"Саперлар ешқашан қателеспеуі керек"

Қашанда жау шебі мен әскери жаттығу алаңына жұрттан бұрын келіп, желдің өтінде, ұстараның жүзіндей қылп-қылп еткен қауіптің ішінде жүріп, асқан қырағылығының арқасында қауым әскерді аман алып қалатын инженерлік әскерлері деген маман бар. Барлау, бөгеттер салу, қорғаныс шебін құру, миналандырылған жерден өтуге жол салу, өтпелер жасау, қарсылас шабуылының зардаптарын жою... Қысқасы, оларсыз бірде-бір оқу-жаттығу, ұрыс, майдан өтпейді. 21-ші қаңтарда осы бір қадірлі де қауіпті мамандық иелері – инженерлік әскерлеріміздің төл мейрамы. Сол мереке қарсаңында осы саланың басы-қасында жүрген ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық іскерлері Бас штабы Бас басқармасының Арнайы әскерлер бастығы – арнайы әскерлер басқармасының бастығы полковник Мұрат Жүсіповті сөзге тартқан едік.

–       Әңгімемізді арыдан бастасақ. Тәуелсіздік алып, төл әскеріміз құрылған сәтте инженерлік әскерлердің тек санаулы ғана бөлімдері болды. Сол бір елең-алаң кезеңнен өттік. Тәуелсіздіктің 27 жылдық белесінде өткен жағдайларға тоқталсаңыз?

Алғашында еліміздің аумағында орналасқан әскери бөлімдердің барлығы дерлік қысқартылған штатта болды. Яғни, ол кезде бізде әр дивизияның құрамында жеке инженерлік саперлік батальондар, сосын ҚР Қарулы күштерінің ішінде 1 ғана инженерлік саперлік бригада бар еді. Мүліктерді және инженерлік техникаларды сақтайтын базалар жұмыс істеді. Саны болғанымен ол кезде, әрине сапа болған жоқ. Негізгі мақсат – инженерлік техникалар мен мүліктерді сақтап қалу болатын. Ширек ғасырдан астам уақытта көп нәрсе өзгерді. Басында тек бөлімдер ғана жұмыс істесе, Алматыдағы 40-армияның инженерлік бөлімі базасында 1992 жылдың қарашасында ҚР ҚМ Инженерлік басқармасы құрылды. Қазіргі таңда әрбір өңірлік қолбасшылықтың құрамында инженерлік саперлік полктар, ҚР Құрлық әскерлерінің құрамында инженерлік саперлік бригадалар бар. Механикаландырылған және десанттық-шабуылдаушы әскер, теңіз жаяу әскерлері бригадаларының құрамында инженерлік саперлік роталар, мотоатқыштар батальонының құрамында бөлімшелер, арнайы мақсаттағы барлау полктарының құрамында да біздің инженерлік әскери мамандар жұмыс істейді. Сондай-ақ, инженерлік әскерлердің мүліктерді,оқ дәрілерді сақтау қоймалары өз алдына жеке әскери бөлім болып саналады. Олар да өз міндеттерін өзге бөлімдер секілді атқарады. Біздің мамандар әрбір өңірліктің, әрбір десанттық-шабуылдау әскерлерінің мақсаттарын орындау үшін жұмыс істеп жатыр. Осының барлығы мемлекетімізде төл әскерінің құрылғандығының нәтижесі дер едім.

–Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни өтпелі кезеңде көптеген кәсіби мамандар басқа елге кетіп жатты. Соның салдарынан әскерде маман тапшылығы мәселесі алға шықты. Бұл түйткілді жағдай қалай шешіліп еді?

1992 жылдары инженерлік әскерлерден көптеген мамандар өзге елдерге кетіп қалды. Сол кезде жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында дайындықтан өткен мамандар инженерлік әскерлердің орнын басып, құрамын сол кісілер ұстап қалды. ҚР Қарулы Күштерінің алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовтың шешімімен 1994жылы Алматыда жаяу әскери командалық училищенің негізінде инженерлік әскерилер даярлайтын кафедра ашылды. Бұдан кейін еліміздегі жоғарғы оқу орындарындағы әскери кафедраларда да инженерлік кәсіп мамандарын дайындау басталды. Мұндай кафедралар өте жоғары деңгейге көтеріліп, тәжірибесі бар, жоғары лауазымдарда болған запастағы офицерлер ұстаздармен қамтамасыз етілді. Мен өзім де Алматы жоғарғы әскери училищесінің инженерлік кафедрасының 1997 жылғы бірінші түлегімін. Жалпы, 2000 жылдан бастап оқу орындарында жоғары әскери білімді инженерлік мамандар даярлау басталса, бүгінгі таңда мұндай мамандарды еліміздегі 2 арнайы және басқа да жоғарғы оқу орындарындағы әскери кафедралар даярлайды. Құрлық әскерлері қолбасшысының сұранысы бойынша Қапшағай гарнизонында орналасқан оқу орталығы кіші мамандарды дайындайды. Ондағылар 6 ай мерзімде дайындықтан өтіп, біліктілік алып, кіші маман ретінде Құрлық әскерлерінің инженерлік бөлімдеріне жіберіледі.

–       Қазір әлемде әскери техника қарқынды дамып келеді. Осы тұрғыда инженерлік әскерлердің техникалық қамтылуы мен оның қуаты жайында айта кетсеңіз?

–       Бір нәрсе айқын, инженерлік әскерлер ұрыс алаңына қашанда бірінші болып келеді. Сондықтан олардың техникалары да қашанда сақадай сай болып тұруы керек. Олай болмаған жағдайда, әскери тектер мен бөлімдердегі жауынгерлер діттеген мақсаттарына жете алмайды. Біз оларға қай уақытта болсын көмек қолын созып тұруымыз керек. Сондықтан біздің әскери әлеуетіміз де олармен бірге дамып отыр. Мәселен, инженерлер әскерлерін техникамен қамтамасыз ету ұзақ кезеңге арналған бағдарламасы бар.Онымен Бас штаб арнайы әскерлерінің Инженерлер әскерлерлері Бас басқармасы айналысады. Сол бағдарлама аясында инженерлік әскерлер жаңа техника түрлерімен қамтамасыз етіліп келеді. Әскердегі инженерлік техникалар әртүрлі. Оның ішінде Кеңес дәуірінен қалған күрделі әскери техникалармен қоса заманауи техникалар да бар. Бұрын әскери бөлімдерде 5-6 типтен тұратын техникаларды пайдаланып келдік. Олардың ұдайы қолданылуын қамтамасыз ету өте қиын болды. Сол себепті, 2007 жылдан бастап біз негізгі типке өте бастадық. КамАЗ, КрАЗ немесе басқа да автомобиль түрлеріне өттік. Инженерлік әскерлерінде әскери эксковаторлар, мүліктерді көтеретін техникалар, жасырын қолданатын жабдықтардың жаңа түрлерін, су тазартқыш, минасыздандыруға қолданатын роботтарын жұмыста қолданады. Қазір шетелден көп техника алып жатқан жоқпыз. Инженерлік техникалардың көбісі еліміздегі өндіріс орындарында жасалған. Қазір соларды игеру жағына маңыз беріп жатырмыз. Әскерді техникамен қамтамасыз ету бір, ал техниканың тілін білетін мамандар дайындау – ол басқа мәселе. Бұл екі мәселені қатар шеше алмасақ, жұмыс сапасы да, жауынгерлік әзірлігіміз де төмендеп кетуі әбден мүмкін. Жеке құрам ұрыс алаңдарында өз өміріне қауіпті жарылғыш заттармен жұмыс істейді. Сондықтан сол қауіпті сейілтетін жаңа киімдермен қамтамасыз еттік. Бүгінгі таңда инженерлік әскерлеріміз цифрланған, роботталған, көпсалалы қолданылатын инженерлік мүліктермен де қамтамасыз етіліп, жоғары әзірлік дайындықтағы арнайы әскерлерге айналды.

–       Соңғы жылдары елімізде төтенше, апат жағдайлардың жиілеп кетуіне байланысты Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің құрамынан инженерлік құтқару ротасын құру мәселесі Сенат комитетінің отырысында қаралды. Осы жөнінде не айтасыз? Жалпы, елімізде болып жатқан табиғи, техногенді апат, экстремистік пиғылдағы оқиғаларға біздің инженерлік әскерлер қаншалықты оперативті үн қатады?

– Ол енді келешекте қолға алынатын мәселе. Жалпы бізде арнайы мақсаттағы инженерлік әскерлер болса деген ойымыз бар. Елімізде төтенше, техногендік, жергілікті апаттар болып жатқан жағдайда әрбір гарнизондарда біздің арнайы мақсаттағы техникаларымыз бар. Оларды аз уақыт ішінде әзірлікке келтіруіміз ерек. Олар барлық керекті заттармен қамтамасыз етілген. Тексеріс ретінде әрдайым сабақ, дайындықтар өтіп тұрады. Ондай апатты жағдайлар орын алып, арнайы органдар мен төтенше жағдайлар комитетінің техникалары жетпей қалған жағдайда біз солардың сұрауы бойынша, Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен әскерлерді, инженерлік техникаларды іске қоса аламыз. Осы уақытқа дейін елде болып жатқан төтенше жағдайларда біз аянып қалған жоқпыз. Мысалы, Шығыс Қазақстанда болған қар көшкіні, Қызылағаштағы су тасқыны, Бурный елді мекеніндегі табиғи апаттарда біздің инженерлік әскерлер көмек қолын созды. Бірде Аягөз гарнизонынан бері қарай «92-шақырым» деген жерде оқушылар боранның астында қалып қалды. Сол кезде оларды құтқару операцияларына да қатыстық.

–       Елімізде өтетін халықаралық деңгейдегі маңызды шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде инженерлік әскерлердің үлесі зор. Сондай-ақ, инженерлік әскерлеріміз халықаралық бітімгершілік, гуманитарлық мақсаттағы миссияларға да қатысып жүр. Осы жайында да айта отырсаңыз?

–       Қазір әлемнің бірқатар елдерінде әртүрлі соғыс қимылдары жүріп жатыр. Оның кейбірінде соғыс өрті сөнгенімен, ондағы халыққа тигізіп жатқан зардабы мен салдары өте көп болып тұр. Мысалы, Тәжікстан, Сирия, Ирак Республикасы. Соғыс біткеннен кейін ұрыс болған жерлерде жарыламаған не жасырылған миналар көп қалады. Біздің инженерлік әскерлеріміз арнайы мақсаттағы әскердің құрамында Ирак Республикасында қызмет атқарып келді. 10 рота өз міндеттерін абыроймен орындады. Көбіне жергілікті жерлерді сумен қамтамасыз ету және минасыздандыру жұмыстарымен айналысты. Сол мамандар қазір әскери бөлімдерде нұсқаушы ретінде жұмыс істейді. Өздерінің кәсіби біліктіліктерін жас мамандарға үйретеді. Бітімгершілік миссияларына қатысатын біздің әскери бөлімдердегі барлық әскерилер инженерлік дайындықтан өтеді. Ондай мамандарды даярлау үшін бізде Қапшағай гарнизонында минасыздандыру орталығы бар. Бұл жерде қосымша айта кетер жайт, инженерлік әскерлер бейбіт күннің өзінде өз жұмыстарын жауынгерлік әзірлік деңгейінде өткізіп тұрады. Яғни, қандай жағдайға болсын дайын.

–Инженерлік әскерлердің халықаралық жарыстардағы көрсеткішіне тоқталсаңыз?

–Біздің инженерлік әскерлер 2016 жылдан бері 3 жыл қатарынан Армия халықаралық ойындарының «Инженерлік формула» және «Қауіпсіз бағдар» сынды екі түріне қатысып келеді. Оның алдында ТМД елдерінің инженерлік әскерлерінің арасында сайыстар өткізіліп отыратын. Сол жарыстарда 2016 жылға дейін біз тек бірінші орыннан көріндік. 2016 жылы төрт мемлекеттің арасынан біз «Инженерлік формуладан» бірінші орын, «Қауіпсіз бағдардан» екінші орын алдық. Биылғы өтетін «Инженерлік формула» сайысына әскерлердің тектерінде қазір дайындықтар жүріп жатыр. Наурыз айынан бастап ҚР Құрлық әскерлерінің оған қатысатын құрамы анықталады.

–       Алда кәсіби мерекелеріңіз келе жатыр. Әріптестеріңізге өзіңіздің жылы лебізіңізді білдірсеңіз?

–       ҚР арыстандай айбарлы Қарулы Күштеріміздің құрамында инженерлік әскерлеріміз ары қарай жасай берсің. Сол құрамның ішінде сарбаздар, сардарлар, сержанттар, офицерлер, әскери зейнеткерлер мен қызметкерлер инженерлік әскерлердің даңқын көтеруде өз үлестерін қосуда. Сондықтан оларға тек жемісті қызмет тілеймін. Жауынгерлеріміздің біліктілігі қашанда жоғары болып, әскеріміздің айбынын асқақтата бергей. Осы ретте, бүгінде жұмыс істеп, көрген-білгендерін жастарға үйретуден жалықпайтын, бізбен бірлесе қызмет атқарып келе жатқан запастағы полковниктер Захарочкин Н.А., Касымканов Б.Ж.,Шаймахов Н.Н. сынды зейнеткер офицерлер бар. Олардың болашақ үшін жасап жатқан осы бір жұмыстарына сәттілік тілейміз.

–Әңгімеңізге рахмет. Сіздің қызметіңізге де табыс тілейміз!

                                                     Сұхбаттасқан Меруерт САФАЕВА

                                                     Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕН

 

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"