Тарих – таным көкжиегі

(Басы «Сарбаз» газетінің №2 (1754) және №3 (1755) сандарында)


Елтірек

Ел мен жер, қоғам ортақ болғанымен, әр адамның өмірдегі жолы өзінше бір әлем. Демек, әр заманның өз кейіпкері, өз тұлғасы болатыны заңдылық. Пешенесіне екі түрлі қоғамда, қос ғасырда өмір сүру мүмкіндігі жазылып, мұның өзі  жалындаған жастығы мен ғұмырының салиқалы, салмақты іс-әрекет, зерделі ойымен өлшенетін тұсына тура келсе сынақтың үлкені сол деңіз. Мемлекеттік, ұлттық деңгейдегі осындай мың сан өзгерістерге өлшем болған егемен Қазақстанның тұңғыш Президенті, туған халқын тәуелсіздіктің сара жолымен бастап келе жатқан азаматтығымыздың авторы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенінде дау жоқ.
Мен тыңнан түрен түріп, жаңалық ашайын деп отырған жоқпын. Өйткені, бұл тақырыпты көтеріп, айтып немесе жазып жүргендер жетерлік. Отандастарымызды былай қойғанда, шет елдік азаматтардың да айтары аз емес. Десе де Елбасының Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Басқолбасшысы ретіндегі қызметтерінің бір қырын бүгінгі әңгімеме арқау еткім келді.

Әр күнді тарихтың парақтары деп есептесек, еліміздің Қарулы Күштері ұлттық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі көп қырлы қызметтің нағыз қайнаған ортасында екенін айтуға тиіспіз. Ал, оның бүгінгі күнге   дейінгі жетістіктері мен алдағы кезеңдерге көздеп отырған мақсат-мұраттары Республика Президенті, Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Басқолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Отан алдында Әскери ант қабылдаған және қызмет еткен саналы ғұмырымда менің де Елбасына деген ықылас-құрметімнің ерекше жоғары екенін таныстарымның барлығы да жақсы біледі.

... Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары. Елбасының кіндік қаны тамған, «іңгәләп» дүние есігін ашқан Мысыр шаһары – Жетісу.

«Адамның екі анасы болады: бірі ақ сүт беріп ауыздандырады, екіншісі нан беріп әрлендіреді. Ол – өз анаң және Жер-анаң», – деуші еді көнекөз қариялар. Басы – асқар тау, аяғы – өзен, айбары – құм, әжімі – Балқаш пен Алакөл болып жалғасатын сол жер-ана Жетісуда дүниеге келген батырлар мен дана-кемеңгерлер аз емес. Қасиетті өлкенің қойны толы шежіре іспетті. Кешегі тарихтан жақсы білеміз, жер шарын кезген саяхатшылардың да, тарихшы-геологтардың да, басқа жаһангерлердің де Жетісуға  тамсанып, таңдай қақпағандары кемде-кем. «Жер жәннаты – Жетісу» атануы да бекер емес болар.

Нұрсұлтан Әбішұлы, міне, осындай кемел өлкеде туғандардың бірі. Әрине, оның балалық шағы туралы кітаптардан, газет-журналдардан оқығаным мен соңғы жылдары шыққан екі-үш фильмнен көргенім болмаса басқадай ерекшеліктерін айта алмаймын. Ал, қазіргі еңбегін біз ғана емес, егемен еліміздің тарихы бағалайды деп білемін. Өйткені, әр өмірдің өз бағасын бере білетін көнекөздерден қалған «тарих – таразы» деген дана сөз бар. Енді бұл сөзіме бірнеше мысал келтіріп көрейін.

Біріншіден, мен иығына әскери шен таққан көптеген әріптестерім сияқты Отанымның, туған халқымның, оның Президентінің алдында соңғы демім қалғанша адал болуға ант берген адаммын. Бауыржан батырдың айтатыны бар, «Отан үшін отқа түссең жанбайсың, суға түссең батпайсың» деп. Айтпағым, Нұрсұлтан Әбішұлы – Отаны үшін, оның болашағы үшін басын бәйгеге тіккен жан.   

«Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан» деп ұлы Абай айтқандай, мен де қажет кезде өз еркіммен ауырлығы мен жауапкершілігі жоғары әскери саптан табылдым. Соған орай, дәл бүгінгі күні зейнеткерлікке шыққаныммен, қай уақытта қай жерге керек болсам, сол жерден табылуға тиіспін. Ол менің Антыма деген адалдығым. Және солай жалғаса береді деп сенімді түрде айта аламын.  

Екіншіден, Нұрсұлтан Әбішұлы сонау оқушы, одан кейін студент кезінде де білім көкжиегінің кеңдігімен қатарластарынан оқ бойы озық тұрған. Сонымен қатар Теміртауда жүрген кезінің өзінде-ақ, жүрегінің оты бар, қайратты, жігерлі, білім-білігі жан-жақты жан екендігін аңғартқан.

Үшіншіден, біз әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартқан елміз. Тәуекелге бел буып, күллі әлемге сол дұрыс жолды көрсеткен қазақ елі, патшамыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол өткен ғасырдағы мәртебелі бастамалардың бірі екендігі ақиқат.

Мұның зардаптары Семейде әлі күнге дейін созылып жатыр. Бұл бастамадан бүкіл әлем үлгі алсын. Жер бетінде бейбіт өмір орнап, саналы ғұмырдың иесі атанған адамзат баласына бар жақсылықтар жасалсын. Бұл баршамыздың кіршіксіз арманымыз. Міне, біздің қазақ елінің бейбітшілікті сүйетініне дара да, дана дәлел, осы. 

Төртіншіден, тәуелсіздігімізді жариялап, бағыт-бағдарымызды айқындап, елдің көшін Ақмолаға бұрғанда талайлар күдікпен қараған болатын. Ал, қазір солардың бәрі адам сенбес аңыздың өмір шындығына айналғанына куә болып жүр. Күні кеше ғана «Медеуге» барып махаббаты оянғандар, енді бүгін «Бәйтерекке» келіп бақытын тапқандай күй кешуде. Сарыарқаның төсі әсем де сұлу ғимараттарға толып келеді. Қай жаққа көз салсаң, олардың сырт пішінімен де, ішкі сипатымен де бір-біріне мүлде ұқсамайтындықтарына көңілің толады. Тіпті, тұрғын үйлердің өздері әртүрлі ерекшеленеді. Бұл күнде сұлу да, көркем Астанаға өз отандастарымызды былай қойғанда, сырт елдерден де келіп таңдай қаға, сүйсініп қараушылар көп. Елордамыздағы терең, әрі кең көлемді өзгерістер әлемдік ұйымдар назарынан да тыс қалмады. 1999 жылдың шілде айында бас қаламыз-Астана  ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды. Түсінген адамға бұл да қазақтың атын күллі әлемге танытқан қадамдарымыздың бірі.

Бесіншіден, бүгінде Астананы Мәскеу, Минск, Киев, Кишинев, Ташкент, Рига, Тблиси, Баку, Каир, Исламабад, Берлин, Будапешт, Варшава, Вильнюс, Анкара, Гданьск (Польша), Ушак (Түркия), Бангкок (Таиланд), Сеул (Корея Республикасы), Амман (Иорданиялық Хашимит Корольдігі) секілді әлемнің көптеген қаласымен достық және бауырластық қарым-қатынастар тығыз байланыстырады. Қазақ елінің алыс-жақын шет елдердің басым көпшілігімен дипломатиялық байланысы күннен-күнге кемелденіп келеді.

Цифрларға жүгінсек, Астананың тұрғындар саны 1 миллионнан асыпты. Бұл көрсеткіштің осыдан біраз жылдар бұрын жасалған болжамнан екі жарым есеге жоғары екендігін қазір баспасөз бетінде жиі айтып жүр. Халықтың демографиялық өсімі де жақсы көтеріліп отыр. Демек, қазір елдің жағдайына, аналардың жағдайына, сәбилердің жағдайына қатысты көп мәселелер оң шешімін тауып отыр деп айтуға толық негіз бар.

Ең ірі жобалар жүзеге аса бастағаннан кейін қаладағы тіршілік қалай өзгерсе, ондағы саяси ахуал да өзінің шынайы мәніне ие болды. Бізді бұратана халықтың өкілі деп санайтындардың аузына құм құйыла бастады. Жергілікті ұлттың саны көбейіп, елдік рухымыздың тұғыры биіктеді. Ресейдің құрамына өтіп кету қаупі туған солтүстік аймақтағы алып-қашпа әңгімелер де су сепкендей басылды. Мұның мүмкін еместігіне елдің көзі жетті.

Енді, әскер туралы әңгімеге қайта оралайын. Қарулы Күштерімізді құрған күннен бастап осы күнге дейін сала құрылымдарында айтып болмайтын орасан зор жұмыстар атқарылды. Құдайға тәубе, төрт құбыламызды тұтас түгендедік. Жасырып қайтейін, өндірістің басқа салаларымен қатар бізде де айлап, жылдап жалақы алмайтын кездер болған. Қазір әрбір тиынымызды өзінің тиісті уақытында аламыз. Әркім өзінің әскери атақ-дәрежесіне және сыныптық біліктілігі мен қызмет өтіліне байланысты қосымша төлемақы алады. Ұшқыштарымыз уақытында әуеге көтеріліп, құрлықтағы әскерлеріміз жауынгерлік көліктерді жүргізумен тұрақты машықтанады. Жауынгерлік техникалар мен қару-жарақтар уақытында жаңартылып тұрады. Атыс қаруларынан ату жаттығулары немесе химиялық қаруларды пайдаланатын жаттығулар үзбей өткізіледі. Басқа да толып жатқан жаттығу түрлері оқу кестелеріне сәйкес жүргізіледі. Басқаша айтқанда, әскеріміздің тұрақты тыныс-тіршілігі өзінің тиісті дәрежесіне көтерілген.

Ресей, Қытай, Америка, Германия, Түркия, Беларуссия, Украина, қысқасы кешегі Кеңес Одағының құрамына кірген елдермен және одан басқа да көптеген елдермен байланысымыз өте жақсы қалыптасқан. Біздің әскерлеріміз оларға, олардікі бізге келіп, бір-бірімізді оқытып, тәжірибе алмасып деген сияқты көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Шет елдердің өкілдерімен бірлесе отырып, қаншама әскери оқу-жаттығу ойындары өткізілді. Солардың көбінде куәгер болып жүрген елдердің Президенттері де, Қорғаныс министрлері де, басқа лауазым иелері де қазақстандық әскерилердің жағдайының қай жағынан алса да көші ілгері екендігін айтады. 

Әрине, мұндай мысалдарды әлі де көптеп келтіре беруге болады. Оған дәлел болар ел болып қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес.

Міне, осылардың бәрін ой елегінен өткізгенде еліміздің көшбасшысы, әрі Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Басқолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін құрметпен ауызға аларымыз анық. Басқадай болуы мүмкін емес.

Мен де өзімді бақытты жандардың қатарында санаймын. Қазақстан Қарулы Күштері қатарында әскери қызмет атқара жүріп, Қорғаныс министрлігі Телефотостудиясының редакторы болып жүрген кезімде Қарулы Күштеріміз бойынша өткізіліп жүрген әскери оқу-жаттығу ойындары барысында БАҚ өкілдерімен бірлесіп, Елбасынан бірнеше рет сұхбат алуымның мүмкіндігі туған. Оның сыртында сол және одан басқа қызметтерде жүргенімде әскербасылық жоғары лауазымдарға тағайындалған көптеген атпал азаматтармен жақын танысып араласуға және көбімен бірге қызмет етуге мүмкіндіктер алдым. Ілгеріде олардың туған жер, туған ел, Елбасы, патриоттық тәрбие туралы айтқандары да есімде. Шынын айтсам, кейде осыларымды мақтан тұтамын.   

Кешегі Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің дара төрағасы, бүгінгі Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның № 1 Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың артында ешкім қайталай алмайтын өшпес із қалды. Аса құрмет тұтатын абыз ағамның айтқандарының бірі Қорғаныс министрлігі Телефотостудиясының редакторы болып жүрген кезімнен қойын дәптерімде қалыпты, оқып берейін.

«Жаңадан құрылған Қорғаныс министрлігіне 3 ай мерзім ішінде әскери құрылымдарды қабылдай отырып, олардың басқару жүйесін қамтамасыз ету мен жауынгерлік әзірліктерін тиісті жағдайда ұстау тапсырылды. Бірақ, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кеткен сол бір өтпелі кезеңде жауынгерлік дайындықты назардан бір сәт те шығармай, ұйымдастыру, басқару жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру, әсіресе жауынгерлік техникалар мен қару-жарақтарға иелік ету офицерлер мен генералдардан  орасан зор қажыр-қайратты талап етті.

Министрліктің құрылуына байланысты полковниктер С.С.Тауланов, С.Ж.Ахметов, Қ.И.Байжігітов, Б.Д.Кенжебаев, Л.А.Нагай, М.Ю.Раджибаев, М.О.Орынбаев, подполковник А.Н.Киреевтер лауазымдарға тағайындалды. Құрамаларға басшылық жасау генерал-майор Г.Б.Тимошенко және полковниктер А.П.Безюкевич пен Б.Е.Ертаевқа жүктелді.

Келесі топта негізгі жауапты лауазымдарға полковник Ә.Х.Қасымов, полковник А.Ғ.Исенғұлов, генерал-майор Ю.Ш.Курматов, полковник  С.Ж.Темірбеков, полковник М.Г.Бареев, полковник В.Г.Сапсай, полковник А.А.Құсмолдин, полковник Ж.К.Рыспаев, генерал-майор А.С.Әбдірахманов, полковник Б.М.Берекетов, генерал-майор М.Қ.Алтынбаев, полковник  А.Ш.Васимов, генерал-майор Ф.И.Щербаков, полковник В.А.Акулов және басқалар тағайындалды. Осылардың барлығы да Республика Президентінің үкілі үмітін ақтады. Ел іргесін аман сақтау жолында қажыр-қайратын аямай қызмет ете білді. Өз кезегінде Нұрсұлтан Әбішұлы сала қызметінің әрбір күнін, әрбір қадамын жіті назарда ұстады. Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Басқолбасшысы ретінде Отан қорғаушыларымен жиі кездесіп, оларға өте жоғары қолдау көрсетіп тұрды. Әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау мәселелері де өз шешімін таба бастады. Соның арқасында біз жауынгерлік дайындықты аз уақыттың ішінде тиісті жолға қоя білдік».

Әскерилер арасында «ақсақал» атанып кеткен тұңғыш министріміздің сөзінде жан бар. Қайран өмір-ай! Қазыналы қариямызды, қиын кезде жол бастаған көсемімізді, ақылгөй кемеңгерімізді біздің ортамыздан келмеске алып кеттің ғой?! Күн өткен сайын абыз ақсақалымызға деген сағыныш сезімі артып барады, артып барады! 

Ал, енді Сағадат Қожахметұлының өзі туралы оның көзін көргендердің көкірегінде мынандай мақтаныш сезімі бар.

«... Аумалы-төкпелі сындарлы кезеңде Ұлы Отан соғысы жылдарында іскер офицер, қабілеті жоғары әскербасы ретінде танылған Кеңес Одағының Батыры Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың ақылы мен парасатының, даналығы мен даралығының, тәжірибесі мен беделінің арқасында өте қысқа мерзімде айтып болмайтын іс-шаралар жүзеге асырылды. Тұңғыш Қорғаныс министрі атанған ұлы тұлғаның тәуелсіз Қазақстанның № 1 Халық Қаһарманы атануы соның нақты дәлелі. Ол елге, жерге, Елбасына адал қызмет етудің зор өнеге-үлгісін көрсеткен тәуелсіз Қазақстанның бас сардары.

Елбасы да ол кісіге деген аса жоғары ықылас-құрметін көрсете білді».

Шоқтығы биік алғашқы топтың құрамында полковник А.Тасболатовтың да болғанын жақсы білеміз. Кейінірек генерал-лейтенант атағына дейін көтерілген Абай Бөлекбайұлы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымында жүргенде мен министрлікте жеке басқарманың бастығы болдым. Ол біздің басқарманың жұмысына жетекшілік (кураторлық) ететін. Өте жақын араластық. Реті келгенде өткен өмір жолдары туралы әңгімелесіп те тұратынбыз. 

Генерал Тасболатов мен үшін «әскери ұстахананың бас шебері» сияқты. Себебі, тұла бойы тұнған өнер: білімде – ғылым докторы, профессор, спортта – шебер, әскерде – генерал-лейтенант, қоғамдық қызметте – халық қалаулысы болды. Бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат.

Қазіргі Парламент Мәжілісі депутат Тасболатовтың Елбасы жайында айтқандары есімнен әлі кеткен жоқ. Ол былай дейді: 

«... Әңгімелесуден кейін басшылар маған Қорғаныс комитетіндегі әскери оқу және білім саласын ұйымдастырып-жүргізуді тапсырды. Отан алдында Әскери ант қабылдаған сарбаз ретінде лауазым таңдамайтындығымды айтып, келісім бердім. Сол жылдарда генерал-майор Н.И Хлюпин, полковник К.Серікбаев (Ким Серікбайұлы Қазақстан әскерилері арасындағы алғашқы ғалым), полковник М.Шампиев (зейнеткерлікте), полковник С.Тауланов (отставкадағы генерал-майор Сәбит Сәуменұлы Республикалық «Арыстан» әскери мектеп-интеранатының бастығы), полковник М.Шелейко (зейнеткерлікте) және басқа бір топ офицерлер Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов сияқты абзал ағамыздың басшылығымен ешқандай материалдық базасы жоқ жаңа салада күндіз-түні жұмыс істей бастадық.

Бұны айтып отырған себебім, міне, тура осы тұстан бастап мен Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты терең біле бастадым.

Жасыратын несі бар, содан бері қарай қызмет бабымен әртүрлі жағдайда кездесіп жүрмін. Кейде кеңселік, кейде далалық жағдайда болған әр кездесуімнен алған әсерім әртүрлі өзгешелігімен ерекшеленеді. Айтқандарынан менің де өз өміріме үлгі-өнеге ретінде алған тағылымды дүниелерім көп. Негізгі айтайын дегенім, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде-ақ, даналар мен даралардың көпшілігі қазақтың маңдайы жарқыраған бір азаматы өсіп, қалыптасып келе жатқанын мойындап жүретін. Ел басқару деген кейбіреулер айтқандай, оңай емес. Ол күндіз-түні уақытпен санаспауды талап ететін жауапкершілігі өте жоғары жұмыс. Елдің ішкі және сыртқы жағдайын тең ұстап тұру екінің бірі түгілі, жүздің бірінің қолынан келе қояр ма екен?! Кейде осыған таңданамын».

Қазақстан өз егемендігін жариялаған тұста Республика Президенті Қорғаныс министріне сырт елдерде жүрген әскери адамдардың өз Отанына оралуына қатысты ұсыныс жасау туралы тапсырма берді. Және бұл бағытта көптеген игі шаралардың жүзеге асуына толыққанды жағдай жасады. Туған елге оралған отандастарымызды Сағадат Қожахметұлы қабылдап, оларға әкелік, ағалық ақыл-кеңестерін берді. Барлық жағдайды тәптіштеп тұрып түсіндірді, еліміздің Қорғаныс саласын көтеруге байланысты Елбасы қойған орасан зор міндеттермен таныстырды. Әсіресе, ұрлыққа, тонаушылыққа жол бермеуді қатаң тапсырды.

Иә, мұндай әңгімелерді ондап емес, жүздеп келтіруге болады.

Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Б. Ертаев Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясын басқарған жылдарда мен оның қарамағында қызмет еттім. Бірде қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертайұлы былай деп еді:

«Еліміз өзінің тәуелсіздігін жариялаған кезде мен әлі Германияда полк командирі едім. Жағдайым жаман емес. Қызметім де оңды. Қарулы Күштердің әрине Кеңес Одағының ғой, жоғарғы қолбасшылығы жұмысымды жоғары бағалап, екінші мерзімге командир етіп қалдырған болатын. Бірақ, сонда да болса бірдеңенің жетіспейтінін түсіндім. Ол өзіміздің кіндік қанымыз тамған туған жерге деген сағыныш болатын. Шәмші ағамыздың «Менің Қазақстаным» әнін қосыла шырқайтынымыз есімде. Бөлімшелердің роталық әндерінің көбінің екінші әні қазақ тілінде және полктік әніміздің біреуі осы, «Менің Қазақстаным» болды. Сыртта жүрген жігіттердің сағынышының белгісі ме, әлде қалыптасқан патриоттық сезім солай ма, әйтеуір, осы әнді білмейтіндер өте аз еді...».

Бұл да өмір шындығы.

Тәуелсіздіктен кейін қоғамның әлеуметтік-экономикалық жүйесі еш дайындықсыз өзгеріп шыға келді. Кеңестік жүйеге әбден үйренген халық абыржып қалды. Нарықтық қатынастың негізі саудаға үйренбеген, икемделмеген ел қиындыққа тап болды. Жаппай жекешелендіру асығыс жүргізілді. Халықтың мүлкі «тістегеннің – аузында, ұстағанның – қолында» кетіп жатты. Тура сол тұста нақтылы бір өнім шығарып, ұсынбайтын Қарулы Күштеріміз үшін, тіпті, қиын заман туды.  Өйткені, бар ойы отбасына бір күндік нан мен азық-түлік тауып беру боп жүрген адамдардың жұмысқа селқос қарайтындығы бесенеден белгілі. Істеген еңбектерінің қайтарымы да көңіл көншіпеуші еді. Айлап-жылдап жалақылары да қолға тимейтін. Бірақ, соның бәрін аз ғана уақытта жеңіп шықтық қой. Осындайда елдің береке-бірлігі мен Елбасының кемеңгер саясатына тәнті болмағанда қайтесің?! Бұған тәубе деуіміз керек.

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың: «Қазақтың да өзге ұлттармен жарысатын кезі келді», – дегені бар ғой. Сол кез дәл осы уақытта, тәуелсіздік таңымен, замана өсірген, дәуір тудырған тұлға Н.Назарбаев көшбасшымыз болғанда туды деп ойлаймын.

Төзімді, бейімделгіш, алғыр халықпыз ғой. Қиындыққа қайыспай, қоғамның жаңа жүйесінің белгісіз тұстарынан сүрінсек те сағымыз сынбай, үміт артқан Елбасының адастырмайтынына, жақсылыққа бастайтынына халық нық сенді. Ал, Нұрсұлтан Әбішұлы болса осы сенімді үлкен абыроймен ақтай білді. Кемел ойлы келешекке де бастап бара жатыр. Құдайдың көзі дұрыс болса екен деп тілеймін. Біздің елдің шығар биігі әлі де алда. Оған сенуге болады. 

Нұрсұлтан Әбішұлының жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел қамымен жүргенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Тағы да қайталайын, бұған дейін қазақ деген халықты кім білуші еді?! Аз уақытта елімізді әлемге танытты. Қарулы Күштеріміздің бет-беделі де аса жоғары дәрежеде өсіп-өркендеп келеді. Оны кез келген қазақ кеудесін үлкен мақтаныш кернеп тұрып айта алады.

Сөзімнің соңында мынаны айтқым келеді.

Жалпы, «ЕЛТІРЕК» деген сөздің қазақ сөздігінде бар, я жоқ екенін білмедім. Менің пайымдауымша, егер бар болып жатса, өте сирек айтылатын сөз. Олай болса, Елбасының, Ұлт Көшбасшысының, Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Басқолбасшысының құрметіне орай, сол сөзді менің де бір қайталағаным болсын. Егер жоқ болып жатса, онда туған елінің тірегіне айналған Нұрағаң-Нұрсұлтан Әбішұлының құрметіне орай, менің қазақ сөздігіне қосқан еншім болсын.

 

Марат ЖҮНІС-БЕК,

ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының және

Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Суреттер: автордың жеке қорынан алынды.

(Жалғасы бар)


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"