Төл әскеріміз – бүлдіршіндер мақтанышы

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толу қарсаңында Қарағанды облысының Приозерск қаласындағы «Айналайын» бөбекжайында ұйымдастырылып өткізілген ертеңгілікке қатысты. Осы іс-шараны өткізу аталған бөбекжайдың «Балдырған» тобының бүлдіршіндеріне жүктелген болатын. Топ тәрбиеленушілері «Егеменді ел қорғаны – Қарулы Күштер!» тақырыбындағы ертеңгілікті жоғары деңгейде атқарып, көпшілік алдында асқан жауапкершілік танытты.

Қазіргі таңда Приозерск қаласында бірнеше бөбекжай болғанымен, солардың ішіндегі қаланың нақ төрінен орын алған «Айналайын» бөбекжайы әскери қалашықтағы еліміз егемендікке қол жеткіген жылдардан бергі ең бірінші болып ашылған бөбекжай болып саналады. Бөбекжай директоры Айткүл Жеңісқызы Күлмағанбетова жас бүлдіршіндерге арналған мекемеге сол ашылған күннен бастап, еш жалықпастан бүгінгі күнге дейін жетекшілік етіп келеді.

    «Егеменді ел қорғаны – Қарулы Күштер!» тақырыбындағы ертеңгіліктің мақсаты – егеменді еліміздегі жасөспірімдерге 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін сезіндіру, өскелең ұрпақтың бойында Қарулы Күштер туралы түсінікті қалыптастыру, ел ертеңі – ұлдар мен қыздарды отансүйгіштікке баулып, өзінің Отанын, елін және жерін қорғауға тәрбиелеу болып табылады.

    Жас бүлдіршіндердің ә дегеннен-ақ, мерекелік іс-шараның салтанатты ашылуында оң қолдарын жүрек тұсына қойып,  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны басталғанда, әуенге қосылып тебірене шырқаған сәттегі жүздерінен Отанға деген шын берілгендік сезімдері анық байқалды. Алдымен, «Балдырған» тобының тәрбиеленушілері өздерінің құттықтау жылы лебіздерін жеткізді. Мерекелік құттықтауларды өлең ұйқастарымен тебірене жеткізген тәрбиеленушілер арасынан Алмас Орынбай мен Ақнұр Қаттабек ерекше көзге түсті.

«Белдескен күресте шыңдалады» - демекші, келесі кезекте ортаға шыққан топтың ұлдары арасында «Қол күресі» атты сайысы өтті. Болашақ ер азаматтардың мықтылығын анықтаудағы бұл сайыста тәрбиеленуші Рысбек Бітімбайдың мерейі үстем болды. Қол күресінің сайысы ақталған соң, тәрбиеленушілер қатарынан Отан туралы тақпақты жатқа айтып шығуға ерік берілді. Көрермендер алдында еш жаңылмаған тәрбиеленушілер Раяна Полат пен Сұңқар Бейбіт берілген тапсырманы жатқа орындап, ерекше көзге түсті.

Іле-шала сахна төріне сарбаз киімінде адымдап шыққан ұлдар тобы, музыка әуенімен «Сарбаздар биін орындап шықты. Ән айту кезегінде «Балдырған» тобының әншісі Інжу Ерлан «Анашым» әнін өз мәнерінде тамаша орындады.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Егеменді ел қорғаны – Қарулы Күштер!» тақырыбындағы мерекелік ертеңгілікті «Айналайын» бөбекжайының директоры Айткүл Күлмағанбетова қорытындылады. Болашақ ел қорғандары болуға талпынған бүлдіршіндер алдында сөз сөйлеген лауазымды жетекші Айткүл Жеңісқызы: «Егеменді еліміздің төл әскерінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді. Бөбекжай бүлдіршіндері әскери киімде сахна алдына шығып өнер көрсете отырып, бәрімізге қуаныш сыйлады. Ел келешегі өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезім қалыптасып, олардың қатары көбейе беретіндігіне сенімім мол!» - деп, ой түйді.


Іс-шара соңында сөз алған Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Кенжебеков Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Егеменді ел қорғаны – Қарулы Күштер!» тақырыбындағы ертеңгілікті ұйымдастырушы топқа шексіз алғысын білдіріп, мерекелік іс-шараға жоғары баға берді. Ардагер аға Тілек Алшымбекұлы ертеңгілікті өткізуге қолдау көрсеткен және белсенділік танытқан бөбекжай тәрбиешілері мен бүлдіршіндеріне Приозерск гарнизонының бастығы подполковник Жасұлан Абеков қол қойған Мақтау грамотасы мен Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті. Атап айтқанда, «Айналайын» бөбекжайының директоры А.Ж. Күлмағанбетова Мақтау грамотасымен марапатталса, «Балдырған» тобының тәрбиешілері Р.Т. Алинбаева мен Ж.Е. Ерболған Алғыс хатқа ие болды. Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан 06708 әскери бөлімінің жеке құрамы бүлдіршіндердің әрқайсысына арнайы тағайындалған дәмді тағам мен тәтті шырын сыйлықтарын табыс етіп, іс-шарада белсенділік танытқан және сахна төрінде тамаша өнер көрсеткен тәрбиеленушілер Р. Полат пен А. Каттабекті Алғыс хатпен марапаттады.
Іс-шара соңынан отаншыл сезімдегі жас бүлдіршіндер естелік суретке түсті.

Думан Құрманғалиев


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"