Теңіз қателескенді кешірмейді

Теңізден төнген қатерлерге кімдер тойтарыс береді? Каспийдегі ел игілігін қорғайтын кімдер? Әрине, әскери теңізшілер. Бүгінде толқыған теңізбен бірге біте қайнасып, міндеттерін абыроймен атқарып жүрген олардың өмірі де өзгеше. Жауынгерлік әзірліктері де мығым. Дәстүрлері де жоқ емес.

Осы және жалпы теңізшілердің тыныс-тіршілігі жайында «Сарыарқа» зымыранды-артиллериялық кемесінің командирі капитан-лейтенант Рауан Серікұлы Ергебековпен әңгімеміз өрбіп еді. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

Капитан-лейтенант Рауан ЕРГЕБЕКОВ:

«ТЕҢІЗ ҚАТЕЛЕСКЕНДІ КЕШІРМЕЙДІ»

– Рауан Серікұлы, өзіңіз оңтүстік өңірдің тумасы екенсіз. Өзен, көл көрмей өскен бала қалай теңізші атанып жүр?

– Иә, теңіз көріп өспеген жанбыз. Тау бөктерінде, Қаратау жотасының (Жамбыл облысы) етегінде туып-өскенбіз. Бірақ та теңізде болу немесе әскери-теңіз күштерінің қатарында қызмет ету мектеп кезімнен ойға бекіген еді. Неге десеңіз, алғашқы дайындықтан берген мұғаліміміз Кеңес өкіметі кезінде сүңгуір кемесінде қызмет атқарған. Сол кісі жастық шақтағы қызметтік оқиғаларын, басынан кешкен хикаяттарын жиі баяндап беретін. Алғаш әскери-теңіз күштері туралы сол кісінің аузынан естідім. Теңізге деген ынтызарымды оятқан бірден-бір адам – осы Тоқтабай Құсайынов ағай. Сол себепті Әскери-теңіз күштері қатарына кіру, түсу және оқу, қызмет атқару, офицер лауазымында болуды алдыма мақсат қып қойдым.

2.jpg

Сөйтіп Қазақстан Қарулы Күштері қатарына 2007 жылы шақырылып, сол жылы әскери антымды қабылдап, Ресей Федерациясының Балтық әскери-теңіз институтына оқуға түстім. 2012 жылы оны бітіріп, Ақтау қаласындағы кемелерге келдім. Ол жерде «Өжет» шағын күзет кемесінің артиллериялық жауынгерлік бөлімінің командирі болып тағайындалдым. Осылай кеше арман қуып келген маған оқуға түсіп, оны бітіріп, әскери теңізші атанып, «лейтенант» атағын (2012 жылы) алу бұйырды.

– «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, теңізді алғаш көргенде қандай әсерде болдыңыз?

– Бағана айтқанымдай, теңізде болу арманымның бірі еді. Оған курсант кезімде қол жеткіздім. Кемелік тәжірибе алу барысында алғаш рет теңізге шықтым. «Анау айтқандай» керемет толқыдым деп айта алмаймын. Бірақ сол кезде өзімді нағыз әскери теңізші ретінде сезіндім.

3.jpg

– Теңіз әскерінің тапсырмасы да оңайға соқпас. Көбінесе, қандай міндеттер мен тапсырмаларды орындайсыздар?

– Иә, әскери тапсырманың оңайы жоқ. Біз теңіз жағынан еліміздің тыныштығын қорғаймыз, теңіздегі кен орындарының қауіпсіздігін, жүзу кезіндегі навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз және лаңкестікке, қарақшылыққа қарсы сақтық шараларын жүргіземіз. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің Жалауын теңіз үстінде паш етеміз.

– Ол үшін әрине, әскери кеменің көмегіне жүгінесіздер. Жалпы ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің қару-жарағы қандай? Экипаж құрамы да осал емес-ау...

4.jpeg

– Біздің елдің әскери-теңіз күштерінің материалдық-техникалық базасы дамыған. Заманауи қаруланған. Айта кетсек, ҚР Әскери-теңіз күштерінде гидрографиялық, зымыранды-артиллериялық және минатартқыш кемелер бар. Әр кеменің күнделікті өмірі әртүрлі ағымда өтеді.

Әр экипаж – бір отбасы. ҚР Әскери-теңіз күштерінің офицерлер құрамында жан-жақты бітірген мамандар. Түркия, Әзербайжан, Корея, Қытай, Ресей, Германия мемлекеттерінің түлектері болып келеді. Ал старшиналар жағынан келетін болсақ, олар алғашқыда Ақтау қаласында даярланатын. Қазіргі уақытта біліктілер сұрыпталып, әскери-теңіз қатарына шақырылады.

– Кемені және жеке құрамды теңізге шығуға қалай дайындайсыздар? Оның тәртібі бар ма?

– Кемемен теңізге шығар алдындағы дайындық – бір экипаж мүшелерінің тағдырына әсер ететін асқан жауапкершілік. Кеме командирі теңізге шығуға дайындалу жоспарын жасайды және осы жоспарға сәйкес кемедегі бүкіл қару-жарақ пен экипажды дайындайды. Оның ішінде, әсіресе кеменің штурмандық, зымыран-артиллериялық, байланыс, электр-механикалық, жауынгерлік бөлімдерінің дайындығы жүргізіледі. Осы дайындық жұмыстары бітіп, бөлімнің штаб бастығының басшылығымен арнайы құрылған комиссия дайындық барысын тексергеннен кейін кеме теңізге шығады.

5.jpg

Жалпы кемелер жаз мезгілінде көп шығады. Көктем басталғалы бері курстық тапсырмаларды орындап келеміз. Мысалы, кемелерді ұйымдастыру және жорыққа дайындауды атқардық. Келесі курстық тапсырма – дара кеменің жүзуі және кемеде ұрыстарды атқару. Сондықтан да оған осы мезгілде біршама уақыт беріледі. Ал қысқы мезгілде теңізге шығу көп мерзімге созылмайды. Өйткені қысқы уақытта ауа райы қолайсыздықты көп тудырады.

– Мұндай қолайсыз жағдайға талай сыналған шығарсыздар?

– Иә. Ауа-райы қалай құбылса да, кеме тірлігі тоқтамауы тиіс. Теңізге шығу барысында, мәселен, ұзақ қашықтықтарға шыққан кезде қатты дауыл соққанда ол толқынның әсерінен апаттық жағдайға ұшырауы мүмкін. Осы үшін командир өз экипажымен барлық жағдайға дайын болуы тиіс. Кемеде осы үшін штурман мамандары қарастырылған. Бұл мамандар осындай дауыл тұрған немесе тағы басқа да жағдайларда аман ұстау үшін дұрыс жүру бағдарын және кеменің жылдамдық курсын туындаған жағдайға байланысты реттейді және оның апатқа ұшырамауына бар күшін салады.

Тағы бір айта кететін жайт, қатты толқын соққанда экипаж ішінен теңіз ауруына шалдығатындар болады. Теңіз ауруының бірден бір емі – ол іс-қимыл жұмыс. Яғни қатты тербеліс кезінде тепе-теңдіктің болмауынан жүрек айну, бас айналу құбылыстары орын алады. Ол үшін, әрине әрбір кемеде медицина қызметкерлері экипажбен бірге болады.

6.jpg

– Яғни, «кемедегілердің жаны бір» дейсіз ғой...

– Әлбетте. Экипаж деген үлкен ұғым. Әскери-теңіз күшіне келген қандай да бір офицер немесе старшина оны үлкен жүрекпен және жауапкершілікпен сезіне білу керек. Кеме темірден жасалған дүние болса, оны тірі ағзаға айналдыратын осы құрам. Қиындықты да еңсеру қажет. Сондықтан, біз көбінесе «теңіз қателескенді кешірмейді» деген ұстанымдамыз. Осыны ұстанып, талай жорықты аман-есен өткеріп келдік.

– Биыл ше? Әлемдік пандемия кезінде теңіз жорығы қалай өтіп жатыр?

– Жалпы, пандемияға қарамастан даярлық тоқтаған емес. Жауынгерлік кезекшілік те атқарылып жатыр. Бірақ алдыңғы жылға қарағанда осы жылы теңіз жорықтары көп емес. Себебі өзіңіз айтқандай, әлемде болып жатқан пандемияға қатысты шегерілген. Теңізде көп болмасақ та, теңіз жорығына дайындығымыз күнделікті күн тәртібінен түскен емес. Біз қырағылықты, сақтықты, шеберлікті қажет ететін қызметімізде әр күн сайын өзіміздің тегеурінділігімізді нықтап, шеберлігімізді шыңдаудамыз.

7.jpg

– Мысалы...

– Дайындықты айтатын болсам, қазіргі уақытта кеме экипажын құрамынан төзімділігіне қарсы күресу, ол кеменің ішіне су кірмеуіне күрес және де құтқару командасы теңізде өтілетін әуе нысанын, су нысанын ату және су бетінде қалқыған минаны жою, тағы да зәкірмен бөшкеге қою жаттығулары қызу өтіп жатыр. Мұндай курстық тапсырмаларды орындауда көзге түсіп жатқан әріптестеріміз де бар. Айта кетсем, аға лейтенант Қ.Ибадулла, ІІ сатылы старшина С.Шермұхамбет тапсырманы орындау барысында жақсы жағынан көрсетті.

– Ұмытпасам, біршама жыл бұрын халықаралық жарыста да сіздер жаман көрсеткіш көрсеткен жоқсыздар...

– Әскери-теңіз күштерінде қойылған тапсырмалар көп. Соның бірі – халықаралық жаттығулар. Көбінесе Ресей Федерациясымен жыл сайын өтіп отырады. Ол «Теңіз биатлоны» деп аталады. Сіздің айтып отырған жарысыңыз осы.

Иә, сөзіңіз аузыңызда 2015-2016 жылдары соған қатысқан «Сарыарқа» кемесінің экипаж құрамында мен де болдым. Сол жылдары қатысу кезінде «Сарыарқа» зымыранды-артиллерия кемесінің зымыран-артиллериялық жауынгерлік бөлім командирі болдым. Алғашқы қатысу кезінде («Теңіз биатлоны-2015») өзімізге қойылған тапсырманы жақсы деген бағаға орындап, жүлделі екінші орынға ие болдық. Оны ауыз толтыра айта кететіндей жағдайы бар. Себебі көп жылғы тарихы бар Ресей Федерациясының флотына және Әзербайжан Республикасы флотына енді «тәй-тәй» басып келе жатқан Қазақстан Республикасы теңіз күштерінің сондай биік деңгейде екенін көрсете білдік. Ойын барысында біздің біліктілігімізбен және тапсырмаларды орындау кезімізде кемелік атыстар немесе құтқару командасы болсын, қандай жағдайда болсын бізбен санасуға тура келді. Не де болса да, екінші орынға ие болдық.

8.jpg

2016 жылы да біздің көрсеткішіміз өте жоғары болды. Ол кезде бағанағы көрші мемлекеттердің командалары сақадай-сай дайын болып келді. Өйткені алдында жарыс барысында Қазақстан Республикасының теңізшілері олардан кем түспейтінін байқады ғой. «Оңай шағылатын жаңғақ емес» деп ой түйсе керек. Ол кезде де жүлделі екінші орынды ешкімге бермедік. Сол орыннан тағы көріне білдік. Биыл да дайындығымыз осал емес еді. Бірақ карантинге байланысты осы жылы «Теңіз биатлоны» болмайтын болды. Қазіргі уақытта жауынгерлік даярлықтың жоспары бойынша қызметтерімізді жалғастырып жатырмыз. 2020 жылы оқу жылына сәйкес әртүрлі штабтық және тактикалық оқу-жаттығуларын және күнделікті даярлықтың жоспарын орындап жүрміз.

– Бұдан бөлек достық сапарлар да бар. Өзіңіз достық сапармен қандай елде болып көрдіңіз?

– 2017 жылы Иран Ислам Республикасының Энзели портында болдық. Біз сияқты қонақжай халық екен. Бізді құшақ жая қарсы алды. Мемлекеттік музейлерін аралатты. Кемелеріне саяхат жасатты. Тәжірибелерімен бөлісті. Ілтипатпен шығарып салды. Біз де ризашылықпен қайттық.

– Айтқандай, «әр елдің салты басқа» деген. Кемедегі теңізшілердің дәстүрлері бар ма?

– Кемелердің өзіндік дәстүрлері, диалект сөздері өте көп. Бәріне мәлім, дәстүрді тілге тиек ете кетейін. Мысалы, жеке құрам қатарында әке атанып, қуанышқа бөленіп жатқандарға арналған дәстүріміз бар. Егер дүниеге қыз баласы келіп, біздікілердің біреуі әке атанып жатса, онда оны кеме бортынан теңізге лақтырамыз. Оның бірден-бір себебі – сол қуаныш иесін жазалау. Бұл әскери-теңіз күштері қатарына, Отан қорғау үшін дүниеге ер жігітті алып келуге себепкер болмағандықтан, ол солай жазаланып жатыр деген сөз. Ал ұл туылған жағдайда оған тиындар жиналады. Кімде қандай мыс тиындар бар, соны жас Отан қорғаушыға сыйлық ретінде жинап береміз. Және де бізде «табалдырықты баспа» деп жатады ғой. Сол ырым да бізде бар. Кеменің дәстүрі бойынша да ондағы табалдырықтарды баспа деп айтып жатамыз. Табалдырық әскери-теңіз кәсіби тілімен айтқанда «комингс» деп аталады.

10.jpg

– Сіз бұл дәстүрдің қайсысын көрдіңіз?

– Мен үш қыздың әкесімін. Осыдан топшылай беріңіз. Отбасыма келсем, жұбайым екеуміз 2014 жылы шаңырақ көтергенбіз. Жарым әскери теңізшінің қиын өмірлік жолы болатынын алдын ала білді. Апталап теңізге кеткенде тілеуімізді тілеп отырады. Қиындығымыз бен қызығымызды бір бөлісіп, өмір кешіп келеміз.

– Отбасыңыз аман болсын! Сұхбатыңызға рахмет! Міндеттеріңізді абыроймен атқарыңыздар!

Әңгімелескен Рима БІЛӘЛҚЫЗЫ


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"