Төл әскердің құрылу тарихы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері Марат Жүніс-Бек мырза жуырда редакциямызға келіп,  шығармашылыққа қатысты біраз ойларын ортаға салған болатын. Құрметті демалысқа шыққанға дейін Қарулы Күштерімізде еңбек етіп, осы саланың өркендеуіне өзінің қажырымен де, қаламымен де үлес қосқан әріптесіміздің әлі де тарихы терең жазылмай жүрген төл әскеріміз туралы қалам тербейін деген ұсынысы бізге «майдай жақты». Қуана құп алдық. Газетіміздің осы санынан бастап сол бағыттағы еңбегін жариялауды ұйғардық. Әрине, ол өзінің алғысөзінде атап өткендей «Қарулы Күштеріміздің өткен тарихын жазып шығу оңай шаруа емес. Ол болашақтың ісі және арнайы шығармашылық топтың жұмысы». Сондықтан  осы тақырыпта қалам тартқысы келген басқа да кісілер кездесіп жатса, оларға әманда «есігіміз ашық».

Іргетасы қаланған күннен бергі 25 жылға тарта уақыт ішінде қазақ армия­сының қаз тұрып, қадам басуы үшiн ауыз толтыра, мақтанып айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде Қазақстан әскерi елмен бiрге есейiп, қалыптасты, дамыды. Күнделікті тыныс-тіршілігіне қарай отырып, оның бұл күнде алыс-жақын шетелдік әріптестерімен иық тірестіре отырып, қарыштап дамып келе жатқандығын көрсетіп келеді. Солардың барлығын ой елегінен өткізіп, өткен-кеткенді зерделеп қарасақ, сонау 90-шы жылдардың басында егемен елiмiздiң Қарулы Күштерiн құруға белсене қатысқан, жаңа тұрпатты ұлттық әскер құрудың бел ортасында жүрген генералдар мен офицерлердің, келісімшарт қызметкерлерінің басым көпшілігі зейнеткерлікке шығыпты. Тіпті қатардағы сарбаз болып Отан алдындағы азаматтыық борышын өтегендердің өздері алдыңғы толқын ағаларын өкшелеп қалған екен. Десе де, осы күнде әскери қызметтерде жүрген саусақпен санарлық қана азаматтардың бар екенін айтып өткен абзал.

Әлі есімде Қарулы Күштер қатарына запастан шақырылған кезім болатын. Өндірістің кез келген саласымен қатар әскери құрылымдарда да шешімін күткен проблемалар шаш-етектен асатын. Бірде орта буындағы лауазымда жүрген өмір тәжірибесі қалыптасқан кәсіби офицердің бірінің: «Қазақстан армиясы өз бетімен күн көре алмайды. Ерте ме, кеш пе ол бәрібір Ресей армиясына қосылатын болады» деп айтқаны бар. Мен қанша жек көргенмен жаңағы офицер бірнеше жылдар қасымда жүрді, айтылған сол сөз ұзақ уақытқа дейін санамда сайрап тұрды...

Өмір дәлелдеген бір шындық бар. Ол – көк туын көкке желбіретіп, егемендігін жариялаған қазақ елінің әскери қызметкерлері арасынан да ел таныған командирлер мен қайраткерлердің шығуы, әр деңгейдегі әскери оқу орындарын Қызыл дипломға немесе Алтын белгіге бітірген білімдарлардың көбеюі, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген әскери қайраткерлерiнің, әскери және басқа да ғылымдар докторлары мен кандидаттарының, профессорлар корпусының қалыптасуы дер едім. Ал, олардың кәсіби шеберліктері туралы әңгіме өзінше бір төбе. Өйткені, көк жүзінде қалқыған «арғымақтарды» ауыздықтай білгендердің де, құрлықтағы «соғыс тәңірі» мен «шынжыр табандыларды» ұршықша иіріп жүргендердің де, аспанда да жерде де, құрлықта да көлде де «байланысын» бағындырып жүргендердің де өз отандастарымыз, оның ішінде басым көпшілігі өзіміздің «қара көздеріміз» екенін мақтанышпен айта аламыз.

Бір сөзбен айтқанда, Қарулы Күштер қатарында ұзақ жылдар бойында қатар қызмет атқарған әріптестерімнің әрқайсына деген ыстық ықыласым мен мақтанышым кеудемді кернейді. Оларды қашанда құрмет тұтамын. Өкінішке орай, аға толқынның өмір өнегелері жайында біз білетін азды-көпті ақпараттарды бізден кейінгілер біле бермейді. Ал, білетіндердің әңгімелері де өр тұлғалы даналарымыз бен дараларымыздың өмірін толық қамтып жүрген жоқ. Сондықтан болар, жауапкершілігі жоғары, жүгі ауыр бір міндетті шама-шарқым келгенше орындап шығуды азаматтық парызым санадым.

Әрине, Қарулы Күштеріміздің өткен тарихын жазып шығу оңай шаруа емес. Ол болашақтың ісі және арнайы шығармашылық топтың жұмысы. Сөз орайы келгенде, өз алдыма ондай мақсат қоймағанымды және ең бастысы, менің қолымнан ондай шаруаның келмейтінін атап айтқым келеді. Қазіргі мына жасап отырғаным соған ұшқын беру мақсаты ғана. Білгенімді қағазға түсіру арқылы ойымды ортаға сала алсам, сол арқылы Отан қорғаушыларының сапына келген кейінгі толқынға ағалар салған сара жолдардың үлгі-өнегелерін жеткізе алсам, әскери өмірімнің бекер өтпегені дер едім.

Дана халқымызда: «Шамның жарығы түбіне түспейді» деген сөз бар. Қарапайым тілмен айтқанда, қатар жүргенде бір-бірімізді бағалай бермейміз дегенді білдіреді. Шынында да, күнделікті күйбің тірлікпен жүріп, әр істің мән-жайына терең үңіле бермейтініміз шындық.

«Біткен іске – сыншы көп» екенін де жақсы білемін. Бірақ, жоғарыда айтқандарыма шамам келгенше жауап беруге тырыстым. Өйткені, мен үшін өтіп жатқан әр күн – терең бір тұңғиық тарихтың парақтарындай көрінеді. Әр күнді солай деп есептесек, еліміздің Қарулы Күштері ұлттық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі көп қырлы қызметтің нағыз қайнаған ортасында екенін айтуға тиіспіз. Ал, оның өзіміз тілге тиек еткен осы уақытқа дейінгі жетістіктері мен алдағы кезеңдерге көздеп отырған мақсат-мұраттары Республика Президенті, Қарулы Күштеріміздің Жоғары Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты.

Қорыта келгенде, артық айтқаным болса айыпқа бұйырмай, кем жері болса толықтыра қабылдауларыңызды өтінемін. Қалай болғанда да, менің білетінім көлдің бетіне тамған жаңбырдың тамшысындай ғана дүние. Қандай бағасын берсе де, сарабдал ой қозғауға себепкер болатын оқырмандарыма деген алғысымның шексіз екенін атап айтқым келеді.

Автор

 

 

 

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойды.

Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – тәуелсіз Қазақстан Республикасы, дербес Қазақ елі келді.

Азаттықтың ақ таңы атты.

Елбасы, ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік. Қуанышымыз ұзағынан болсын, ардақты ағайын!»

(С.Абдрахманов, «Тәуелсіздік шежіресі», 2001 жыл)

 

 

... 1991 жылғы бүкіл Одаққа белгілі шілде оқиғаларынан кейін КСРО мен оның Қарулы Күштеріне қатысты қылаң берген дағдарыс күшейе түсті. Бір кездегі біртұтас қуатты армия «ыдырай» бастады.

Қазақ КСР-інің Президенті Н.Ә.Назарбаев республиканың тәуелсіздігін, аймақтық тұтастығын, қорғаныстық және басқа да өмірлік маңызды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатымен 1991 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығын жариялады. Аталған Жарлықты жүзеге асыру үшін Министрлер кабинеті Мемлекеттік қорғаныс комитеті республиканың әскери инфрақұрылымының мемлекеттік басқармасының органы ретінде танылып, оның қарамағына әскери комиссариат пен Азаматтық қорғаныс штабы өз құзырындағы бөлімшелер мен мекемелерімен қоса берілетіні жөнінде қаулы қабылдады. Осыған орай екі ай мерзім ішінде Мемлекеттік қорғаныс комитеті жөнінде жоба әзірлеу ұсынылды. Оның міндеті республика аумағында орналасқан КСРО Қорғаныс министрлігінің құрамалары мен бөлімдерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру, жұмылдыру және азаматтық қорғаныс мәселелерін шешу болып белгіленді.

Мамандар екі ай ішінде өте көп жауапты құжаттарды жүзеге асырды. Сөйтіп, желтоқсан айының ортасына қарай негізгі лауазымдық тұлғаларды тағайындау жұмыстары жүргізілді.   

Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов тағайындалды.

Ол бұған дейін КСРО Қарулы Күштерінің сапында Ұлы Отан соғысын бастан өткерген Кеңес Одағының Батыры атанған танымал командир, әрі жоғары басшылық құрамында болған қолбасшы еді. КСРО Қорғаныс министрінің 1989 жылғы 6 маусымдағы № 0398 бұйрығының негізінде құрметті демалысқа шыққанымен әскери өмірден қол үзбеген жан. 1990 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Коммунистік партиясы атынан Қазақ КСР-ның депутаттығына ұсынылған. Сол жылғы 16 қаңтардан бастап Республикалық соғыс және еңбек ардагерлері Комитетінің төрағасы, ал 19 наурызда Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Қысқасы, ол армиядан «алыстағанымен», оның өзекті проблемаларымен қол үзбестен үздіксіз айналысып отырды.  

Мемлекеттік қорғаныс комитеті Бас штабының бастығы, әрі Төрағаның орынбасары лауазымына полковник Сейілбек Алтынбекұлы Алтынбеков (кейіннен генерал-майор), Төрағанының Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары лауазымына генерал-майор Николай Иванович Хлюпин, Төрағаның қорғаныс өндірісі жөніндегі орынбасары лауазымына Михаил Михалович Сафрыгин, жетекші басқармалар мен бөлімдердің бастықтары болып полковниктер мен подполковниктер Ким Серікбайұлы Серікбаев, Қалижан Қуанышбайұлы Әлжанов, Эмиль Ағыбайұлы Алманиязов, Леонид Кусманович Бакаев, Қадыржан Исмаилұлы Байжігітов, Николай Егорович Бортников, Абай Бөлекбайұлы Тасболатов, Бақытжан Ертайұлы Ертаев, Вячеслав Григорьевич Кобылянский, Мүбарак Орынбекұлы Орынбеков, Леонид Михайлович Селезнев, Николай Александрович Сухов, Сағитжан Досымұлы Тасмағамбетов, Мэлс Жұманұлы Шәмпиев, Совет Сәуменұлы Тауланов және басқалар тағайындалды.

Сонымен қатар тәжірибелі әскери мамандар – запастағы офицерлер: Роллан Қаратаев, Кәрім Әбілғазин, Марлен Тыныбеков, Петр Черкашин және басқалар шақырылды. Жауапты тұлғалармен қатар олар да уақытпен санаспай, күндіз-түні әскери қауіпсіздік заңдарына өте көп еңбек сіңірді.

Бұрын бір Одақтың құрамында болғандықтан әскерді басқару да, үлес түрлерімен қамтамасыз ету де бір ортадан шешіліп тұрды. Басқаша айтқанда, Мәскеуде орналасқан министрліктен басқа әскери құрылымдардың барлық буыны тек орындаушылық рөлін атқарды. Кеңес Одағының құрамына кіретін барлық елдегі сияқты біздің елде жеке әскери қауіпсіздік туралы заңдар болған жоқ. Әскери доктрина дегенді тек оқыған, көзі ашықтар мамандар ғана білетін. Сондықтан егемендік алған тұста ел Президентінің тапсырмасы бойынша көптеген құжаттар, соның ішінде алғашқы Әскери доктрина да шұғыл түрде дайындалды. Ол туралы еліміздің тұңғыш әскери ғалымы – әскери ғылым докторы, профессор, ардагер ақсақалымыз, отставкадағы полковник Ким Серікбайұлы Серікбаев өзінің бір сұхбатында былай деп еске алады:

– Негізі бұл құжаттарды дайындауды 1991 жылдың аяғында Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің офицерлері бастады. Генерал-майор Сейілбек  Алтынбеков басқарған жұмыс тобына полковниктер Эмиль Алманиязов, Қалижан Әлжанов, Владимир Данник, Сағитжан Тасмағамбетов пен запастағы ардагерлер Бейсен Құдайбергенов, Бапан Тәңірбергеновтер қатысты.

Уақыт талабына сәйкес Кеңес Одағының құрамында болған көптеген республикаларда өз территорияларында орналасқан әскери құралымдар мен мекемелерді өз бағынысына ауыстыру туралы құжаттар қабылданып жатты. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге шақырушыларды да өз елдерінде қалдыру туралы шешімдер қабылданды. Осылайша кешегі посткеңестік бірқатар республикаларда көптеген өзгерістер пайда бола бастады. Олармен санаспау мүмкін болмай бара жатты.

Бұл туралы Қарулы Күштер Бас штабының бастығы – КСРО Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары армия генералы Владимир Николаевич Лобов 1991 жылғы 10 қаңтардағы «Красная звезда» газетінде берген сұхбатында былай деп көрсетті:

«... Процесс суверенизации входивших в состав СССР республик пошел в последнее время так бурно, что считаться с ним, мы не имеем права...».

Міне, осы тұста қабылданған Қазақ КСР-і Президентінің 1991 жылғы 12 қыркүйектегі «Әскери қызметке шақыру туралы» Жарлығы әскери мәселелерді мемлекеттік дәрежеде шешудің алғашқы бастамасы болды. Өйткені, аталған құжат негізінде бұдан былайғы кезеңде Қазақстанның азаматтарын әскерге және әскери қызметке шақыру тек республика басшылығының бақылауымен ғана жүзеге асырылатын болды. Тағы бір атап өтерлігі, осы Жарлық арқылы Қазақстанның әскери комиссариаттарына республикалық органның мәртебесі беріліп, әскерге шақырылушыны республика аумағынан тыс жердегі әскери құрылыс және ішкі әскерлерге жіберуге тосқауыл қойылды.

 

 

Марат Жүніс-Бек

(Жалғасы бар)

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"