Алты Алаш аңсаған азаттық

«Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген қазақ халқының азаттық жолындағы арпалысы, күні кешегі күресі ақтаңдақ тарихтың беттерінде қаттаулы. Абылай заманында атой салған, Әбілхайырдың тұсында бодандықтың қамытын киген қайран ел сол құрсаудан тоқсан бірдің таңында біржола босады.

Сөзіміздің басында, алаш ұғымына бекерден бекер тоқталған жоқпыз. Өйткені, қазақ халқы тәуелсіздік жолындағы күресте алаш ұғымын бостандық пен бірліктің ұраны етіп, елдің, жердің тұтастығына ту етті. Әсіресе, атағы алты алашқа, жеті жұртқа жария болған Абылайдың кезінде елдіктің, еркіндіктің лебі есіліп, ханның іс-әрекеті халық тағдырымен астасқанын тарихтан білеміз. Біртуар тұлғамыз жайында ағылшын зерттеушісі Марта Брилл Олкоттың: «Абылай – қазақтың соңғы тәуелсіз ханы. Ол хан болу үшін Ресей үкіметіне жүгінген жоқ, одан куәлік құжат сұрамай, билікті тура өз халқының қолынан алды. Абылай кім болды, кім болғысы келді дегенде де, бір нәрсе айдан айқын. Ол өзінің алдағыны болжай білетін көреген саясатшы екенін дәлелдей білген» деген шындыққа жанасатын сөзі бар.

Иә,  үш жүздің басын біріктірген сол айбынды Абылай ханымыз жайында ел аузында мынадай тәмсіл қалған-ды: Жетпіске келіп, ауру меңдеп, дүниеден аттанайын деп жатқанда Абылай Бұқар жырауды ша­қыр­тыпты. Көмекей жыраумен бақұлдасқан Абылай үш арманын айтқан екен: «Менің тұсымда қан көп төгілді. Мен төкпесем, дұшпан менің қанымды төгетін еді… Халқым жер емшегін еме алмады, қала, кент салғызып үлгермедім… Ел­дің басы аса бірікпеді, тентегі, телісі көп болды…"

Міне, сол алты алаштың аңсаған, Абылайханның армандаған арманына ұлы дала баласы ХХ ғасырдың соңында жетті. Дәлірек айтсақ, 1991 жылы Абылайдың дана жолы Нұрсұлтанның нұрлы жолына айналып, қазақ халқына баянды бақыт әкелді. Содан бері ол күн қазақ елі үшін алтын әріппен жазылған тарихи күнге айналды.

Сол тарихи күнде (1991 жылғы 16 желтоқсанда) дүйім жұрттың алдында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік…

Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын…

Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін» деп, толғана сөйлегені бар еді.

Иә, ел Президенті айтқандай, ғасырлар бойы аңсаған ата-баба арманы еді бұл. Бодандықтың қамытынан босануға қазақ талай талпынбады дейсіз бе? Әрісінен қозғасақ, ұлы дала төсіндегі  он жеті жылға созылған 1789 жылы Сырым батыр Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс,  1836-37 жылдардағы Исатай-Махамбет көтерілісі, 1837-1847 жылдары өріс алған Кенесары бастаған қозғалыс, 1856-1857 жылдары Жанқожа батыр, 1855-1858 жылдары Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістер, ең соңғылары, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Олар не үшін, не себептен күресті? Әрине, ел азаттығы үшін!

Ғасырлар бойы аңсаған деп Елбасы осыны меңзеп еді. Кейбіреулерге кейде Кеңес одағы ыдырағанда ең соңынан бөлініп шыққандықтан, тәуел­сіздікке амалымыз жоқтықтан қол соз­ған­дай болып көрінеміз.  Бірақ, еріксізден бодандыққа мойынсынған ата-бабамыздың әр қадамына көз жіберсек, қазақ тарихындағы елдің рухын көтерер қасиетті күнді көптен күткені айдан анық байқалады.

Сол қасиетті күннің ақ таңында бөркін аспанға атып, қуанбаған адам кемде кем. Әсіресе, тағдырдың тауқыметімен шет асып, елден жырақ өмір сүріп жатқан қандастардың қуанышын айтсаңызшы. Кейін елге қоныс аударған  қаламгер Тілекгүл құрбымның сол сәтті: «Қазақстан тәуелсіздік алды дегенде біз қатты толқыдық.  Сол күні ел бір-бірінен сүйінші сұрап, тіпті, қарттарымыз қуанғаннан жылап, «жеттік-ау осы күнге» деп,  көз жастарына ерік берді. Үлкендеріміз қазан көтеріп,  ұлан-асыр той қылды », - деп, бізге әңгіме қылғаны бар.

Міне, қараңызшы, ұғына білгенге, бұл – ұлы той. Ұлы тойдың дүбірі тек қазақ даласын ғана сілкіндірмеді, сол кезде алты құрлықтың ар жағындағы елдерге де жетті. Егемен елдің азаттығына көз жеткізіп, ең алғашқылардың бірі болып, ресми мойындағандар да солар.

Кезінде Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған Вячеслав Ғиззатовтың мәліметіне сүйенсек,  Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағындағы алып мемлекет – Америка Құрама Штаттары, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания, оның артынан Монғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран ислам мемлекеті мойындапты. Ал, Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілін ашты, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды.

Осылайша, әлемнің барша еліне дербестігін танытқан Қазақстан халықаралық аренаға шықты. Қазір еліміз БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың салмақты мүшесіне айналып қана қоймай, мемлекетаралық қарым-қатынастарда да еліміздің мәртебесін көтеретін саяси оқиғаларға, тарихи кезеңдерге де бастамашы болуда. Оған мысал ретінде, осыдан алты жыл бұрын, дәл осы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының төрағалығымен өткен ЕҚЫҰ Саммитін айтып кетсек те жеткілікті.

Айта берсек, егемендігіміздің жиырма бес жылында өткен белестеріміз бен алған асуымыз көп. Соның арқасында қанатымызды кеңге жайып, өсіп-өркендеп, бүгінгі деңгейге жетіп отырмыз. 

Сондықтан, бүгінгімізге шүкір делік. Ертеңімізге үміт арталық. Баға жетпес байлығымыз – егемендігіміздің  әрбір таңында ұрпақ күлкімен көмкеріліп оянсын. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, тәуелсіздігіміз баянды болғай! 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"