Халықаралық Армия ойындары тек мықтыларды қабылдайды

Ресей Федерациясы жыл сайын ұйымдастыратын Халықаралық армия ойындарының маңызы жыл санап артып келеді. Ойын құрамындағы аталымдар да жиілеп, қатысуға ниет танытқан мемлекеттер де көбеюуде. Биыл үшінші мәрте өтетін байрақты бәсекенің екі кезеңі Қазақстан аумағында өтеді деп жоспарлануда. «АрМИ-2016» сайысы барысында барлығы 20 полигонда 23 жарыс өтеді. Додаға қатысуға шақырту 47 мемлекетке жіберілгенімен, әзірге 21 ел қатысуға келісім берген. 30 шілдеде басталып, 13 тамызда шымылдығын жабатын шара туралы оқырман назарына кеңінен ұсынсақ...

Барлық сайыс белсенділікті талап етеді

Халықаралық армия ойындарының басты бәсекелерінің бірі – «Танк биатлоны». Танк экипаждары арасында өтетін әскери-далалық жарыс Мәскеу облысына қарасты «Алабино» палигонында ұйымдастырылмақ. Оған 17 ел қатысады. Атап айтсақ, Қазақстан, Ресей, Қытай, Венесуела, Ангола, Беларусь, Иран, Әзірбайжан, Зимбабве, Армения, Моңғолия, Үндістан, Сербия, Кувейт, Қырғызстан, Никарагуа, Тәжікстан. Команда құрамы 24 адамнан тұратын «Т-72Б3» танктерінің додасы жеке жарыстан және эстафетадан тұрады.

«Авиадартс» та айрықша аталымдардың қатарынан. Ұшу экипаждарының халықаралық жарысы 1-12 тамыз аралығында өтпек. Рязань облысына қарасты «Дубровичи» полигонында болатын әуе «шайқасына» 7 мемлекеттің – Қазақстан, Ресей, Қытай, Венесуела, Беларусь, Әзірбайжан, Пәкістан ұшқыштары қатысады. Команда құрамы 103 адамға дейін болатын жарыста «Су-25СМ», «Су-25», «МиГ-29СмТ», «Су-27 СМ», «Су-27,Су-24», «Су-34», «Ка-52», «Ми-24», «Ми-28Н», «Ми-8МТ», «Ми-8МТВ5», «Ил-76Мд», «Ту-22м3» техникалары бақ сынайды

«Теңіз кубогы» үшін таласта су үсті кемесі мен су асты қайығы жауынгерлік бөлімінің ең үздік командирі анықталады. Бұл жарыс 1-11 тамыз аралығында Новороссийск және Каспийск аумағындағы Қара теңіз бен Каспий теңізінің акваториясында өтеді. Бұған Ресей, Қытай, Әзірбайжан елдерінен 260 адам қатысады. Мұнда үміткерлер кемені бағытталуы бойынша қолдану, құтқару үшін күрес, теңіз үстінде жарыс және құтқару дайындығы сынды аталымдар бойынша сыналмақ.

«Суворов шабуылында» жаяу әскердің жауынгерлк машиналары жарысады. Қазақстан, Ресей, Қытай, Ангола және Армения сарбаздары бәсекеге түсетін бұл жарыста «Алабино» полигонында болмақ. Тау-кен бөлімшелерінің әскерилері сыналатын «Эльбрус сақинасын» 1-11 тамыз аралығында тамашалай аламыз. Балқар Республикасының Теріскөл, Қабар аймағында өтетін байқауға Қазақстан, Ресей, Қытай, Иран мемлекеттері қатысады. Мұнда жеңімпаздар биіктігі 5642 метрлік Эльбрус шыңын бағындыратынын айта кеткен жөн.

«Инженерлік формула» – инженерлік әскери бөлімшелердің жарысы. 1-10 тамыз аралығындағы шара Вологоград облысының Волжский полигонында өтеді. Қазақстан, Ресей, Қытай елдерінің сарбаздары қатысатын дода ИМР машинасымен бөренелерді орнату және орнын ауысьыру, ПТС экипажымен техника тасымалдау арқылы сулы кедергілерден өту сынды аталымдардан тұрады. Халықаралық армия ойындарында бұлардан бөлек, «Мергендік шеп», «Қару жасаушы шебер», «Ашық аспан», «Аспан кілті», «Әскери барлаудың үздіктері», «Қауіпсіз орта», «Рембат», «ашық су», «Сенімді дос», «Әскери-медициналық эстафета», «Далалық асхана», «Автоброньды танкілі техниканың шеберлері», «Артиллериялық оттың шеберлері», «Теңіз десанты», «Десанттық взвод», «Тереңдік» сайыстары бар.

 

Қазақстандық армияның қауқары жоғары

Өткен жылғы Халықаралық армия ойындарында біздің әскерилеріміз өте жоғары деңгейде белсенділік танытып, жүлделі орынға ие болған. Сол жетістігіміздің жемісі болса керек, алып империя саналатын Қытай елі өз сарбаздарына шеберлігіміздің сырын үйретуді сұраныпты. Бүгінде біздің офицерлер Қытай елінің өтінішімен «Қорла» әскери округінде «Танк биатлоны» байқауына қатысатын Қытай азаматтарын дайындауда. Бұл Қазақстан Қарулы Күштерінің беделі мен айбарын көрсететіні тағы айқын.  

Қазақстан танкішілерінің мергендігі мен жылдамдығы өте мықты» деп бағалапты аспан асты елінің әскерилері.

Ал Ресей аймағында өтетін байқауға әр қатысушы елдерден білікті де білімді өкілдер барады. Біздің елден 30-ға жуық адам делегация құрамына енді. Тағы айта кетерлігі, армия ойындарының конкурстары Ресей аймағынан бөлек, Қазақстанда да ұйымдастырылмақ. Себебі, «Мерген шебі» мен «Артиллериялық атыс шеберлері» байқауын біздің территорияда өткізу ыңғайлы әрі қазақстандық әскерилердің тәжірибелері бар және даярлық деңгейі өте жоғары. Сүйіншілейтін бір жаңалық, 2017 жылы Қазақстанда Армия ойындарының үш конкурсы өткізілетін болады. Яғни, «Адал дос», («Верный друг») байқауы алғаш рет біздің елде өтеді деп жоспарлануда.

 

Әуе барлаушылары әзірлік үстінде

Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері «Әскери барлау үздігі» халықаралық байқауында алғаш рет өнер көрсетеді. Бүгінде Қазақстанның Аэроұтқыр әскерлерінде «Әскери барлау үздігі» халықаралық байқауына қатысуға екінші іріктеу кезеңі басталды. Құрлық әскерлерінің деңгейіндегі келесі іріктеу кезеңінен өту құқығына әскери бөлімдердегі үздік 12 әскери қызметшіден тұратын 5 топ жарысқа түседі. Аэроұтқыр әскерлерінің деңгейіндегі іріктеуден кейін ҚР Қарулы Күштерінің соңғы кезеңі аяқталады. Сол кезде мықты қатысушы команда анықталатын болады. 

Әскери қызметшілеріміз үздік, мықты және ең кәсіби деген атаққа ие болу үшін өзге елдердің командаларымен бақ сынасуда оларға бірнеше кезеңнен өтуге тура келеді. Командалар десанттау мен марш жүгіруді орындайды, оқ атады, кедергілер жолағынан өтіп, жаяу әскердің жауынгерлік машинасын жүргізу дағдысын, сондай-ақ ЖӘЖМ-нің 100 метрге жүзіп өтуін көрсетеді. Содан кейін әскери қызметшілерге 5 шақырымға жүгіруге және операцияларды жүргізудің ең күрделі тәсілдерінің бірі – торуылды жасауға тура келеді.

«АрМИ-2016» бағдарламасына далалық, әуе және теңіз машығы бойынша барлығы 23 байқау кірсе, әскери қызметшілеріміз барлық аталымдарда, дәлірек айтсақ, 21 конкурсқа қатысатын болады. Онда әртүрлі мемлекеттердің Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерімен сайысқа түседі.

 

Құрлық әскерлерінен команда жасақталуда

Қарулы Күштеріміздің Құрлық әскерлері Гвардейск гарнизоны оқу-жаттығу орталығының базасында 2016 жылғы Армия ойындарының халықаралық кезеңіне қатысу үшін дайындығын бастап кетті. «Әскери-медициналық эстафета» және «Мерген шебі» байқауларына дайындық жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Онда байрақты додаға қатысатын ең үздік әскери қызметшілері іріктелетін болады.

Дайындық жаттығуларында 415-ке жуық әскери қызметшісі бақ сынауда. Оған еліміздің шамамен 120 бірлік әскери техникасы тартылды.

Қалған байқауларға қатысу үшін халықаралық кезеңге дайындықты аяқтағаннан кейін, үздік қатысушылар Ресей Федерациясында бәсекені жалғастырады. Онда қарсыластары отандастары емес, шетел армияларының әскери қызметшілері болмақ.

Мұндай іс-шаралар әскери қызметшілер үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін де аса маңызды. Аталмыш іс-шара өзге елдердің әскери қызметшілері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Әрбір қатысушының жауынгерлік даярлығын арттырып, әскери халықаралық ынтымақтастықты нығайта түседі.

 

Ұшқыштар жүлделі болатындарына сенімді

«Қызылағаш» және «Қазақстан» авиациялық полигондарында «Авиадартс-2016» ұшу экипаждарының халықаралық байқауына қатысу үшін Қазақстан Әскери-әуе күштерінің ұшқыштары арасында іріктеу кезеңі жалғасуда. Биыл байқау 2016 жылдың 26 шілдесі мен 12 тамыз аралығында Ресей Федерациясында өтетіні белгілі. Қазақстанның Әскери-әуе күштері атынан халықаралық сайысқа «Су-27» және  «МиГ-29» жойғыштарының, «Су-25» шабуылдағыштарының, сондай-ақ «Ми-8» және «Ми-17» көліктік-жауынгерлік тікұшақтарының экипаждары қатысады. Ұшу құрамы байқауға белсенді даярлық үстінде. Әуеайлақтарда инженерлік-техникалық құрам және жер үсті ұшуларын қамтамасыз ететін мамандар толық даярлықтан өтті.

Халықаралық Армия ойындары аясында өтетін бұл дүбірлі додаға Григорий Кондратюк, Әділ Искаков, Владимир Железнов сынды капитандар екінші мәрте қатысады. «Мұндай халықаралық деңгейдегі сайыста еліміздің атынан өнер көрсету – біз үшін үлкен құрмет. Байқауда, әрине, мықты қарсылас болары анық. Алайда, менің ойымша, біздің ұшқыштардың да қарқыны күшті, тәжірибесі жетерлік және, ең бастысы, жеңіске деген құлшынысы басым» дейді капитан  Григорий Кондратюк.

Капитан Азат Абдуллин 2007 жылдан бері «Су-25» ұшағымен ұшып келеді. Ол байқауға ұшақ басқарушы ретінде екінші рет қатыспақ. Алғашқы халықаралық байқауда да жетекші рөлде болған еді. Ол үшін мұндай жоғары деңгейдегі конкурста Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің атынан өнер көрсету – жоғары мәртебе. Капитан күн сайын өзінің қызметтестерімен бірге алдағы сайысқа белсенді түрде дайындалып, ұшу шеберлігін шындауда.

Байқауда ұшақтар мен тікұшақ экипажы үшін ұшуды басқару техникасы, навигация мен визуалды әуе барлауын жүргізу бағыты, сондай-ақ жауынгерлік қолдану бойынша ұшу тапсырмалары беріледі. Барлық ұшу түрлері қарапайым метеорологиялық жағдайда өткізіледі. Байқаудың соңында төзімділігі пен жылдамдығын анықтау мақсатында дене даярлығынан жарысқа түседі.

«Ұшу және инженерлік-техникалық құрам үшін бұл байқау тиімді тәжірибе болды. Біріншіден, сайыс жауынгерлік жағдайда өтті. Екіншіден, қарсыластарына өздерінің дайындық деңгейін көрсетіп, тәжірибе алмасады. Үшіншіден, шара Қазақстан Қарулы Күштері мен Әскери әуе күштерінің беделін көтеруге мүмкіндік береді. Өткен жылы біздің экипаж достастық елдері арасында жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Байқауға лайықты қарсыластар қатысты.

Сонымен қатар, жекелеген номинациялар бойынша «Ми-8» тікұшағының экипаж командирлері капитан Алексей Кейль және аға лейтенант Ақжан Айтбаев, «МиГ-29» жойғыш ұшағының ұшқыштары капитан Нұрбек Әбдішүкір және аға лейтенант Владимир Бурковский жүлделі орындарға ие болғанын айта кеткен жөн. Биылғы жылы біздің ұшу және инженерлік-техникалық құрам жоғары нәтиже көрсетеді деп сенемін» дейді Әскери әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов. Іріктеу кезеңі 5 шілдеде аяқталады.

 

«Орал» мен «Сарыарқа» сақадай сай

Биылғы жылдың тамыз айында Каспий теңізінің ресейлік су айлағында өтетін Халықаралық армия ойындарына Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері «Орал» кораблінің экипажы тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізуде. «Орал» кораблі әуеде, теңізде және су бетінде қалқып жүретін миналарды нысанаға алу бойынша практикалық атыстарды орындайды. Әр тәжірибелік ату дайындығы барысында жеке құрам өз машығын арттырып, нәтижелерді жақсартуда. Корабль экипажы практикалық атыспен қатар, «Теңіз биатлоны» жарысының «Құтқару даярлығы» кезеңі үшін жүзушілерді барынша даярлауды өткізді. Жүзушілер үрлемелі құтқару бөгетіне дейін 50 метр жүзіп барады. Байқаудың шарты бойынша, жүзіп жеткен адам бөгетті аударып, мәреге дейін жүзіп өтуі тиіс.

Байқауға қатысатын негізгі корабль – «Орал» зымыранды-артиллериялық кораблі, ал қосалқы – «Сарыарқа» кораблі. Бұл экипаждардың құрамы 33 адамды құрайды. Өткен жылы ҚР ҚК ӘТК командасы «Каспий кубогы» байқауына бірінші рет қатысқаны есімізде. Аталған байқаудың қорытындысы бойынша біздің команда екінші орынға, сондай-ақ күміс алқа мен «БЛ-680» жылдам жүзетін қайыққа ие болған.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"