Армия –тәуелсіздік айбары

Бүгінгі Қазақстан – егемен ел. Заманы тыныш. Түн тыныштығын күзеткен әскері бар елдің бейбітті болғанына барша жұрт шүкіршілік етеді.

Сөз басы

 

Азаттық біз үшін асқақ ұғым. Ата-бабаларымыз осы үшін арпалысты. Еркіндікті аңсады. Бізге бодандықта болу бірталайға жазды. Кеңес үкіметінің іргесі сөгілгенге дейін.

Үлкен державаның ғұмыры ұзақ болды. Оның құрсауында он бес мемлекет бар еді. Оның бірі – Қазақ КСР-і. Сол он бес ел орталықтан басқарылды. Бірақ кейінгі басқару жүйесі барлығын тығырыққа тіреді. Орталықпен одақ республикаларының мүдделері көп нәрселерде сәйкес келе бермейтін болды. Өйткені дамыған елдерге қарағанда саяси және экономикалық жағынан Кеңес үкіметі әлдеқайда артта қалды. Ол аздай, жариялылық, жеделдету, қайта құру саясаты жүйеге әсерін тигізбей қоймады. Құрамдас елдер саяси және мемлекеттік жетекшілерден түбегейлі өзгерістер күтті. Бірақ ол бітпейтін саяси талқылауларға түсіп, нәтижесіз қалып жатты. Сондықтан да 80-ші жылдардың аяғы мен 90-ыншы жылдардың басында Кеңес өкіметінде үлкен саяси оқиғалар орын алды. Осы уақытта одақтас республикаларда тәуелсіздікке деген ұмтылыс күшейді. Жер-жерлерде орталық билікке қарсы бас көтерулер жиі болды. Кейбір тарихшылардың айтуынша, осы жылдарда орын алған үлкен саяси оқиғалар Кеңес Одағы құлауының басы болды.

Дербес ел атанды

Сөйтіп, тоқсаныншы жылы мызғымас Одақтың іргесі сөгілді. Құрамындағы бірнеше ел оның құрсауынан босанып жатты. Ең алдымен Балтық елдері өз алдына отау боп шықты. Одан соң Грузия, Молдова және Армения еншісін алды. Біздің ел 1991 жылы жаңа қадамды аттады.

Осылайша, дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан Республикасы, дербес қазақ елі келді. 1991 жылдың 17 желтоқсанында Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг болы өтті. Жиналған сан мыңдаған адамның алдына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп сөз сөйледі: «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік...

...Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын...

Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кеңбайтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін».

 

 

Ел қауіпсіздігі ескерілді

 

Ол кезде думпулер жиі орын алды. Әсіресе, Ауғанстандағы соғыс жағдайы Орталық Азия мемлекеттеріне қауіпсіздікті тереңнен ойлауға алып келді. Осы тұста Қазақ КСР-інің Президенті Н.Ә.Назарбаев аймақтық тұтастықты сақтап қалуды ұйғарды. Сол себептен ел қорғанысын мықтап қолға алды.

Алдымен Қазақстан азаматтарын әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1991 жылғы 12 қыркүйектегі бұл құжаттың негізінде бұдан былайғы кезеңде қазақ елінің азаматтары республика басшылығымен әскери қызметке шақырылатын болды. Және әскерге шақырылушыларды республика аумағынан тыс жердегі әскери құрылыс және ішкі әскерлерге жіберуге тосқауыл қойылды. Бұл өз кезегінде Қазақстанның әскери комиссариаттарына республикалық орган ретінде мәртебе берді.

Мұнаң соң республиканың тәуелсіздігін, қорғаныстық және басқа да өмірлік маңызды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатымен 1991 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығын жариялады. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов тағайындалды.

 

Білікті офицерлер тартылды

 

Сағадат Нұрмағамбетов – бұған дейін КСРО Қарулы Күштерінің сапында Ұлы Отан соғысын бастан өткерген Кеңес Одағының Батыры атанған танымал командир. Әрі жоғары басшылық құрамында болған қолбасшы еді. Құрметті демалыста болғанмен, әскери өмірден қол үзбеген-ді. Білікті офицер сеніп тапсырған іске құлшына кірісті. Кадр мәселесін шешуде және тағы басқа да мәселелерде аянып қалмады. Ол кісінің өлшеусіз еңбегін мына бір естеліктен аңғаруға болады.

«КСРО тарағаннан кейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әскерімізде полк басқаратын бірде-бір қазақ болған жоқ. 1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы едім, Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде осы кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. Себебі, өзге ұлттың өкілдері өз елдеріне кеткісі келді, оларды ұстап тұра алмайсың. Сол тұста жеке-жеке шаңырақ құрған республикалар өз жеріндегі әскерилерге «Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар, кетіңдер» деп өз елдерінің антын қабылдатып жатқан-ды. Біз Президентпен кеңесіп, елде қалған әскери қызметкерлерге «Ант қабылдамайсыңдар, бұрынғы анттарың жеткілікті» деп жан-жаққа тарай бастаған әскери адамдардың бетін бері бұрдық.

Мұнан бөлек генерал-лейтенант өзге елде жүрген әскерилерді елге алдыруды көздеді. Оларды жылы қабылдап қана қоймай, әкелік, ағалық ақыл-кеңестерін беріп, барлығын бір іске жұмылдыра білді.

Негізі кадр мәселесі түйткілді болды. Жоғары шенділер оның да оңтайлы жолын тапты. Ол жайында Сағадат аға былай деп еске алады: «Иә, жаңадан құрылғалы тұрған Қарулы Күшімізге қажетті мамандарды қайда даярлаймыз деген сұрақ туындай бастады. Сонда біз қайттік, Ресейдің Генералдық штабымен Республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп жыл сайын 40 офицер әскери академияға, 250-300 офицер әскери училищеге оқуға қабылданатын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбісі қазіргі кезде генерал, бастық болды. Академияға қазақтың офицерлерін тартып отырып оқуға жіберген едім. Алғашында қиындық болар, алайда, кейін олардың барлығы елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды».

Сағадат ағаның әскер ісіне тартқан офицерлерінің бірі – сол кездегі подполковник Абай Тасболатов. Егемендіктің алғашқы жылдарында Алматыдағы жоғары жалпы әскери коман­далық училищесіне бастық етіп тағайындаған оған: «Жігіттерді өсіресің және көбіне қазақтың баласын аласың. Емтиханда аузын ашып, аяғын басып ынта білдірсе, офицер боламын десе – мұрнынан боғы ақса да оқуға аласың», - деген екен генерал.




Қазақстан армиясы құрылды

 

Жалпы, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өзінің дербес әскерін құру ісін 1992 жылдың 7 мамырында Президенттің «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» жарлықтары шыққаннан кейін бастап кетті. Осы күні еліміздің аумағындағы КСРО әскери күштерінің есебіндегі мекемелер, бөлімдер, құрамалар, ұйымдар, полигондар, сақтау базалары, қоймалар, жылжитын және жылжымайтын әскери мүліктер Қазақстан құзыретіне берілді.

Сондай-ақ дәл сол күні генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке генерал-полковник шені тапсырылды және ол еліміздің Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 

Содан бергі аралықта ел әскерін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Бұл орайда, дәлірегі Қазақстан әскерін заманауи тұрғыда дамыту мәселесінде жаңа талаптар мен қазіргі таңдағы қауіп-қатерлер барынша ескерілді. Сондай-ақ әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті сақтау шараларына еліміздің белсене қатысуын қамтамасыз ету бағытына ден қойылды. Бұл жұмыстарды нәтижелі жүргізу, Қарулы Күштеріміздің заманауи сипатын анықтау, оның нормативтік-құқықтық негізін құру және басқа да аса маңызды міндеттерді іске асыру үшін 1993 жылы ақпанда еліміздің бірінші Әскери доктринасы қабылданды. Оған Қа­зақстан әскерін құру қағидаттары енгі­зілді. Бұл құжат әскерімізді за­ман­ауи тұрғыда дамытуға жол ашты.  Одан кейінгі уақытта, яғни 2000 жылғы ақпанда екінші Әскери доктрина бекітілді. Ол Қарулы Күштер­ді құ­ру және реформалаудың басым бағыт­тарын нақтылады. Ал 2007 жылы наурызда қабылданған Әскери док­тринада өңірлік қолбасшылық­тар әскерлерінің белгіленген аймақ­тар­да әскери қауіпсіздік міндеттерін ше­шу мәселелеріндегі дербестігін қам­та­масыз ету жайы айқындалды.

 

 

Айбынды елдің армиясы

 

Міне, еліміз егемендік алғалы жиырма жеті жыл болды. Ал тәуелсіздік жылдар тұсында құрылған Қазақстан Қарулы Күштеріне – 26 жыл.

Ширек ғасырда талай қамал алынды. Көптеген қадамдар жасалды. Талай құрылым қанатын кеңге жайды. Қазақстанның Қарулы Күштері де қарыштап дамыды. Ел әскерінің бүгінгі деңгейге жетуі Мемлекет бас­­шысының қорғаныс саласын ны­ғайтуға байланысты белгілеп берген басым­дықтары мен міндеттерінің орын­­далуы арқасында жүзеге асты.

Бүгінде Қарулы Күштеріміз үш түрлі құрылымнан тұрады. Олар: Құрлықтағы әскер, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күш­тері. Бұлардың әлеуеті ұлғайтылды. Стратегиялық тұрғыда дағдарыстық жағдайлар орын алған кезде негізгі міндеттерді шешуге қатысу үшін жоғары деңгейлі әскери топтар, кез келген қауіп-қатерге қарсы жедел әрекет ететін Арнайы операция тобы, киберкеңістікте қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл мақсатында ақпараттық күрес компоненті құрылды. Сон­дай-ақ мемлекеттің аумақтық қор­ға­ныс саласын біріктіру үшін Қарулы Күш­тер құрамындағы аумақтық әскерлер­дің басқару органы пайда болды. Құры­лым­ның барлық сатылары қамтыла отырып, еліміздің әскери оқу орындары арқылы мамандар дайындау ісі жолға қойылды. 
Жиырма алты жыл ішінде елімізде ұлттық әскери мамандарды даярлау жүйесі өз деңгейінде қалыптасты. Әскери бағыттағы оқу орындардың оқу-тәрбиелік үдерісіне озық технологиялар енгізілді, маман­дар­дың білім деңгейін көтеру үшін оқу-әдіс­темелік база кеңейтілді. Біздің әскери жоғары оқу орын­дарымызда Арме­ния, Қыр­ғыз­стан және Тәжік­стан сынды елдердің әскери қызметшілері де білім алатын деңгейге жетті. Өз кезегінде тәжіри­бе алмасу үшін біздің әскери қыз­метшілеріміз де шетелдердегі жоғары оқу орындарында шың­далуда. Бұл бағыттағы жұмыс­тар халықаралық әскери ынты­мақ­тастыққа, дәлірегі, басқа елдер әскер­л­ерімен өзара іс-қимылға және тә­жі­рибе алмасуға баса назар ауда­ры­луының арқасында жүзеге асырылуда. Осы орайда біздің әскери құрамалар ШЫҰ, ҰҚШҰ аясында өтетін оқу-жат­­тығуларға да үнемі белсене қатысып, өздерінің жоғары дең­гейлерін көрсетіп жүргенін мақ­танышпен айта аламыз.

Жалпы, Қарулы Күштеріміз­дің сапасын жоғары деңгейге көтеру үшін саланы заманауи стан­дарттарға, әлемдік тәжіри­бе­лерге сай дамыту бас­ты мін­деттердің бірі болып санала­ды. Сондықтан қазіргі таңда Қару­лы Күштеріміз әскери шақыру және келісімшарт бо­йынша, яғни ара­лас тәсілмен жасақталуда. Соның нәти­же­сін­де сержанттар мен сарбаздар құрамының 70 пайыздан астамын келісімшарт бойын­ша қызмет ететін әскери қызметші­лер құрап отыр. Қалған 30 пайы­зын әскери борышын өтеуге міндетті азаматтар құрай­ды. Әскерді жасақтаудың осы тәсілі өз тиімділігін көрсетуде.

Иә, қазір заманауи және кәсіби әскері бар бейбіт елміз. Бүгінде Қазақстан өзінің әскери әзірлігі және техникалық жарақтануы жағынан әлемнің алдыңғы қатарлы армияларымен иық теңестіре алатын дәрежеге жетті. Қазіргі таңда Қарулы Күш­­­­тері­міздің халықара­лық рейтинг­тегі жағдайы жаман емес. Мәселен, Global Firepower ұйы­мының рейтингі бойынша 2017 жылы біздің әскеріміз әлемдегі барлық әскерлер арасында 53-орыннан табылды. Мұның бәрі әскери қызметшілердің жоғары кәсіби даярлығымен, үйлесімділік пен жауынгерлік дағды үлгісін көрсетумен және аға буынның батырлық, жауынгерлік дәстүр сабақтастығының жалғасуымен жетіп отырған жетістіктеріміз екенін білгеніміз жөн.

Тәуелсіздігіміздің айбары, еліміздің айбынды армиясының алар асуы әлі алда.

 

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"