Олар "Шегіну" дегенді білмейді

Әскери қақтығыс кезінде десантшыларға қашанда жауапты әрі ауыр міндеттер жүктелген. Жаудың шебін бұзу, парашютпен шайқастың қақ ортасына кіру, тұтқынға түскендерді құтқару, соңғы демің қалғанша қорғанысты ұстау сияқты жанқиярлық шаралар дәл осы әскерге тапсырылады. Олар «шегіну» деген сөзді білмейді. «Бізден басқа ешкім емес!» деп ұран салған десантшылар талай әскери операцияларды сәтті орындай білді.

Ұтқыр әскер ретінде құрылды

Қазақстанның Құрлық әскерлері егемендік алған тұста ел аймағында орналасқан құрамалар мен әскери бөлімдерден құралды десек қателеспейміз.

Анығын айтар болсақ, жас мемлекетте ол кезде ұрысқа қабілетті әскери бөлімдер де көп емес еді. Құрлық әскерлерінің негізін Семейде орналасқан бірінші армиялық корпус құрады. Оның құрамында мотоатқыштар мен танк дивизиясы және корпусқа бағынышты әскери бөлімдер болды. Мұнда сондай-ақ, жекелеген әскери бөлімдер – ракеталық бригада, артиллерия­лық және реактивті артиллериялық полктер тұрды. Бұдан басқа Отардағы дивизия мен Алматы маңында орналасқан еліміздегі бірден бір десантты-шабуылдаушы бригада бар еді. Сондай-ақ, республика аймағында Еуропадан шығарылған әскери техникалар саны айтарлықтай жинақталып, әсіресе, танкілер мен бронды машиналар, артиллериялық қондырғылар ашық аспан астын паналады.

Сол кездегі ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша, осыншама мол мұраға ие болған жас тәуелсіз елдің Қорғаныс министрлігі алдында қысқа мерзім ішінде аталған әскерлердің базасында ұтқыр, ұрысқа қабілетті армия құру міндеті тұрды. Осылайша, еліміздің жас Қарулы Күштері жасақталды. Алдымен, тоқсаныншы жылдардың аяғында ел Қарулы Күштерінің құрылымы реформаланып, Қарулы Күштердің үш түрі дүниеге келді.

Кейін жаңа ғасырда Қарулы Күштерді жетілдіру қажет болды. Сол тұста елбасы Н.Назарбаев «XXI ғасыр армиясының жауынгерлік қуаты оның санымен емес, жеке құрамының жоғары дайындығымен, техникалық жабдықталуымен, сыртқы қауіптерге сенімді қарсы тұра білу қажет» дегенді айтты. Осындай қажеттіліктен егемен еліміздің азаттығы мен жеріміздің тұтастығын қорғауға жауап беретін ұтқыр әрі шапшаң қимылдайтын, саны аз болғанымен, сапасы сын көтерер, Жоғарғы Бас қолбасшының резерв әскерлері болып табылатын әскер түрін құру идеясы туындады. Көп ұзамай Қазақстанның Ұтқыр Күштері Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 6 шілдедегі № 417 Жарлығына сәйкес 35 десанттық-шабуылдау бригадасының базасында құрылды. Ал Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2003 жылғы директивасының негізінде Қарулы Күштеріміздің Ұтқыр күштері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Аэроұтқыр әскерлері болып өзгертілді.

 

Бұғанасы бекіді

Аэроұтқыр әскерлері дегеніміз әскери бөлімдер мен құрамалардан тұратын Қарулы Күштеріміздің ұрысқа әзірлігі жағынан барынша жетілдірілген, жинақы әскер түрлері болып табылады.

Әскери істе тамаша табыстарға жету үшін оны дұрыс басқару қажет. Алдағы жұмыстарды жоспарлау, әскерлердің күнделікті өмірін қадағалап отыру қолбасшылық пен десантты-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы басқармасына жүктелді. Өзінің тарихи кезеңдерінде, қолбасшылық пен Десантты-шабуылдау әскерлерінің басқармасы үлкен абыройға ие болып, халық пен армияның сүйіспеншілігіне бөленді. Бұл ерекше абырой мен атақ қолбасшылардың орасан зор еңбегінің арқасы.

Ұтқыр әскерлерінің құрылуы кезінде қолбасшылық еткен генерал-майор Уәли Еламановқа Елбасы – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы 2001 жылы 7 мамырда Ұтқыр күштерінің Жауынгерлік Туын табыс етті. Содан бастап үш жыл қатарынан қолбасшылық еткен Уәли Бисақанұлының тұсында Ұтқыр күштері көптеген өңірлік, халықаралық, бітімгерлік оқу-жаттығуларға қатысып, мықты әскердің құрылғандығын дәлелдеді.

Атап айтсақ, Германияда өткен «Өңірлік ынтымақтастық – 2001» халықаралық оқу-жаттығуына, сол жылы Украина жерінде өткен «Әлем қорғаны-2001» және 2002 жылы Ресей Федерациясында өткен қос бірдей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа мүше мемлекеттердің бірлескен әскери оқу-жаттығулары «Әлем теңізі – 2002» және «Ынтымақтастықтың оңтүстік қорғаны – 2002» атты оқу-жаттығуларына қатысып, тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар, 2003 жылы қазіргі таңға дейін әлемнің алпауыт елдерінің Қарулы Күштері бақ сынайтын, тәжірибе алмасатын ірі оқу-жатығулардың бірі «Дала қыраны – 2003» халықаралық оқу-жаттығуына қатысты. Онда Ұтқыр күштерінің әскери қызметшілері Ұлыбритания және АҚШ әскери қызметшілерімен жауынгерлік машықтарын дамытты.

Осы тұста Қарулы Күштеріміздің дамуына орасан зор үлес қосқан генерал-полковник Сәкен Жасұзақов екінші қолбасшы ретінде Ұтқыр күштерінің тізгінін өз қолына алғанын айта кетейік. Кейін 2005 жылы 4 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Сәкен Әділханұлына ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлерінің Жауынгерлік Туын табыс етті.

Бұдан кейін генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, генерал-лейтенант Әділбек Алдабергенов, генерал-майор Дәулет Оспанов, генерал-майор Алмаз Жұмакеев және генерал-майор Қайдар Қарақұлов сияқты қолбасшылар аталмыш әскердің дамуына үлес қосты. Осылайша, Аэроұтқыр әскерлері жыл өткен сайын жауынгерлік дағдылары мен машықтарын дамыта отыра, буынын бекітіп, бұғанасын қатайтты.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес және Қорғаныс министрінің бұйрығымен 2017 жылдың 17 наурызында Аэроұтқыр әскерлері ҚР ҚК ҚӘ Десантты-шабуылдау әскерлері атауына біржола көшті. Әрине, Десантты-шабуылдау әскерлері атауын иемдену жеке құрамның қуанышын еселеп, оған ерекше серпін мен рух берді.

Десантты-шабуылдау әскерлерінің қарамағына Алматы, Талдықорған, Жаркент, Сарыөзек және Қапшағай гарнизондарынан құрылу кезінде көзделген жауынгерлік тапсырмалары алуан түрлі 14 әскери бөлім қарайды.



Тұңғыш бітімгерлікті атқарды

 Қазақстаннан тұңғыш бітімгерлік міндеттерін атқаруға аттанған әскери қызметшілер де – десантшылар. 2003 жылдан бастап 2008 жыл аралығында Десантты-шабуылдау әскерлерінің Қазақстандық бітімгерлік полкынан инженерлік-саперлік жасақ Иракта Коалицияның тұрақтандырылған күштері құрамында бітімгерлік міндеттерін орындады.

Жалпы, миссия барысында 9 ротация жіберіліп, саны 300-ден астам Қарулы Күштеріміздің әскери қызметшілері қатысты. Бітімгерлік міндеттерді орындауды бастаған күннен бастап, бітімгерлер 4 миллионннан астам жарылғыш заттарды залалсыздандырып, 7 мың куб метр ауыз суды тазартты. Ирак елінің қауіпсіздік күштері үшін жарылғыш заттарды жою үшін 500-ден астам арнайы мамандар әзірленіп, оның ішінде 70-тей маман далалық су жабдығына дайындалды. Саперлер жасағының дәрігерлері 5 мыңнан астам жергілікті тұрғынға, көбінесе аналар мен балаларға медициналық көмек көрсетті.

Ирак басшылығы ешқандай қиындыққа қарамай, өздерінің одақтық міндеттеріне адал болған және «Иракты азат ету» операцияларына қатысып, көрсеткен еріліктері үшін қазақстандық бітімгерлерге алғыстарын білдірді.

Ирак елінің Эс-Сувейра қаласының маңында қазақстандық және украиндық бітімгерлері оқ-дәрілерді жою операцияларын орындау барысында өздігінен жарылыс болып, қазақстандық бітімгер ерлікпен қаза тапты. Ол капитан Қайрат Құдабаев еді. Жарылыс маңына бәрінен жақын тұрған офицер көп ойланбастан, оқ-дәріні денесімен жауып, ерлікпен қаза тапты және I дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

Осылайша, бітімгерлік міндеттерін орындау барысында қазақстандық десантшылардың екеуі – I дәрежелі «Айбын» орденімен, он бесі – II дәрежелі «Айбын» орденімен, сегіз әскери қызметші – III дәрежелі «Айбын» орденімен және 60-қа жуық десантшы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен наградталды.

Бұл бітімгерлердің өзге елде атқарған алғашқы міндеттері болғанымен, соңғысы болмады. 2018 жылдан бастап қазақстандық бітімгерлер «ҮндіБат» үнді батальонының құрамында «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» бітімгерлік миссияларына қатыса бастады. Қазіргі уақытқа дейін жіберілген 3 бітімгерлік ротасы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, туған жерге оралды. Келесі кезекте, 4-бітімгерлік ротасы аттануға даярлық үстінде.

Әрине, өзге елде Қарулы Күштеріміздің бет-бейнесін танытатын әскери қызметшілерді іріктеуде де өте үлкен талаптар қойылады. Сырт келбеті мен дене дайындығының жоғары болуынан бөлек, қиын жағдайда өз бетінше шешім қабылдай алатын, шапшаң, жауынгерлік білімі мен білігі мығым, ағылшын тілін жетік меңгерген десантшылар таңдап алынады. Олар, Ливан елінде алты ай бойы Ливан мен Израиль шекарасындағы «Көк жолақта» 16 шақырымдық жерді патрульдейді, Ливандағы күнделікті жағдайды нақтылап, блок-бекеттерде қызмет атқарып, әскери базаларды күзетеді. Қазақстандық бітімгерлер онда «Үндібат» үнді батальонының құрамында болатындықтан,

Ливанға жіберілмес бұрын Үндістан Республикасының Нью-Дели қаласында дайындық курстарынан өтеді.

Сонымен қатар, Қазақстандық бітімгерлік полкінің десантшылары халықаралық «Дала Қыраны» және «Мызғымас бауырластық» оқу-жаттығуларына қатысады. Онда олар Англия, Германия, Италия, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция және өзге де елдердің Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерімен бірлесе отырып, өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттырып, бітімгерлік саласындағы тәжірибелерімен бөліседі.

 

Елдегі жағдайда – алдыңғы шепте

Осыдан біраз жыл бұрын Арыстағы оқиға естеріңізде болар. Сол Арыстағы жарылыста да десантшылар қарапайым халықтың жанынан табылды. Жарылыс салдарын жою, жарылмаған оқ-дәрілерді залалсыздандыру, қарапайым халыққа моральдық тұрғыда қолдау көрсету барысында инженерлік-саперлік полкі жеке құрамының атқарған қызметі орасан зор болды. Жүктелген міндеттерді аса жоғары жауапкершілікпен орындағаны үшін бірқатар әскери қызметшілер «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Бір елді емес, бүкіл әлемді шарпыған індетте еліміз алғаш рет енгізілген төтенше жағдайға тап келді. Осы тұста Қарулы Күштеріміздің халқымыздың қауіпсіздігі жолында атқарған қызметі орасан зор. Оның ішінде, Десантты-шабуылдау әскерлерінен 2000-ға жуық десантшылар Алматы қаласына дезинфекциялау мен санитарлық өңдеу жұмыстарын жүргізді. Қала маңына қойылған тосқауыл бекеттерінде Ливан елінде БҰҰ бітімгерлік міндеттерін орындаған бітімгерлер де қызмет атқарды. Сонымен қатар, десантшылар барлық құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, қаланы патрульдеуге қатысып, қарапайым тұрғындармен вирустан сақтану шаралары бойынша нұсқаулықтармн таныстыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, 300-ден астам десантшылар Нұр-Сұлтан мен Орал қалаларында төтенше жағдайға байланысты жүргізілген іс-шараларға белсенді түрде атсалысты.

 

Сайыстарда көрсеткіштері жоғары

Десантты-шабуылдау әскерлері барлық, оның ішінде халықаралық оқу-жаттығуларға белсенді қатысады. Армиялық халықаралық ойындар сайыстарында қол жеткізген көрсеткіштері жоғары. Соның ішінде, әуе-десанттық әскерлері бөлімшелерінің халықаралық кешенді сайысы болып табылатын «Десанттық взвод» конкурсы қазақстандық және шетелдік десантшылардың мықтылыған дәлелдейтін тартысты дода болып саналады.

Атап айтсақ, 2016 жылы Ресей Федерациясында өткізілген «Десанттық взвод» конкурсында, 8 мемлекеттен қатысқан қатысушылардың арасында ҚР ҚК командасы 2-орынды иеленді. 2017 жылы «Десанттық взвод» халықаралық конкурсы Қытай Халық Республикасының Гуаньшуй қаласында өткізілді. Бұл жолы 7 мемлекеттен қатысқан командалар арасында ҚР ҚК 2-орынды иеленді.

2019 жылы «Десанттық взвод» халықаралық конкурсы РФ Псков қаласында өтті. Әлемнің 21 мемлекетінен қатысқан командалар арасында ҚР ҚК 5-орынға табан тіреді.

Десантшы жауынгерлер әрқашан жоғары даярлық деңгейін, кәсіби шеберлігін, қиын да күрделі міндеттерді орындауға қабілетті екенін көрсетуде.

Десантты-шабуылдау әскерлерінде қызмет етудің қай кезеңде болса да абырой-беделі асқақ. Бөлімдер мен бөлімшелерді жасақтау қатаң іріктеу арқылы жүргізіледі, ал мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің спорттық разряды бар және психологиялық тұрғыдан өте төзімді болып келеді.

 

Жауынгерлік әзірліктің негізі

 

Десантшы – ол ерік пен жігерді, мінезді, тәуекелге бара алатын батыл қасиеттерді бойына шоғырландыра білген күш иесі, ол ерліктің жоғарғы мектебі, бірінші дәрежедегі батырлық, нөмірі «бірінші» жауынгерлік әзірлік. Оның негізі – парашютпен секіру болып табылады. Мақсаты – қарсыластың тылында жауынгерлік міндеттерді орындау үшін жеке құрамның, қару-жарақ пен әскери техниканың тұрақты түрде даярлығын қамтамасыз ету.

Әрбір десантшыға парашютпен секіруді жүзеге асырғаннан кейін көгілдір береттер мен жолақ жейде табыс етіледі. Бұл мәртебе оның нағыз десантшы екендігін айқындайды.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде алғаш рет парашютпен секіру 1993 жылы Қапшағай қаласындағы 35 жеке гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасында орын алды. Онда десантшылар МИ-8 тікұшағынан секірді. Сондықтан да, Қапшағай өлкесін «десантшылардың тал бесігі» деп атайды. Ал, 1994 жылы десантшылар АН-72 ұшағынан секіре бастады.

2012 жылы ҚР ҚК ҚӘ Десантты-шабуылдау әскерлерінің жеке құрамы түнде МИ-17 тікұшағынан және АН-72 ұшағынан 3300-ге жуық парашютпен секірулерін орындады.

Ал, 2013 жылы бұл әскердің барлау бөлімшелері Д-6 сериядағы 4, «Кентавр», «Беркут-2» парашют түрлерімен су бетіне 800-ге жуық секірулерін орындады.

Бүгіндері Десантты-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес осы әскер түрінде мерзімді қызметтерін өткеретін

десантшылар алғаш парашютпен секірулерін орындап, нағыз десантшы атануда. Бұдан өзге күндізгі, түнгі секірулерді де орындап, жауынгерлік машықтарын жетілдіруде.

Түнде парашютпен секіру – десантшылардың жауынгерлік даярлығының міндетті элементі. Бұл жаттығуларды келісімшарт бойынша офицерлер мен әскери қызметшілер орындайды.

Жаттығулар күндізгі уақытта зерделеніп, түнгі секірулер алдында қайта пысықталғанда және әр десантшы дайындықты барынша меңгергенде әуедегі іс-қимылдар сәтті орындалады.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"