Төл әскердің құрылу тарихы

(Жалғасы. Басы «Сарбаз» газетінің №2 (54) санында)

  Алғашқы адым

Осылайша, Мемлекеттік қорғаныс комитеті уақытпен санаспай жұмыс істеп, аз уақыттың ішінде өте көп іс-шараларды жүзеге асырып жатты. Мәселен, басқару жүйесін орталықтандыру, әртүрлі бағыттардағы ұйымдастырушылық және шығармашылық сараптау жұмыстары, бақылау функциялары сияқты толып жатқан іс-шаралардың әрқайсысы бір-бір кітапқа арқау боларлықтай дүние десем артық айтпағандық болар еді. Өйткені, олардың әрқайсының астарында толып жатқан құжаттар мен іс жүзіндегі іс-әрекеттердің бар екендігі көзі қарақты, көкірегі ояу әрбір адамға айтпаса да түсінікті.

Мемлекеттік қорғаныс комитеті атқарған жұмыстардың тағы бір бағыты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен қатар алыс-жақын шет елдермен жүргізген келіссөздер. Шет елдік әріптестермен кездесулер барысындағы ондай келіссөздердің тәуелсіздігін енді ғана алған Қазақстан армиясына берері көп болатын. Тарихи құжаттарға көз жүгіртсек, сонау 1992 жылғы қаңтар айында Америка Құрама Штаттарының жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктердің Қазақстан еліне келгенін көреміз. Оларды АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Р.Бартоломью бастап келген екен. Біздің елдің басшылығының шешімімен оларды Мемлекеттік қорғаныс комитеті қабылдаған. Осы маңызды кездесуді қазақстандық әскерилер тарапынан Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов, Сейілбек Алтынбекұлы Алтынбеков, Ким Серікбайұлы Серікбаев және Сағитжан Досымұлы Тасмағамбетовтер қабылдаған. Әрине, бұл олардың ең алғашқы «қонақтары» болатын. Оның үстіне екі елдің бір-біріне деген сенімінен гөрі күдігі басым кез еді. Содан да болар келіссөздер мен пікірталастар өте шектеулі жағдайда өткен.

1992 жылғы 19 қаңтардағы Москва кездесуінде оған қатысушы ТМД елдері басшыларының мәлімдемелерінен кейін әр елде өздерінің төл әскері құрылатындығы белгілі болды. Бұдан әрі ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларында Қазақстан территориясында қоныстанған Қарулы Күштердің қатары азая бастады. Дәл осы кезде әскери бөлімдер мен әскери мекемелерде Жарғылық тәртіптің сақталмауы күрт белең алды. Офицерлер мен мерзімнен тыс қызметтің әскери қызметшілері арасында өздерінің туған елдеріне кетіп қалу фактісі көбейді. Ал, мұндай жерде сарбаздардың топ-топ болып әскери бөлімдерді өз еріктерімен тастап кетуі заңды құбылыс болатын. Қалай болғанда да иесіз дүниенің жүйесіз қалатыны шындық қой.

Осы уақыттарда, әсіресе, бұған дейін орталық бағыныста болған көптеген әскери бөлімдердің, қоймалар мен арсеналдардың әскери қызметкерлері енді кімге бағынатынын білмей, әрі-сәрі күйге түсті. Олай болуы әбден орынды еді. Өйткені, оларды бұрынғы Түркістан әскери округі де, КСРО Қорғаныс министрлігі де қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес ешкімге өткізіп берген жоқ. Елімізде жаңа ғана құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитеті оларды қабылдай алмады. Мамандардың айтуынша, ол мәселе Комитеттің міндетіне кірмейтін.

Осындай алмағайып заманда Қорғаныс министрлігін құруды уақыттың өзі талап етті. Және ол солай болды да.

 

Сонымен, 1992 жылғы 7 мамырда шыққан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қорғаныс комитетiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi етiп қайта құру туралы" 1992 жылғы 7 мамырдағы № 738 Жарлығының негізінде сол күнге дейін қызмет етіп келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитеті ендігі жерде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Аталған Жарлықта сонымен қатар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты министрліктің атқаратын негізгі мәселелері егжей-тегжейлі  айқындалды. 

Дәл сол, 7 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президентінің тағы бір, атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» № 745 Жарлығы да жарияланды. Онда Қазақстан Республикасының территориясына орналасқан әскери бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдердің, мекемелердің, ұйымдардың, полигондардың, арсеналдардың, сақтау базаларының, қоймалардың, жылжитын және жылжымайтын әскери бұйымдардың ендігі жерде Қазақстан Республикасының заңды мүлкі болып табылатындығы және Қарақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына енгізілетіндігі тайға таңба басқандай етіп көрсетілді. Жаңадан құрылған Қорғаныс министрлігіне 3 ай мерзім ішінде аталған әскери құрылымдарды қабылдай отырып, әскерлерді басқару жүйесін қамтамасыз ету және олардың жауынгерлік әзірліктерін тиісті жағдайда ұстау тапсырылды. Әскерлер мен әскери құрылымдардың басшылығына Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімінсіз әскери бөлімдер мен мекемелердің тұрақты мекен-жайларын ауыстыруға, сондай-ақ техникаларды, қару-жарақтарды, материалдық-техникалық мүліктерді Қазақстан Республикасының территориясынан шығаруға тиым салынды. Құжатта бұлармен қатар ең бастысы, Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетіне әскери құрылымдардың барлық үлестік және қамтамасыз ету сұрақтарын шешу жүктелді. Сөйтіп, егемен еліміздің дүниеге келген өз әскерінің алғашқы қадамы басталды.

Міне, бұл қазіргі таңда аты әлемге танылған тәуелсіз Қазақстанның төл әскерін құрудағы ең маңызды құжат болатын. Демек, бүгінгі таңда ауыз толтыра мақтана айтып жүрген барлық жетістіктеріміз бен табыстарымыз осы бір тарихи күннен бастау алған.   

Сол күні генерал-лейтенант Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке «генерал-полковник» шені беріліп, ол республикамыздың тұңғыш қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Жоғарыда аталған  Жарлық негізінде ел аумағындағы барлық әскери құрылымдар  республика құзырына алынғанын айттық. Бірақ, сол сөздің астарында қаншама маңдай тердің өтемі бар?! Күндіз-түні уақытпен санаспай атқарылған жұмыстар бар?! Оларды бастан өткермеген адамдар түсіне бермейді. Бұл тек айтуға ғана оңай сөздер! Ал, оның астарына үңіле қараған адам өзі үшін болса да көптеген құнды дүниелермен танысары хақ. Өткен әрбір күннің кемеңгер тарихынан алар тағылымымыз мол екеніне мың мәрте көз жеткізетіні шүбәсіз. Бүгінгі бақытты ұрпақ аға толқынның сол еңбектерін ұмытпаса екен, аға толқынның сол еңбектерін бағалай білсе екен дейміз! 

Одақ ішіндегі айтулы мемлекеттердің бірінен саналғанымызбен, өзімізге тән жеке әскердің болмағаны белгілі. Қазақ КСР-інде одақтық құрылым негізіндегі  салалық министрліктің  бәрі жұмыс істеді, тек Қорғаныс министрлігі болған жоқ. Біздің жерімізде тұрған әскерилер негізінен атауы жағынан ғана бірін-бірі алмастырған Түркістан және Орта Азия әскери округіне қарады да, тұтастай алғанда КСРО Қорғаныс министрлігі мен әскер түрлерінің құрамына кірді. Сондықтан, жас мемлекетке «мұра» боп қалған қыруар техника мен қару-жарақты сақтай отырып, өз армиямызды жасақтау және Қорғаныс министрлігін құру тіпті де оңайға түскен жоқ. Сол уақыттан қалған бізге мәлім бір шындық мынау ғой, ұлты басқа әскери басшылардың көбісі жан-жаққа шашырап кете бастағанда, қолдағы қару жарақ пен техникаларды да өздерімен қоса ала кетуге тырысты. Әкете алмағандарын өз қалтасының қамы үшін арзан бағаға сатып, одан қалғандарын бүлдіріп жібергендері де бар. Соның салдарынан әскерден қашу, басқа да тәртіп бұзушылықтың көптеген көріністері орын алды. Тылдық немесе басқа да қамтамасыз ету мақсатындағы әскери бөлімдерді былай қойғанда, тұрақты жауынгерлік әзірліктегі әскери бөлімдердің өздері алдарына қойылған жауынгерлік тапсырмаларды орындау шеберлігінен айрылды.

Үйде отырған ата-ана әскерге ұлын жіберген кезде азаматтық жасқа толған баласының «Отан сарбазы» атанғанына қуанғаннан бұрын бірінші кезекте көз алдында өрескел жағдайларды елестететін дәрежеге жетті. Жасыратын несі бар, біздердің бәрімізге «қырын қарайтын» көптеген бұқаралық-ақпарат құралдарындағы әскерилер туралы ақпараттар бұрынғыдан басқаша бағыт алды. Олар онысыз да күрмеуі шешілмей тұрған әскерлер өмірін келеңсіз, әрі тұрпайы келбетте жазатын. Теледидардан да соны көрсететін. Өз уақытындағы көп іске қолбайлау болған ерекше құбылыстардың бірі осы.

Жоғарыда жаңадан құрылған Қорғаныс министрлігіне 3 ай мерзім ішінде әскери құрылымдарды қабылдай отырып, олардың басқару жүйесін қамтамасыз ету мен жауынгерлік әзірліктерін тиісті жағдайда ұстау тапсырылғанын айттық. Бірақ, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кеткен сол бір өтпелі кезеңде жауынгерлік дайындықтың назардан мүлде тыс қалмаса да, ұйымдастырып, басқарудың орасан зор қажыр-қайратты талап еткені айтпаса да түсінікті.

Міне, осындай аумалы-төкпелі сындарлы кезеңде Ұлы Отан соғысы жылдарында іскер офицер, қабілеті жоғары әскербасы ретінде танылған Кеңес Одағының Батыры Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың ақылы мен парасатының, даналығы мен даралығының, тәжірибесі мен беделінің арқасында өте қысқа мерзімде айтып болмайтын іс-шаралар жүзеге асып жатты. Тұңғыш Қорғаныс министрі атанған ұлы тұлғаның тәуелсіз Қазақстанның № 1 Халық Қаһарманы атануы соның нақты дәлелі.

Марат ЖҮНІС-БЕК


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"