Ұшқыштар өрт сөндіру жаттығуларын пысықтады

Өрт. Даланы қызыл жалын шарпып жатыр. Дала өрті фермаға жақындап қалған. Тілсіз жау жеке шаруа қожалығының малына, тұрғын үйіне қауіп төндіруі мүмкін. Семей қаласындағы авиациялық базаның кезекші бөлімшесіне осындай сигнал келіп түсті. Әскери авиация ұшқыштары уақыт жоғалтпай бірден құтқарудың қамына кірісті. Өрт сөндіруге арналған қосымша қондырғысы бар Ми-17 тікұшағымен әуеге көтеріліп, экипаж мүшелерінің кәсіби және шұғыл қимылдауының арқасында өрт басқа аумаққа жайылмай, уақытында сөндірілді

Мұндай жаттығулар ҚР Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес өртке қауіпті кезең – жазғы уақыттарда үнемі өткізіліп тұрады. Және ұшу, инженерлік-техникалық құрамның дайындығын, кәсіби шеберлігін шыңдауда күрделі элементтердің бірі болып табылады. Бүгін сондай кезекті дайындық, жаттығу жұмыстарының бірі болып өтті.

850A2494.jpg

Байқағанымыздай, далалық жағдайдағы өртті ауыздықтауда таптырмас дүние – Ми-17 тікұшағы мен жанып жатқан өртке су шашатын «бэмби» құрылғысы. Өйткені мұндай апат орын алған жағдайда оқиға орнына басқа көлікпен немесе жаяу бару мүмкін емес. Мұндай үлкен далалық аумақтағы өртті ауыздықтауда өрт сөндіру қызметінің өзі де дәрменсіз болып жатады. Осындай жағдайда сарбаздар, әскери ұшқыштар да жұмылдырылады екен. Ал мұндай тапсырманы орындауға екінің бірін жібере бермейді. Тек тікұшақты әбден меңгерген, нағыз ысылған, экипажбен жұмыс істей алатын кәсіби мамандар ғана жіберіледі екен. Ал ол үшін әскери ұшқышқа бүгінгідей дайындық, жаттығудан өтіп, кәсіби машығын жетілдіріп тұруы қажет.

Олжас Бердібек, капитан, Семей қаласындағы 54835 әскери бөлімінің авиациялық әскери экскадрилиясының аға ұшқышы:

–      Бүгін біз сырттай салмақты, өрт сөндіруге арналған құрылғыны іліп алып ұшу, су үстінде құтқару жұмыстарын орындау сынды жаттығуларды орындадық. Мұндай жаттығуларды орындау біздің ұшқыштар үшін, олардың тәжірибе жинақтауы үшін өте маңызды. Бұл оңай жаттығулар емес. Бүгінгі таңда болып жатқан көптеген жағдайларға байланысты біздің ұшқыштарға қойылатын талап жоғары. Біз сондай талап үдесінен шығу үшін үнемі дайындықта болуымыз керек. 3,5-5 тоннаға дейінгі сырттай салмақты алып ұшу оңай жұмыс емес. Мұндай ұшулар жасау кезінде экипаж мүшелері бір-бірімен жақсы жұмыс жасауы керек.

850A2507-1.jpg

   Иә, тұман, қарлы-боранды, жауын-шашынды күндер, қызыл жалынға оранған дала. Осының барлық жағдайында тікұшақ ішіндегі 3 экипаж мүшесі бір-бірін ыммен түсініп, кәсіби қимыл жасауы керек. Ұшқыштарға қателесуге болмайды. Өйткені ұсақ-түйек қателіктің өзі оның өміріне, қасындағы әріптестеріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан тікұшақты басқаратын штурманға мол сенім артылады. Одан кейінгі кезекте әріптестеріне нұсқау беретін экипаж командирі барлық істі бақылап отыруы керек. Ал тікұшаққа артылған қосымша жүкке, яғни жүктің салмағы сәйкес келе ме, тікұшаққа дұрыс ілінген бе деген сауалдарға борт механигі жауап береді.

Рустам Ысқақбеков, Семей қаласындағы 54835 әскери бөлімінің қызмет көрсету және регламент тобының технигы:

–      Жаттығу кезінде орта және ауыр жүкті пайдаланамыз. Жүктің салмағы 4 тонна. Жүкті тікұшаққа бекіту үшін темір трост қолданылады. Ұшқыштар қателікке жол бермеуі, мүлт кетпеуі керек. Тікұшақты ұқыпты басқармаса, ол үзіліп кетуі мүмкін. Сондықтан мұның барлығын, қарапайым жағдайдың өзін ескеру керек. Бүгінгі ұшқыштар және техниктар тобына арналған жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес жаттығу – бэмби су шашу құрылғысымен орманды және дала өрттерін сөндіру. Ірі жүктерді сыртқы салмақ ретінде тасымалдау далалық жағдайларда нұсқаулық құжаттарда белгіленген ережелерге сәйкес орындалады. Ұшқыштар солай дайындалады.

850A2556.jpg

   Ұшқыштардың арасында «бэмби» деп аталатын су толтыратын құрылғы қолшатырға, себетке ұқсас дүние екен. Өрт сөндіруде аналогы жоқ таптырмас құрал. «Бэмби» құрылғысы бүгінде әлемнің 70 мемлекетінде қолданылады. Бұл жабдыққа біздің елімізде де сұраныс жоғары. Өйткені қазіргі далалық өрттерді сөндіру кезінде «бэмбиге» жететін құрылғы жоқ деуге болады.

   Өртті сөндіруге тапсырма алған әскери ұшқыштар әуеге көтерілмес бұрын «бэмби» құрылғысын тікұшаққа бекітіп, іліп алады. Сөйтіп жақын маңдағы көлдердің үстіне жақын ұшып, ілінген құрылғыға сыйымдылығына қарай 3,5-5 мың литр су толтырылады екен. «Бэмбиді» далалық өрт кезінде тікұшаққа іліп қолданады.

Олжас Бердібек, капитан, Семей қаласындағы 54835 әскери бөлімінің авиациялық әскери экскадрилиясының аға ұшқышы:

–      Бұны жауынгерлер «бэмби» деп атап кетсе керек. Қызыл жалынды ауыздықтай алмай жатқанда тікұшақтың төмеңгі бөлігінде іліп алатын ілгіші болады.Соған «бэмбиді» іліп алып, ішіне су толтырылады. Бұл құрылғы сонысымен де ыңғайлы. Тікұшаққа қосымша жабдық орнатып жатпайсың. Сертификат алудың да қажеті жоқ. Қазіргі кезде еліміз аумағында орын алып жататын ірі көлемдегі өрттерді тікұшақпен сөндіру тиімді. Өйткені тікұшақ жерге жақын ұшады және жылдамдығын баяулатуға да болады. Және су толтырылған қап та тікұшаққа жеңіл ілінеді.

850A2720.jpg

   Ұшқыштар тікұшақпен іліп алып жүретін бұл құрылғыны осыдан қырық жыл бұрын канадалық инженер ойлап тауыпты. Бүгінгі қалпы – содан бері бірнеше рет түрлендіріліп, жетілдірілген нұсқасы. Бұл құрылғымен су шашар кезінде белгілі бір биіктік, желдің жылдамдығы да ескерілуі тиіс. Және барлық жұмыс уақыт жоғалтпай лезде жасалуы керек. Содан кейін суды жанып жатқан аумақтағы қажет жерге төге білу керек. Әйтпесе осыған дейін жасалған экипаждың барлық жұмысы зая кетеді.

Олжас Бердібек, капитан, Семей қаласындағы 54835 әскери бөлімінің авиациялық әскери экскадрилиясының аға ұшқышы:

–      Өртті сөндіру үшін тікұшақпен су шашу құрылғысын көтеру өте қиын. 4-5 тонна ,жеңіл салмақ емес. Және де құтқару жұмыстары кезінде әртүрлі жағдайлар болып жатады. Сондықтан біздің әскери қызметшілер осының барлығына дайын болуы керек.

   4 тонна жүкті артып алып, қызыл жалынның ортасына бару тіпті кәсіби ұшқыштың өзіне қиындық тудырады. Сондықтан нағыз тісқаққан деген ұшқыштың өзі үнемі тәжірибе жинақтап, оқу-жаттығуларға қатысып, үнемі кәсібін жетілдіріп отырады. Жоспарлы түрде өткізіліп тұратын мұндай ұшу жаттығулары, дайындық, тәжірибе жинау сағаттары әскери ұшқыштар үшін қаншалықты маңызды екенін осыдан түсінуімізге болады.

Меруерт САФАЕВА


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"