Ресей Федерациясында «Далалық ас үй» халықаралық байқауының қорытындысы шығарылып, оның жүлдегерлері мен жеңімпаздарына наградалар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Қазақстан әскери қызметшілерінің командасы Армия ойындарының аталмыш сайыстарында қола жүлдегер атанды. Ангола, Қазақстан, Қытай, Моңғолия және Ресей Қарулы Күштерінің азық-түлік мамандары шеберлік сыныбын көрсетті. Оның барысында өздерінің шеберліктері мен далалық жағдайларда дәмді және денсаулыққа пайдалы тағамды дайындаудың заманауи технологияларын ұсынды. РФ Қорғаныс министрінің орынбасары армия генералы Дмитрий Булгаков осындай байқаулардың өткізілуі әртүрлі елдердің армиялары арасында өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ, өзге де әскери кәсіптердің арасында материалдық-техникалық қамтамасыз ету мамандарының беделін арттыруға ықпал етеді деп сенімін білдірді. «Қауіпсіз орта» халықаралық байқауында Қазақстанның командасы үшінші орынды еншіледі. Сайыс жүргізу, атыс даярлығы, сондай-ақ, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бойынша 24 нормативтің орындалуын қамтыды. Жарыста әрбір экипажға орлармен, эскарптармен, траншеялармен, габариттік тоннельдермен, төбешіктермен, беткейлермен, айналып өтетін жерлермен, сулы кедергі және атыстық-шабуылдау жолағымен жабдықталған бағдарды еңсеруге тура келді.