Отан қорғаушылар күні жалпыхалықтық мереке

Тоқсаныншы жылдары қазақ елінде тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Осы азаттықтың ақ таңы дербес мемлекеттің іргесін бекітуге, қорғанысын мықтауға мүмкіндік берді. Қалай дейсіз ғой?
Тарқатып айтсақ, сол жылдың 25 қазанда  Қазақ КСР Жо¬ғарғы Кеңесі мемлекеттің егемендігі туралы Декларацияны халыққа жариялағаны бәрімізге мәлім. Осы жылы бұрынғы КСРО респуб¬ли¬ка-ларының басшылары бас қосып, тәуелсіз мемлекеттердің бастапқы қа¬лып¬тасу кезеңінде Кеңес Армиясының әс¬кери қуаты мен жауынгерлік әлеуетін сақтап қалу үшін Тәуелсіз Республикалар Одағының Біріккен Қарулы Күштерін құру туралы шешім қабылдайды. Бірақ, 1991 жылғы Беловеждегі Ресей, Украина, Белоруссия бас¬шылары кездесуінің нәтижесі бұ¬рын¬ғы Кеңес Одағы республикаларының жә¬не оның біртұтас қарулы күштерінің бө¬лінуін жылдамдатады. Сөйтіп, қалыптасқан жағ¬дай¬ды және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып, осы арада Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жыл¬ғы 7 мамырда № 745 Жарлығымен Қа¬зақ¬стан Республикасы Қарулы Күш¬тері¬нің құрылғанын жариялады.
Міне, осылай Тәуелсіздігіміздің төл перзенті – Қазақстанның Қарулы Күштері дүниеге келген еді.

Кәсіби ретінде аталды

 

Әрине, Қазақстан үшін ауыр да күрделі ал­ғаш­қы жылдары бірден қуатты Қарулы Күш­терді құру мүмкін болған жоқ. Бірақ мемлекет қауіпсіздігі, жаңа армияны ая­ғы­нан тік тұрғызу негізгі басым­дық­тар­дың қатарынан орын алды. Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың жеке басшылығымен мемлекеттің дербес Қарулы Күштерін құру­дың қажетті алғышарттары мен Отанды қорғауға олардың дайындығын қамтама­сыз етудің негіздері жасалды. Жасалған алғашқы қадамдар мен қабылдаған маңызды шешімдерден Қазақстан армиясының келбеті қалыптасты. 

Осылайша, еліміздің Қарулы Күштерінің жыл сайын рөлі артып, қоғамда маңызға ие болды. Қарулы Күштеріміздің қанаты қатайып, бұғанасы бекіген сайын жауынгерлік әлеуеті де арта түсті. Қазақстан әскеріндегі сап түзеп тұрған сарбаздар мен сардарлардың Отанға деген патриоттық сезімі артып, рухы биіктеді. Сондықтан да шынайы өз елінің патриоттары мен ерлері, Отан қорғаушылары Қарулы Күштердің іргетасы қаланған 7-мамырды мерекеге санады. Ол 1998 жылдан бастап кәсіби мереке ретінде аталып өтті. Неге десеңіз, сол жылы еліміздің күнтізбесіне Отан қорғаушы күні кәсіби мереке ретінде енген еді.

Баса айта кететін жайт, кейінгі ұрпақ та осы күнді атап өтуді үрдіске айналдырды. Өйткені, жас буын 7-мамырды жандарына жақын санады, жадыларына тұтты. Ол тыныштығымызды күзетіп, Отанымызды қорғап жатқан қорғаушыларға деген құрметтен туындаған-ды.

 

Мемлекеттік мәртебе берілді

2012 жылы  ҚР  Қарулы Күштері жиырмасыншы жылдың белесіне көтерілді. Осы жылдар ішінде қорғанысын мықтап, күшін арттырған саланы ТМД мемлекеттері ұрысқа қабілетті, қазіргі заманғы техникамен және қару-жарақпен жарақталған, қуаты мен ұтқырлығы жоғары, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шеше алатын жоғары технологиялы, кәсіби әскері бар бірден-бір жүйе ретінде танып-білді. Мұның бәрі дәстүр сабақтастығын жалғастырған рухты, өр мінезді, білімді де білікті бүгінгі ұрпақтың бір ауыздылығымен, беделді ісімен, біріккен күшімен жеткен жетістіктер еді. Сондықтан да абыройға бөленген бұл саладағы игі істерді ҚР Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бағаламай қалған жоқ. Осы жылы Қарулы Күштердің құрылған күні қарсаңында барлық әскери қызметшілерге тамаша тарту жасады. Ол – Мемлекет басшысының 2012 жылғы 3 мамырда қол қойған «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы» бұйрығы. Онда Жоғары Бас Қолбасшы: «Қазақстан өз мемлекеттігін дамытудың 20 жылы ішінде әрдайым еліміздің корғаныс қабілетін нығайтуға, заманауи және кәсіби армия кұруға ерекше көңіл бөлді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді. Біздің әскери қызметшілер жоғары кәсіби даярлық, үйлесімділік пен жауынгерлік дағды үлгісін керсетуде.
Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың құрметті міндеті, аға буынның батырлық және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің жоғары адамгершілік мектебі ретінде қалыптасып отыр»,  деп біздің Қорғаныс саламызға баға бере келе, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері құрылуының 20 жылдығы құрметіне орай ел Үкіметіне 7 мамыр – Отан қорғаушы күнін Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі деп белгілеуді көздейтін «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Парламентке енгізуді, ал Қорғаныс Министріне еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамына алғыс жариялауды және көтермелеуді әрі бұйрықтың мәтінін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің барлық жеке құрамына салтанатты жағдайда жеткізуді бұйырды.

  Шыны керек, мерейлі мерейтой қарсаңында ҚР Президентінің бұл бұйрығы көпшілікті, әсіресе Отан алдындағы абыройлы міндетін атқарған және атқарып жүргендердің, сондай-ақ, барлық әскери қызметшілердің көңілдерін көкке көтерген еді. Қарулы Күштердің 20 жылдық құрметіне орай жария болған Бұйрықты еліміздің түкпір-түкпірінде қызу қолдаған көптің қарасы барған сайын көбейе түсті. Өз саламызда белді-шенді ер азаматтарымызбен қоса, әскери бөлімдердегі сардарлар мен сарбаздар бірауыздан қолдап, тамаша тарту жасағаны үшін Елбасына алғыстарын жеткізіп те жатты.

Бұл бұйрыққа сәйкес көп ұзамай, ел Үкіметі 7 мамыр Отан қорғаушы күнін – Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі етіп белгілеуді көздейтін Заң жобасын әзірлеп, оны қарауды Парламентке ұсынды. Ал Қазақстан Республикасының  Парламенті Мәжілісінің депутаттарына Заң жобасын қарау 2012 жылдың 19 қыркүйегіне бұйырды. 

Сол пленарлық отырыста Заң жобасын таныстырған бұрынғы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сергей Громов: «Заң жобасымен 7 мамырды Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі – Отан қорғаушысының күні етіп белгілеу ұсынылған. Заң жобасын қабылдау қазақстандықтардың адамгершілік тәрбиесіне оң әсер етіп, ел ішінде де, шетелде де біздің армияның, қарулы күштеріміздің беделі мен имиджін көтеруге жағдай жасайды», -дегенді айтты. Сондай-ақ, Заң жобасының қабылдануы қосымша қаржы шығындарына, сондай-ақ теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеліп соқтырмайтынын да жеткізді.

Соңында Парламент Мәжілісінің депутаттары  «ҚР-дағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, оны Сенатқа жіберді. Ол он бес күннен соң, яғни қазанның 4-інде ҚР Сенатының алқа отырысында сенаторлардың талқылануына түсті. Әрине, бұл Заң жобасын олар да қабылдамай қалған жоқ. Сөйтіп бірауыздан қос Палата депутаттары мақұлдаған Заң Жобасына тек қана Мемлекет басшысы тарапынан нүкте қою ғана қалған еді. Ол күннің ауылы да алыс болмады. Дәл сол жылдың 19-қазанында Елбасы 7 мамыр – Отан қорғаушы күні ретінде атап өтілетін жаңа мемлекеттік мерекені белгілейтін «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы»Заңға толықтыру енгізу туралы» Заңға қол қойып, заң жүзінде мемлекеттік мереке қатарын осы атаулы күнмен толықтырды.

Сөйтіп, Президент пәрменімен біраз уақыт қаралған бұл істің нәтижесінде пайда болған жаңа мерекеге біз ғана емес, республика жұртшылығы да қуанды.  Өйткені осыған дейін 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні тек кәсіби мереке тұрғысынан тойланса, енді мемлекеттік мәртебесін иеленген соң кең көлемді түрде атап өтілетіні көпке жағымды жаңалық болды. Оны еліміздің елдігін, Қарулы Күштеріміздің қуатын арттырған мерейлі іс деп білдік.

 

Үрдіске айналды

 

Бастапқы кезде кәсіби, кейіннен мемлекеттік мәртебені иеленген 7-мамыр 2013 жылдан бері ресми түрде мемлекеттік мереке боп тойланып келеді. Қазір жалпыхалықтық сипатқа ие болған осы күн атаусыз қалмайды. Жылдағы үрдіспен мемлекеттік деңгейдегі бірегей шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылады. Мәселен, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы құрметіне орай 1992 жылдың 7 мамырында Алматының Республика алаңында өткен тұңғыш әскери шеру кейіннен жауынгерлік парадқа ұласты. Осылайша, 2013 жылы ТМД елдерінің ішінде біздің елде тұңғыш рет жауынгерлік парад өткен еді. Аты да, заты да өзгеше жауынгерлік парадқа  құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері заманауи қару-жарақ пен техниканың пайдалану мүмкіндіктерін тактикалық және тәжірибелік тұрғыда көрсетті. Жеті мыңдай әскери қызметші қатысқан жауынгерлік парадты еліміз республикалық арналардан тікелей эфирде тамашалады.

Бұдан кейін, 2015 жылы Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парад та болды. Ол өткен жылдардағы парадтарға қарағанда көрнекі, қатысушылар саны жағынан ең ауқымдысы еді. Оған еліміз Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен әскери техника санының рекордтық мөлшері тартылды. Атап айтқанда, парадқа 5 000-ға жуық әскери қызметші, 200 бірлік шамасында қару-жарақ пен әскери техника, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы қатысты. Қазіргі заманғы ҚР Қарулы Күштерімен қатар Ұлы Отан соғысы уақытындағы армия мен қару-жарақ түрлері көрсетілді және шерудегі авиа-шоу да ерекше маңызға ие болды.

 

Ерекше аталады

 

Ал, биыл, Отан қорғаушылар күні еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында айрықша аталып өтпек. Атаулы күнге орай елімізде іс-шаралар әзірден басталып кетті. Оған мысал ретінде күні кеше бастау алған «Жұлдызды грим» акциясын айтуға болады.

«Еліміздің қорғаны – ерлер» екені айдан анық. Сондықтан да оларға деген құрметін көрсетіп, ілтипатын білдіргісі келгендер осы күні қам-қарекет жасайтыны анық. Осы орайда аталмыш акцияның маңызы зор. Осы мүмкіндікті пайдаланып, оларға деген ізгі ниетті білдіргісі келгендер өз парақшаларыңда мерекелік аквагрим бар бейне немесе фотоны орналастырып, селфи жасап немесе шағын видео түсіру арқылы құттықтауларын жеткізіп жатыр. Аквагрим бар бейнені жазып жібергендердің қатарынан біз қазақстандық эстрада жұлдыздары – Майра Ілиясова мен Роза Рымбаеваны, Айгүл Иманбаева мен Тамара Асарды және тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызын кездестіре аламыз.  Отан қорғаушылар күніне арналған бұл жұлдызды грим әлі де жалғасын табуда. Сіз де қалыс қалмаңыз, қадірлі отандастар!

Сондай-ақ, «Мәңгілік ел» тұғыры – Қуатты Армия!» бірыңғай ұраны  аясында өтетін биылғы мерекеде әскери бөлімдер мен бөлімшелер салтанатты сап түзеулер өткізіп, жауынгерлік және оқу-жаттығу даярлықтарында ерекше көзге түскен азаматтар марапатталмақ. Бұдан өзге, жылдағы үрдіспен ерлік сабақтары,  мерекелік ертеңгіліктер, байқаулар, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылатыны сөзсіз.

Міне, айрықша маңызға ие Отан қорғаушылар күні осылай дәріптеліп келеді. Айбыны асқақ, мәртебесі биік Қарулы Күшіміз бар да, оны мақтан етер ертеңгі ұрпақ барын осыдан-ақ сезуге болады. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"