқиғасы – ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығынан соң, 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Астанасы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшірілгені.

Осыған байланысты  Ақмола қаласының орталық алаңында салтанатты шара өтті. Сол күні Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді. Осы сәттен бастап Елорда жүрегі Сарыарқа төрінде соға бастады.

 

8.     Ақмола Астана атанды

1998 жылы Бас қаламызға айналған Ақмолаға Астана аты берілді. Елбасының Астана идеясының жүзеге асу барысына орай сол кездегі елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков былай деп еске алады: «Бір күні Елбасыны ұзақ сапардан күтіп алдық. Тура әуежайда Премьер-министр екеуімізді машинасына отырғызып алды. Елорда атауын өзгерту туралы ойдың піскен кезі. Кездесулерде де бұл туралы айтып жүрген. Біраз үнсіз отырып... «Мүмкін, Астана деп атармыз? Қанатты сөз сияқты. Болашаққа деген талпынысымыздың символы болар еді» деді.

Астана үшін Президент бірнеше мысалдар келтірді. Бірақ заң бойынша, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауы керек болатын. Қолдау көрсетілді де. 1998 жылғы 6 мамырда қалалық мәслихаттың сессиясында депутаттар қала атауын Астанаға ауыстыру туралы біржақты шешім қабылдады».

 

9.     Сайлау және ұлттық санақ

1999 жылдың басты оқиғасы  Президент сайлауы еді. Елімізде тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен сайлауда халық басым дауыспен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қайта сайлады. Қазақстанның қоғамдық саяси өмірі шынымен де жаңғыра түсті. Осы жылы елімізде 14 саяси партия, 30-ға жуық саяси қозғалыстар мен бірлестіктер жұмыс істеді. Күзде ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауы өтті. Елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы да жағымды бола бастады.

Сонымен қатар, 1999 жылдың басты оқиғаларының бірі Тәуелсіздіктен кейін алғаш рет ұлттық халық санағы өтті. 1999 ақпан-наурыз айларында өткен санақ барысында халық саны 14 млн. 652,7 мың адамға жетсе, ондағы қазақ ұлты 53,4 пайызды құрады. Бұл шын мәнінде егемен елдің зор жетістігі болатын.

10.                        Мәдениет пен спорт жанданды

Мәдениетті қолдау жылында (2000 жылы)  құрыған мұражайларды, кітапханалар мен мәдениет сарайларын қайта ашу қолға алына бастады. Атап айтқанда, республика көлемінде 468 кітапхана, 239 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан 5 театр ашылды. Астанада Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, ҚР Президенті мәдени орталығы, ҚР Мемлекеттік мұражайы ашылып, бұл да елдің рухани-мәдени өміріне айтарлықтай сапалық өзгеріс әкелді. Сондай-ақ,  тұтастай түркі жұртының бесігіне айналған шежірелі Түркістан қаласының 1500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар түркі мемлекеттерінің басшылары да түгелдей қатысты.

Жас Қазақстанның атын да атағын да әлемге танытқан спорттағы жетістіктің негізгісі ХХVІІ Сидней Олимпиадасында көрініс тапты. Осы олимпиадада Қазақстанның Туы әлемдік додада жоғарыға көтеріліп, боксшы Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов, желаяқ қыз Ольга Шишигинаның арқасында Қазақстанның Әнұраны Сидней аспанында шырқалды.  

 

 

11.                       Онжылдықтың белесі...

ХХІ ғасырдың алғашқы жылы  – Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы. Осы он жыл ішінде (2001 жыл) Қазақстан айтарлықтай өзгерді. Кезінде КСРО қирандысынан қалған қордалы проблемалармен бетпе-бет келіп, елдің егемендігі екіұшты болған жағдаяттарды сәтті еңсеріп қана қойған жоқ, Қазақстан өзінің келешек даму даңғылын дөп басып тапты. Осылайша, Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында Қазақстан өзіне берілген мүмкіндікті барынша нәтижелі іске асырды. Атап айтар болсақ, алғашқы онжылдықта мемлекеттіліктің іргетасы сапалы қаланды. Егемен елдікті айқындайтын елдің шекарасы берік қолға өтіп, барлық жағынан бүтінделді, ұлттық қорғанысымыз - Қарулы Күштер құрылып, қауіпсіздік күшейтілді, жаңа Конституция қабылданып әлемдік өркениетке тән демократиялық даму бағытына таңдау жасалды. Қазақ елі саяси жаңғырдық, ел экономикасына қан жүгіріп, әлеуметтің әлеуеті де артты, ішкі тұрақтылықтың арқасында сыртқы саясатымыз да бекем болды, әлемдік қауымдастық жас мемлекеттің аяқ алысын оң бағалап, халықаралық аренада беделіміз арта түсті. Ең бастысы осы жылдар ішінде Қазақстан барлық жағынан алғанда да еркіндікке қол жеткізді. Азат халықтың санасы да, сапасы да жаңарды. Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы 10 жылдығында елдің экономика негіздеріне түбегейлі өзгерістер орнығатын реформалар жасалды.

Қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз елдің жаңа елордасы Астана тұрғызылды. Айтқандайын,  бас қаланың Астанаға ауысқанына үш жыл толған осы жылы қазақ тарихы үшін  айрықша оқиға орын алды. Атап айтқанда Астананың қақ төріне Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ескерткіші қойылды. Сөйтіп ұлтының азаттығы, халқының бодандықтан босауы үшін қасықтай қаны қалғанша күресіп өткен, сол үшін Есіл бойындағы Қараөткелге қасқая қарсы шапқан Хан Кененің айбарлы мүсіні Арқа төсіндегі ажарлы Астанаға орнықты.

                                           

12.                       Кофи Аннан сапарлады

2002 жылы Қазақстан мемлекеті халықаралық аренада өзінің салмақты бағыты, ұстанған жолы бар, сондай-ақ ықпалдастық пен ынтымақтың тың бастамаларын дүниеге келтірген ел ретінде танылып үлгерді. Сол жылы БҰҰ-ның бұрынғы басшысы Кофи Аннанның Астанаға сапары осыны айғақтаса керек. Осы сапары барысында Коффи Аннанның Қазақстандағы  татулық пен ұлттар арасындағы ынтымаққа құрметін білдіріп: «Бұл Қазақстанның жетістігі ғана емес, күллі посткеңестік елдерге үлгі боларлық жағдай» деген еді.

 

13.                       Дін басылары бас қосты

2003 жылы бейбітшілік пен дінаралық, этносаралық татулыққа озық үлгі болатын ел ретінде танылып үлгерген ресми Астана өз ұстанымын халықаралық деңгейде одан әрі нығыздай түсу үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайын өткізді. Тарих жүзінде бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің біріне саналары анық. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренадағы беделінің арқасында, оның шақыруын әлемдік және дәстүрлі діндердің жетекшілері асқан ризашылықпен қабыл алды. Сөйтіп Астанада тұңғыш рет әлемдік дін лидерлері бір дастарқанды жағалай отырып, бас қосты, пікір алмасты. Тұңғыш құрылтайдың нәтижесі де жаман болмады, дін басылары «бәріміздің жаратушымыз бір, олай болса өркениеттерге сыйластықпен, ұстамдылықпен, құрметпен қарап бәріміздің бейбіт қатар өмір сүруімізге болады» деген ха­лықаралық құжатқа қол қойды.

 

14.                       «Ғасыр жобасы»

2004 жылы Қазақстанның мұнай мәселесіне қатысты ықпалдастық дүниесі орын алды. Анығын айтар болсақ, 2004 жылдың мамырында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға барған сапары кезінде Қытай мен Қазақстанның ұлттық мұнай компаниялары арасындағы мұнай құбыры құрылысын бастау туралы келісімшартқа қол қойылды. Мұнай құбырының іргетасы сол жылдың 28 қыркүйегінде қаланды. Осы жылғы әлемнің ақпарат құралдары көршілес екі мемлекет арасындағы осынау қадамды жарыса жазып, Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімді «ғасыр жобасы» ретінде атаған болатын.

Расында келісімнің маңызы, оның ішінде елдің ішкі әлеуеттік мәнімен қатар, халықаралық саясат сахнасындағы маңызы зор болатын. Бұнда мұнай өнімдерін сату арқылы тиімді сауда‑саттық базасын құру ғана емес, жақын, алыс көршілермен, әлемдік алпауыттармен Қазақстанның теңдей дәрежеде сөйлесе алатындығын таныту еді. Сондықтан да, «ғасыр жобасының» ішкі ғана емес, сыртқы саясаттағы жетістігі де орасан зор болды.

 

15.                       Президент қайта сайланды
 2005 жылы Қазақстанның ішкі саяси үдерісінде орын алған ерекше оқиғаның бірі  – Президент сайлауы. Осы жылдың желтоқсанында  Конституция шеңберінде Президенттік сайлау өтіп, ел өзінің басшысын таңдады. Сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысушылардың 91 пайыз дауысын алып, ел сеніміне ие болды. Өзінің жеңісін ел алдында жариялай отырып, Елбасы: «Бұл жеңіс - халықтың жеңісі» деп атап өтті.

 

16.                       Халық таңдаған Әнұран

 2006 жылдың қаңтарында мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды.  Әнұран негізіне Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Ш.Қалдаяқовтың 1950 жылдары дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Президент Н. Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады. Сондықтан да Әнұранның заңды авторларының бірі  – Н.Ә.Назарбаев;

Сондай-ақ, осы жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 15 жыл, Желтоқсан көтерілісіне 20 жыл толды.

 

17.                       Парламенттік басқару жүйесіне көшті

2007 жыл Қазақстан демократиясы үшін тарихи жыл болды. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрынғы Ата заңымыз бойынша Мемлекет басшысының құзырында болып келген бірқатар өкілеттіктер Парламентке беріліп, заң шығарушы органның өкілеттілігі кеңейді. Іс жүзінде Қазақстан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. Парламент депутаттарының саны 38 адамға ұлғайып, 154-ке жетті. Осыған орай жаңа құқықтық алаңда қызмет ету үшін Мәжіліс өзін-өзі тарқатып, сайлау өткізді. 2007 жылдың еншісіндегі Қазақстанның тағы бір жетістігі  осы жылы ЕҚЫҰ төрағалығына толық қол жетті.  Испания астанасы Мадридте Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің барлығы бірауыздан Қазақстанның 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуін қолдауы болды. Бұл шын мәнінде халықаралық аренадағы еліміздің абыройын тағы бір асқақтатқан айтулы оқиға болды.

 

 

18.                       Астана күні тарихқа енді

 

2008 жыл. Осы жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде жаңа мейрам,  6 шілде  – Астана күні тарихқа енді.  Осы күні

елорда төрінде бой көтерген «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанаты болып өтті. Идеяның негізгі авторы – Елбасы Н.Назарбаев. Монументтің биіктігі – 91 метр.

«...Бүгiнгiдей кең байтақ жерi бар, киелi төрi бар қазақ - шын мәнiнде, жұлдызы жанған бақытты халық. Алайда, бұл бақыт бiзге оңайлықпен, өздiгiнен келген жоқ. Қазақ өз тарихында ұлт ретiнде талай мәрте жойылып кете жаздады. Тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметiн тартты», - дедi «Қазақ елi» монументiн ашу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

 

19.                       Ұлттық санақ. Әскери шеру...

2009 жыл. Бұл  – Тәуелсіздіктің он сегізінші жылы. Президенттің тапсырмасымен 2009 жылы Үкімет Қазақстанды үдетілген индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын әзірлеуді аяқтады. Бұл Қазақстанның дағдарыстан кейін дамуын қамтамасыз ететін елдің маңызды экономикалық құжаты болды. Бұған қоса, сол жылы Кеден одағының құрылды. Бәрінен бұрын,  екінші жалпыұлттық халық санағы өтіп, оның ресми дерегі бойынша Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлттың саны тұңғыш рет 63 пайыздан асты.

Ал, 2009 жылдың 30 тамызы – біз үшін ерек күн. Осы күні Қазақстан Конституциясы күніне орай елор­дада алғаш рет әскери шеру өткізілді. Онда Елбасы – Жоғарғы Бас Қол­басшы  Н.Назарбаев Негізгі Заңның мем­лекет пен оның азаматтары үшін маңызын ай­рық­ша атау­ға арналған әскери шеруді қабылдады.

 

20.                       ЕҚЫҰ төрағалығы мен Астана Саммиті

 

2010 жылы әлемдік саясатта айымыз оңынан туып, Қазақстан ЕҚЫҰ секілді жаһандағы айбарлы да алпауыт ұйымға төрағалық тізгінін қолға алды. Төрағалықты лайықты өткеріп қана қоймай, тың бастама - Астана Саммитін абыроймен атқару арқылы әлемге тағы бір қырымыздан танылдық.

Айта кетейік,  бұл ұйымға Орталық Азия аумағында ғана емес, ТМД елдерінің ішінен, одан қала берді ислам дінін ұстанушы мемлекеттердің арасынан бірінші болып басшылық жасадық. Сөйтіп, Қазақстан Еуропаның төріндегі 56 мемлекеттің атынан төбе би болып төрелік айтты, қауіп-қатерлерге толы ХХІ ғасырдағы өңірлік һәм жаһандық деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне сүбелі үлес қосты.

Мерейін өсірген ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз һәм Астана Саммиті арқылы Қазақстанды танитындар елімізді жаңа қырынан біле түсті, ал елге алғаш аяқ басқандар дархан даланың ұлылығын сезініп, ұлтымыздың ұстынына куә болды. Бұл басқосудың ең басты нәтижесі  Астана декларациясының қабылдануы біз үшін мерей еді.

Тағы ерекше айта өтер жайт, осы жылы Қорғаныс министрлігі тұңғыш рет Халықаралық «KAZAKHSTAN DEFENE EXPO - 2010» қару-жарақ, әскери техника және әскери-техникалық мүлік көрмесін өткізді.

 

21.                       Жиырмасыншы белестегі жаңа рекорд

30 қаңтар - 6 ақпан – Қазақстанда VII қысқы Азия ойындары өтті. 2010 жылдың 31 желтоқсанда және 2011 жылдың 7 қаңтар аралығында VII Қысқы Азия Ойындары Астана, Алматы қалаларында өтті.

Азиадада тұңғыш рет 11 спорт түрі бойынша 69 мадақтау жиынтығы таразыға салынды. Оған Азияның 27 мемлекетінен 1000-нан астам спортшы қатысты, олардың арасында атақты спортшылар, Олимпиада және әлем чемпионатының жеңімпаздары бар. Азиада ойындары барысында 10 континенталдық рекордтар анықталды.

Қазақстандық құрама команда 70 медаль, оның ішінде 32 – алтын, 21– күміс, 17 қола медальдарды иелене отырып, қысқы Азиада ойындары тарихында жаңа рекорд орнатты.

2011 жылдың тағы бір ерекшелігі, осы жылы  Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» атағы берілді. Сонымен қатар, 14 желтоқсан күні Парламент Сенатының салтанатты жиынында Президентке Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған төсбелгі табыс етілді.

22.                       «EXPO-2017» және 2050 бағдарламасы

2012 жыл Қазақстан үшін спорт саласында үлкен жетістіктерге толы болды. Лондон Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 7 алтын алып, жалпы командалық есепте 12 орынға ие болды. Осылайша Қазақстан өз рекордын жаңартты.

Осы жылдың елімізге тағы бір жеңісі – Қазақстан астанасының EXPO-2017 көрмесін өткізуге байланысты конкурсты жеңіп алуы. Көрмені өткізу құқығы үшін Қазақстан бельгиялық Льеж қаласымен бәсекеге түсіп, сенімді түрде жеңіп шықты.

Жылдың ең маңызды саяси оқиғасы – «Қазақстан 2050» стратегиясы. 14 желтоқсан күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын жариялады.

23.                       Зейнетақы қоры мен зейнет жасы

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығы бойынша барлық зейнетақы қорлары бірігіп, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын» құрды. Бірігуге дейін елімізде 11 жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс істеп, олардағы жалпы жинақ көлемі 3,116 триллион теңгені (21 миллиард доллар) құрады және 8,5 миллион клиенттің есепшоты ашылды (жұмысқа қабілетті адамдардың 95 %).

Жылдың ең өзекті әлеуметтік тақырыбы – әйелдердің зейнетке шығу жасының көтерілу мәселесі. Көптеген пікір алмасу нәтижесінде, зейнетке шығу жасы 2014 жылдан бастап келесі 10 жыл ішінде бірте-бірте көтерілетін болды. 10 жылдан соң әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу жасы теңесіп, 63 жасты құрайтын болады.

 

24.                       Тарих негізделді

Астана күні қарсаңында елордада жаңадан салынған Ұлттық музей ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Н.Назарбаев «Бұл – заманауи сәулеттің үздік туындысы, ол қалалық ландшафтты өзінің бірегейлігімен толтырады» – деп атап өтті.

Тамыз айында Елбасы Елбасы Ұлытау жерінде сұхбат беріп, еліміздегі негізгі мәселелерге байланысты көзқарастарын білдірді. Оның ішінде, қазақ ұлтының тарихы, діні, тілі, сондай-ақ еліміз үшін аса маңызды саналатын Еуразиялық экономикалық одақ жайлы тақырыптар қамтылды.

Ал, қазан айында Елбасы Астана қаласының белсенділерімен кездесу кезінде: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрып, қазақ мемлекеттілігінің негізін салды. Сол кезде негіз қаланды және біз ата-бабамыздың салған ізінің жалғастырушысымыз» - деп атап өтіп, келер жылы қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы атап өтілетіні жайлы мәлімдеді.

 

25.                       Үшінші ғарышкер. Қазақ хандығының 550 жылдығы

2015 жылдың ең басты саяси жаңалығы деп 26 сәуірде мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауын айтуға болады. Нәтижесінде 97 пайыз дауыс жинаған Елбасы Н.Назарбаев қайта ел президенті атанды.

Үшінші  қазақтың  космосты бағындыруы да – қой жылының ең басты жетістіктерінің бірі. 41 жастағы Айдын Айымбетов қыркүйек айында Байқоңырдан ғарышқа ұшып, көк туымызды орбитада желбіреткені мәлім. Ғылыми зерттеулер жүргізген Айымбетовке кейін «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Елеулі оқиғалардыңың тағы бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуіміз. Үш күнге созылған ұлық мерекеге еліміздің түкпір-түкпірі мен шет мемлекеттерден бас-аяғы 25 мыңға жуық мейман келді.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы

Биыл ең басты оқиға – ЮНЕСКО-ның 2015 жылы 18 қарашада Парижде аяқталған Бас конференциясының 38-ші сессиясында қабылданған қаулыға сәйкес Алаш көсемі, қоғам және мемлекет қайраткері, журналист, ғалым, халқымыздың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Белгілі тұлғаның 150 жылдық мерейтойы аясында елімізде көптеген іргелі істер атқарылды.   

Сондай-ақ, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған ХХХІ Олимпиада ойындарында да Қазақстан спортшылары үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, ең биік тұғырға көтеріліп, көк байрағымызды желбіретіп, мемлекетіміздің Әнұранын шырқатты.

Бұдан кейін, ең маңыздысы,  23 қараша күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы» қабылданды. Халық қалаулыларының пікірінше, Декларация еліміз үшін маңызды оқиға болып табылады. Онда Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру тарихина баға беріліп, осы бағыттағы миссияны Елбасының аса сәтті орындап шыққаны атап көрсетілген.

Ал, келесі айда атап өтілгелі отырған Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 жылдығы естен кетпес ерекше әрі маңызды оқиғаның бірігейі болып қалатыны сөзсіз.

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"