8-наурыз мерекесіне орай Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың нәзік жандар қауымының өкіл¬дерімен жүздесіп, құттықтауы жыл сайын дәс¬түрге айналған. Биыл да өнерімен, еңбегімен еленіп жүрген арулармен ҚР Президентінің «Көктем шуағы» атты кездесуі өтті. Олардың арасында ҚР Қарулы Күштерінің Парашютпен секіруге дайындау орталығының аға маманы Римма Рамазанова да бар.
Мемлекет басшысы қоғамымыздың дамуындағы әйелдердің баға жетпес рөлін атап өтіп, еліміздегі нәзік жандар өкілдерін келе жатқан Халықаралық 8 наурыз мерекесімен құттықтады.
– Қымбатты ханымдар! Жыл сайын Ақордада дәстүрлі «Көктем шуағы» дәл осы кезде өткізіледі. Оны өздеріңіз білесіздер. Алдағы келе жатқан мереке
Әйелдер күні баршаңызға құтты болсын! Бақ-береке, жақсылық тілеймін! Бүгін біздің ортамызда әйел азаматтардың әр салада қызмет істеп жүрген өкілдері бар. Көп балалы аналар, депутаттар, ғалымдар, сот, диқан, кәсіпкер, өнертапқыш, дәрігер, әнші, журналист, актриса, спортшы, жауынгерге дейін арамызда отыр, – деген Елбасы елімізде әйелдердің рөліне әр уақытта назар аударылып келе жатқанын айтты.
– Біз – ананы, әйелді әр уақытта құрметтеп, жоғары бағалаған халықпыз. Батыр аналарымыз ел басына күн туғанда ер-азаматтармен бірге қолына қару алып, Отан қорғаған. Ел үшін ер-азаматтармен бірге жауға шапқан Бопай ханым, Хиуаз Доспанова, Әлия, Мәншүктер өшпес ерліктерімен елдің санасында қалғанын бәріміз жақсы білеміз. Қазақ әйелдерінің арасында зор құрметке бөленген үлкен аналарымыз Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным ханша, Зере әжелеріміз парасаттың символы болып саналады. Бүгінгі Қазақстан әйелдері – сол парасатты жалғастыратын, аңызға айналған аналарымыздың жолын жалғайтын ізбасарлары. Біз әрқашан «Әйел – үйдің қазығы» деп әйелін құрметтеген халықпыз. «Қыз өссе елдің көркі» деп қызын құрметтеген халықпыз. Ұлы Далада қилы заманнан келе жатқан игі дәстүр қазір де жалғасуда, – деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы мемлекет жүргізіп жатқан демографиялық саясаттың аспектілеріне тоқталып, ана мен балаға қолдау көрсету және оларды қорғау мәселелеріне назар аударды. Ол гендерлік саясаттың басымдығы бар бір бағыты ретінде аналар мен балалар үшін қолайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ анаға деген сыйластық мәдениетін жандандыру қажеттігін айтып өтті.
Мемлекет басшысы қазіргі саяси жаңғыру үдерісі барысында әйелдердің зор рөл атқаратынына сенім білдірді.
Кездесуге қатысушылар өздерінің кәсіби және күнделікті өміріндегі жетістіктері жөнінде әңгімеледі. Президент кездесуге келген қыз-келіншектердің әрқайсысына көңіл-бөліп, емен-жарқын әңгімелесті. Іс-шара соңында көп балалы ана О.Мұқашеваны «Алтын алқа» белгісімен марапаттап, кездесуге қатысушылар үшін «Ақорда» резиденциясы ішінде экскурсия жүргізді.