"Тәртіпке бас иген құл болмайды"

19 қаңтар күні ҚР Қарулы Күштері тәрбие құрылымдарының офицерлері кәсіби мерекесін атап өтеді. Тәрбиеші-офицерлердің институты ҚР Президентінің Жарлығымен осыдан 26 жыл бұрын құрылған болатын. Тәрбие және идеологиялық жұмыстар органының маңыздылығы жайында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие құрылымдарының офицерлері өз ойларын ортаға салады.

   Подполковник Асыл ЕРҒАЛИЕВ, Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің бастығы: «Тәрбие жұмысы – командирдің екпінді күші! 19 қаңтар күні ҚР Қарулы Күштеріндегі командирлердің (бастықтардың) тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары институтының құрылғанына 26 жыл толып отыр. Еліміздің Қарулы Күштерінің дамуы Отан қорғаушылардың рухани потенциалының жан-жақты жұмылуын талап етеді. Бұл олардың тәрбиесімен тікелей байланысты, өйткені тәрбие жұмысы еліміздің аумақтық бүтіндігі мен егемендігінің кепілдігі тәрізді Қарулы Күштер мен құқықтық, демократиялық мемлекетт құру барысында мемлекет жетекшілігі барлық қызметінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Президентіміз – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауының арқасында кәсіби, қазіргі заманғы қару-жарақпен жабдықталған айбынды армиямыз қуатты, әрі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кез-келген міндетті шешуге қабілетті. Қазіргі уақытта әскердің негізін келісім шарт бойынша қызмет ететін әскерилер құрайды, сол себептен тәрбие жұмысының ауқымы да сан қырлы. Тәрбие жұмысының басты мақсаты – ҚР Қарулы Күштерінің тәртіпті, еліне және заңды сайланған Президентіне адал, өз әскери борышын саналы түрде өтеуші, сондай-ақ, Отанын қорғау үшін жеке жауапкершілікті сезінетін кәсіби мамандарды тәрбиелеу. Тәрбие жұмысы – уақыттың талабымен қазіргі заманғы жағдайда міндеттердің көлемі мен күрделілігі артқанда оны тиімді шешудің, ұрыста жеңіске қол жеткізудің және әскердің жауынгерлік қабілеттілігін арттырудың маңызды құралы болды, әрі солай болып қала бермек. «Тәрбие – тәртіптің негізі» деген ұғым әскери өмірге арналып айтылғандай. Кез-келген әскери бөлімдегі тәрбие жөніндегі жұмыстары бөлім тәрбиешілерімен тығыз байланысты. Тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың ауыр салмағы да соларға түседі. Соған сәйкес қойылатын талап та күшті. Олар әскерді бір идеяға жұмылдыру, әскери өмірде қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру, сарбаздардың психологиясын, жағдайын түсіну арқылы көмек беру секілді жауапкершілікті өздеріне міндеттейді. Құрметті әріптестер! Кәсіби мереке құтты болсын!»

 

   Майор Думан БІЛӘЛОВ, Семей гарнизонының 44736 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің бастығы:: «Әскери қызметшілердің жоғары жауынгерлік рухы мен моральдық күші жеке тұлғаны дамытуға бағытталған мақсатты және жоспарлы тәрбиенің нәтижесінде қалыптасады. Оны жүзеге асыратын офицерлердің өзі ең алдымен бағынышты адамдарға үлгі-өнеге бола білуі керек. Жасымас жігерімен, қайтпас қаһармандығымен, берік бірлігімен, жалынды отаншылдығымен ерекше тұлғаланып тұруы тиіс. Жеке құрамның моральды-психологиялық жағдайын жүйелі зерттеп қана қоймай, ұдайы кәсіби шеберлігін де арттырып отыруы қажет. Психологиялық тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтау үшін әскери қызметшілерді достық пен жауынгерлік серіктестік рухында тәрбиелей білу де маңызды. Сонда ғана әскердегі тәрбиешілердің рөлі айқын көрінеді. Біздерге Отанға деген құрметі пен сүйіспеншілігі жоғары, туған ел мен жерге деген шынайы сезімі адал, кәсіби тұрғыда дайындалған, қайсар, әрі өнегелі патриоттарды тәрбиелеу міндеті жүктелген. Нағыз жауынгер шынайы әскери қимылда қолындағы заманауи қару-жарағымен емес, рухының беріктігімен ерекшеленеді емес пе?»

Майор Мырзахмет ЖҰМАҚҰЛОВ, гарнизондық офицерлер үйінің бастығы: «Кеңес Одағы кезінде әскерде саяси жетекшілер, яғни «политруктар», «замполиттер» деген болды. Бүгінде егемен еліміздің Қарулы Күштерінде тәрбие құрылымдарының офицерлері бар. Әрі ол көп өзгерістерге ұшыраған. Қызмет ету аясы мен басқару органдары, алатын орны мен бағыттары да ерекше. Мен қызмет еткен 20 жылдан астам уақыттың ішінде саяси тәрбиеден басқа діни экстремизмнің әскери ортаға енуінен сақтау және жалпы насихат, психология, ҚР ҚК имиджін көтеру, БАҚ жұмыс жүргізу, мемлекеттік тілді дамыту, мәдени жұмыстары жаңа бағытта өрбіді. Кадрлар дайындау да жаңа лауазымдық талаптардың жаңаруына әкелді. Тәрбие құрылымдары офицерлерінің мәртебесі де өсіп келеді. Жалпы Қарулы Күштерде тәрбиеге басқарма мен командирлер де ден қойды. Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, кеңес Армиясының қатарына командир ретінде шақырылған алғашқы қазақтардың бірі Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қанатты сөздерін қағидасын ұстанады. Тәрбиеші офицерлер өз қызметіне адал, үлгілі, жеке жетістіктерімен де алдыңғы шепте. Өз басым тәрбие және насихат жұмыстары офицері болғанымды зор мақтаныш тұтамын. Бүгінгі күні тәрбие және идеологиялық жұмыстардың барлық бағыттарында қолайлы механизмдер жеткілікті. Мемлекеттік-құқықтық даярлық, ақпараттандыру, өзіндік шығармашылық және бұған қоса жеке құраммен жұмыс жасаудың жаңа түрлері енгізіліп жатыр. Әскери қызметтің сапасын арттыруға бағытталған көптеген іс-шаралар да атқарылуда. Мәселен, жеке құрамды қорғаныс істері департаменттерінде таңдап алудан бастап, жас толықтырулар психологиялық тексеруден өткізіледі. Бұдан соң жүйке-психологиялық қабілеттілігінің негізінде ғана бөлімдер мен бөлімшелерге бөлу жүзеге асырылады. Қарауыл мен жауынгерлік кезекшілікке түсетін әскери қызметшілерге аса мұқият көңіл бөлінеді. Барлық казармалар мен штабтарда Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, өңірлік әскерлер қолбасшылары мен олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларының ұялы телефондарының нөмірлері жазылып тұр. Әскери қызметшілер көкейде жүрген сауалдарын SMS-хабарлама арқылы да жолдай алады. Жалпы алғанда, әскери тәртіп пен тәрбие әрбір әскери қызметшіні өзінің борышын адал атқаруға міндеттейді».

 

   Подполковник Дарқан ШАЯНБАЕВ, Семей өңірлік гарнизонының әскери полиция жасағы бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің бастығы: «Бөлім бастықтарының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары және осы бағытта әскери қызмет атқаратын әскери қызметшілердің бейбіт өмір уақытындағы жұмыстарына баға беруді төмендегідей сипаттар едім. Біріншіден, тәртіп бар жерде әскери қызметшілердің берілген қандай да болмасын жауынгерлік тапсырманы орындауға толықтай мүмкіншілігі бар. Екіншіден, тарихи, ұлттық, діни құндылықтарды толық білетін әскери қызметшінің көзі ашық, көкірегі таза болады. Үшіншіден, әскери бөлімнің жеке құрамы Қазақстан халқына, Президентіне адалдық, ұлтаралық келісім, қазақстандық патриотизм, заңдарды сақтау, әскери борышы мен әскери антқа беріктігі, жалпыәскери жарғылар мен командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарының талаптарын мүлтіксіз орындау рухында тәрбиеленуі. Төртіншіден, озық тәжірибе алмасу, оларды марапаттау арқылы өзгелерге үлгі ету, насихаттау әскери қызметшінің өз қызметтік міндеттерін сапалы атқаруға жол сілтейді».

 

Алуа ИСКАКОВА

«ШЫҒЫС» өңірлік қолбасшылығы

 

 

 

 

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"