Бұл көрме бұрынғыдан өзгерек

Төртінші халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери-техника көрмесі елорда іргесінен есігін айқара ашты. Байрақты шараға әлемнің қырық бес мемлекетінен қатысушылар мен қонақтар ағылуда. Қозыкөш аумақты алып жатқан көрмеге «Сарбаз» газетінің ұжымы да ат басын бұрды, табан тіреді. Ә дегеннен-ақ шараны ұйымдастырушылардың әжептәуір тәжірибе жинақтап, заманауи талаптарға ұмттылысын аңғару қиын емес. Қонақтар мен қатысушылардың қызмет көрсетушілер мен ұсынушыларға дән ризашылығын байқайсыз.
Көрмені Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов бастаған топ келіп тамшалады. Бұл жайында вице-министр генерал-лейтенант Оқас Сапаров: «Көрмеге әскери техника шығаратын 45 елдің өкілдері келді. Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов шетелдік делегация өкілдерімен кездесіп, меймандарды «KADEX-2016» қару-жарақ пен əскери мүлік көрмесінің мүмкіндігімен таныстырды» деді. Оның айтуынша, жиынға Ресей, Қытай, Үндістан, Германия, Нидерланды, Түркия, Иордания, Бразилия, Корея Республикалары мен өзге де мемлекеттер қатысуда.

«Әскери қорғаныс тұрақтылыққа әсер етеді»

Шара алдында Қазақстан Қорғаныс министрінің Ливан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-майор Валид Салманмен, Біріккен Араб Әмірлігі Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Хамад Мұхаммед Сәни әл-Румейсимен кездескенінен хабардар болғанымыз есімізде. Сондай-ақ қорғаныс саласының жетекшісі бұған дейін «KADEX» көрмесі туралы былай деген еді: «Қазіргі уақытта бүкіл әлемде дәл осындай көрмелер үлкен танымалдылыққа ие. Өйткені әскери қорғаныс дүниежүзілік және аймақтық тұрақтылыққа айрықша әлеуетті ықпал етеді. Сондықтан, бүгінде негізгі басымдық электронды және электронды-оптикалық жүйелер, байланыс жүйесі мен басқару, желілік салаларды дамытуға беріледі. Әдеттегідей мұндай көрмелерде шетелдік әріптестеріміз тарапынан әскерді және қаруды басқару кешендері, дәл көздейтін қарудан қорғану жүйесі, авиациялық техника, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі, оптикалық-электронды құралдар үлкен сұранысқа ие. Осынау қызығушылықтың басымдығы түсінікті де. Қару-жарақ пен әскери техника – шетелде сұранысқа ие жоғары технологиялық өнімдер экспортының құрамдас бөлігі. Бәсекелестік артып отырған жағдайда мемлекеттердің қорғаныс-өнеркәсіп кешені белсенді түрде интеграцияланып, жоғары технологиялық өнім шығаруға қабілетті ғылымды қажет ететін өндірісті дамытуда»

Міне, осыларға қарап, халықаралық шараның қаншалықты маңызды екенін білуге болады. Осынау ғаламат қорғаныс-өнеркәсібі кешенінің мүмкіндіктерін тамашалаудың ерекшелігі ұсынылып отырған техниканың алуан түрлілігі ғана емес, сонымен бірге көрмеге орайластырылған қызықты бірегей акциялар болып табылады. Қазақстандық армияның әскери қызметшілері әскери автомобильдерде өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті. «Хаммер» атты 30 автокөлікті тізгіндеген әскери қызметшілер алаңда «KADEX» жазбасын салды. Осылайша, қазақстандықтарды «KADEX-2016» көрмесінің басталуымен құттықтап, жарақтандыруымызда тұрған техниканың қуаттылығын паш етті. Одан басқа, көрме қарсаңында елорда тұрғындары және қонақтарының қатысуымен  іс-шаралар мен керемет, өзгеше промоакциялар өткенін айта кеткен жөн.

 

Ұлттық нақышымыз да ұмыт қалмаған

Енді өтіп жатқан көрме жайында аз-кем әңгімелесек. Кеше таңсәріден бастап ҚР Қарулы Күштерінің авиациялық базасының 8 павильонында отандық және шетелдік өндірушілердің қару-жарағын, әскери және авиациялық техникасын көрсету басталып та кетті. Биылғы жылы көрме секцияларының саны жетіге дейін кеңейтілген екен. Олар – авиациялық техника, ҰҰА және ғарыштық технологиялар, Құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасы, ӘШҚҚ жүйелері мен құралдары, әскерлерді тылдық және техникалық қамтамасыз ету мүлкі,  IT-технологиялар, байланыс жүйелері мен құралдары, әскери саладағы робот техника, әскери салада қолданылуы ықтимал баламалы қуат көздері.

Барлық павильондар көрме қонақтарын, олардың арасында қорғаныс-өнеркәсібі кешенінің мамандарын құшақ жая қарсы алуда. Оларға арналған мейрамхана, дәмхана, асханалар қызмет етуде. Көпшіліктің көңілін аударған «Сарыарқа» қазақ ауылы ұлттық нақыштармен безендірілген. Қос қапталға жағалай қонған сегіз киіз үй келушілерді қазақы дүниелерімізбен қарсы алады. Мәселен, екі киіз үйде ұлттық кәдесыйлар сатылса, біреуінде қазақ тұрмысының дәстүрі мен мәдениеті көрсетілуде. Қалғанында ұлттық ас мәзірі, яғни, қазы-қарта, қымыз, шұбат, көже, сондай-ақ өзге елдердің тағамдары сатылымға шығады. Тағам бағалары нарық бағасына қарағанда қолжетімді екенін де айта кеткен жөн. «Бір күнде 1500-2000 адамға қызмет көрсетіледі деп күтілуде. Меймандар үшін еуропалық ас мәзірі бар «Лагуна»  екі палаткалы мейрамхана ашық болады. Соның ішінде және таза ауада ауқаттануға болады. Үш жерде фастфуды және салқындатылған сусындары бар тез тамақтану палаткалары, сондай-ақ павильондар арасында 5 палатка болады.  Қоғамдық тамақтану орындары көрме басталған сәттен бастап соңғы клиентке дейін ашық болады» дейді ұйымдастырушылар. Төрдегі сахнадан көркемөнерпаздарымыз тек халықтық, патриоттық әндер шырқауда. Қонақтар мен шетелдіктер сауда нүктелерінен елордамыз – Астананың айшығын танытатын кәдесылар мен ескерткіштерді сатып ала алады.

Алғаш рет «KADEX-2016» көрмесінде «Арлан» броньдалған дөңгелекті машиналар мен қазақстандық өндірістің «Барыс» броньды транспортеры ұсынылуда. Қазақстанда мұндай әскери техниканың баламасы жоқтың қасы. Оны ҚР Қарулы Күштерінің мұқтаждығы үшін отандық кәсіпорындарда шығарады.

 

Бұл қосымшаның пайдасы көп

«KADEX-2016» көрмесі алдында қатысушылары мен келушілері үшін шара туралы қосымша ақпарат алуға көмек «KADEX-2016» мобильді қосымшасы әзірленді. Тың жаңа өнім өтіп жатқан көрме, іс-шара туралы, өзге де жаңалықтар жайында толыққанлы ақпарат береді.

Мобильді қосымшаның көрмеге қатысушылардың орналасқан жерін, өнім ұсынып отырған компанияның сипаттамалы мен көптеген басқа да мәліметтерді табуға көмек беретін функциялары бар.

Қосымша қатысушылар мен келушілерге үлкен аумақта адасып қалмай, «KADEX-2016» көрмесі туралы барлық жаңалықтардан құлағдар болуға, қару-жарақ пен әскери техника саласындағы соңғы жетістіктермен және техникалық шешімдермен танысуға мүмкіндік береді.

Жаңа IT өнімді «App Store» немесе «Google play» арқылы ақысыз негізде жүктеп алуға болады. Көрме аумағында қосымша «Wi-Fi Kadex» желісіне қосылған кезде автоматты түрде жүктеледі.

Тағы да айта кетерлігі, шараға дайындалуға көптеген мамандар мен әскери техника тартылған. Көрме қорғаныс өнеркәсібі саласында мамандардың ғана емес, сонымен бірге бұқаралық медианың да назарын аударуда. Көрме жаңалықтары мен тыныс-тіршілігін үш күн бойы әлемнің он бестен аса елінен келген 300-ден аса бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үздіксіз жариялайтын болады.

 

Алғашқы адымдар – келелі келісімдер

Төртінші халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери-техника көрмесінің алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Айталық, шетелдік тараптар елімізде жасалған «Арлан» 4х4 брондалған машинасына қызығушылық білдіруде. «Бұл машинаны 2015 жылдың қараша айынан бастап «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг»  компаниясы Астана қаласындағы индустриялды аймақта шығарып жатыр. Отандық өнімді Иордания сатып алғалы отыр. Алдағы уақытта Алжирмен келісімшарт жасаймыз» деді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Оқас Сапаров.

ҚР Қарулы Күштерінің Авиациялық базасында Қазақстан Ресейден «Ми-35» әскери тікұшағын сатып алу жөнінде келісімшарт жасады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Оқас Сапаров былай деді: «Стратегиялық серіктес ретінде, біріншіден, Ресейдің әскери өнімдеріне қызығушылық білдіріп отырмыз. Олар бізге «Ми-35» тікұшағын сатады. Біз биыл осы тікұшақты сатып алатын боламыз. Ресей тарапы бүгін бізге өз өнімдерін көрсетеді. Олардың қатарында осы тікұшақ та бар. Бізде оған қажеттілік жоғары. Бір ай бойы келісімшарт жүргіздік». Вице-министр, сонымен қатар, көрмеге қатысып жатқан мемлекеттер әскери өнімдерін үлкен кешендерде орналастырғандығын атап өтті. «Әскери көрмеге Ресей, Түркия, Қытай мемлекеттері қатысуда. Олардың павильондары өте үлкен. Әрі Беларусь, Украинадан да ірі компаниялар келді» деді генерал-лейтенант.

Бұған қоса, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы мен «Ресей тікұшақтары» холдингі алдағы он жыл ішінде бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасына қол қояды. «№405 авиажөндеу зауыты» АҚ директоры Константин Ушаков бұл жол картасы сервистік желіні дамытуды қарастыратынын айтады. «Бізде Ақтөбе қаласында сервистік алаң бар, сервистік қызмет көрсетеміз. Астана қаласынан да осындай сервистік алаңды ашуды жоспарлап отырмыз» деді К.Ушаков.

 

«KADEX»-ті бәріміз көре аламыз

Сүйіншілейтін бірден-бір жаңалық, халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен əскери мүлік көрмесін 4-5 маусым күндері елорда тұрғындары мен қонақтары да тегін тамашалай алады. Байрақты шара көрерменіне есігін айқара ашады. Оларды қорғаныс компанияларының тың жаңалықтарға толы көрсетілімі күтуде. Келушілер үшін көрме аталған күндері сағат 10.00-ден бастап 18.00-ге дейін ашық. Ал көрмеге келемін деушілер №10 және №100 автобустық бағдарлармен жете алады. Бағдар көрме өткізілетін орынның жанынан өтеді. Сондай-ақ осы күндері арнайы көрме өтетін жерге кіретін №12 бағдармен де жетуге болады.

4-5 маусым күндері келушілердің жеке автокөліктері үшін көрмеге кіретін орталық кіреберістің сол жағында автотұрақ жұмыс істейді. Шара барысында қоғамдық тәртіп орнатылып, күзет жүзеге асырылады. Ескерте кететін бір жайт, «KADEX-2016» көрмесіне келушілерге үлкен көлемдегі сөмкелер мен шабадандарды, 2х1 метрден асатын көлемдегі жалаулар мен баннерлерді, уытты, улы және уландырғыш заттарды, 0,33 литрден асатын сұйықтықтарды, кез келген көлемдегі алкогольді ішімдіктерді, шыны контейнерлер мен шөлмектерді алып келуге болмайды. Көрме өткізілетін күндері қатысушылар мен келушілер үшін қоғамдық тамақтануды ұйымдастыру үшін ұлттық және еуропалық ас мәзірі, фастфуды және салқындатылған сусындары бар жайлар мен жылдам тамақтану палаткалары орнатылған.

Көрмеде әскери мамандардың сындарлы және тең құқылы жағдайда ой-пікір алмасуларына мүмкіндік болады.  Жетекші мамандармен тікелей қатынаста болу және бірегей технологиялар бойынша пікір алмасу отандық әскери ойдың дамуына, сондай-ақ әскери-техникалық ынтымақтастық нығаюына кепілді түрде негіз болады деп күтілуде.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"