Қазақстан армиясы айбынын әйгіледі (фото)

Қазақстан армиясы айбынын әйгіледі (фото)

Армия халықаралық ойындары-2016 – Ресей және Қазақстан полигондарында ұйымдастырылған іргелі сайыс. Байрақты дода талай елдің дарабоздарын бәсекеге салды. Әр мемлекеттің әскерилері намыс жолында, достық сапында бар күш-жігерлерін сарп етті. Ең қуанатыны, Қазақстан армиясы әлемге айбынын әйгіледі, қуаттылығын көрсетті, кәсіби шеберлігін мойындатты.

Хош, күні кеше Қазақстанның «Гвардейск» полигонында «Артиллериялық оқ ату шеберлері» мен «Мерген шебі» байқауларының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Топырағымызда тұңғыш рет өткен Армия халықаралық ойындары-2016 турнирлерінің жеңімпаздарын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов құттықтады.  

Артиллерияшылар мен мергендер ақтық мәреге жетті

 Салтанатты басқосуда Иманғали Нұрғалиұлы сөз сөйлеп, барша халықаралық сайысқа қатысушыларды жеңістерімен құттықтады. «Біз «әскери рух» және «жауынгерлік бауырластық» сияқты қарапайым, бірақ, сыйымды ұғымдардың сана-сезімімізде күш пен мән-мағынаны шынайы нығайтатын тамаша және игі дәстүрдің куәсі болдық. Бұл аса маңызды. Осынау сайыстарды өткізе отырып, біз барлығына, ең алдымен, бейбіт аспан астында татулық пен  өркендеуде өмір сүруге деген ынтызарлығымызды дәлелдейміз.  Осы баянсыз құндылықтар Армия халықаралық ойындарының идеясында және оның әрбір қатысушысының жүрегінің түкпірінде жатыр. Сондықтан әр елден келген достарымызбен қауышу, олармен бар білгеніміз және тәжірибе бөлісу, бірлік пен бауырластық рухын сезіну – біз үшін үлкен абырой» деді қорғаныс ведомствосының басшысы.

Енді қос жарыстың өту барысына аз-кем тоқтала кетсек. Мергендер байқауының ақтық кезеңіне турнирдің бірінші және екінші кезеңдерінің қорытындысы бойынша төрт үздік команда, яғни, Қазақстан, Ресей, Қытай мен Беларусьтің командалары өткенін естеріңізге сала кетейік. Ойынның барлық кезеңінде байқаудың барша қатысушылары жоғары шеберлік  деңгейін, дене төзімділігі мен дәлдікті паш етті. Екінші кезеңнің жарқын сәттерінің бірі «Арнайы оқ ату» сайысы болды. Қатысушыларға 150-200 метр қашықтықта жоюдың азайтылатын аймағымен тұтқыны бар «шартты» лаңкестің басын елестететін бес нысананы жою қажет еді.

Ал сайыстың ең көзтартарлық сәті жарыстың үшінші кезеңінде орын алды. Бұл сайыс бір шақырым қашықтықты қамтыды. Онда мергендерге қабырғадағы ойылған жерді, биіктігі екі метр қақпаны, орды, сымды қоршаудағы өтуді еңсеруге, Макаров тапаншасынан оқ атуға, Драгуновтың мерген винтовкасынан 300 метр қашықтықта кеуде фигураларына дөп тигізуге, РГД-5 оқу гранаталарын лақтыруға, динамикалық дуалдан, автомобиль дөңгелектерінен жасалған үйінді мен көлбеулі баспалдақтан өтуге тура келді. Барлық жаттығулар серіктестер арасындағы жылдамдық, өзара түсіністік пен нақты үйлесімде өзара іс-қимыл жасауға есептелінген.  Үшінші кезеңде қазақстандық мергендер командасы ең үздік нәтиже – 18 минут 18 секундты көрсетті. Қытайдың командасы эстафетаны 18 минут 58 секунд нәтижесімен аяқтады. Ресейлік команда 20 минут және Белоруссияның командасы 21 минут 3 секунд нәтижесімен мәреге жеткенін айта кеткен жөн. 

«Қарсыластардың барлығы мықты болды. Алайда, ең мықты, әрине, Қазақстанның командасы жеңіске жетті. Біз бұған дайындалдық, жеңіс тұғырынан көрінуге талпындық. Біз өзімізді іс жүзінде көрсете білдік және Қорғаныс министрі қойған тапсырманы орындадық деп есептейміз. Осындай бәсекелі тартыстардың жыл сайын өткізілуін қалар едік. Бұл – барлық бөлімшелер, күллі ел үшін өте жақсы тәжірибе» деді шешуші сайыстың қатысушысы, қазақстандық мерген 3-сыныпты сержант Дмитрий Охотников. Одан басқа, «Артиллериялық оқ ату шеберлері» халықаралық байқауында да барлық қатысушылар жоғары шеберлік деңгейін, дене төзімділігі мен дәлдікті паш етті. Әскерилерге «Жеке жарыс», «Түнгі спринт», «Эстафета» және «Эстафета. Мәре» аталымдарының төрт кезеңін еңсеруге тура келді. Олар барлық кезең бойы оқшашардан, минаатқыштан, гранатаатқыштан, автоматтан дәлдікке оқ ату және «Ирелең», «Мина-жарылғыш қоршаудағы сорап өткел», «Төмпешік» және «Сорап көпірдің сұлбасы» кедергілері бар тас жолдарды өту шапшаңдығынан бақ сынасты. Сондай-ақ, қатысушы минаатқыштардың есептоптары түнгі жағдайларда нысаналарға дөп тигізуден тартысқа түсті.

Әскери қызметшілер 2Б11 минаатқышынан, РПГ-7В-дан, түнгі көздеуіштері бар АК-74 автоматынан оқ жаудырды. Минаатқыштан оқ ату радиусы 15 метрлік жеке құрамға арналған тасалары бар арнайы дайындалған ордан жүргізілді. Межеге дөп тигізу үшін әрбір командаға үш минадан бөлінді. Әрбір мүлт кеткен оққа бір айып шеңбері қосылып отырды. Оқ атулар нысананы үздіксіз жарықтандыруды қамтамасыз ету үшін белгіленген қарқынмен «Оңтүстік» ӨңҚ 85395 әскери бөлімінің 122 мм Д-30 гаубицаларының атыс есептоптарымен өрістеді. Конкурстың ақтық кезеңінде Қазақстанның минаатқыш есептоптары кедергілерді ойдағыдай еңсеріп, барынша жылдамдықта мәре сызығына келіп жетті.

Қуана жеткізетініміз, Қазақстанның әскери қызметшілері екі байқаудың да абсолюттік жеңімпаздары атанды. «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауында Ресей командасы екінші орынға жайғасты, Қытай командасы үшінші орынды, олардың артынан ілескен Қырғызстан және Венесуэла командалары болды. Бұл ретте «Үздік минаатқыш командирі» марапатына ҚХР-дың сержанты Чжай Чжитао ие болса, Ресейдің аға матросы Ильдар Файзуллин «Үздік көздеуші» болып танылды. Ал Қазақстанның сержанты Төлепбек Жанатаевқа «Үздік механик-жүргізуші» деген марапат таңылды.

«Мерген шебі» байқауында, сәйкесінше, Ресей және Беларусь елдерінің әскерилері екінші және үшінші орындарды еншіледі. Жеке есепте Беларусьтен келген прапорщик Вадим Ребковец үздік мерген, ал үздік мерген жұбы Ресейден келген аға сержант Андрей Мячин мен сержант Павел Петравичюс болып саналды.

Үздік мерген мен артиллерияшылардың құрметіне бұл күні полигонда қазақстандық эстрада жұлдыздарының орындауында патриоттық композициялар шырқалды, әскери қызметшілердің флешмобы және көрсетпелі оқ атуы өтті.

    Әуе күштеріміз әлсіз емес


Ресей Федерациясында өтіп жатқан бәсекелерді сөз етсек, Астрахан облысының «Ашулук» полигонында «Аспан кілті» зениттік зымыран әскерлері жауынгерлік есептоптарының далалық машығы бойынша байқау күні кеше мәресіне жетті. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс шеберлері үш кезеңді артқа тастады. «С-300ПС зениттік зымыран жүйесі» номинациясында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері үшінші орынды еншіледі.  Бірінші орынды Ресей Федерациясының командасы иеленсе, екінші орынды Беларусь Республикасының командасы жеңіп алды.

Жуырда механик-жүргізушілердің жарысы аяқталған. Қазақстан, Ресей, Қытай және Белорусия елінің қатысушылары өздігінен жүретін шасси МАЗ-543 автомобилін шектелген жолмен жүргізіп кедергілер мен бөгеттерден мүдірмей өтті. Нормативтің тапсырмалары күрделі болды. Көп тонналы машинамен туннельдерге артқы жүріспен еніп, жыланша қозғалып тиеуді орындау керек болды. Сонымен қатар, барлық жаттығулар артық кідірістерсіз және белгіленген уақытта тыңғылықты нақтылықты қажет етті.   «Механик-жүргізушілерден үлкен назар, сақтық және машинаны кәсіби тұрғыда басқару талап етілді. Механик-жүргізушіміз 3-сыныпты сержант Алмас Жарылқасымов байқауда жақсы нәтижелер көрсетті. Ол үшінші орынды иеленді» деді Әуе қорғанысы күштері ӘШҚҚ зениттік зымыран әскерлерінің бастығы полковник Темірболат Көшербаев.

Екінші кезеңде ӘШҚҚ шеберлері радиолокациялық көмескі жарықты ауыстырып, іске қосу құрылғыларын жорықтық қалыпқа келтірді. Жауынгерлік марш жасалғаннан кейін және позицияға келгеннен кейін С-300 зениттік зымыран жүйесінің элементтері конкурсанттармен топографиялық байлау және бағдарлаумен жорықтық қалыпқа келтірілді. Бұл сайыста қазақстандық команда екінші орын алды. Бұл ретте халықаралық төрешілер радиотехникалық батарея есептобының бастығы подполковник Ренат Киреевтің кәсіпқойлығын ерекше атап өтті.

«Өткізілген жарыс бізге жауынгерлік жағдайдағы есептоптар мен экипаждардың шынайы іс-қимылдарын көрсетті. Ұрыс машиналарын жүргізу, есептоптың техниканы жауынгерлік әзірліктің әртүрлі, яғни, жорықтық және жауынгерлік дәрежелеріне көшіру шеберлігі бойынша байқау кезеңдері бізге жақсы тәжірибе берді» деді Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов.


 Ұшқыштарымыз үздіктер қатарында

   «Авиадартс» та ауыз толтырып айтарлық жаңалықтарға толы. Ресейдің Рязань облысының «Дубровичи» полигонында ұйымдастырылған ұшу экипаждарының халықаралық байқауында Қазақстанның тікұшақшылары  үшінші орынды еншіледі. Осылайша, сайыстың үздіктері қатарына қазақстандық тікұшақшылар да ілінді.

«Жерүсті нысаналары бойынша жауынгерлік қолдану» сайысының соңғы кезеңі шеңберінде ұшқыштар межелердің әртүрлі үлгілері бойынша зымыран-зеңбіректік және бомбалық қару-жарақты жауынгерлік қолдануға сынақ ұшуларды орындады. Қазақстанның командалары арасында армиялық авиацияның ұшқыштары – Ми-171Ш тікұшақтарындағы екі экипаж бәрінен жақсы өнер көрсетті. Бірінші экипаждың құрамында буын командирі капитан Григорий Кондратюк, ұшқыш-штурман аға лейтенант Абай Боранбаев және борт технигі капитан Александр Куценко болды. Екінші экипаждың құрамын экипаж командирі капитан Алмас Тағаев,  штурман лейтенант Сергей Кондратюк пен борт технигі капитан Рауан Атанбұзов толықтырды. Дәл осы ұшқыштар шешуші сәтте барлық күш-жігерлерін жинап, толқыныс пен сезімді артқа тастап және сәттілікке жетуге бет алып, бағдарламаның барлық түрлерінде жақсы нәтижелер көрсетуге тырысып бақты.

Тағы айта кетерлігі, «Дубровичи» полигонындағы байқаудың соңғы кезеңі барысында Ресей Федерациясы Әуе-ғарыш күштері ұшқыштарының қатысуымен «Авиамикс» авиациялық шоуы өтті. Су жаңа жойғыштар, бомбалаушылар мен тікұшақтардың 70-тен аса экипажы әуе дуэльдерін ойнатып, жерүсті нысаналары бойынша авиациялық зымырандардың іске қосылуын жүзеге асырды. Әуе межелерінің қағып алынуын, ауыр жүктердің дәлдікке лақтырылуын пысықтады, сондай-ақ, жеке дара және топ құрамында жоғары пилотаж фигураларын паш етті. 

Көк аспанда қалықтаған Су-27, «Стрижи» (МиГ-29), «Крылья Тавриды» (Як-130), «Соколы России» (Су-30СМ) ұшақтарында, «Беркуты» на вертолётах Ми-28Н» тікұшақтарында «Русские Витязи» пилотаж топтары өнер көрсетті. Ал жеке дара пилотажды Ка-52 мен Ми-26Т тікұшақтарының экипаждары орындады.

«Авиадартс» байқауы Армия халықаралық ойындары – 2016 шеңберінде өтетін додалардың қызықты әрі белділерінің қатарында. Оған биыл Қазақстан, Ресей, Қытай және Беларусьтің ұшқыштары қатысқанын еске саламыз. Сайыста Су-25, Су-27, МиГ-29 ұшақтары мен Әскери-әуе күштері Ми-171Ш тікұшақтарының ұшу және инженерлік-техникалық құрамдары еліміздің намысын қорғады. «Әуе хас шеберлері» пилотаждау, дәл оқ ату мен бомба лақтыру шеберлігінде, сондай-ақ, спорттық алаңдарда сайысқа түсті. Одан басқа, биылғы жылы нысаналар үлгілерінің саны екі есеге ұлғайтылғанын айта кеткен жөн.

 

 Каспийдегі қарсыластар қалып келеді

Каспийдегі 300 шақырымдық теңіз полигоны ірі артиллериялық оқ атулардың орнына айналды. Каспийде Қазақстан, Ресей және Әзірбайжанның әскери теңізшілері әуе нысанасы және теңіз қалқаны бойынша оқ атуларды орындады. Барлық межеге дөп тигізіп және 75 ұпай жинап, қазақстандық әскери теңізшілер сөзсіз бірінші орынға шықты. Олардың артынан Әзірбайжан мен Ресей корабльдерінің экипаждары жайғасты. Оқ атулар жалпы ауданы шамамен 170 миль немесе 300-ге жуық шақырымдық теңіз полигонында өрістетілді.

Әуеден лақтырылған нысана атыстың қолайлы емес бұрышының астында болды. Оның үстіне биылғы жылы күрделілік үшін оның өлшемі кішірейтілді. Соған қарамастан, аға лейтенант Асқар Қапашовтың жетекшілік етуімен «Орал» зымыран-артиллериялық корабліміз маневр жасап үлгерді және атыстың анағұрлым қолайлы бұрышымен жауынгерлік курсқа шықты. Меже бірінші дүркін атыстан жойылды және экипаж Махачкаланың портында өзінің орналасу пунктіне аман-есен оралды.

Қазіргі сәтте бірінші кезеңнің екі эпизодының қорытындысы бойынша қазақстандық теңізшілер жалпы ұпай бойынша алда келе жатыр. Қарсылас командалардың ұпай саны бойынша ара-жігі едәуір. Бірақ, алда тағы да екі кезең бар. Сондықтан корабльдің экипажы жауынгерлік бейімін сақтап, дайындықты жалғастыруда. Каспий теңізінде артиллериялық оқ атулардың қатысушылары Ресей ӘТФ Каспий флотилиясының «Углич» шағын зымыран кораблі және Әзірбайжан ӘТК-нің «G-124» патрульдік-күзет кораблі болды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл сайыстың ерекшелігі – теңіздегі конкурстық тапсырмаларды бір уақытта орындай отырып, үш елдің әскери теңізшілері техника мен қару-жарақты пайдалану мәселелерінде тәжірибе алмасады, өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне қол жеткізеді.

 

Ойынның арқасында отандық өнімге қызыққандар көп

   Жағымды жаңалықтар легін үзбей, елдегі оқиғаларға көшсек. Қазақстандық түнгі көру приборларымен алғаш рет Армия халықаралық ойындарының түсірілімі жүргізілгені белгілі. Қазақстандағы байрақты бәсеке сайысына қатысушы елдер «Мерген шебі» және «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауларында пайдаланылған қазақстандық өнімге қызығушылық білдірді. Оның ішінде, сайыстарда мергендер белсенді түрде қолданып жүрген отандық приборларға Зимбабве, Қырғызстан және Иран елдерінің өкіл-мамандары таңдай қаққан.

Еліміздегі «КАЕ» өндіруші кәсіпорнында хабарлағандай, қазіргі уақытта аталған елдердің тиісті өкілдерімен келіссөздер өткізіліп те қойылды. Әлеуетті клиенттер зауыттың мамандарына көкейлерінде жүрген барлық сауалдарын қойды. Бүгінгі таңда біздің өнімге кәсіпорын келіссөздер жүргізуді жалғастырып жүрген бірқатар өзге де мемлекеттер қызығушылық танытуда.

Жалпы алғанда, қазақстандық «КАЕ» кәсіпорны экспортқа электронды-оптикалық приборлар мен жүйелердің кең түрін ұсынуға әзір. Сайыстардың түнгі кезеңдері Армия халықаралық ойындары шеңберінде алғаш рет өткізілгенін жеке атап өткен жөн. Отандық өндірістің оптикасының арқасында қараңғыда мергендердің оқ атулары ғана емес, сонымен бірге, жарыстың кейбір сәттерін толыққанды түсіруге мүмкін болып отыр.

Тағы айта кетерлігі, халықаралық бәсекенің арқасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Гвардейск» әскери полигоны тұрғын ғимараттар, жөндеуден өткен казармалар, асханалар мен бассейн, жаңа жолдар мен оқ атуға арналған кедергілері мен шептері бар арнайы тас жолға ие болды. Полигонның инфрақұрылымы адам танымастай жаңартылды. Аумақта тұрғын үйлер салынды. Мұнда барлығы 120 пәтерлі 5 үй болады. Оған жылдың соңына дейін әскери қызметшілер мен олардың отбасылары қоныс аударады.

Одан басқа, жолдар жөнделді. Полигонда 14 200 шаршы метр, ал Гвардейск кентінде 2 100 шаршы метр жол жабыны ауыстырылды. Барлық нысандар анағұрлым сапалы деңгейде әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығы бойынша әрі қарайғы сабақтарын өткізу үшін жарамды болады. Ал артиллерияшылар мен мергендер үшін арнайы салынған тас жолдар кәсіби машықты дамыту үшін пайдаланылады. «Гвардейск» – қару мен авиациялық техниканың барлық түрлерін қолдана отырып, ірі ауқымды оқу-жаттығуларды өткізуге мүмкіндік беретін аз ғана нысандардың бірі болып табылады.

Ұлттық тағамдарымыз шетелдіктерге ұнады

 

Сонымен қатар Армия ойындарына қатысу үшін Қазақстан Республикасына келген әскери қызметшілерді ұлтымыздың ерекше мәдениетімен таныстырдық. 2016 жылғы байрақты доданың екі байқауына қатысу үшін елімізге келген әлемнің 12 елінің әскери қызметшілері кезеңдерде өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетуге үлгеріп қана қоймай, өңірлерімізбен, құндылықтарымызбен етене жақынырақ танысты.

Таяуда ғана «Мерген шебі» мен «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауына қатысушылар үшін айрықша мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Ойынға қатысушылар Алматы шаһарының мәдени мұрасы элементтерін тамашалады. Қазақстан, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Зимбабве, Үндістан, Иран, Моңғолия, Грекия, Арменияның әскери қызметшілері ҚР Тұңғыш Президентінің саябағына, Ұлттық мұражайы мен әйгілі биік таулы «Медеу» мұз айдынына барды. Әскери қызметшілердің назарына әртүрлі концерттік нөмірлер ұсынылды, қазақтың ұлттық және эстрадалық композициялары шырқалып, сондай-ақ, билеріміз орындалды. Одан басқа, қатысушыларға қалалық мейрамханалардың бірінде түскі қонақ асы ұйымдастырылды. 

Меймандар қазақтың ұлттық ас мәзірі, яғни, бесбармақ, бауырсақ, құрт және ұлттық сусын – қымыз бен шұбаттан дәм татты. «Маған ұлттық ас мәзірлеріңіз өте қатты ұнады. Әсіресе, бесбармақ. Бәрі дәмді және тіл үйіреді» деді Армениядан келген әскери қызметші Севад Погосян. Ол барлық  тағамдардың дәмінен қуана-қуана ауыз тигенін де атап өтті.  

Полковник Болат Жүнісбековтің айтуынша, бағдарлама шетелдік қатысушыларды Қазақстанның ірі қалаларының бірі Алматының мәдениеті және өнерімен етене таныстыру үшін өткізілген.

Жалпы алғанда, байқауға 278 адам қатысуда. Атап айтқанда, 32 қазақстандық әскери қызмстші және 246 шетелдік қатысушы.

 

Үшінші тұғырдан үміттіміз

 

Қорытынды алдындағы сандарды сөйлетсек, 19 елдің армиясы арасында Қазақстан үздіктер үштігіне кірді. Армия халықаралық ойындары – 2016 сайысында аралық қорытынды бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы көш бастап келеді. Әскери қызметшілеріміз  21 байқауға қатысуда. Бұл ретте олардың төртеуінде бірінші орында тұр. Атап айтқанда, «Теңіз кубогында», «Мерген шебінде», «Артиллериялық оқ атулар шеберлері» сайысында және «Десанттық взводта» біріншіні қанжығаладық.

Теңізшілерден, мергендерден, артиллерияшылар мен десантшылардан танкішілеріміз бен мотоатқыштарымыз қалыс қалар емес. Олар көшбасшы позициясында сенімді тұр. Өздерінің сайыстарында алғашқылардың үштігіне кинологтар, жөндеу взводтары мен зениттік-зымыран әскерлерінің жауынгерлік есептоптары, барлаушылар, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау мамандары, таулы бөлімшелер, әскери дәрігерлер мен теңіз жаяу әскерлері кірген.  

Шетелдік әріптестердің бағасы бойынша әскери қызметшілерімізге  үздік нәтижелер көрсетуге жақсы кәсіби дайындық деңгейі, оның үстіне жоғары жауынгерлік және командалық рух көмектесті. Сөзсіз, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасының көрнектілігі де басымдық беріп тұр. 600-ге жуық әскери қызметші ойындарда ұйымдастырушы команда мен Қытайдың құрамасынан жеңіліп, 23 байқаудың 21-іне қатысуда. Бірінші күннен бастап әрбір байқауда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген дәл осы командалар әскери қызметшілерімізге негізгі бақталас болып отыр.

Армия халықаралық ойындары – 2016 шымылдығын түргеннен Ресей мен Қазақстанның әскери полигондарында жеңімпаз атағы үшін үш континенттен 19 мемлекет армиясының өкілі, 3 000 әскери қызметшінің ымырасыз тартысы қызу жүріп жатыр.



Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи