«ҚАРА МАЙОРДЫҢ» ЕҢ БАСТЫ ЕРЛІГІ

... 1980 жылдың қаңтарында КСРО арнайы әскер жіберіп, Ауғанстанның билеушісі Х.Аминді құлатып, оның орнына Бабрак Кармалды отырғызды. Міне, осы кезде Ахмед шах Масуд Кабулды тастап, өзінің туған өлкесі Паншерге келеді. Паншер – ұзыннан ұзақ созылып жатқан, бір шеті Пәкіс¬танмен шектесетін, таулы, қыратты, ойлы-қырлы үлкен аймақ. Кішігірім мемлекет сыйып кететін өңірді «Паншер аймағы», «Паншер өлкесі», «Паншер аңғары» деп те атайды. Көбінесе қысқа ғана бір сөзбен «Паншер» дейді. Паншерге қалалар да, кенттер де, қышлақтар да, өндіріс орындары да, халық та молынан шоғырланған.
Паншерде сонымен бірге Пан¬шер өзені, Паншер шатқалы бар. Оқырмандарымыз шатастырып алмас үшін біз төменде сөз ететін қиян-кескі шайқастар негізінен осы Паншер шатқалы үшін болғанын айта кеткенді орынды көрдік. Паншер шатқалы – үлкен стратегиялық ма¬ңызы бар нүкте.

...Кабул мен Паншердің арасы – 80 километр. Шахтың моджахедтері Кабулға бара жатқан совет әскерлері мен автоколонналарды атқылап маза бермейтін. Олар Совет армиясымен де, Бабрак Кармал басқарған Ауған өкіметінің әскерімен де қа­тар соғысады. Азық-түлік тиелген көлік­терді Кабулға жеткізу Совет Одағы тарапына үлкен күшке айналады. Содан…

Содан КСРО Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының маршалы С.Соколов бастаған әскери қолбасшылар Паншерге шұғыл шаб­уыл жасау керек деп шешеді. Олардың мұндағы мақсаты – Ахмед шах Масудтың өзі мен әскерлерін түгел жойып жіберу емес, әрине. Бүкіл Ауған халқы қолдайтын тұлғаны түп-тамырымен жойып жібере алмайтынын бас қолбасшылық та біліп отыр ғой. Бұлардың мақсаты – Ахмед шахты әлсірету арқылы оны келіссөз жасауға мәжбүрлеу.

Сонымен Совет әскерлері 1981 жылдың мамыр айында Паншерге шабуыл бастады. Операцияға 36 батальон жұмылдырылады. Бұл баталь­ондардың 20-сы – советтікі болса, 16-сы – Б.Кармал билейтін Ауған өкіметінікі еді. Бұдан басқа шабуылға тек  Совет тарапынан 104 тікұшақ, 26 әскери ұшақ, 165 миномет, 250 БТР және өзге де қару-жарақ түрлері мен қосымша күштер қатысады. Бір аптаға созылған қиян-кес­кі шайқаста екі жақ та үлкен шығынға ұшы­рады. Ал өз шебін жеті күн ұстаған Ахмед шах ақырында Паншерді тастап шықты.

Енді Совет әскеріне қайткен күн­де де Паншерді ұстап тұру керек еді. Ахмед шах сонда  ғана келіссөзге келуі мүмкін. Ең әуелі Бабрак Кармалдың жоғарыда айтылған 16 батальонына Паншерде қалып, шатқалды қорғап тұру тапсырылады. Алайда, Бабрак Кармал КСРО-ның қолбасшыларына «Бізге әзірге Паншер керек емес, біздің алдымызда Паншерден де маңызды міндеттер тұр…» деп, Ауған әскерін түгел Кабулға алып кетеді. Не істеу керек?

Сол тұста Совет  барлаушылары мынадай мәлімет алып келеді: Ахмед шах Масуд өзінің әскерлерін шоғырландырып, топтас­тырып, қайта жасақтап, Паншерді қайтарып алуға қызу кірісіп жатыр екен. Өзі­нің жасырын штабына далалық командирлерін түгел жинап: «1 ай­дың ішінде Паншерді қайтарып аламын!» деп, Құран ұстап, ант беріпті. Ахмед шах – уәденің адамы. Айтты ма бітті, оны орындайды! Енді не істеу керек?

«Тым болмағанда Паншерді 1 ай ұстап тұру керек!» деп шешкен КСРО-ның әскери қолбасшылары шатқалға ең таңдаулы, ең ірікті, ең ержүрек батальондарды қалдыру қа­жет деп шешеді. Сол батальонның бірі – «Қара майордың» батальоны болатын.

***

...Биіктегі бекіністер мен атыс ұяларын басып алудың қиындығы жөнінде «Қара майордың» өзі де «Капчагайский батальон» атты кіта­бында жазады. Енді осы кітаптан бір үзінді келтіре кетелік:

«Паншер үшін болған кескілескен шайқаста бізге жаудың 4500 метр биіктікте орналасқан атыс ұясын алу тапсырылды. Ұры тіс сияқты сойдиып шығып тұрған жақпар тастың арасындағы атыс ұясын «Зуб» деп атадық. «Ұрыста тұрыс жоқ», капитан Бекбоевтың 3-ші ротасы, Х.Оразалиев басқаратын АГС-17, старшина Александр Бубенцовтың инженерлік-саперлық ротасы менің бұйрығыммен «Зубқа» тіке шабуыл­ды бастап та кетті. Бәрін айтып не қылайын, таңғы сағат 4-те басталған шабуылымыз келесі күні кешкі 9-ға дейін ұласты. Сағат 9-да атыс ұясы толық біздің қолымызға көшті. Мұндайда қайдан шығын болмасын?! Аға лейтенант Р.Мередурдыев жараланды, онымен бірге екі барлаушымыз да жарақат алып қалды. Х.Оразалиевке де оқ тиді, ертеңіне Ташкентте арнаулы гос­питальға жет­кізілген кезде қайтыс болды…».

«Қара майор» келесі бір биіктегі қиын бекіністі алған кезде «7 бірдей жауынгерінің оққа ұшқанын» жазады. Қалай оққа ұш­пайды, Ахмед шахтың моджахедтері жер жағдайын бес саусағындай біледі. Және олар биіктен бұларды жақсы әрі жан-жақты бақылап отырады…

Айрықша ерлік көрсеткен «Қара майор­дың» батальонын Паншерді ұстап тұру­ға (тым құрығанда 1 ай ұстап тұруға!) қалдырады. Мұндағы ұрыс қимылын бас­қарған 40-шы армияның штаб бастығы, генерал Н.Г.Тер-Григорьянцтың өзі «Қара майорға» телефонмен хабарлайды. «Ең әуелі құттықтап қояйын, сізге подполковник шені берілді» дейді ол.

Кейбір  деректерде Паншерді ұстап тұруға 8 батальон, ал енді кейбір деректе 9 батальон қалдырылды дейді. Осы батальондардың ішінен тағы да «Қара майордың» батальоны өзге батальондарға қарағанда айрықша көзге түседі. Жанкештілігімен, еп­тілігімен, ержүректігімен, әскери ше­берлігімен, тапқырлығымен, ұт­қыр­­лығымен, маневр жасай алғыш­тығымен! Сонымен не керек, әйгілі шатқалды ұстап тұруға қалдырылған батальондар Паншерді 1 ай емес, 2 айға жуық бермей тұрады ғой. Ал осы екі айға жуық уақытта «Қара майор» да, оның батальоны да қылыштың жүзінде жүрді. Ауғанстандағы соғыс жылдары «Қара майор» өзінің 40-тан астам сарбазы мен 4 офицерінен айырылса, солардың басым көпшілігі Паншерде көз жұмған еді.

Ахмед шах Масудтың «Қара майор­дың» басына 1 миллион афганиды тігіп жүргені де – осы кез. 1 мил­лион доллар емес, 1 миллион афгани тігілгенін біз кейінірек анықтадық. 1 миллион афгани да аз ақша емес, әрине.

Ахмед шахтың Пан­шерді ұстап тұруға тырысқан өзге батальондардың командирлеріне емес, дәл «Қара майордың» басы үшін ақша тігуінде үлкен мән жатыр. Паншердегі ұрыс қимылын бастан-аяқ өзі бақылап отырған Шах ең мық­ты қарсылас, ең мықты жау, ең айлалы да зиянды дұшпан «Қа­ра майор» екенін білгеннен кейін «Мына қа­ра пәленің, «Қара майордың» қайткен күн­де де көзін жою керек!» деп үлкен ақша тіккен.

Шатқалдағы аңдысқан, арбасқан, кескі­лескен ұрыс 2 айға жуық уақытқа созылды. Егер текетірес онан әрі созыла берсе өзінің жағдайы нашарлайтынын сезінген Ахмед шах Масуд келісімге жүгінуге мәжбүр болады. Ол 1982 жылдың шілде айында Совет әскерінің басшылығымен келіссөз жүргізеді. Екі тарапты келіссөзді әзірлеу процесіне «Қара майор» да қа­тысады. Біраз ырғасқаннан кейін екі жақ та бәтуаға келеді. Бұл келісім бойынша  Ахмед шах Масуд 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін Паншердегі Совет әскері мен Ауған әскері (Б.Кармал өкіметінің әскері) гарнизондарына қарсы соғыс қимылдарын  жүргізбеуге, өзі бақы­лайтын территорияда оқ атпауға уәде етеді. Әрине, Шах та біздің советтік генералдарға ауыр-ауыр шарттар қойды. Мәселен, соның бірі мынадай: совет өкіметінің өкілдері Ахмед шах бақылайтын территорияда жергілікті биліктің ісіне қол сұқпауға тиіс. Совет жағы шарттарды қабылдауға көнді.

Менің өз өлшемім бойын­ша, «Қара майордың» Ауған соғы­сындағы ең бас­ты ерлігі де – осы! Ахмед шах Масудты келіссөзге жүгіндіру, жүгінуге мәжбүр ету. Егер «Қара майор» мен осы «Қара майор» секілді жанкештілер болмаса, Ахмед шах Масуд келіссөзге келер ме еді? Әрине, жоламас та еді. Келіссөздің арқасында Ахмед шах Масудтың моджахедтері 1982 жылдың шілдесінен бастап 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін Паншердегі совет әскерін атқылаған жоқ. Оларға қарсы ұрыс қимылдарын жүргізген жоқ. Демек, қаншама адамның өмірі сақталып қалды десеңізші!

1982 жылдың шілдесінен бастап 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін КСРО-ға (оның ішінде, әрине, Қазақстанға да!) аман-есен оралған әрбір жауынгер «Қара майорға» қарыздар секілденіп көрінеді де тұрады, маған.

 

***

32 жылдан кейін, 2011 жылы Ауған­станға қайта жолым түсті. Менің Ауғанстандағы азапты жыл­да­рым туралы деректі фильм түсіріліп жатыр еді. Содан фильмнің режиссері Тілеген Ахметов, операторы Нұрлан Баянов және мен, үшеу болып Ауғанстанға барып қайтуға бел будық.

Кабул әуежайына қонғаннан кейін тіке елшілікке тарттық. Елшілік қызметкерлерінің тікелей нұсқауымен, солардың жол көрсетуімен Ауғанстанды аралауға кірістік. Біраз жерді шарладық. Соның ішінде Паншерге де жолымыз түсті.

Жолбасшымыз – полковник Уахиддин Паншеридiң өзi.

Уахиддин Паншери – Ахмед шах Ма­судтың ең сенiмдi адамының бiрi, яғни оның шаруашылық жөнiндегi орынбасары болған. Жауынгерлердi азық-түлiкпен, қару-жарақпен, киiм-кешекпен қамтамасыз ету Уахиддин Паншериге жүктелген.

Паншерді біраз аралап, тиісті жерлерде болғаннан кейін, қайтар кезде Уахиддин Паншери Руха өзенiнiң жағасындағы шайханаға шағын дастарқан ұйымдастырды. Руха өзенi патша-балыққа (форель) бай. Форель қуыртып, шай бердi.

– Кезiнде бiр-бiрiмiзге қару кезенiп, бiрiмiздi-бiрiмiз автоматтың қарауылында ұстаған сенiмен бүгiн дәмдес боламыз деп кiм ойлаған?! – дедi У.Паншери маған қарап, – Алла­ның құдiретiнде шек жоқ екен… Қазiр КСРО келмеске кеттi. Қазақстан – өз ұстанымы, өз мақсат-мүддесi бар тәуелсiз ел. Дiнiмiз бiр. Демек, бiр-бiрiмiзге бөтен емеспiз. Мен сенi дос есебiнде қабылдап отырмын, – деді.

Ауғанстанға сапар алдында Борис Төкенұлы маған: –  «Баха, запомни мои слова, если хочешь остаться в живых, не вздумай говорить, что ты был в Афгане», – деп ескерткен болатын. Уахиддиннің маған деген тазалығын таразылағанда мені Ауғанстанда болғанымды білдірт­пеуге жаннан гөрі, ар тазалығы жібермеді. Болмаса құжат бойынша мен «Қазақфильмнің» актері ретінде барғанмын.

У.Паншери бақуат тұрады екен. «Жеке қаржыма паншерлiктерге электростанция салып бердiм» дедi. Осы кезде қалжыңдап:

– Баяғы «Қара майордың» басы үшiн тiгiлген 1 миллион долларды қайда жұмса­дыңыздар? – дедiм.

Уахиддин Паншери ақырын жымиып күлдi. Күле отырып:

– Шын мәнiнде, «Қара майордың» басы үшiн 1 миллион доллар емес, 1 миллион афгани тiгiлген болатын, – дедi.

Афгани – ауған ақшасы. Әрине, құны доллардан арзандау. Бірақ, жаңа айтқаны­мыздай, бұл да аз ақша емес.

У.Паншери «Қара майордың» атын да, затын да жақсы бiледi. У.Паншери тұрмақ, Ахмед шах Масудтың өзi кезiнде «Мына қара пәледен, «Қара майордан» қалай құты­ламыз?» деген ғой. Аузы дуалы Ахмед шах Масудтың сөзінен кейін майдандас ағамыз Борис Керiмбаев күллi Ауғанстанға, қала бердi бүкiл Совет Одағына «Қара майор» атанып кеткен еді.

«Ауғанстанға алғаш кіргенде «Қара майор» өзінің батальонымен Маймене қаласында болды. Бұл өңірдегі дұшмандардың басшысы Маулана Қара екен. Содан солдаттар әзілдеп «Сендердің Маулана Қараларыңа енді біздің «Қара майор» қарсы тұрады» деген көрінеді. Содан Борис Керімбаев «Қара майор» атанып кетті» дейтіндер де бар. Бірақ өз басым бұған онша сеніңкіремеймін. Совет барлаушылары «Ахмед шах Масуд «Мына қара пәле, қара майор қайдан шықты? Көзін жою керек!» депті» деген мәліметті Совет әскерлерінің арасына кеңінен таратып жіберді де, «Қара майордың» лақап аты осыдан кейін ауыздан-ауызға көшіп, қалыптасып кетті.

Сөз арасында айта кеткен де жөн шығар, «Қара майордың» батальонын Ауғанстанда «Мұсылман батальон» деп атады. Бұл – сөз жоқ, шартты атау. Керімбаевтың батальонында қазақ, қырғыз, түркімен, тәжік, өзбек жігіттері көп болды. «Мұсылман батальон» да осыдан шықты.

Ауған халқы – жауынгер халық және шын жауынгер екенiңдi таныта, мойындата бiлсең, жау болсаң да сенi сыйлайды, қадiрлейдi. Жалпы, «Қара майорды» Ауғанның әскери ортасы белгiлi бiр дәрежеде биiк бағалайды. Әрине, оның себебi бiреу-ақ. Бұлар «Қара майорды» қазақ болғаны үшiн, не болмаса «мұсылман баласы ғой…» деп iш тартпайды. Олар «Қара майорды» өз iсiнiң бiлгiрi, өз iсiнiң шеберi деп таниды. Соғыс өнерiн жетiк меңгерген, әскери амал-тәсiлдердi орайымен әрi ұтымды түрде қолдана бiлетiн батальон ко­ман­дирiнiң, яғни «Қара майордың» атын ұмытпайтыны да содан.

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек СМАҒҰЛ

(Қазақтың «қара майоры» кітабынан ықшамдалып алынды)

 

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"