«Танк биатлонына» даярлық пысықталуда

   Әскери мамандықтарға қатысты «Армия ойындары – 2017» халықаралық  жарысы шеңберінде Ресей Федерациясының «Алабино» полигонында 29 шілде – 12 тамыз аралығында өтетін «Танк биатлоны – 2017» сайысына қызу дайындық жүріп жатыр. ҚР ҚК Құрлық әскерінің танк экипаждары «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Аягөз гарнизонындағы 10810 әскери бөлімінің «Майлино» оқу полигонында соңғы әзірліктерін пысықтауда.

Танк биатлонынан әлем чемпионатына ҚР ҚК Құрлық әскерінің танк экипаждары 2013 жылдан бері қатысып келеді. Мәскеу түбіндегі Прохоровка селосы маңындағы ірі танк шайқасының 70 жылдығына арналған 2013 жылғы биатлон бәсекесінде еліміз Қарулы Күштерінің командасы екінші орынды иеленді. 2014 жылы да жеңіс тұғырынан көрініп, екінші орынды ұтып алды. 1-ші экипаж мүшелері танк командирі лейтенант Асылбек Мұсұрманқұлов, зеңбірек нысанашысы кіші сержант Ерасыл Жұмағұлов, механик-жүргізуші кіші сержант Думан Байжанов барлық жағынан басым болды. Экипаж 12 шақырымды 21 минут 20 секундта жүріп өтіп, рекордтық көрсеткіш жасады. Бұған қоса аға сержант Болат Әлиев «Чемпионаттың ең үздік нысанашысы» атанып, лейтенант Парахат Тыныштыбаев бастаған 2-ші экипаж жеке сынақта 36 экипаждың арасынан үшінші келді. Сол жарыста берілген тапсырманы жоғары деңгейде орындаған механик-жүргізуші Марат Түсіпов РФ Қорғаныс министрі С.Шойгу мен өзге де генералдардың Ресей Федерациясының әскерінде қызмет етуге байланысты шақыруына «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп жауап қайтарған еді. Ал, 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған жарыста қазақстандық экипаж төртінші орынды еншіледі. Өткен жылы мәреге Ресей мен Қытайдан соң жетіп, үздік үштікке енді.

   Танк экипаждары арасындағы халықаралық біріншілікте 2013 жылы Ресей, Қазақстан, Белорусь және Армения ғана бақтарын сынаған. Биылғы додаға қатысуға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Венесуэла, Ангола, Беларусь, Иран, Әзербайжан, Зимбабве, Армения, Моңғолия, Үндістан, Сербия, Кувейт, Никарагуа, Тәжікстан, Уганда, Лаос секілді барлығы 19 мемлекет тілек білдіріп отыр. Командалар құрамы барлығы 21 адамнан құралады. Жарысқа сайдың тасындай іріктелген үш негізгі және бір қосалқы танк экипажы түседі. Олар жеке жарыс (барлық командалар), эстафета – жартылай финал (12 команда), эстафета – финал (4 команда) секілді кезеңдерден өтеді. Халықаралық жарыста қытайлықтар танк биатлонына қатысу мақсатында шығарған жаңа нұсқадағы Тип-96А отандық танкілерін, қалған қатысушы мемлекеттер Ресейдің Т-72 танкісін тізгіндейді. 

   Аға сержант Рустам МОЛДАШЕВ, нысанашы-оператор: «Танк биатлоны – танк жүргізу мен танкіге орнатылған негізгі және қосымша қарудан оқ атудан дәлдік шеберлігін анықтау үшін танк экипаждары арасында ұйымдастырылатын қолданбалы жарыс. Тарихи деректерге жүгінсек, НАТО елдері танкішілері арасындағы Канада армиясының (Canadian Army  Trophy) жүлдесі үшін жарыс 1963 жылдан бері өтіп келеді. Кеңестер Одағында 1970-ші жылдардың соңында Краснодар өлкесінің аумағындағы полигонда танктен оқ атудан жарыс болды. Жалпы алғанда, танк модельдерін радиомен басқару жанкүйерлері қауымдастығының танк биатлоны жарысы 2009 жылдан бері ұйымдастырылады. Танк биатлоны танкідегі кросс және танкіге орнатылған қарудан оқ ату секілді негізгі екі кезеңнен тұрады. Түрлі кедергілерден мүдірмей өту аса маңызды. Үш түрлі әдіспен оқ атып, нысанаға дәл тигізе білу де қажет. Мүлт кеткен жағдайда, экипаж ұзақтығы 500 метр айып айналымына жіберіледі».

   Аға лейтенант Еламан АБИШЕВ, танк командирі: «1130 аттың күші бар Т-72 танкісін тізгіндеу, түрлі кедергілер қойылған 4 шақырымды үш мәрте айналып өту, бірінші айналымда танкілік Калашников пулеметінен, екінші айналымда зениттік пулеметтен және соңғысында 125 мм 2А46М зеңбірегінен нысанаға оқ ату, шұңқырдағы судың мөлшерден көп болғандығына қарамастан танкіге қарсы өткелдерден, сулы шұңқырлардан, кедергілерден, миналы-жарылыс пен соққы беру бөгетінен, төбе мен соқпақ көпірден сүрінбей өту әскерилердің жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлігін талап етеді».

   Кіші сержант Бейімбет БОДЕСОВ, механик-жүргізуші: «Танк туралы сөз қозғасақ, көз алдымызға Т-34 танкісі келеді. Өйткені ол әлемдегі ең мықты он танкінің ішінде бірінші орында тұрады. Дәл осы Т-34 танкісінің қуаттылығының арқасында батыр бабаларымыз екінші дүниежүзілік соғыста талай ұрыстарды жеңді. Танктер – бронетанк техникасының негізі. Қарулы Күштерде танк дегеніміз – негізгі күш болып табылады. Танк – соғыстың басты құдіреті. Қазіргі заманның танкілері – ол экипажды барлық қару-жарақтың әсерінен сенімді құтқаратын, ұрыс даласында кез-келген мақсатқа қуаты жететін, күндіз ғана емес, түнде де бақылау жүргізіп, белгіленген нысанаға жоғары жылдамдықтағы қозғалыста оқты дәл жібере алатын, су бөгеттерінен емін-еркін өтетін, күшті қарумен жабдықталған әскери машина».

   Аға сержант Дмитрий АЛЬКЕНОВ, нысанашы-оператор: «Менің ойымша, мұндай маңызды жарысқа қатысудың өзі үлкен тәжірибе. Әскери мамандықтарға қатысты танк биатлонына дайындықтың барысында танк командирі мен нысанашының оқ атуына және механиктің көлік жүргізуіне қатысты әрбір элементті алдын-ала зерттей білу қажет. Ауызбіршілігіміз, өзара түсіністігіміз бен ойымыз бір арнада түйіскенде ғана жеңістерге қол жеткіземіз».

   Аға лейтенант Олжас ОҢАЛБАЙ, танк командирі: «Әрине, бүгінде броньды танк қару-жарағы мен техникаларын дайындау, жөндеу және оларды күштік құрылымдардың пайдалануы үшін жаңғырту түбегейлі өзгерді. Президентіміз – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев, ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник С.Ә.Жасұзақов әр уақытта әскерилердің кәсіби біліктілігін арттыруды маңызды міндет етіп қояды. Әрі бүгінгі күні әскери әрекеттерді ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері де түбегейлі өзгерді. Заманауи жаңа жауынгерлік техникалар мен қару-жарақтарды дұрыс пайдалану үшін арнайы мамандар қажет. Бұл – уақыттың талабы. Ел іргесінің қорғанысы мен қауіпсіздігін жауынгерлік әзірлігі жоғары кәсіби әскер ғана қамтамасыз ете алатыны даусыз. Жаңа заманның әскери техникасы жаңаша түрге еніп, біздің елімізде жаңа қарқын алатыны азат Қазақстанның аяғынан нық тұрған армиясының бекем болашағын білдіреді».

   Аға сержант Марат ТҮСІПОВ, механик-жүргізуші: «Ресей Федерациясы аумағындағы танк биатлоны жарысына еліміздің Қарулы Күштерінің намысын қорғауға аға механик-жүргізуші аға сержант Думан Байжанов бесінші жыл қатарынан барады. Мен биыл төртінші рет (2013, 2015, 2016 жылдары) қатысамын. Әлем чемпионатының ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Полигон әскери қимылдар театрының аясында жасалып, кәдімгі ұрыс өтіп жатқандай әсер қалдырады. Телекамералар мен ұшып жүрген роботтар оқтың тигенін анық көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда жарыс күндері «Алабино» нағыз ұрыстың спорт алаңына айналады. Барлық жастағы қонақтар үшін аттракциондар мен шеберлік сабақтары, спорттық байқаулар, интерактивті және виртуалды ойын алаңдары, атыс полигоны, зияткерлік викториналар және тағы да басқа ойын зоналарының қаласы құрылады. Көрермендердің назарына қолданбалы ит өсіру, парашют, авиамодель және ат спорты жөнінен көрнекі өнер, тікұшақ пен автомобиль спорты шеберлерінің сайысы, «Дала асханасы» байқауы барысында әскери аспазшылардың шеберлігі де ұсынылады. Экстрим әуесқойлары тәжірибелік атыс пен пэйнтбол сайысын, әскери-патриоттық клубтар арасындағы әскерилендірілген эстафетаны тамашалай алады. Көрнекті орындар, мәселен әйгілі танк мұражайындағы тарихи әскери техникалар да көрсетіледі. Жиналған жұрт халықаралық жарыстың жабылу күні Ресейдің ұшқыштық топтарының өнеріне тәнті болады.Жарыстағы біздің мақсатымыз: осындай Бүкілармиялық Олимпиадада қаһарман қазақ халқының айбынды армиясын әлемге таныту».

  

   Сөз соңында. ҚР ҚК Құрлық әскерінің үздік танк экипаждары жарысқа қатысқан алғашқы 2013 жылдан бастап барлық кезеңде әлем чемпионатының фавориті болып келеді. Өзге шет мемлекеттер Қазақстанның – ең мықты бәсекелес екенін мойындап, әскер басшылары еліміз Қарулы Күштері құрамасының шыңдалу шеберлігі мен жауынгерлік машығына, кәсіби амалдар мен қимыл-әрекеттерді орындаудың жоғары деңгейіне, ұйымшылдығы мен ұқыптылығына жоғары баға береді. Еліміздің Қарулы Күштерінің жауынгерлік даңқы мен абыройын арттырып жүрген әскерилер биылғы «Танк биатлоны – 2017» чемпионатында да жүлделі орынды жеңіп алып, Қазақстанның көк байрағын желбірететініне сенім зор.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"