Міне, биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне – 24 жыл.
Жиырма үш жылын артқа тастаған еліміздің қорғаныс саласы осы жылдар ішінде небір белестен өтіп, небір қамалдарды алды. Бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтты. Өсті, өркендеді, осылайша, бүгінгі келбетіне жетті.
Іргетасы қаланды
Тарихтан мәлім, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мемлекеттің егемендігі туралы Декларацияны халыққа жариялады. Осы жылы бұрынғы КСРО республикаларының басшылары бас қосып, Кеңес Армиясының әскери қуаты мен жауынгерлік әлеуетін сақтап қалу үшін Тәуелсіз Республикалар Одағының Біріккен Қарулы Күштерін құру туралы шешім қабылдайды. Алайда, 1991 жылғы Беловеждегі Ресей, Украина, Белоруссия басшылары кездесуінің нәтижесінде біртұтас қарулы күштері бөлінуі қажет болды. Осы жағдайды және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылғы 7 мамырда № 745 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанын жариялады.
Міне, сол кезден бастап қазіргі Қазақстан армиясының іргетасы қалана бастады. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі, Бас штаб, Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кірді. Біртіндеп әскерді тастап кетпеген кәсібилердің күшімен әскери жүйе пайда болды. Өзгерген жағдайға байланысты жаңа Қарулы Күштердің мақсаты мен міндеттері, оны шешудің жолдары белгіленген нормативті-құқықтық базада жасалды.
Айта кетейік, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ал, тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов болды.
Алғашқы қадамдар жасалды
Мұның алдында Қазақстан тарихындағы алғашқы орталық басқару органы және республикалық әскери комиссариат пен республиканың Азаматтық қорғаныс штабының базасында құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстанда орналасқан барлық әскери құралымдардың командирлерімен тығыз байланыс орнатуға, олардан әскерлердегі істің жағдайы туралы айқындалған ақпараттар алуға қол жеткізген-ді. Осы үрдіспен елдің жеке Қарулы Күштерін құру және оларды Республика ұлттық қауіпсіздік жүйесіне ықпалдастыру, атқарушы билік органдарымен және қуатты ведомстволармен қарым-қатынасын қамтамасыз ету, әскерлерді басқару мен жауынгерлік әзірлікті жөнге келтіру, қаржылық, тылдық және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастыру қажет саналды. Яғни, барлық назар әскери мекеменің толыққанды жұмыс істеуіне, заңнамалық актілер пакетін жасап, оны қабылдауға, жастарды өз әскеріміздің қатарына шақыруға, күнделікті жауынгерлік оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға, әскерлер мен штабтардың әскери-жауынгерлік қызметінің тәртібін белгілеуге аударылды.
Ант, жарғы, әскери доктрина, идеология, қамтамасыз ету жүйесі, елдің алғашқы әскери басшылығы, әскери кадрларды даярлау базасы, командалық құрамды тағайындау сияқты қолға алынған мәселелер алғашқы жасалынған қадамдар еді.
Әрбір қадам мен нақты істердің басы-қасында, әрине, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. Мемлекет басшысының жарлықтарымен және өкімдерімен дербес Қарулы Күштерді құрудың қажетті алғы-шарттары мен Отанды қорғауға олардың дайындығын қамтамасыз етудің негіздері жасалып, күш біріктірілді.
Жоспарлы түрде дамыды
Еліміздің Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрлігі алдында қысқа мерзім ішінде ұтқыр, ұрысқа қабілетті армия құру міндеті тұрды. Осы орайда Шығыс, Оңтүстік, Батыс және Орталық әскери округтері дүниеге келді. Тоқсаныншы жылдардың аяғында ел Қарулы Күштерінің құрылымы реформаланып, Қарулы Күштердің үш түрі – Жалпы мақсаттағы Күштер (бұрынғы Құрлық әскерлері), Әуе Қорғанысы күштері мен Мемлекеттік шекараны қорғау күштері енгізілді.
Жаңа ғасырдың басында ел экономикасы жақсарған соң жас мемлекеттің Қарулы Күштерінде оң өзгерістер болып жатты. Осының барлығы болмысқа бейімделу қажеттігінен Қазақстанның жаңа әскери доктринасын қабылдауға, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын әрі қарай жетілдіруге әкеп соқты. Ал, оны жүзеге асыру үш түрлі құрылымға ауысуды қажет етті. Сөйтіп, Құрлық әскерлерінің құрамына – «Астана», «Оңтүстік», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары, Әуе қорғаныс күштері мен Әскери-теңіз күштері кірді. Екі дербес әскер тектері – Аэроұтқыр әскерлері – Жоғарғы Бас қолбасшының резерві, Ракета әскерлері мен артиллериясы да пайда болды. Дәл осы жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының базасында жаңа әскери басқару органы – Штабтар бастықтары комитеті құрылды.
Сондай-ақ, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуда әскери резервті дайындау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жинақтау шоты жүйесін құру, ипотека, тұрғын үйді жалға алу, гарнизондарда спорттық және мәдени-демалыс кешендерін, балалар бақшасының құрылысын салу да қолға алынды.
Осылайша, жоспарлы түрде дамыған Қарулы Күштері жиырма жылдың белесінен асып, әрі қарай адымына бет түзеді.
Мәртебесі биіктеді
Қазір Қазақстанның қуатты Қарулы Күштеріне әлем елдері де тәнті.
Өйткені, бірегей мемлекеттік әскери-техникалық саясатты жүзеге асыруда халықаралық ынтымақтастық пен бітімгерлікті ұстанатын елдің сап түзеген әскеріне, оның жауынгерлік іс-қимылы мен әлеуетіне әртүрлі оқу-жаттығулар мен шараларда көздері жетіп жүр.
Мәселен, жедел ден қоятын ұжымдық күштерді құру жөніндегі Келісімге қол қойылғаннан бері (2009 жылғы 14 маусымда) ұйымға мүше мемлекеттердің жетекшілері халықаралық жаттығуларға бірге қатысып жүр. Осы орайда Қазақстан Республикасының аумағында өткізілген алғашқы «Бейбіт миссия-2010» террорға қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуын мақтанышпен айта кетейік. Сол кезде Қазақстанның кең көлемді халықаралық жаттығуларды өткізуге қолайлы материалдық базасы мен заманауи техникамен жабдықталған Қарулы Күштері себеп болғаны анық. Бұдан кейін еліміздің әскерлері халықаралық ынтымақтастықпен өзара тәжірибе алмасу мақсатындағы «Өзара іс-қимыл», «Мызғымас бауырластық», «Дала қыраны», «Жауынгерлік ынтымақтастық» және тағы басқа да бірлескен оқу жаттығулардан да көзге көрініп жүр. Былтыр ғана мысалы, «Өзара іс-қимыл-2015» бірлескен оқу-жаттығуында қазақстандық әскери қызметшілер үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы «Іле» оқу-жаттығу алаңында өткен «Дала қыраны - 2015» халықаралық тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуында да қазақстандық әскерилер жақсы нәтиже көрсетті.
Тағы айтпасқа болмайтын жайт, 2010 жылы бастау алған «KAZAKHSTAN DEFENCE EXPO – 2010»халықаралық қару-жарақ, әскери техника және әскери-техникалық мүлік көрмесі арқылы да ҚР Қарулы Күштері жаңа халықаралық аренаға қару-жарағымен, әскери техника мен байланыс және әскери мүлкімен танылды.
Биыл төртінші мәрте ұйымдастырғалы отырған KADEX-2016» халықаралық көрмесі де мемлекетаралық серіктестікті нығайту мақсатында, зияткерлікті, әскери өндірісті, техниканы және технологияны танытуға, әскери құрал-жабдық пен техника шығаратын қорғаныс өндірісінің әлеуетін арттыруда көз сүйсінтер іс болайын деп тұр.
Сөз соңы
Қазір қарап отырсақ, әскерилердің жауынгерлік әлеуеті едеуір артқан. Өйткені, жоспарлы түрде өткізілетін жыл сайынғы жауынгерлік даярлығымызға арналған оқу-жаттығуларымыз бар. Мәселен, 2015 оқу жылында ҚР Қарулы Күштерінде 3 600-ден аса оқу-жаттығу өткізіліпті. Соның ішінде әртүрлі қарудан 21 000-нан аса практикалық оқ атулар өткізілгенін айта кетейік.
Ал, биыл жыл басы «Мәңгілік ел» тұғыры – Қуатты Армия» ұранымен, дабылмен қызу басталды. Алдағы уақытта да әскерилерді түрлі оқу-жаттығулар мен халықаралық сайыстар күтіп тұр. Соған дайын болу үшін қазақстандық әскерилеріміздің жауынгерлік дайындығына мән беріліп, нақты міндеттер атқарылуда. Қазір жауынгерлік даярлықтың сапасын арттыруда әскери қызметшілердің классикалық жауынгерлік іс-қимылдарына ден қоюға, таулы және елді мекендердегі қорғаныс, шабуылдау, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуге, тау ішінде жаяу жүріс марштарын жасау, қыста шаңғы тебуге, стратегиялық, жедел-тактикалық және тактикалық оқу-жаттығуларда шыңдала түсуге аса мән берілген. Осыған дейін талай белестен өтіп, талай қамалды алған Қазақстан армиясы осындай әрі халықаралық оқу-жаттығуларда шыңдалып әрі ықшам әрі кәсіби әскер екенін тағы дәлелдеп, шығары хақ.