Подполковник Әділ Субебаев: "Мықты маман дайындау – бұл бір күндік емес, жылдар бойғы дайындықтың жемісі"

18 тамыз – елімізде Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні. Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бұл түріне 22 жыл толды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін реформалау туралы» 1997 жылғы 17 қарашадағы №3761 Жарлығын және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1998 жылғы 1 сәуірдегі директивасын орындау үшін, Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайту мақсатымен 1998 жылғы 1 маусымда құрылды.

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күнін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының 2008 жылғы 17 сәуірдегі №146 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні 18 тамыз болып белгіленді.

850A1896.jpg

Осы жылдар ішінде Әуе қорғанысы күштерінің жеткен жетістіктері толағай десек болады. Бүгінде Әуе қорғанысы күштері еліміздің әуе кеңістігінің сенімді қорғанысын қамтамасыз ету мақсатында заманауи қару-жарақпен, әскери және басқа да техникалармен, зымырандармен жабдықталған. Бұның бәрі еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлесін қосуда.

Әуе қорғанысы күштерінің құрамына Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кіреді.

Бүгінгі айтқымыз келіп отырған жайт Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне қарасты киелі Маңғыстау өңірінде орналасқан 51809 әскери бөлімі және сол әскери бөлімнің командирі подполковник Субебаев Әділ Мәлікұлы туралы болмақ.

Әскери бөлім 1951 жылы құрылған. Мемлекетіміз егемендігін алғаннан кейін 1997 жылы еліміздің батысының әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Форт – Шефченко қаласына жеке радиолакациялық ротасы көшіріледі.

Ал 2003 жылы бригада Қазақстан Республикасы батысының әуе кеңістігін күзету және қорғау тапсырмасымен Алматы қаласынан Ақтау қаласына көшіріледі.

850A1921.jpg

Бүгінде көркейіп, Қарулы Күштер қатарында лайықты орнын алған әскери бөлімнің жеткен жетістіктері ұзақ жылғы еңбек пен төккен тердің арқасында екендігі айтпаса да түсінікті. Олай дейтініміз, табиғаты қатал Маңғыстау өңіріне, тақыр жерге келіп әскери бөлім орналасты. Ең алғашқы болып әскери бөлім ғимараттарын салу, орналастыру, әскери техникаларды жетілдіру тапсырмаларын орындау қиынның қиыны еді. Бірақ бригаданың жеке құрамы қойылған міндетті абыроймен атқарып, әскери бөлімнің көркеюіне бар үлестерін қосты. Сол жеке құрамның қатарында жас лейтенанттардың бірі Субебаев Әділ Мәлікұлы да бар еді.

Әскери жол – әркімнің батылы бара бермейтін сала. Алайда, бала кезінен халқымыздың біртуар тұлғалары Б.Момышұлы, М.Ғабдуллиннің еңбектерімен сусындап, тәлім-тәрбие алып өскен Әділ Мәлікұлы әскери адам болуды армандайды. Жастайынан спортқа жақын Әділ Мәлікұлы өзі туып-өскен қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданы, Қабанбай батыр ауылындағы №2 орта мектепті үздік бітірген. Бозбала Әділ 1997 жылы Ресей Федерациясы Смоленск қаласында орналасқан Әскери әуе шабуылына қарсы қорғаныс университетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын 2002 жылы үздік бітіріп, Алматы қаласының аумағында орналасқан 97617 әскери бөлімінде есептоп бастығы лауазымында офицерлік өмірін бастайды.

850A2390-1.jpg

Отан қорғау – қашанда қасиетті борыш. Еліңді, жеріңді көзіңнің қарашығындай қорғау жолында еңбек ету – ер-азаматқа тән қызмет. Офицер болу да оңай жұмыс емес, себебі мойныңа үлкен жауапкершілікті аласың.

2003 жылы бригада еліміздің батысына көшірілгенде, бригада құрамында Ә.Мәлікұлы да бар еді. Бүгінде бригада командирі подполковник Әділ Мәлікұлы сол кездерді былай еске алады: "Ол кездерде өте қиын еді. Таң атқаннан күн батқанша еңбек етеміз. Белгіленбеген күн тәртібі, мақсат – тек қана қойылған міндеттерді орындау. Бірақ сол кездер қызық еді. Жігіттердің барлығы көңілді. Қиындық болған сайын бола берсе екен дегендей. Қиындықтарды жеңген сайын қуат алып алға ұмтылды. Біздің бөлім қиындыққа мойымайтын қайсар мінезді жігіттерден құралған еді".

850A2720.jpg

Өз міндетін абыроймен, тыңғылықты атқара білген подполковник Субебаев Әділ Мәлікұлы жастайынан көзге түседі. 51809 әскери бөлімінде зениттік зымырандар тобының командирі лауазымына дейінгі барлық қызметтерден өткен Әділ Мәлікұлы 2012 жылы Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында орналасқан Әуе космостық әскери академиясына білімін шыңдау үшін оқуға түседі. Аталған оқу орнын 2013 жылы үздік бітіріп, Ақтау қаласына жіберіледі.

51809 әскери бөлімінің негізгі міндеті – әуе кеңістігін күзету және қорғау. Аумағы мемлекетіміздің төрт облысын қамтиды. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында орналасқан бөлімшелері бар. Оны басқару бригада командирі подполковник Ә.Мәлікұлына тиесілі. Әрине, 4 өңірдің әуе кеңістігін қашықтан басқару оңай емес. "Командирлерді қалай дайындасаң, жемісі де соған сәйкес болмақ. Ең басты жетістік командирлерге байланысты. Кадр мәселесін үнемі бақылауда ұстау қажет", - дейді ол.

DSC_0160 - копия.JPG

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері – радиотехникалық әскерлер және зениттік-зымырандық әскерлерден тұрады. Радиотехникалық әскердің негізгі міндеті – үздіксіз әуе кеңістігін бақылап отыру, қарсыластың байқалған нысаналарын, олардың тұрған және қозғалыстағы орнын, жылдамдығын, ұшу бағытын айқындау. Ал зениттік-зымырандық әскерлердің жұмысы қарсыластың шабуылын қайтаруға, тойтарыс беруге мүмкіндік жасау, белгісіз ұшу нысандарымен жаудың әуе нысандарын жою болып табылады.

Бригада командиріне осы екі әскер құрамында қызмет атқару қажет.

"Әуе космостық әскери академиясын радиотехникалық әскерлер мен зениттік-зымырандық әскерлерді бір жүйемен басқару жөнінде толық мағлұмат беріледі. Сондықтан ешқандай қиыншылықты көріп тұрған жоқпын.

Қазіргі әскери техникалардың қауқарына келер болсақ, ауыз толтырып айтуға болатын жетістіктер жетерлік. Егер радиотехникалық әскерлерді әскердің "әуедегі көзі" деп айтар болсақ, ол заманауи техникалармен толықтырылған. Соның бірі – Франция мемлекетінен алынған радиолакациялық станциялар", - дейді бригада командирі Әділ Субебаев.

51809 әскери бөлімінің жеткен жетістіктері толағай деп айттық. Мысалы, екі жылда бір рет Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына кіретін елдердің ӘШҚ-ның біртұтас жүйесінің шеңберінде «Сарышаған» полигонында «Жауынгерлік достастық» тактикалық оқу-жаттығулары өткізіледі. Сол жаттығуларда үнемі үздіктер қатарында көрініп келеді. Соңғы өткен 2019 жылғы тактикалық оқу-жаттығуында Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері бригадалары арасында бірінші орынды жеңіп алды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясы тексеруінде де үздіктер қатарынан көрінді.

IMG-20200602-WA0006.jpg

Бригада командирі подполковник Ә.Мәлікұлына сіз басқарып отырған әскери бөлім офицерлерінен әскери академияға түсушілер қатары көп, мұның сыры неде деп сұрадық.

"Мұнда ешқандай құпия жоқ. Біздің бөлімге келген жас офицерлерді келген күннен бастап дайындаймыз десек болады. Олай дейтініміз, бөлімге алғаш келген күннен бастап ең бірінші міндет – тезірек сапқа тұрғызу. Олардың көкірегіне Отанға деген сүйіспеншілікті құя білуіміз керек. Офицер өзге елдің сапында емес, өз Отанын жаудан қорғау жолында жүргенін терең түсіндіре білуіміз керек. Сосын әрқашан бақылауда ұстау. Білімдерін ұдайы жетілдіріп отыру. Мықты маман дайындау – бұл бір күндік емес, жылдар бойғы дайындықтың жемісі. Ең басты фактор ретінде әскери тәртіпті қоямыз. Әскери тәртіпті дұрыс жолға қоймай, қандай да бір жетістікке жету мүмкін емес екендігін баса айтамын", - дейді подполковник Әділ Мәлікұлы.

   Сарбаздардың бойында қазақстандық патриотизмді дамыту подполковник Әділ басқарып отырған бөлімде мектеп жасынан бастау алады. Бөлімде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мәртебесін көтеру және жас жеткіншектердің әскери-патриоттық сезімдерін арттыру мақсатында Ашық есік күндері, әртүрлі кездесулер ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады. Жастайынан патриоттық тәрбиені бойына сіңіріп, өз халқының батырлары туралы әңгімелер мен аңыздарды тыңдап, ұлттық рухты бойына сіңіріп өскен жігіт нағыз қана өз елінің, халқының патриоты болып өседі. Сондықтан осы бағытта көптеген іс-шаралар жоспарланып, атқарылуда.

photo_2020-04-21_15-58-09.jpg

   "Командирдің жетістікке жетуі – ең бірінші бөлім қарамағындағы бағыныстылардың өзіне қойылған тапсырманы уақытында сапалы орындай білуінде. Бұл бөлімде өз міндеттерін адал, абыроймен атқарып жүрген сайдың тасындай жігіттер жетерлік. Солардың ішінде ерекше атап өтетін әскери қызметшілер: менің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарым подполковник Б.Сидиков, батальон командирі майор А.Романов, дивизион командирлері майор А.Тагаев, майор Е.Сұлтанов, капитан У.Ахметовті және сержанттар: 3 сынып сержанты Б.Алтынбеков, 2 сынып сержанты Е.Тәңірбергеновтерді айтуға болады", - деп атап өтті подполковник.

Бригада командирі подполковник Әділ Мәлікұлы Сүбебаев – 1 ұл 2 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отағасы. Ол келешекте өз ұрпағының да әскери адам болып, еліне, халқына адал қызмет ете білетін азамат болып өссе деп армандайды.

Меруерт САФАЕВА

"САРБАЗ"


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"