КСРО әскери-теңіз флотының Құрмет кітабына жазылған алғашқы қазақ кім?

Кеңес Одағы кезінде атом сүңгуір қайықтарын игеруге және ядролы-радиациялық апатқа ұшыраған «К-19» атомоходын құтқару операциясына қатысқан, сондай-ақ есімі КСРО әскери-теңіз флотының Құрмет кітабына жазылған алғашқы және жалғыз қазақ Біләл Мұқашев туралы бір үзік сыр.

   Біләл Мұқашев әскер қатарына 1959 жылдың күзінде шақырылды. Медициналық комиссиядан өткен соң Ленинградтың батысына қарай 29 шақырымдағы Котлик жағалауына 1763 жылы Бірінші Петр салған жабық қала, әскери-теңіз қамал - Кронштадтқа жіберілді. Бұдан соң Кеңестер Одағының әскери-теңіз флоты мамандарының ұстаханасы болған Железняков атындағы электромеханикалық оқу отрядында сегіз ай оқыды. 1960 жылдың мамыр айының соңында оқуын аяқтаған 3 мың курсанттың 200-і ғана атом сүңгуір қайығында қызмет етуге жарамды болып шықты. Солардың құрамында Біләл Мұқашев атом сүңгуір қайықтарының құрылысын жасайтын тұңғыш және жалғыз зауыт орналасқан Ақ теңіздің жағасындағы Северодвинск қаласына жіберілді. Ол аса құпия тәртіптегі атом сүңгуір қайықтарының мектебінде үш ай бойы қайта даярлықтан өтті. КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Хрущев, Кеңес Одағының маршалы- қорғаныс министрі Р.Малиновский, Кеңес армиясы мен әскери-теңіз флотының саяси басқарма бастығы-армия генералы А.Епишев 1960 жылы Солтүстік флотқа келгенде құрметті қарауылда Біләл Мұқашев те тұрды. Бұл мектепті төрт қазақстандық бітірді.

   «Әскери-теңіз флотының қолбасшылығы қойған міндетті жүзеге асыру мақсатында 1960 жылы біздің К-8 атом сүңгуір қайығы ашық теңізге шығып, солтүстік мұзды мұхитқа бет алды. 13 қазан күні атом реакторының екінші контурдағы қорғау жүйесі белгі беріп, бу генераторындағы қысым кенеттен төмендеп кетті. Осылайша күтпеген жерден аса қауіпті жағдай туындады. Корабль мен экипаж өмірін сақтап қалу үшін, ең бастысы – аса маңызды механизмдердің бұзылмауына және аралас отсектерге радиацияның таралуына жол бермеу үшін күрес басталды. Экипажға «оқу жаттығуын тоқтатып, кері қайтыңдар» деген бұйрық берілді. Бірақ қалай? Радиация таратушы бу генераторына қанша уақыт қажет екенін ешкім білмеді. Біз, 8-інші отсек теңізшілері қайықтағы қажетті температураны қатаң қадағалап, Э-320 тоңазытқыш құрылғысының үздіксіз жұмысын қамтамасыз еттік. Көп мөлшердегі радиацияға қарамастан экипаж құрамы қайсарлық танытты. Бірнеше күннен соң барлығымыз аман-есен базаға оралдық. Радиация сәулесіне ұшыраған жолдастарымның шаштары түк қалмай түсіп қалды. Мен Семей сынақ ядролық полигонының кіндігі - Қайнарда туып-өстім, ағзам радиацияға бейімделгендіктен болар қайықтағы апаттың әсерін аса сезінбедім. Соған қарамастан түгелдей госпиталда ем алуға мәжбүр болдық», – деп еске алады жарты ғасыр бұрын болған оқиғаны Біләл Мұқашев.

   Атом реакторының механизм жүйесі сынақтан өтіп, бу генераторы жөнделген соң К-8 атом сүңгуір қайығы қайта қатарға қосылды. Алайда 1970 жылы 8 сәуірде «Мұхит» кодты атауымен ірі маневр кезінде Бискай шығанағында төрт жарым мың метр тереңдікте апатқа ұшырады. Экипаждың 125 мүшесінің 52-сі мерт болды. Сүңгуір қайықтың қасіретіне немесе оның тексеру жұмыстарына қатысы бар адамдар ғана білді бұл жайында. Себебі қайғылы оқиғаға байланысты барлық құжаттар аса құпия түрде сақталып келген еді. Тек арада 23 жыл өткен соң аян болды. «Труд» газеті 1993 жылғы 26-28 қазан күнгі нөмірлерінде К-8 атом сүңгуір қайығындағы апат, оның себеп-салдары мен зардабы жайында бүге-шүгесіне дейін баяндалған мақалаларды қоғамға жария етті. Қайғылы оқиғада қайтыс болғандар да, тірі қалғандар да түгелдей мемлекеттік марапатқа ие болды.

   Біләл Мұқашев 1961 жылы 4 шілдеде Атлант мұхитындағы Ян-Майен жағалауына  300 шақырым жерде ядролы-радиациялық апатқа ұшыраған «К-19» сүңгуір қайығын құтқару операциясына да қатысқан. Тарихи оқиғаның куәгері әңгімесін былай жалғастырды: «Реакторлық отсекте екі мәрте өрт болған екен. Шамадан тыс радиацияның кесірінен бет-аузы қисайған, тілі тартылған экипаж мүшелерінің тауқіметін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Халі мүшкілдерді Ленинград биофизика институтына алып кетті. Барлығы 8 адам қаза тапты. «К-19» атомоходын «Алдан» құтқару кемесіне біздің қайықтың теңізшілері бір апта бойы тіркеп, базаға жеткізілген соң отсектерді радиациялық заттардан тазарту жұмыстарына да ат салысты. Бұйрықтың аты-бұйрық. Бұйрықты орындаудан бас тартуға болмайды. Қайықтағы және оның маңындағы радиациялық жағдайға кәсіби мамандардың жетекшілігімен Минск жоғары әскери-химиялық училищенің соңғы курс курсанттары дозиметриялық өлшем жасап отырды. Олар қайықтан әр оралғанымызда бізді жан-жақты тексеруден өткізіп, барлық мағлұматты жеке ісімізге тіркеді. Жариялауға қатаң тиым салынды. Алайда 1990 жылы «Правда» газетінің арнайы тілшісіне берген «К-19» атомоход командирі Николай Затеевтің сұхбатынан соң ащы ақиқат аян болды. Менің досым Әшімбек Байназаров К-19 (15030 әскери бөлімінің) атом сүңгуір қайығының құрамында болатын. Атомоход апатқа ұшырағанда жан жолдасым Балқашқа демалысқа босатылған екен. Бүкіл экипаждан аман қалған жалғыз адам сол еді. Айта кетерлік маңызды жәйт - 658-інші жобадағы «К-19» - баллистикалық ракеталармен жабдықталған бірінші атом сүңгуір қайығы. 1961 жылғы апаттан кейін «К-19» бағы жанбаған корабльдер санатына қосылып, теңізшілер арасында «Хиросима» деген атқа ие болды. 1969 жылы 15 қарашада Баренц теңізінде «Трешер» үлгісіндегі американдық атом қайығына соғылды. 1972 жылы 24 ақпанда солтүстік Атлантикадағы базаға қайтып келе жатқанда өртке оранып, 28 адам жанып кетті. Атомоход пен адамдарды құтқару жұмысына 30-дан астам корабль мен кеме қамтылды. Жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілген «К-19»-да көп ұзамай тағы да от шықты. Бұдан кейінгі жылдары да қайықта келеңсіздіктер көп болды. Тек 1991 жылы «К-19» Солтүстік флоттың атом сүңгуір қайықтар құрамынан шығарылды».

Сонау солтүстік флотта атом сүңгуір қайығында бірге болған жора-жолдастарының, жақын жолдасы Әшімбек Байназаровтың тағдыры жайында сұрағанымызда Біләл аға мынаны айтты: «1959 жылы әскерге шақырылған атом сүңгуір қайықтарының біз секілді теңізшілері Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді. Елге оралған соң ешкім бізді іздемеді, сұрамады, тексермеді. Әскердегі құпиялылық халыққа шындықты айтуға жол бермегені рас. Біз шамамен үш жылға жуық бір-бірімізбен хат алысып тұрдық. Кейін байланыс үзіліп қалды. Дегенмен дәм бұйырып арада 26 жыл өткенде Әшімбек Байназаровпен кездесудің сәті түсті. Екінші мәрте жүздесуіміз 2010 жылдың шілде айында болды. Өмірлік жарым Хафиза Төлеуқадырқызы екеуіміз Балқаш қаласының маңындағы Шұбартөбек ауылында тұратын Әшімбектің туған-туысы мен бала-шағасының ортасында КСРО-ның әскери-теңіз флоты күнін бірге атап өттік».      

   Біләл Мұқашевтің үлкен ағасы Қалел Мұқашұлы, немере бауыры Секен Мәдиянов, ұлы Асқар Біләлұлы да Тынық мұхит флотында әскери борышын өтеген. Ортаншы ағасы Жәлел Мұқашұлы теңіз флотының штурманы. Күйеу баласы Сайлаубек Жұмабайұлы Балтық флотында әскерде болған. Жиені Рауан Қабдықалимов – Санкт-Петербург қаласындағы Бірінші Петр атындағы жоғары әскери-теңіз корпусының түлегі, Қазақстан әскери-теңіз флотының лейтенанты.

   Атом сүңгуір қайықтарындағы радиациялық апат зардаптарын жоюға қатысушы Біләл Мұқашев сегіз жыл сергелдеңнен соң Ұлы Отан соғысына қатысқандарға берілетін жеңілдіктерге де қол жеткізді. Қазір құрметті демалыста, 4 баладан немерелерін сүйіп отыр. Бос уақытында өскелең ұрпаққа патриоттық рухта тәрбие беру жұмыстарымен шұғылданғанды жаны сүйеді. Оқу орындарының студенттерімен, әсіресе ауылдағы мектеп оқушыларымен кездесуден жалықпайды. Біләл Мұқашев – Кеңестер Одағының әскери-теңіз флоты атом флотының Құрмет кітабына жазылған тұңғыш және жалғыз қазақстандық. Батыр аға құпия болса да ерліктің бағаланғанына разы.  


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"