Жат жерде от кешкендер

Соғыс – жан алып, жан беру. Соғыс – халықтың басына келген жұт, қасірет. Соғыс – зұлымдық жазықсыз төгілген қан. Тарих жылнамасынан өзінің қаралы нәубет жылдарымен орын алған, зұлматтың бірі – Ауған соғысы. Бұл соғыс – жүректе жазылмастай орын алған беттер.

 Ауған соғысы жайлы шындық, талай жылдар бойы тұмшаланып келді. Тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шындықтың беті ашылды.

         Осы бізге Ауған соғысы керек пе еді? – деген сұрақ көкейге келеді. Шындығында, бұл соғыстың тарихы да, табиғаты да өзгешелеу еді.

         Ауғанстан – мұсылман елі. Әлемдегі кедей елдердің бірі. Бұл ел бізге ұмытылмастай қайғы-қасірет әкеледі деп ешқашан ойлаған жоқ едік. Тәуелсіздік шындығын ашқан Ауған соғысының тарихына үңілейік.

         1978 жылы сәуір айында бұл елде саяси төңкеріс болды. Соның нәтижесінде билікке келген халықтық-демократиялық үкіметті қолдап интернационалдық әскери жәрдем береміз деп КСРО басшылығы оның ішкі істеріне араласты. 1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО басшылығы Л.И. Брежнев бастаған бюро мүшелері Ауғанстанға әскер кіргізу жөнінде шешім қабылдады.

         Біз соғысты көрген жоқпыз. Бірақ Ауған соғысының қанды қырғынынан аман-есен оралған кешегі 2238 күнге созылған алапаттың тірі куәгерлері бүгін де арамызда. Интернационализм идеяларын бойына сіңірген жас ұрпақ осынау үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынды.

         Ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл өтсе де, соғыс жарасы жазылған жоқ. Сол кездегі жас жігіттеріміздің бірталайы соғыс зардабын тартып, Ауған соғысының ардагері атанып отыр.

         Ауғанның қанды даласы,

         Адамзаттың наласы.

         Есінде сол күн қаралы,

         Зуылдап жылдар барады.

         Сарбаздар бәрін біледі

         Ауғаннан қайтқан жаралы, - деп ақын жырлағандай, өмірінің өлшеулі бір бөлігі жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен оттың арасында өткізген майдангерлердің өз аузынан естіген едік. Соның бірі ауған соғысының ардагері рота командирі полковник Байғали Қоқымбаев еді.

         (Жұлдыздар отбасы журналы №24,2018 жыл.)

         Сол бір отты жылдарды ол кісі былай еске алады:

- Ол кезде ешкім Кеңес Одағы Ауғанстанға соғыс ашады деп ойламады. 1979 жылы 27 желтоқсанда зор әскери қосынмен Ауған жеріне аттандық. Бізге «ұзақ мерзімге іссапарға барамыз деп айтасыңдар», - деп ескертті. Эшелонға тиеліп кете бердік. Шекараға кіре бергенімізде қарулы қарсылыққа тап болдық. Міне, солай соғыс басталып кетті. Біз сол соғыста толарсақтан қан кештік.

      КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің ұрысқа әзірлігі қалай болды?                  - деген сұраққа Байғали аға: Ол кезде Кеңес әскері өзінің қару-жарағының күштілігіне сенді. Сол үшін де ұрыс алдында әскери әзірліктер жасалған жоқ. Біз ұрыста 1956 жылғы картаны пайдаландық. Сол себепті бұл шайқас барысында көптеген қиындықтарды бастан кештік. Жауынгерлердің үш ай бойы су көрмеген кездері де болды. Ауған жерінің көп бөлігі таулы аймақ болғандықтан ұрыс техникалары соғысқа жарамай қалды. Байғали аға соғыстағы ерлік істерін былайша баяндайды:

-           Соғыс кезінде менің ротамда 110 адам болды. Олардың көбі балаң жігіттер. Бірде біз ротамызбен қоршауға түстік. Сол кезде «бұл қоршаудан ешкім тірі шықпайды», - деген шешім қабылданыпты. Әйтеуір біз үш күн, үш түн дегенде қоршауды бұзып шықтық. Ротамдағы 110 жауынгерден 90-ы дін аман қалды. Бұл – Байғали ағаның соғыс кезіндегі бір ерлігі ғана .

      Жат жерде өздерінің Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, жалындаған жас шағын оқ пен оттың арасында өткізген жерлестерімізден де сұхбат алған едік. Олар 18 бен 19 жас арасында Ауған соғысына аттанып, етігімен қан кешкендер. Солардың бірі – қарағандылық Егізеков Бейбітшілік Сағындықұлы. Ол 1967 жылы Қарағанды облысы Талды ауданы (қазіргі Қарқаралы ауданы) Бақты совхозының Абыз ауылында дүниеге келген. 1985 жылы 15 қазанда Талды аудандық комиссариатынан әскер қатарына шақырылады. 1985 жылдың желтоқсан айының 1-інен 1986 жылдың ақпан айына дейін Өзбек КСР-нің Сурхандария облысының Термез қаласындағы 57 әскери бөлімінде көздеуші мамандығы бойынша әскери дайындықтан өтеді. Бейбітшіліктің өзіне сөз берсек:

-         Ауғанстанның Руха елді мекенінде өзімнің интернационалдық борышымды пулеметші-көздеуші болып өтедім. Ауған әскерлері кірмес үшін осы елді мекенді қорғап тұрдық. Бұл жерде жағдай өте ауыр болды. Су өте тапшы. Суды тікұшақпен әкеледі, кейде керуенмен өзіміз жеткізіп отырдық. Оқ-дәрі, азық-түлікті тікұшақпен жеткізіп отыратын. Бес әскери операцияға қатыстым. Сол бір Зеленкадағы операция кезінде граната жарықшақтарынан жарақат алып, госпитальға түстім. Ем алғаннан кейін әскери борышымды жалғастырдым. 1987 жылы өзімнің жауынгерлік борышымды абыроймен атқарып туған жеріме оралдым. Соғыста талай қарулас достарымнан айырылдым. Қаншамасы мүгедек болып елге оралды.

         Семейлік жерлесім Жанболатов Нұрболат соғысқа бұрынғы Семей облысы Үржар ауданынан аттанды. 1980 жылы 3 қарашада Қызыл армия қатарына шақырылған. Калининград қаласында әскери жаттығулармен шыңдалып, соғысқа аттанады. Әскери борышы Кабул қаласынан басталады. 118-інші автомобиль батальонында жүргізуші бөлімше командирі болып әскери қызмет атқарады. Нұрболат соғыстағы бір күнін былай әңгімелейді:                     - 1981 жылы 29 қазан күні кезекті тапсырмамен Кабул-Термез бағытымен жолға шықтық. Осы кезде колонна ауған әскерлерінің тосқауылына ұшырап атыс басталды. Ауған әскерлері ең алғашқы машинадан бастап ата бастады. Алдымыздағы машина жолдан шығып барып тұрып қалды. Осы ұрыста бірнеше жауынгер досымыздан айырылып қалдық. Соның бірі – маңғыстаулық Қуат Бектұров қаза тапты. Бірнешеуіміз жарақат алдық.

         Астаналық Ауған соғысының ардагері Уәлиев Мараттың жауынгерлік жолы ерекше. Марат өзінің Отан алдындағы борышын өтеуге Қарағанды облысының Ульянов аудандық (қазіргі Бұқар жырау ауданы) әскери комиссариатынан 1984 жылы аттанды. Әрине ол Ауған соғысына барамын деп ойламады. Әуелі оларды Өзбекстан қаласының Термез қаласындағы полигонда 6 ай әскери жаттығулармен шыңдалып, соғыс өнеріне баулиды.

Ауғанстанның Құндыз деген қаласында №396-96 барлаушылар отрядында барлаушы болып қызмет атқарады. Барлаушы өте қауіпті тапсырмаларды орындайды. Өзі бір тапсырманы орындау барысын әңгімелеп берді:

- Бірде маған Кишлакқа жаудың қайда орналасқанын білу мақсатында жауынгерлік тапсырма берілді. Айнала толған жау. Сондықтан өте сақ болу қажет еді. Мені қыз балаша киіндіріп жүріп-тұру әдебін үйретті. Қолыма құмыра беріп барлауға жіберді. Бұл жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындағаным үшін командирден алғыс алдым. Әрине, бұл жауынгерлердің қауіп-қатерге толы бір күні ғана. Марат Уәлиев Ауған соғысындағы жарақаты салдарынан 2-нші топтағы мүгедек болып қалды.

         Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғауда қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген бұл соғыстың аяқталуы да ауыр болды. 1989 жылы 15 ақпанда 40-ыншы армияның Ауған жерінен генерал Б. Громовтың шығуы еді. Бұл соғыста ешқандай жеңімпаз болған жоқ. Олар ешқандай сән-салтанатсыз, құшаққа алған гүлдерсіз соғыстың соңғы нүктесін қойды.

         Бұл соғысқа Кеңес Одағынан 500 мыңдай азамат қатысып, 15 мыңы опат болды. Ал Қазақстанның үлесіне келсек 23 мыңға жуық жерлесіміз әскери борышын өтеп 761-і қаза тапты, 26-сы іс-түссіз жоғалып кетті,                         10 мыңы елге мүгедек болып оралды. Осыншама қайғы-мұң әкелген Ауған соғысы да аяқталды. 1989 жылы 15 ақпан күні Халықаралық Женева келісімі бойынша Ауғанстаннан соңғы Кеңес әскерлері шығарылды. Бұл еліміздің тарихында ерекше күн болып қалды. Ауған соғысы Ардагерлер қауымдастығының төрағасы Ауған соғысының ардагері Смағұл Бақытбек бұл күнге былай сипаттама береді:

         1. Бұл – баз біреулер үшін қатардағы күннің бірі ғана шығар, ал біз үшін тарихи күн.

         2. Бұл – күн жат жерде оқ пен от кешіп өзінің интернационалдық борышын өтеуде мерт болған бауырларды еске алар күн.

         3. Бұл – сол кездегі елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні. Омырауларындағы орден медальдар сол ауыр жылдардың куәсіндей болып тұрғанымен әңгімелесу барысында Ауған соғысы ардагерлерінің көптеген жеңілдіктерін алып тастағанын тілге тие кетті.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ауған соғысына баға берген мына бір жолдарымен аяқтаймын.

         Күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген Ауған соғысы Отандық    тарихымыздың қаралы беттерінің бірі болып қала береді. Мыңдаған жас азамат жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың арасынан аман-есен оралғандар үшін Ауған мәңгілік жан-жарасына айналды. Өлгендер қайтып келмейді, бірақ соғыс жүрегіне жара салған азаматтарға құрмет көрсету - біздің қасиетті борышымыз.Ауған соғысы ардагерлерінің бәрінің тілегі бір: Енді ондай сұрапылды кейінгі ұрпақ көрмесін. Бүкіл әлемде бейбітшілік орнасын. Біз де осы тілекке қосыламыз.

 

 

Алмагүл Жангутдинова,

ҚР ҚК Әскери-тарихи музейі,

Ғылыми-зерттеу қызметі

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"