21 маусым – Қазақстан медицина қызметкерлерінің күні

Жексенбіде медицина саласының қызметкерлері өздерінің төл кәсіби мерекесін атап өтеді. Осы тұрғыда бұл саланың дамуына Қарулы Күштеріміздегі әскери медицинада табанды еңбек етіп жүрген азаматтардың қосып жатқан үлесі орасан. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының бағыт аға офицері, медицина қызметінің подполковнигі, медицина ғылымының магистрі Сәулет Мукарапұлы Қалдашов. Ол – Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына еліміздің тарихында қатысқан алғаш бітімгерші әскери-дәрігер. 2019 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.

Мереке қарсаңында біз осы кісімен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

Медицина қызметінің подполковнигі Сәулет Қалдашов:

   «БІТІМГЕРШІ МИССИЯСЫН АБЫРОЙМЕН АТҚАРДЫҚ»

– Сізді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарынан көріп қуанып қалдық. Құтты болсын! Жоба жеңімпазы болу өміріңізге қандай да бір өзгеріс әкелді ме?

– Көп рахмет, Сізге! Шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін. Әрине. Біріншіден, жобаға қатысу арқылы үлкен қолдаушы қоғамның бар екендігін білдім. Екіншіден, маған деген жауапкершіліктің бұрынғыдан да күшейе түскенін сезіндім. Жобада жеңімпаз атануым менің алдымда үлкен шыңдардың және белестердің тұрғанын сезіндірді. Бұл өз кезегінде, жұмысымды бұдан да жоғары деңгейде жалғастыруыма шабыт сыйлап, «Отан үшін, халық үшін» аянбай қызмет етуім жолымда келешекке деген үлкен мақсаттар қойғызды. 

Елбасымызбен ұсынылған бұл жобаның берері көп және мағынасы да терең. Мақсаты – өзінің күнделікті еңбегімен өз саласының, ауқымды түрде алатын болсам, мемлекетіміздің дамуына белгілі бір дәрежеде өз үлесін қосып жүрген қарапайым азаматтар мен азаматшаларды халқымызға кеңінен танымал ету, сол арқылы олардың жасап жатқан еңбектері мен жеткен жетістіктерін дәріптеп, жастарды еңбексүйгіштік пен отансүйгіштікке баулу болып табылады. Бұл тұлғаларды көрген жеткіншек жастар оларды өздеріне үлгі көріп, олардың жұмыстарынан жағымды әсер алып, мақтаныш тұтары сөзсіз.

Осы орайда АҚШ-тың 35-ші президенті Джон Фиджиральд Кеннедидің айтқаны еске түседі: «Сен үшін не істей алады деп еліңен сұрама, керісінше, елім үшін мен не істей аламын деп өзіңнен сұра!». Ол үшін тау қопарудың қажеті жоқ, өз салаңда, өзіңе берілген аймақта еңбегіңе үлкен жауапкершілікпен қарап, кәсібіңді шын сүйіп, сен жасаған жұмыстың нәтижесі – халқыңның әл-ауқаты мен еліңнің өркендеуіне тікелей байланысты екендігін сезінсең болғаны. Мен үшін осы айтқан сезімдердің бастауы отансүйгіштікте жатыр. Отанын шынайы сүйген адам ғана өз елінің гүлденуін, көркеюін және мәңгілік болуын қалай алады. Бұл жастарымызға серпіліс беріп, алдарына алғышарттар қойғызып, биік шыңдарды бағындыруға үміт сыйлап, қоғамымыздың қозғаушы күшіне айналуына себепкер болатыны сөзсіз.

– «Тәрбие талбесіктен басталады» деседі. Бұл жақсы қасиетті отбасыңыздан алғаныңыз анық. Дәрігер болуды да бала күннен армандаған боларсыз?

– Дұрыс айтасыз. Тәлім-тәрбиені ата-анамыздан алдық. Анам Ажаркүл Балғабаева – білім саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек еткен жан. Кеңес заманында ауданға ағылшын тілін үйретуге келген алғашқы мұғалімдер легін бастап келген анам – артынан ізбасарларын ертіп, көптеген буын өкілдеріне осы шет тілін үйретіп, өмірлеріне жолдама берген тәжірибесі мол құрметті педагог. Әкем Мукарап Қалдашев – мал дәрігері.

Балалық шағымда әкем дәрігер-ветеринар ретінде ауылдық жерде төрт түліктің ем-домын жасап, тән ауруына араша болып жүргенін көп көрдім.

07.09.19ж. БҰҰ Әлемге қызметі үшін медалімен марапаттаудан кейінгі сәт.jpg

Үй жақта балалармен ойнап жүріп, балалық ой-қиял қайда қалықтамады десеңізші?! Архитектор, суретші, ал, ойын балаларымен шекісіп қалған уақытта ортаға араша түсіп, пайда болған даудың шешімін айтқан кезімде заң саласын оқысам ба деген ойлар да болды. Бірақ, басымдық мені медицина саласына әкелді.

Дәрігерлікке алғаш қадамым Алматыдағы қазақ-түрік лицейінің биология және химия пәнін тереңдетіп оқыту сыныбына оқуға түсуімнен басталды. Ойланбаған жерден жазда каникул кезінде мектеп басшысы үйге телефон соғып, Алматыдағы қазақ-түрік лицейі Қызылорда облысы бойынша әр ауданнан үздік оқитын екі оқушыдан таңдап, конкурс жариялап жатыр, соған балаңызды талапкер ретінде жіберсек деп өтініш білдіріпті. Ата-анам келісім беріп, бағымды сынап, осы мектепке келіп түстім. Одан әрі, медицинаның қара шаңырағы – Алматыдағы С.Ж.Асфендияров атындағы медициналық университеттің «емдеу ісі» факультетіне түсіп, медицинаның жан-жақты қыр-сырын үйреніп, үздік студент ретінде әскери кафедраға қабылдандым. Кеңес Одағында әскери қызметте болған әскери-дәрігерлерден тәлім алып, біртіндеп әскери медицинаға қызығушылығым пайда болды.

«Дәрігер боламын» деген ой бірден келді деп айтқаным артық болар. Осы жолға келуіме көп жайттар әсер етті. Университетті «хирургия» мамандығымен тәмамдаған соң, үлкен ғалым-оқытушыларым университет қабырғасында қалып, кафедраларда сабақ беріп, ғылыммен айналысуымды ұсынды. Бірақ, алдымен тәжірибе, сосын ғылымға келемін деген оймен әскери-оқытушы дәрігерлер мен әкемнің кеңесін тыңдап, Қарулы Күштер қатарына қосылдым.

Алғашқы қызметімді Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар ауылының маңындағы Гвардейск әскери гарнизонындағы қарапайым мотоатқыштар полкінің дәрігері ретінде бастап, әскери медицинаның баспалдақтарынан өтіп, санитарлық-эпидемиологиялық салада, әскери медициналық білім беру жүйесінде де болып, қазір басқарма саласында қызмет атқарудамын.

– Сәулет, бітімгершілікпен Ливанда болған тұңғыш қазақстандық әскери дәрігер екенсіз. Сіздерге қандай міндет жүктелді?

– Иә. Еліміздің тарихында Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына барған алғашқы әскери-дәрігермін.

Қазақстан 2018 жылдың қазан айынан бастап тұңғыш рет өз әскери контингентін әлемдік бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі міндеттемелерін орындау мақсатында, Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливан Республикасындағы «Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша Күштері (United Nations Interim Forces in Lebanon)» деп аталатын бітімгершілік миссиясына жібере бастады (Оңтүстік Шығыс Ливан, Маржауин ауданы, Израиль және Сириямен шекаралас таулы аймақ).

2019 жылдың мамыры мен қараша айлары аралығында мен де осы миссия құрамында бітімгершілік борышымды атқарып келдім.

Біз әлемнің 42 мемлекетінен келген бітімгершілік тәжірибелері мол әскери қызметкерлермен қоян-қолтық жұмыс жасадық.

Өзімізге тапсырылған жауапкершілігіміздегі аймақта БҰҰ-ның сондағы миссиясының талаптарын орындадық. Міндетіміз – Израиль мен Ливанның арасындағы уақытша «көгілдір сызық» деп аталатын шекараның бұзылмауын, атыстың, заңсыз іс-әрекеттер мен қимыл-қозғалыстардың болмауын қадағалау. Сонымен қатар, Ливан Үкіметі мен Қарулы Күштеріне жан-жақты көмек көрсету арқылы елдің аяғынан тұрып кетуіне атсалысу болып табылды. Біздің офицерлер мен сарбаздарымыз, Израиль және Сирия жақтағы 24 сағаттық бақылау бекеттері мен сол елдерден келетін жолдардағы автокөліктердің қимыл-қозғалыстарын бақылап-тексеретін блок-бекеттерде қызмет атқарды.

Бөтен елде, бөтен жерде мүлдем жаңа жағдайда, бізге жауапкершілікпен тапсырылған аймақта «24 сағат 7 күн» тәртібімен миссия мандаттары талаптарының толық орындалуына атсалыстық. Өз қызметіміз барысында ешқандай құқықбұзушылықтар мен кемшіліктерге жол бермей, ісімізге қырағылық, сындарлық, айбындылық таныта отырып, миссияның басшылығы тарапынан «Жоғарғы дәрежедегі шебер және басқаларға үлгі тұтарлық қазақ жауынгерлері» деген ілтипатқа ие болдық.

Ливандағы Үндістан республикасы елшісінің БҰҰ-ның Әлемге қызметі үшін медальін тапсыру сәті.jpg

Ливан халқы мен үлкен басшылық тарапы да жылы лебіздерін білдірді. Тіпті, олар біздің әлі де сол жерде болғанымызды қалады. Бір сөзбен айтқанда, Ливан халқымен тығыз достық қарым-қатынас орнатып келдік. 

Біздер, бітімгерші офицерлер мен сержанттар өз біліктілігіміздің, шынайы көрегенділігіміздің және мол тәжірибеміздің арқасында Жоғарғы қолбасшылықтың біздің алдымызға қойған тапсырмалары мен сенімдерін еш күмәнсіз, абыроймен және толық дәрежеде орындап келдік.

Ал, өзіме келетін болсам, «ҮндіҚазақ» батальонының тыл бөлімінде тыл жөніндегі офицер ретінде әскеріміздің шет мемлекетте қызмет жасауына қолайлы жағдай туғыза отырып, оған қоса, әскери-дәрігер ретінде өздерімізге, шетелдік әскери қызметкерлерге және жергілікті халыққа медициналық көмекті ұйымдастырумен айналыстым. Өйткені, онда Үкімет тарапынан халық медицинамен толық қамтылмаған, бәрі қымбатшылық, қолжетімді бола бермейді. Сондықтан, жергілікті халық көбінесе біздер сияқты көмекке келген шетел дәрігерлеріне жүгініп, арқа сүйеп, сенім білдіреді.

Сонымен қатар, осы аймаққа әртүрлі елдерден келіп жайғастырылған әртүрлі деңгейдегі БҰҰ госпитальдарын араладым. Жұмыс барысында госпитальдардың құрылымдарымен, жалпы жұмыстарының ұйымдастырылуы және оның жүргізілу тәртібімен, ондағы медициналық құрылғылар мен мүліктер, олардың жабдықталу ерекшеліктерімен, медициналық құжаттардың жүргізілу ретімен, емдеу-профилактикалық жұмысымен және олардың штатына сәйкес медициналық қызметкерлермен қамтамасыз етілуімен таныстым.

– От пен оқтың ортасына баратыныңызды отбасыңыз қалай қабылдады?

– Орынды сұрақ. Өзіңіз білесіз, әскери адам көп жағдайда әскери қызметтің ерекшелігіне байланысты бір гарнизоннан екінші гарнизонға, қалалардан қалаға үнемі көшіп жүретіндіктен, оның жанұясы қасында бірге болып, әскери қызметтің ыстығы мен суығына бірге көніп, ауыртпашылықтарын бірге бөлісіп отырады.

Әскери ортада «сенімді тылың – бұл жұбайың» деген қалыптасқан пікір бар ғой. Осыған сүйеніп айтарым, менің жұбайым мен отбасы мүшелерім менің әрбір шешіміме оңтайлы қарап, үнемі қолдау білдіріп отырады.

Алдыма мақсат қойып, алғашқыда Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясына әскери бақылаушы болып баруға іріктеліп алындым. Бірнеше жылдар бойы елдегі және шет елдердегі әртүрлі оқу-жаттығуларға, семинарлар мен конференцияларға үйренуші ретінде қатысып, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Еуропадағы Ынтымақтастық және Қауіпсіздік Ұйымы, Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымы аясында өткізілген шараларда дәріс беруші және нұсқаушы ретінде шақырылып, белгілі бір дәрежеде тәжірибе жинақтадым.

Осы жұмыстарымнан алған әсерлеріммен жанұяммен бөлісіп отырғандықтан, олар да менімен бірге «Біріккен Ұлттар Ұйымы, оның бітімгершілік операциялары, әлемдік бейбітшілікті сақтаудағы рөлі» жайлы толық мағлұмат алып, оның қаншалықты маңызды екендігін түсіне бастады.

2018 жылы Елбасымыз бен Үкіметіміз Ливан Республикасындағы «Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша Күштері» деп аталатын БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына Қазақ бітімгершілік ротасын жіберу туралы шешім қабылдаған соң, менің басшылығым «ҮндіҚазақ» батальонының тыл жөніндегі офицері ретінде баруымды ұсынды. Ойланбастан әскери офицер ретінде келісіп, баруға бел байладым.

Міне, осылайша отбасым менімен бірге сырттай тәжірибе жинады. Ал өзімді сынауға сын сағаттар туып, осы бағытта алған білімім мен машықтарымды Ливан елінде көрсетуіме тура келгенде менімен келісіп, барып келуіме қарсылық танытпады.

– Бітімгер ретіндегі бір күніңізді суреттеп беріңізші...

– Менің «ҮндіҚазақ» батальонының тыл жөніндегі офицері, сонымен қатар бітімгерші әскери-дәрігер ретіндегі міндетім қазақ ротасының жеке құрамын материалдық-техникалық қамтамасыз ету, яғни оларды уақытылы, сапалы және үздіксіз ауызсумен, азық-түлікпен, киім-кешекпен, керекті жиһаз және инженерлік жабдықтармен, транспортпен және монша-кір жуу қызметімен қамтамасыз ету, оған қоса қажетті медициналық көмекті ұйымдастыру болып табылады. Бұл өз кезегінде офицерлер мен сержанттардың өмір сүрулері мен күнделікті бітімгершілік қызметтерін өз деңгейінде сапалы атқарулары үшін барынша қолайлы жағдай туғызу – менің басты жауапкершілігім деген сөз.

Менің күнделікті жұмысым, сағат 06.00-гі денешынықтырумен басталады. Таңертеңгілік астан соң, штабта үнді әріптестеріммен тылдық қамтамасыз ету бойынша туындаған өзекті сұрақтар мен мәселелерді талқылаймын. Олармен бірге осы сұрақтардың жауабын тауып, түпкілікті шешім қабылдау үшін қажет ұсыныстар жасаймын. Сонымен қатар, жоғарғы басшылықтан азық-түлік (тағамдарды тасымалдау және қабылдау, оларды сақтау, уақытылы ауыстыру, қажетті қорымен толықтыру), киім-кешекпен және медициналық қамтамасыз ету бойынша келіп түскен құжаттарды қарап, оларға жауап дайындаймын.

Үндіқазақ батальонының 4-3 базасында.jpg

Штабтағы жұмыстан соң, біздің қазақстандық бітімгершілік ротасы орналасқан базаға және бітімгершілік қызметтерін атқарып жатқан нысандарға барып, әскери қызметшілеріміздің денсаулықтарын тексеріп, көңіл-күйлерін сұрап-біліп, олардың жайғастырылу орындары мен тұрмыс жағдайларын қарап, қажетті ауызсудың, азық-түліктердің және жабдықтардың жеткізілуі мен толықтырылуын тексеріп, пайда болған кездейсоқ мәселелердің шешімдерін тауып, сұраныстарын қанағаттандырумен шұғылданамын. Денсаулықтарына шағымданғандар мен аяқасты науқастанғандарға орта буынды медициналық қызметкерлеріммен бірге медициналық көмек көрсетіп, оларды сәйкес БҰҰ госпитальдарына эвакуациялауды ұйымдастырамын.

Әрі қарай, батальонға қарасты бірінші деңгейлік госпитальдағы шетелдік дәрігерлермен медициналық қамтамасыз етуге қажетті сұрақтарды талқылап, ондағы науқастардың жай-күйімен танысамын. Аптасына 5 күн Ливан халқына медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырып, келген науқас адамдарға қажетті ем-домдарды жасауға тікелей қатысамын. Бұл өз кезегінде әскеріміздің беделін арттырып, миссия мандатын жүзеге асыру мақсатында халықпен достық қарым-қатынасты орнатуға өз септігін тигізеді.

Одан әрі, «ҮндіҚазақ» батальоны жұмылдыру бөлімінің кестесіне сәйкес жеңіл көлікпен патрульдің бастығы ретінде 2-4 сағатқа шолу жасауға шығамын. Маршрутымыз Ливанның Израиль мемлекетімен шекарасындағы БҰҰ-ның уақытша белгілеген «көгілдір сызығы» бойымен жүріп өтіп, күнделікті миссия мандатының сақталуын тексеру және бақылау болып табылады.

Тыл офицері ретінде ротамыздың материалдық-техникалық сұрақтары бойынша БҰҰ тарапынан Нью-Йорк қаласынан және Ливандағы миссия штабы орналасқан Накура қаласынан келген тексерулердің («Operational Readiness Inspection» (10.06. және 24.10.2019 ж.) және «Contingent Owned Equipment» (02.09.2019 ж.) өтуін ұйымдастырдым. Осы тексерулердің қорытындылары бойынша ротамыз балдық бағалау жүйесі бойынша басқа контингенттерге қарағанда жоғарғы рейтингті иеленді.

Бұдан басқа, миссиядағы көпұлтты әскери контингенттер арасында болып жатқан жоспарлы мәдени және спорттық, сонымен қатар, Ливан елі мен олардың әскерімен қатынасты нығайту мақсатында болатын шараларға етене араласып, өз деңгейімде жұмыстар атқардым.

– Сәулет, қанша тіл білесіз? Сұраған себебім, ондағы өзге ұлт өкілдерімен қалай түсінісіп, жұмыс істедіңіз?

– Мен үш тілде жетік сөйлеймін. Әлбетте, қазақы жердің баласы болғандықтан өз ана тілім – қазақ тілін бірінші орынға қоямын. Содан соң, орыс және ағылшын тілдерінде де өте жетік сөйлеймін. Қазір француз тілін игерудемін. Ливан елінде маған жұмыс істеу оңайырақ болды десем болады, өйткені жергілікті халық көбінесе ағылшын және француз тілдерінде сөйлейді. Сонымен қатар, осы елге шығар алдында араб тілінде сәлемдесу, өзіңе жақын тартып әңгімелесу үшін қажет біршама сөздер мен сөйлемдерді үйрендім. Тағы бір қызық болғаны, арасында орыс тілінде сөйлейтін егде жастағы адамдар да кездесті. Олар көбінесе мамандықтары дәрігер, инженер, педагог және зейнеттегі әскери адамдар еді. Сұрай келе, олардың бұрынғы Кеңес Одағында Алматы, Мәскеу, Харьков қалаларында білім алғандарын білдік.

– Ливан сапарынан не түйдіңіз?

– Әрине, маған үлкен ой салды десем болады, оны әрбір қазақстандыққа жеткізу керектігін ұғындым. Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларындағы жұмыс – бұл үлкен еңбек. Мұнда әралуандық бар. Бұл бізге жаңа тәжірибе алуға және өзімізге жаңа мүмкіндіктер ашуға жол сілтейді. Осындай бітімгершілік миссияларға қатысу барысында біздің әскери қызметшілер баға жетпес кәсіби тәжірибеге қол жеткізіп, іс жүзінде осы білімдері мен дағдыларын қолдана алатынын атап өткім келеді. Сонымен қатар, осындай миссияларға қатысу мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін арттырады.

Миссия адамның дүниетанымын өзгертеді деп айта аламын. Соғыс пен қақтығыстардың ауыртпалықтары мен салдарын көріп, әлемге басқаша қарайсың және барлық күш-жігерді бейбітшілікті қорғауға бағыттау қажеттігін білесің. Ливанның мысалында еліміздің күші халықтың бірлігінде екенін, ал ауызбіршілік пен ынтымақсыз мемлекет болмайтынын түсінесің.

Себебі бірлік пен келісім бар жерде ғана бейбітшілік орнайды. Ол біздер мен сіздердің, қазақ шаңырағының астына біріккен халықтар мен этностардың бір-бірімізге деген ыстық ықыласымыз, түсіністігіміз бен келісіміміздің тұрақтылығынан туындайды. Сондықтан бейбіт өмірдің болуы да, болмауы да біздердің өз қолымызда. Оны ешкім бізге әкеліп бермейді, оны ешкім бізге сыйға тартпайды!

Біз сол шалғайдағы күйзеліс болып жатқан елде жүріп, бітімгершілік тәжірибемізді молайта отырып, рухани жандүниемізді байыта отырып, «Отан-Ана», «Жер», «Бейбітшілік», «Тұрақтылық» деген қасиетті ұғымдардың мағыналарын жете түсініп, қадір-қасиетінің шексіз екендігін сезініп, қазақстандық патриотизм туын берік ұстануға әбден шыңдалдық.

– Тұшымды сұхбатыңызға рахмет!


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"