Әскери қызметшілер мемлекеттік нагрдалармен марапатталды

Жыл сайын Мемлекет басшысы әскери және қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген және ерліктің үлгісін танытқан бір топ әскери қызметшілерін еліміздің мемлекеттік наградаларымен марапаттайды. Биыл да игі дәстүр жалғасын тауып, Отан қорғаушылар күні қарсаңында оларға Ел Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы кезекті жоғары әскери және арнайы атақтар мен марапаттарды тапсырды.

Ақордада алдымен генерал атанған әскерилерге шен тапсыру рәсімі өтті. Осылайша, елдегі генералдар қатары тағы 14 адаммен толықты. Солардың ішінде, Нұрлан Секенұлы Орманбетовке авиация генерал-лейтенанты, Жандарбек Сәдуұлы Жанзақовқа вице-адмирал, Лұт Сапуұлы Әлшекенов пен Нұрлан Мұсақанұлы Қашағановқа генерал-майор, Айдын Айымбетов пен Нұрлан Кәрбеновке авиация генерал-майоры атақтары берілді.

Жоғары шенді өз қолымен тапсырған Мемлекет басшысы: Қарулы күштер мен арнаулы қызмет қатарындағы жас сарбаздар сіздерге қарап бой түзейді. Сондықтан генерал деген айбынды атаққа дақ түсірмей, офицердің ар-намысын қашан да биік ұстаңыздар. Себебі, бүгін сендерге шен берген маған  – серт, сол шенді абыроймен алып жүру – сендерге серт. Бір-бірімізді ұятқа қалдырмайық», -деді.

Мұнан соң, бейбіт күнде де ерліктің орны бар екенін айта кеткен Елбасы ерлігімен ерекшеленгендерді атап өтіп, бейбіт күнде басын қатерге тіккен батырларды да марапаттады. Атап өтсек, жарылған гранатаға кеудесін тосып, сарбазын қорғап қалған полковник Қайрат Үмбетов «Халық қаһарманы» атанды. Ұшақ апатын алдын алып, жүздеген жолаушының өмірін сақтаған ұшқыш Дмитрий Родин де дәл осындай атаққа ие болды.  

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елі үшін еңбегі сіңген тағы жиырмадан астам азаматқа «Даңқ», «Айбын» ордендері мен «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдерін табыс етті. Атап өтсек, ІI дәрежелі «Даңқ»  орденімен 14776 әскери бөлімі БАӘ және Кувейт және Катар мемлекеттеріндегі әскери атташесі қызметін қоса атқарушы Е.Оразов, I дәрежелі «Айбын» орденімен 14776 әскери бөлімі командирінің орынбасары – орталық бастығы С.Ізтілеуов, ІI дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық қорғаныс университеті бастығының бірінші орынбасары С.Асанов, 10228 әскери бөлімінің командирі Р.Жансейітов, Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы бас штабы бастығының орынбасары Ә.Ыбыраев, «Ерлігі үшін» медалі рота командирі - Қорғаныс министрлігі 29011 әскери бөлімі штаб батальоны командирінің орынбасары Ф.Тағырбеков және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен 44736 әскери бөлімі арнайы мақсаттағы барлау ротасының маманы (барлаушы-мерген) Ә.Жәкенова, 21751 әскери бөлімі авиациялық эскадрильясының командирі А.Құлбасов, 85395 әскери бөлімі танк батальонының командирі Д.Мұхаметжанов, 36803 әскери бөлімі зымыран-техникалық дивизионының командирі М.Смағұлов наградталды.

Олардың қатарында құралайды көзге атқан мергеніміз жайында ел Президенті: «Халықаралық деңгейде танылған мерген қызымыз Әсем Жәкенованы ерекше атап өткім келеді. Ол бүгін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне лайық деп танылды, – деді.

Қол жекпе-жегінен спорт шебері, дзю-до және самбо күресінен спорт шеберлігіне үміткер аға сержант Әсем Жәкенованы ҚР Қарулы Күштерінде де білмейтіндер кемде-кем. Ол ТМД және ҚР Қарулы Күштері арасындағы жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері.  Қазір 44736 әскери бөлімі 1-ші арнайы тағайындалған барлау ротасының аға барлаушы-мергені екі баланың анасы атанып отырған жайы бар.

Жалпы, Мемлекет басшысының Жарлығымен Отан қорғаушы күні қарсаңында әскери және қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлік пен батылдық көрсеткен, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосқан бір топ әскери қызметші, құқық қорғау органдары мен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Барлығы 43 адам орденді, 63 адам медальді және 2 адам Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын иеленді.

 

***

Сол күні ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың тарапынан да ерекше көзге түскен әскери қызметшілер марапаттаудан кенде қалмады. Оларға министр өз қолынан  Қорғаныс министрі ІІ дәрежелі «Айбын» ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапаттап, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсінін табыс етті.

Салтанатты рәсімде жиналғандарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаған ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов: «Өздеріңізге мәлім, Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы: «Біздің Тәуелсіздігіміздің тірегі – халықтың игі істері, ал білегі – оның Қарулы Күштері» деп бұл күнді қашанда ерекше атап, бөлекше бағалап жүреді. Десе де бұл Елбасы мен еліміздің тілегінен шыққан жай ғана қанатты қағида емес. Барша азаматтарымызға таңылған табиғи талап. Мәртебелі де маңызды міндет. Бұл міндетті орындауда, әрине, еліміздің әр аймағында, аспанымыздың биігінде, теңізіміздің көгінде Жоғарғы Бас қолбасшының үмітін ақтап, мемлекеттің абыройын сақтап жүрген өздеріңіз сияқты әскери адамдарымыздың орны да, орайы да бөлек» - деп атап өтті.

Сондай-ақ, Отан қорғаушы күніне орай  Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел алдындағы адал да абыройлы әскери қызметі үшін бір топ азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Үкімге қол қойғанын және өз кезегінде министр бұйрығымен бірқатар әскерилерге әскери шендер беріліп отырғанын айта келе, сол награда мен шен иелерін марапаттауды жөн деп тапты.

«Осынау тәуелсіз еліміздің мемлекеттік наградалары төстеріңізде жарқырап, иықтарыңыздағы шендеріңіз асқақтап жүре бергей. Баршаңызды тағы да алда келе жатқан Отан қорғаушы және Ұлы Жеңіс күндерімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін», - деп Қорғаныс министрі ыстық лебізін де жеткізді.

Сонымен, ІІ дәрежелі «Айбын» орденін ӘТК бас қолбасшысының (ТИЖ жөніндегі) орынбасары –  ҚР ҚК ӘТК БҚБ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің бастығы 1-дәрежелі капитан Серік Борамбаев, ҚР ҚК Оқ-дәрілер бас басқармасының бастығы Есенкелді Орманбек, Бас қолбасшының (қару-жарақ жөніндегі) орынбасары – ҚР ҚК ҚӘ БҚБ Қару-жарақ бас басқармасының бастығы  полковник Асылбек Сатыбалдинов иеленді. Ал, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен әскери-техникалық ынтымақтастық басқармасының бастығы – ҚР ҚМ ӘТСД бастығының орынбасары полковник Ержан Айтақов, бөлім командирінің орынбасары – 83205 әскери бөлімінің материалдық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы подполковник Мүслім Байтұров, аға инженер – ҚР ҚК ӘҚК ӘӘК ҚБ маңдайшептік авиацияны пайдалану бөлімінің инспекторы подполковник Сергей Исаков және ҚР ҚК БШ СЖД ҚР ҚК дамыту басқармасының бастығы полковник Нұрлан Қожабеков марапатталды.  Мұнан өзге, 10216 әскери бөлімінің командирі полковник Талғат Әжібаевқа Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсіні табыс етілді.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"