«Құралайды көзге атқан» баба ұрпағы неге алыстағыны көрмейді?

«Құралайды көзге атқан» баба ұрпағы неге алыстағыны көрмейді?

            
     Әскер – өмір мектебі, бозбала үшін өмірдің жаңа бір белесіне қадам басар сынақ алаңы. Білімді мен біліктінің, білекті мен жүректінің електен өтер орны – әскери комиссариат.  Әскери комиссариат мамандары әскерді жауынгерлік рухтағы сарбаздармен жасақтау үшін кешенді жұмыс жүргізеді. Күзгі шақырылымға тіркелген 6000 жастың ішінен 800-ін іріктеп жіберу үшін қазір комиссариатта қызу науқан жүріп жатыр. Газетіміздің бүгінгі санында біз әскер өмірінің алғашқы әліппесі әскери комиссариаттың жұмысымен толық таныстырып өтеміз.


МЕРУЕРТ САФАЕВА

"САРБАЗ"

Әскери комиссариаттан шақырту қағазы келген әскер жасындағы кез-келген жас өзі тұратын ауданның Қорғаныс істері жөніндегі басқармасына барып, әскери-медициналық комиссиядан өтуге міндетті. ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының «Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру», «Әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан босату» сынды 35, 36-баптарында қарастырылған жағдайдан басқа жеңілдігі жоқ азаматтар Отан алдындағы борышын өтеп, әскерге баруы тиіс. Олай болмаған жағдайда жаза қатаң. Әскерден жалтарып жүріп 5 АЕК, яғни 2,5 млн теңгенің қомақты айыппұлын мойныңызға қамыт қылып киюіңіз мүмкін. Немесе мәселеңіз қылмыстық кодексте қаралып, 1-3 жыл аралығындағы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. «Қылмыстық жазаға тарту бізде тәжірибеде бар. Көктемде бір бала әскерден жалтарып қашып жүріп, полиция қызметкерлерінің көмегімен табылды. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – жасақтау басқармасының бастығы подполковник Рустам Жалбинов.

Биыл күзгі шақырылым бойынша әскерге баратын 800 жастың 150-і ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, 20 жас Мемлекеттік күзет қызметіне, 300-і ҚР Қарулы Күштеріне, 320-ға жуығы Ұлттық ұланға аттанады.

Әскерге шақырту алған жас үш деңгейлі комиссияның сынынан өтеді. Алдымен аудандық басқармаларда медициналық комиссия денсаулығын тексерсе, екінші кезекте қалалық әскерге шақыру-жинақтау пункттерінің әскери-медициналық комиссиясы медициналық, психологиялық, наркологиялық жағынан тексеріп, тестен өткізеді. Әскерге шақырылушының наркологиялық есепте тұрған-тұрмағандығы электрондық база арқылы тексерілсе, екіншіден сол жастың ағзасында есірткілік заттардың бар-жоқ екендігін қан, зәр сынамаларын тапсыру арқылы анықтайды. Үшіншіден, қалалық әскерге шақыру-жинақтау пункттерінің әскери-медициналық комиссиясының іріктеуінен өткен жасты әскери бөлімнен келген мамандар 2-3 күн бақылап, өз алдына іріктеу жасайды.

Әскерге жарамды деп танылған жас ендігі кезекте дене тұрқы, мінез ерекшеліктеріне қарай әскер түрлеріне бөлінеді. Әр әскердің атқаратын қызметіне байланысты оған қойылатын талап пен орындайтын тапсырмалар да әртүрлі. «Мәселен десанттық шабуылдау әскерлеріне негізінен тез ойланатын, алғыр, ой-өрісі шапшаң, көңіл көкжиектері кең, тез шешім қабылдай алатын, шымыр, шапшаң қимылдайтын жігіттер керек. Ал зымырандық-ракеталық әскери бөлімдерге, байланыс әскерлеріне салмақты, байсалды, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» тиянақты жастарды жібереміз. Екі әскер түрін қарап отырсаңыздар екеуінде адамның психологиялық келбеті екі бөлек. Ал Ұлттық ұланға жіберілетін жастар құқық қорғау органдарында қызмет атқаратын болғандықтан байыпты, ұстамды, екіншіден қырағы, аналитикалық ойлай алатын, із кесуші қасиеттері бар жастар болуы керек»,- дейді Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – жасақтау басқармасының бастығы подполковник Рустам Жалбинов.

Жастарды әскерге іріктеуде психологияның атқаратын рөлі зор. Биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы бойынша жастардың 4-5 пайызы психологиялық тестен сүрініпті. Өйткені олардың тек денсаулығы, дене бітімі ғана емес, білім деңгейлері, моральдық-психологиялық жағдайы, ортаға сіңімділігі, қысылтаяң сәтте шешім қабылдай алуы секілді жекелеген қасиеттері де ескеріледі. Денсаулық жағдайы мен дене тұрқына қарап 50 пайыз қорытынды жасауға болатын болса, қалған 50 пайыздың арасалмағын әскерге шақырылушының психо-эмоционалдық жағдайы шешеді. «Өйткені әскер бір жылға барып ойнап-күліп келетін спорттық болмаса демалыс лагері емес. Ол әскери бөлімге түседі, жауынгерлік даярлықтан өтеді. Отанын қорғауды, қолына қару ұстауды үйренеді. Елсіз далада, шекарада бір өзі екі сағаттан қарауыл қызметін атқаруы немесе бас бостандығынан айрылғандарды күзететін Ұлттық ұлан қызметкері болуы мүмкін. Сотталғандар тарапынан әртүрлі психологиялық ықпалдар да болып жатады. Осындай жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алатын, қолына қару ұстатқаннан кейін оны дұрыс жұмсай білетін, Отанын қорғап тұрғандығын, артында елі, халқы тұрғанын сезінетін, сенім білдіруге болатын жастарды ғана аламыз әскерге», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің психолог маманы майор Айгүл Усманова.

Әскерге денсаулығы жарағанымен, үйінен басқа тәрбие көрмеген, көпшілік ортаға бейімделіп кетуі қиын, өзінің істеп отырған іс-әрекеттеріне жауап бере алмайтын жастардың әскерге баруын мамандар көп жағдайда кейінге шегеріп отырады. Өйткені 1-2 жылда оқуға түседі, жұмысқа тұрады, ұжымның ортасына түскенде көпшілікпен араласып, ысылады, біз азамат ретінде шешім қабылдайтын деңгейге жеткенде ғана әскерге аламыз дейді мамандар.

Кешегі Кеңес кезеңі тұсында жастарды әскерге алуда кәсіптік психологиялық деңгей тұрғысынан іріктеу қарастырылып, психологияның қызметі ұшқыр қимылдайтын десантшылар мен байыппен шешім қабылдайтын байланысшыларды анықтау үшін қажет болса, бүгінде әскерге шақырылушылардың барлығы психологиялық тестен өтуге міндетті. Өйткені ақпараттық технологиялардың толассыз келіп жатқан жаһандану заманында өмір сүру салты да өзгерді. Қатыгездікке үйрететін атыс-шабыс фильмдері, компьютерлік ойындар, әртүрлі ағымдағы діни фанатизмді насихаттайтын бейнероликтер бала санасына салмағын түсірмей қоймайды. «Толық емес отбасынан шыққан, отбасында әртүрлі ауыр психологиялық соққы алған жастар санасының түкпірінде ертеңгі күні әскерде кездесетін қысылтаяң шақта сол соққы көрініс беруі мүмкін. Сол үшін біз әскерге жеткізбей тұрып, әр баланың көңіл күйін анықтайтын психологиялық тестер бере отырып, әртүрлі тәуекелдік деңгейлеріне қарап отырып, өз ортасына бейімделе алатын, өз-өзіне қол жұмсау мүмкіндігі жоқ деген балаларды әскерге алуға шешім қабылдаймыз», - дейді психолог маман майор Айгүл Усманова.

Жастармен психологиялық жұмыс әскерге барғаннан кейін әскери бөлімдерде де жалғасады. Алдымен, әскери Ант қабылдағанға дейін 1,5-2 ай көлемінде жас сарбаз ретінде бейімделу кезеңінде, одан кейін де сақа сарбаз болып кеткенге дейін 3 ай ортаға бейімделу кезеңінде психологтар сарбаздармен жұмыс жасайды. Ал психологиялық-моральдық тұрғыда әлсіз балаларды қосымша психологтар мен тәрбиеші офицерлер, рота, взвод командирлері аяғынан тік тұрып кеткенге дейін бақылап отырады.

Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жататын әскердегі жастардың өз-өзіне қол жұмсау фактілері, әлімжеттік мәселелері кейбір ата-аналардың көңіліне күдік ұялатары анық. Біз осы ретте Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – жасақтау басқармасының бастығы подполковник Рустам Жалбиновтың пікірін біліп көрген едік. «Мен әскердегі өмірге жауап бере алмаймын. Дегенмен қазір әр казармада бейнебақылау орнатылған. Бала 24 сағат бөлім командирінің назарында. Онда жағдайлар болса да, аз ғой қазір. Баланы әскерге жіберуден қорықпау керек. Бала таңертең ерте Әнұран айтады, Ант қабылдайды, қолына қару-жарақ ұстайды. Сол кезде ғана баланың бойында еліме қалай қызмет етемін деген ой қалыптасады. Оған қару-жарақ бергенде мемлекет ата-анасын, елін қорғайды деп үлкен сенім артады. Патриоттық тәрбие әскерде беріледі. Қазір көктемде кеткен балалар мен күзде баратындарды бір-біріне әлімжеттік жасамас үшін қоспайды. Әскер мерзімі бір-ақ жыл. Баласын әскерге жібермесе, ол әскерден қашып жүрсе, ертең өз баласына қалай тәрбие береді?», – дейді ол.

Осы сауалды әскерге шақырылушы бір-екі жасқа да қойып көрдік. Бурабай өңірінің тумасы Абдрахман Садықов «Көзбен көрмегенше ештеңе айтуға болмайды» дейді. 20 жастағы Абдрахман ҰҚК Шекара қызметіне барғысы келеді. Қазір медициналық комиссия «жарамды» деп таныған. «Әскерге әскери билет алу үшін барғым келеді» дейді әскерге шақырылушы.

Ал Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің түлегі Жақсылық Бейсен әскери-медициналық комиссиядан «жарамды» деп танылып, Мемлекеттік күзет қызметіне алынып отыр. «Әскер ер адамның борышы болғаннан кейін бару керек» дейді ол.

Ия, желкілдеп өсіп келе жатқан жас желкен еңсесі емендей тік, діңі қарағайдай берік ер жігіт атануы үшін әскер мектебі керек-ақ шығар. Бірақ XXI ғасыр білімді алдыға шығарған IQ-дің ғасыры атанып отыр. Жастарды әскерге алуда алған біліміне мән беріліп, психоэмоционалдық жағдайы маңызға ие болатын болғанымен, ең бірінші кезектегі басымдық қашанда денсаулығына беріледі.

Осы ретте біз күзгі әскерге шақырылған жастардың денсаулығына қатысты жалпы тұжырым жасау үшін Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскерге шақыру медициналық комиссиясының төрағасы Гүлнар Бүтінбаевты сөзге тартып көрген едік.

–       Келіп жатқан балалардың арасында шығып жатқан ауру – көз ауруы. Өйткені қазір балалар смартфонда, компьютерде көп отырады және уақытқа қарамай күндіз-түні отыратын балалар көп. Сондықтан әскердің әр тектерінің өз талаптарына сәйкес көз ауруына байланысты өте алмай қалып жатқандар да көп. Ал енді 2017 мен 2019 жылдар арасын салыстырсақ, қазіргі ата-аналар балаларының денсаулықтарына жақсы қарайды. Бұрынғыға қарағанда ішқұрылысы, сүйек аурулары біршама азайды. Ортопедиялық аяқ киімдер шыққандықтан, майтабан дерті он жыл бұрынғы статистикаға қарағанда әлдеқайда кем. Балалардың денсаулықтары сондай жаман деп ойламаймын, жақсарып келе жатыр. Тек көз ауруы көбейіп тұр. Ал көктемгі әскерге шақырылым науқанының қорытындысы бойынша 5154 жастың 5,6 пайызы ғана жарамсыз болды. Биылғы статистикамыз жақсы. Егер 2018 жылы 11,8 пайыз болса, биыл 5,6 пайызға төмендеді.

 

 

Дәрігер маманның пікірінен байқағанымыздай жастар арасында көз ауруы көш бастап тұр. Соңғы 5 жылдық статистикада дабыл қағуға дейін жеткен алыстан көрмеушілік ауруы ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр атырапта еркін жайлап өскен қазақтың бүгінгі ұрпағында қайдан пайда болды? «Құралайды көзге атқан» мерген бабаның ұрпағы неге алыстағыны көрмейді, қияға көз салмайды? Бәлкім, урбанизация дәуірінде тас көшенің тар бөлмесіне қамалған ұрпаққа кінә артып та қажеті жоқ шығар?! Қалай десек те, кез-келген жұмыс «көк жәшіктің» көмегімен шешілетін ақпараттық технологиялар заманында жастар арасында алыстан көрмеушілік белең алып-ақ тұр.

Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ

 

 

 

                                                                                                   


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи