«KADEX-2016» көрмесі жаңа жетістіктерге жол ашады

Маусымның 2-і мен 5-і ара¬лығында Астанада «KADEX-2016» көрмесі өтеді деп жоспарлануда. Аталған көрменің бас¬ты мақсатының бірі – Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсібі кешенін жандандыру. Әскери мақсаттағы қазақстандық және шетелдік тауар өндірушілердің бірлескен жұмысы үшін алаң ретінде көрме отандық қорғаныс-өнеркәсібі кешенін дамыту үшін қо¬сымша жағдайлар жасауға мүмкіндік бермек. Сонымен бірге «KADEX-2016» жетекші шетелдік және отандық тауар өндірушілермен әскери-техникалық ынтымақтастықты жақсартуға ықпал етіп, әрі қарай сатып алу үшін өнімнің түрлерін айқындауға мүмкіндік туғызбақ.

Жалпы, көрме өткізудің тарихына тоқталатын болсақ, дүниежүзі бойынша бүкіләлемдік көрме ең алғаш рет 1851 жылы 1 мамыр мен 15 қазан аралығында Ұлыбритания астанасы Лондон қаласының Гайд саябағында өткізілген екен. Бұл ұлы көрмеде әлем елдерінің өндірістік тауарлары мен түрлі сұранысқа ие қолөнер бұйымдары, техникалар және автокөліктер қойылған. Аталмыш көрмені 6 миллионнан астам адам тамашалаған деседі. Осынау әлем назарын аударған шараның өтуі барысында Альбертополя мұражайының негізі қаланған екен. Сонымен қатар бүкіләлемдік көрменің арқасында көрмеге қатысқан елдердің өзара қарым-қатынастары нығайып, мемлекетаралық сауда-саттық та дамыған көрінеді. Ал, бұған әлем елдері көз тігіп қана қоймай, қатысуға әрекеттенген бұл көрменің Лондонда өтуі, әрине Ұлыбританияның экономикасының дамуына зор ықпалы болғаны анық. Ағылшындардың бұл бастамасын ары қарай жалғастырған француздар да ел экономикасының дамуына септігін тигізетін бүкіләлемдік көрмені өз елдерінде өткізуді қолға алыпты. Сөйтіп, 1855 жылы бүкіләлемдік көрме Францияда өткен екен. Міне, осындай бастамалардан кейін осы тектес көрмелер түрлі салаға арналып, бүгінгі күнге дейін әлемнің түкпір-түкпірінде өтіп келе жатқанына куә болудамыз. Осы арада тоқталып өтетін болсақ, тарихы сонау өткен ғасырлардан бастау алған Экспо көрмесінің келер жылы елордамыз Астана қаласында өтетіндігі еліміз үшін үлкен жетістік екенін атап өту ләзім. Сол сияқты қазіргі таңда әскери техникалық көрмелер де әлемнің назарынан тыс қалған емес. Мысалы, ғаламтордағы ақпараттарға сүйенсек, DSEI (қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы қорғаныс істері бойынша халықаралық көрмесі) Лондонда әр екі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады екен. Сауда-саттық өткізу мен қорғаныс және қауіпсіздік салалары бойынша инвестиция тарту мақсатында ұйымдастырылатын DSEI көрмесі – жаяу әскер мен теңіз және әуе қорғанысына арналған техникалар, сол сияқты заманауи әскери технологиялар қойылатын әлемдегі өте ауқымды шаралардың бірі деуге де болады.  Мұндай әлемдік деңгейдегі ауқымды шаралар АҚШ, Франция, Ресей сияқты көптеген елдерде де дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Мысалы, Ресейде өтетін Russia Arms Expo көрмесі де – Ресей мен шетелдердің қару-жарақтары қойылатын халықаралық ауқымды шаралардың бірі. Аталмыш шараға 50-ден астам мемлекеттен 20 мыңға жуық делегат қатысып, көрмеге 400-ден астам жәдігер қойылады екен. Бұл шараның ерекшелігі көрмеге қойылған әскери техникалар мен технологиялардың, қару-жарақтардың мүмкіндіктерінің қандай екені арнайы алаңда сынақтан өткізілетін көрінеді. Бұған қарасаңыз, осындау ауқымды шараны өткізуді кез келген мемлекеттің экономикасы мен салалық базаларының көтере бермейтініне көзіңіз жетеді. Бұл тұрғыда «KADEX-2016» халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің Астанада өтетіндігі дамудың даңғыл жолына аяқ басқан еліміздің бағындырған тағы бір жетістіктерінің бірі деуге болатындай. 2010 жылдан бүгінгі күнге дейін «KADEX» көрмесі үш рет өткізілген. Оның басты нәтижесі әртүрлі мақсаттағы оп­тикалық-электрондық аспаптар­ды шығару бойынша бірлескен кәсіп­орындарды құру, радиолокация және радиоэлектрондық күрес жүйелерін шығару мен техникалық қызмет көрсету, үш координаталы радиолокациялық стансаларды шығару, сондай-ақ бронды кеудешелерді шығару бойынша бірқатар бірлескен өндірістер болған.

Естеріңізге салар болсақ, «KADEX-2010» Қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер деп аталатын  «KADEX-2010» Халықаралық көрмесіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның бұрынғы Президенті Абдулла Гүл қатысқан болатын. Көрме экспозициясы Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Әскери-әуе күштерінің авиациялық базасы аумағы алаңындағы төрт ашық павильонға орналастырылған еді.  Аталмыш шарада Австрия, Беларусь, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Қытай, Корея, Ресей, Словакия, Түркия, Украина, Франция, Чехия және басқа да әлемнің 20-дан астам елдерінің 200-ден астам компаниялары қару-жарақ және әскери техникалар, IТ-технологиялар мен байланыс, құрылыс және инфрақұрылым, сондай-ақ тыл мүліктері мен әскери медицина саласындағы өз жетістіктерін көрсеткен-ді. Айта кету керек, экспозицияның басым бөлігін Қазақстанның Қарулы Күштеріне қажетті өнімдер шығаратын отандық кәсіпорындардың өнімдері  иеленгені мәлім. Көрменің ашылу салтанаты барысында Мемлекет басшыларына көрсеткіш бағдарламалары ұсынылып, онда әскери техникалар мен машиналардың, қазіргі заманғы техникалардың мүмкіндіктері де көрсетіліп, сол сияқты авиациялық шоу жасалып, әуе қорғанысы күштерінің ұшқыштары  СУ-27 және МиГ-29 ұшақтарымен әскери ұшу өнерін де көрсеткен болатын.  

Ал алдағы уақытта өтетін «KADEX-2016» халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің статикалық экспозициясын ұйымдастыру үшін 15 мыңдай шаршы метр, сондай-ақ 8 жабық павильон бөлінген екен. Мұнда әлемнің әр елінен келген қатысушы компаниялар орналастырылмақ. Қазіргі уақытта 300-ден аса әскери техника өндіруші компаниялар өз өнімін көрмеге ұсынуға әзір көрінеді. Бұл ретте, шетелдік қатысушылардың, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердің өкілдерінен өтінімдер күн сайын келіп түсіп жатқан сыңайлы.

 Көрменің танымалдылығымен қатар еліміздің қорғаныс-өнеркәсібі кешенін дамыту және армияны жабдықтау үшін «KADEX-2016» тиімділігін де атап өткен жөн шығар. Оның өткізу нәтижелері әртүрлі мақсаттағы оптикалық-электронды аспаптарды өндіру, радиолокация және радиоэлектрондық күрес жүйелерін шығару мен техникалық қызмет көрсету, үш координаталы радиолокациялық станцияларды өндіру, сондай-ақ броньды кеудешелерді шығару жөніндегі бірқатар бірлескен өндірістер болмақ. 

 Келер айдың басында шымылдығын түріп, салтанат құратын «KADEX-2016» халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі Орта Азиядағы ауқымды іс-шараның бірі екенін де атап өту ләзім. 2010 жылдан бастап осымен үш рет өткізілген көрме еліміздің қорғаныс-өнеркәсібі кешенін дамытуға, Қазақстан Қарулы Күштерінің қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету мен өрістетуге бағытталған әскери мақсаттағы отандық және шетелдік тауар өндірушілердің бірлескен жемісті жұмысының және зор жетістіктің де алаңына айналды десек, артық айтқандық болмас. 

Нұрдәулет Талғатұлы


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"