Көк әлемін бағындырған ару

Отан қорғау, қару асынып елдің шебін күзету – абыройлы іс. Ел басына күн туған шақта табиғаты нәзік әйел затының да ел тыныштығын күзетіп, жаудан қорғап, есімдері тарихта алтын әріптермен жазылғанына куәміз. Сұлулығы мен ақылдылығы ұштасқан, қайсарлығы мен батырлығы астасқан Абылай ханның қызы Айтолқын, Қарасай батырдың қызы Есенбике, Қаракерей Қабанбайдың жары Гауһар мен қызы Назым, одан бері Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, өшпес батырлығымен мәңгі есте қалатын Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыз дәлел емес пе?! Сол ержүрек батыр апаларының ерлігін жалғастырушы қайсар қыздар бүгінде қазақ армиясында әскери қызметін өткеріп жүр.

Майор Динара Смаилова бала кезінен тарихи жырлардағы, қиссалардағы батыр әйелдердің рөлін ерекше сүйсініп оқып өскен. Сол кезден ақ өмірін Отан қорғау саласына арнасам деген балалық арманы бас көтерген екен. Әскери қызметке шақырылуға ұсыныс түскенде бірден қуана келісуіне де сол жүрек түкпіріндегі бала арманы ықпал етсе керек.

–       Әскер өмірі мен үшін таңсық еді. Әрі десантшы-шабуылдаушы әскерлер үшін талап жоғары, физикалық, моральдық жай-күйің мықты болу керек. Әскери форма киіп, қолыма қару ұстап ант қабылдағаным, алғашқы әсерім әлі күнге дейін көз алдымда. Патриоттық рухым, намыс-жігерім оттай жанып, әскер өміріне бірден етене араласып кеттім, - деп бастады сөзін Динара Қабылханқызы. – Әскери психолог – қызығымен қоса қиындығы қатар жүретін мамандық. Жеке құраммен, әскерге шақырылған сарбаздармен психологиялық жұмыс жүргізу, әрқайсысына талдау жасау, темпераментін анықтау, соған сәйкес тапсырма беру психологтың кәсібилігіне байланысты. Осы мамандық бойынша білім берген ұстаздарымыз «психология – адам жаны туралы ғылым, ал адам жанынан қиын да, күрделі ештеңе жоқ» деп айтатын. Расында, әр адамның жүрек түкпіріне үңіліп, ішкі түйсігін ұғынып, түсіне білу оңай емес.

Әскер сапына алынған жас сарбаздарды әскери ортаға бейімдеу, ұжымның моральдық-психологиялық жай-күйін бақылау, әр әскери қызметшінің әлеуметтік-психологиялық жағдайын зерттеу сияқты тағы басқа көптеген міндеттер осы әскери психологтың мойнына жүктелген. Динараның айтуынша, адамның көңіл-күйін, жан-тебіренісін ұғыну үшін әр адам сол жайтты бастан кешуі керек. Дәл сол себепті 800 метр биіктікті бағындырып, парашютпен секірген екен.

–       Парашютпен секіргелі тұрған әскери қызметшілермен жеке психологиялық жаттығулар жасап, олардың толқыныстарын басуға көмектесетінмін. Бір күні көк әлемін бағындырып, сол сәттегі көңіл-күйді сезінсем деген ой келді. Әрі десантшы-шабуылдаушы әскерлер қатарында жүрген соң парашютпен секірмеу намысымды жанығандай болды. Бар күш-жігерімді бойға жинап, секірерден бір күн бұрын практикалық жаттығулармен айналыстым. Келесі күні таңғы сағат 6-лар шамасында 16 парашютшіні тиеген ұшақ әуеге көтерілді. Борттағы парашютшілердің ішінде тек мен ғана бірінші рет секірмек едім. Шегінерге жол жоқ. Адамның батылдығы мен қайсарлығын елеп-екшейтін, ішкі толқынысын таразыға салатын сәт дәл ұшақтан секірердің алдындағы секундтар екенін сол жерде аңғардым. Сондағы жан-тебіренісімді сөзбен айтып жеткізе де алмаспын...

Бірер секунд бұрын ғана табанымен ұшақтың еденін нық басып тұрған адамның аспан әлеміне қойып кетіп, түпсіз тұңғиыққа құлдилап, белгісіздік құшағына енуін бұл өмірден алған ешбір әсермен салыстыруға келмейтінін айтады кейіпкеріміз. Одан кейін де парашютпен секіруі бірнеше рет қайталанған, алайда белгісіздікке аяқ басар кездегі жан тебіренісі ешқашан басылмайды дейді ол.

Динараға кино әлемі де таңсық емес. Өзінің актерлік шеберлігін 2015 жылы жарыққа шыққан «Көк тарландары» атты отандық фильмде көрсетті. Сомдаған рөлі – өзінің өмірдегі прототипі, яғни психолог маман қызды ойнаған. Түсірілім алаңында камера алдында өзін еркін сезінгенін, актерлермен тез тіл табысып кеткенін айтады.

– Эпизодтық рөлде психолог маманының рөлін сомдадым. Күнделікті атқарып жүрген ісім болған соң еш қиналған жоқпын. Сол фильмдегі актерлерге риза болдым, әскер өмірімен етене араластығы жоқ болса да әрқайсысы өз рөлін асқан шеберлікпен ойнап шықты.

Майор Динара Смаилова бүгінде Алматы облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде психолог маманы болып әскери қызметін өткеріп келеді. Әскерге шақырылушылармен психологиялық жұмыстар жүргізіп, олардың мінез-құлқын анықтайды, қиын жағдайларда өзін қалай көрсететінін, қай салаға бейімділігіне талдау жасайды. Ұжымның психологиялық жай-күйіне жауапты.

–       Қарапайым әйел мен әскери әйел болудың айырмашылығы көп. Бүгінде мен темірдей тәртіпке, қатаң талапқа, қару асынып, оқу-жаттығуларда ерлермен қатар сап түзеуге үйренгенмін. Күрделі сәттерде жылдам шешім қабылдап, кез келген жағдайда берілген бұйрықты орындауға әзірмін. Кәсіби және жауынгерлік шеберлігімді шыңдауда генерал-майор Алмас Джумакеев, генерал-майор Дәулет Оспанов пен полковник Ринат Ахметовтың рөлі зор болды. Сол командирлеріме айтар алғысым шексіз, әскери өмірде әлдебір жетістікке жеткен болсам, аталған кісілердің тәрбие мектебі екенін әрқашан есіме алып жүремін,-дейді майор Динара Смаилова.

                                                      Жанар АМЕРЖАНОВА

Алматы облысы ҚІД баспасөз қызметі  

     


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"