Соғыста да, тылда да тәрбиеші болды

Тұрсынбек Серкешев 1917 жылы 31 наурызда Жаңасемей ауданының Кенжебай ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Қаршадайынан қиындықтан көз ашпаған ол жаңадан құрылып жатқан ауыл шаруашылығының артеліне қара жұмысшы боп қабылданады. Бір жылдан соң Қазгеология барлау тресінің жанындағы бұрғылау шеберлерін дайындайтын бір жылдық курсты тәмамдайды.

 

Алайда Қазгеология барлау тресінің кадр бөлімі 5-ші разрядтағы бұрғылау шебері мамандығына ие болған Тұрсынбек Серкешевті бойының аласалығына және жасының 18 толмағанына байланысты жұмысқа алудан бас тартады. Бұған қарамастан вагон жөндеу жөніндегі темір ұсталарын әзірлейтін алты айлық курсты тағы да үздік аяқтап, Семейдегі 1-ші вагон учаскесіне орналасады. Вагондарды тексерушіден бастап, поездағы вагон шебері, диспетчер, вагон учаскесіндегі кадр бөлімі бастығының орынбасары, вагон депосының жергілікті кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымдарына дейін көтеріледі. 1941 жылы күзде Семей облыстық Октябрь аудандық партия комитетіне нұсқаушы ретінде бекітіледі. Осы жылдың қараша айында Тұрсынбек Серкешев секілді 250 коммунист-қазақ Қиыр Шығыс майданының саясат басқармасына орыс тілін нашар білетін ұлты басқа жауынгерлерге саяси-тәрбие жұмыстарын түсіндіру мақсатында аттанады. Хабаровск қаласының шетіндегі Красная речка елді-мекеніндегі әскери-саяси училищеде 20 күн оқып, медсанрота командирінің саяси сағаттар бойынша көмекшісі қызметіне кіріседі. Бір жылдан соң аға сержант Тұрсынбек Серкешев медициналы-санитарлық батальон бөлімшесінің командирі, әрі батальонның алғашқы партия ұйымының хатшысы болады. Харьков қаласындағы екі жылдық әскери-саяси училищені тоғыз айда үздік бітіріп, майданға тек 1945 жылдың сәуірінде аттанады. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры армия генералы П.И.Батов қолбасшылық еткен 4-ші Украина майданындағы 60-шы армияның саяси бөліміне жіберіледі. Мотомеханикаландырылған дивизияның құрамында Польша мен Чехословакия аумағындағы жауынгерлік қимылдарға, Прага қаласын неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысады. 1946 жылдың соңына дейін маршал К.К.Рокоссовскийдің қолбасшылығындағы әскердің солтүстік тобының құрамында 634-ші полк дивизионының партиялық ұйымдастырушысы болады. Елге 1947 жылы қаңтар айында ғана оралады.

   Соғыс ардагері Семей облыстық және Абай, Шұбартау, Шар, Үржар, Көкпекті, Ақсуат аудандық партия комитеттерінде ұзақ жыл қызмет атқарды. Балалық шақтағы аштық, соғыс аяқталар кезде мидың шайқалғаны, Семей ядролық сынақ жарылыстарының залалы,  27 жылдық қызметте жинақталған жүйке ауруы денсаулығына кесірін тигізбей қоймады. Екінші топтағы мүгедек болып қалса да Тұрсынбек Серкешев Семей облыстық атқару комитеті мен қалалық партия комитетінің аппаратында, азаматтық қорғаныс штабында 1986 жылға дейін тынымсыз еңбек етті. Бірақ сонау 1933 жылы аштық кезіндегі жаппай қырылудан аман қалу үшін Үржардағы балалар үйіне өз қолымен апарып өткізген үш бауырын сол күйі таба алмағаны және мал дәрігері болған Ғазиз есімді ұлын айуандықпен өлтірген кінәлінің бар-жоғы алты жылға сотталғаны Тұрсынбек ағаға ауыр соққы болып, өмір бақи өзегін өртеді. 

   «Мен адал ғұмыр кештім. Отанымды жаудан қорғауда жанымды аямадым. Тылда да тер төктім. Республиканың және облыстың экономикасы мен мәдениетін дамытуға халық игілігін сақтай отырып бар күшімді салдым. Жүздеген жас кадрларды өсіріп, тәрбиеледім. Семейдегі теміржолшылардың мәдениет үйі, «Рахат» тұрмыс үйі секілді мәдени-тұрмыстық және білім беру мекемелерінің құрылысына белсене қатыстым. Еліміздің өсуі мен өркендеуі жолындағы менің қосқан үлесіме үкімет пен партия лайықты бағасын берді. Жетінші шақырылымдағы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Коммунистік партиясының төрт бірдей съезіне делегат, Семей облыстық және қалалық кеңесінің бірнеше мәрте депутаты да атандым. Өмірлік жарым екеуіміз тату-тәтті тұрып, балаларымызға жақсы тәрбие, жоғары білім бердік. Өткен өміріме ешқандай да өкінішім жоқ» делінген 2002 жылдың 19 наурызындағы Тұрсынбек ағаның жеке жазбаларында.

   Соғыста да, тылда да Тұрсынбек Серкешев қазақ халқының ұлы қасиеттеріне тәнті етіп, тәрбиеші ретінде тәуелсіз мемлекетіміздің мүддесі үшін қажырлы еңбек етті. Өзіндік өрнегі бар өмірі – жас ұрпаққа үлгі-өнеге.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"