Халықаралық Армия ойындары: Жауынгерлеріміз жарап тұр

Халықаралық Армия ойындары: Жауынгерлеріміз жарап тұр

Армия халықаралық ойындарының басталып кеткеніне бірнеше күн болды. Сөз басында сүйіншілер қуанышты жаңалық, Ресейдегі Армия халықаралық ойындары – 2016 додасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамасы ең көрнекі командалардың бірі болып танылды. Әскери қызметшілеріміз 23 байқаудың 21-інде ұсынылған. Мұндай барынша қамту жалпы командалық сынақта жеңімпазды анықтау үшін шешуші мәнге ие және өзге елдер үшін ынталандыру болып табылады.
Командаларымыз өнер көрсететін байқаулардың пішімі мен ерекшелігі әр алуан. Кәсіпқойлық жағынан бақ сынасып, халықаралық аренада Қазақстан Қарулы Күштерің намысын әскери ұшқыштар, теңізшілер, десантшылар, жүргізушілер, танкішілер мен теңіз жаяу әскерлері, инженерлер, әскери дәрігерлер, әскери аспазшылар, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау мамандары, кинологтар, сүңгуірлер, мергендер және артиллерияшылар қорғауда. Олардың біршамасы қызу тартысқа түсіп те кетті.

 

Қорғаныс министрі құраммен кездесті

Таяуда ғана Ресейдегі «Патриот» саябағының басты алаңында Армия халықаралық ойындары – 2016 жарысының ресми түрде ашылу рәсімі өткен болатын. Салтанатты шара Мәскеу облысының «Алабино» полигонында өтетін «Танк биатлоны» байқауына қатысатын танк экипаждары додасының  басталуын білдіретін оқ атудан басталды. «АрМИ-2016» ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов қатысты. Қорғаныс ведомствосының басшысы сайыста еліміздің Қарулы Күштерінің намысын қорғайтын қазақстандық құрамамен жүздесіп, әскери қызметшілерге сәттілік және жеңіс тіледі.

Армия халықаралық ойындары – бұл әскери саладағы ғаламат оқиға. Кәсіби машық пен шеберліктің ірі сайыс алаңы. Бұл тартысты бәсекеге әуедегі, құрлықтағы және теңіздегі үздік, ең мықты және дайындалған атағын иемдену үшін тұтас армия жиналады. Шілденің 30-ында басталған ойындар тамыздың 13-іне дейін жалғасады.

Биылғы жылы Армия ойындарының ауқымы барлық сапалық және сандық өлшемшарттар бойынша кеңейді. Қазіргі ойындарды 3 000-нан аса әскери қызметші, Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасының 20 мемлекетінен келген 120-ға жуық армия командалары біріктірді. Далалық, әуе және теңіз дағдысы бойынша 23 байқау, оның 10-ы жаңасы, бір уақытта Ресей мен Қазақстанның 20 әскери полигонында өтуде. Осы ретте айта кетерлігі, Қазақстандағы Армия халықаралық ойындарының барысын, ең көзтартар және қызықты сәттерін тікелей көрсетілімнің арқасында тамашалауға болады. Барша «АрМИ-2016» сайысын көремін деушілер үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «mod.gov.kz» ресми сайтында онлайн көрсетілім ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, ойындар күн сайын отандық «KAZsport» телеарнасынан көрсетілуде.

 

Апта басындағы алғашқы жеңіс

Иә, алғашқы нәтижелер көңіл көншітеді. Айталық, Қазақстанның есантшылары Новороссийскідегі «Раевский» полигонында өтіп жатқан «Десанттық взвод» байқауының бірінші кезеңінің көшбасшылары атанды. Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Қытай, Иран, Мысыр, Венесуэланың құрамасы мен ӘДД ардагерлерінен құралған ААФЕҚО командасы «Ми-8» тікұшағынан парашюттік десанттауды, жиналуды және 10 шақырымдық марш жүгіруді орындады. Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстанның десантшылары бірінші орынға ие болды. Жерге қону алаңындағы жиналу бойынша Қазақстан үздік нәтиже көрсетті.

Апта басындағы мәліметтерге жүгінсек, Командамыздың артынан Қытай және Ресей жауынгерлері табан тіреген. Әрі қарай Мысыр, Иран, Беларусь және Венесуэланың командалары жайғасты. Бұл командамыздың сенімді бастамасы. Сайыстың тағы да бірнеше күрделі кезеңдері өтуде. Алайда, аралық қорытындыны негізге ала отырып, әрі қарай жарыстағы негізгі бәсеке алғашқы үш команданың арасында күшейе түседі деген болжам бар. Қатысушыларға экипаждарсыз взводтың спринтін орындауға, сулы учаскені жүзе отырып, атыс қаруынан оқ атуға тура келеді. Одан басқа, сайыс жүзе отырып, десанттың ұрыс машинасында (бронетранспортерында) оқ атумен қудалау жарысы, таулы эстафета, атыс қаруынан, гранатаатқыштардан оқ ату, жүзе отырып, сулы учаскені еңсерумен дәлдікке граната лақтыру, ал соңында дәлдікке жеке секіру түріндегі әскери сынақтар дайындауда.

 

Аспан «қожайындары» анықталуда

Ресейдің Рязань аймағындағы Ұшу құрамының жауынгерлік даярлығы және қайта оқуы 43-ші орталығының базасында ұшу экипаждарының «Авиадартс-2016» халықаралық байқауы бастау алды. Бұл – Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қытайдың әскери ұшқыштары бір сапта, бір әуе базасында жаттығып, шеберлікте бақ сынасуда ұшулар жасайтын айрықша сәт. «Әуе хас шеберлері» ұшақты басқару, дәл оқ ату және бомбаларды лақтыру шеберлігінде ғана емес, сонымен бірге, спорттық алаңдарда да сайысқа түседі. Ұшқыштың денсаулығы мен дайындығы керемет болуы керек екендігін әрқайсысы біледі. Оның үстіне, спорттық кезеңде сәтті өнер көрсету команданың ортақ қоржынына жиналатын қосымша ұпайлар болып саналады.

Одан басқа, биылғы жылы нысаналар үлгісінің саны екі есеге ұлғайтылғанын айта кеткен жөн. Байқау үшін нысаналардың 12 үлгісі құрылды. Олардың арасында тактикалық, атқыш, бомбалайтын және радиолокациялық нысаналар бар. Межелер инфрақұрылымның объектілерін, авиатехниканың тұрағы бар әуеайлақты, зениттік зымыран кешендерін, маршта танкті бөлімшені және тағы басқаны елестетеді. «Әуедегі сайыс түрінің арқасында жауынгерлік даярлықтың сапасы жақсарды және бұл нәтижелер әуе машығына жылдам ықпал етті» дейді Ресей Федерациясы Әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы генерал-полковник Виктор Бондарев.

Биылғы жылы Қазақстаннан байқауға Әскери-әуе күштерінің «Су-25», «Су-27», «МиГ-29» ұшақтары мен «Ми-171Ш» тікұшағының ұшу және инженерлік-техникалық құрамдары қатысуда. Былтырғы жылы да ұшқыштарымыз «Авиадартс» байқауында бақ сынаған болатын. Ол кезде Қазақстан ӘӘК-нің командасы екінші орынды еншілеген.

«Авиадартс» байқауы Армия халықаралық ойындары бағдарламасының үлкен бір бөлігі екенін еске саламыз. Бұл ұшқыштардың шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге, тәжірибелерімен бөлісе алатын ерекше сайыс. Қатысушы елдер әскери ведомстволары басшыларының айтуынша, бұл – жай ғана сайыс емес, тәжірибе алмасу, танысу, үздіктер мен кемелді болашағы бар ұшқыштарды, өз ісінің хас шеберлерін айқындау алаңы.

 

Полигондық жабдықтың пайдасы көп

Сөз арасында қазақстандық белгілі зауыттың халықаралық сайысты полигондық жабдықпен қамтамасыз еткенін айта кетсек, артықтық етпес. «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың құрамына кіретін «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ кәсіпорны Армия халықаралық ойындары – 2016 байқауларына роталық тактикалық жиынтық әзірлеп қойған. Жаңа жабдық Қазақстанда өтіп «Арми-2016» жарысының «Мерген шебі» және «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауларын қамтамасыз етуде. Роталық тактикалық жиынтық «Гвардейск» полигонында тәуліктің күндізгі және түнгі уақытында жауынгерлік бөлімшелердің оқу атыстарын ұйымдастыру үшін арналған. Жабдық қытымыр климаттық жағдайларда немесе үскірік аяз бен аптап ыстықта жұмысты қамтамасыз етеді.

«С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ – 2015 жылдан бастап ҚР Қорғаныс министрлігіне арналған әртүрлі полигондық жабдықты жеткізуді жүзеге асырып келе жатқан бірден-бір отандық өндіруші болып табылады. Жабдық кез келген уақытта жеке құрамның жауынгерлік даярлық тапсырмасын орындауға мүмкіндік беретін ұтқыр, берік, жеңіл орнатылады әрі пайдалануда ыңғайлы.

 

Түнгі атулар тартысты әрі күрделі болды

«Гвардейск» полигонындағы дода барысын тереңірек тізбелесек, артиллерияшылар мен мергендердің аяқ алысы жаман емес. Қазақстандық команда байрақты бәсекеге нық қадам басып, алғашқы есептоптың біріншті тартысының көшбасшысы атанды. Біздің минаатқыш есептобы минаатқыш командирі сержант Ғани Дәулетовтің басшылық етуімен байқауды бірінші болып бастады. Тартысқа сондай-ақ, Қырғызстан мен Ресейдің командалары қатысты. Үміткерлер барынша жылдамдықта «Ирелең» және «Мина-жарылғыш қоршаудағы сорап өткелі» кедергілерін еңсерді.

Төрешілер механик-жүргізушілердің дайындығын, олардың қозғалыста маневрлерді жасау шеберлігін тексерді. Бұл ретте кедергіні бұзып өту кезінде әрбір жапырылған шектегіш үшін қатысушыларға айып уақытының 10 секундынан қосылып отырды. Одан кейін командалар РПГ-7В және АК74-тен оқ атуларды орындады. Содан соң есептоптардың командирлері көтерілетін нысана бойынша ПКТ оқшашарынан атысты орындай отырып, атысты бастау шебінде сүйретпелерді тоқтатып отырды. Межеге дейінгі қашықтық 300-400 метрді, оқ-дәрілер саны шағылдырғыш оқтары бар 12 патронды құрады. Дөп тигізілмеген нысанаға 300 метрлік бір айып шеңбері қосылды.

Ал артиллерияшылары түнгі оқ атуларда Ресей, Қытай, Қырғызстан мен Венесуэланың командаларынан оза шапты. «Артиллериялық оқ ату шеберлері» – «Түнгі спринт» байқауының екінші кезеңі – түнгі уақытта өткізілген алғашқы сайыс. Тартыс күрделі болды.  Жауынгерлік қалыпта түнгі көру приборларымен жүргізу, минаатқыштан, гранатаатқыш пен автоматтан нысаналарға дөп тигізу – мұның барлығын Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан мен Венесуэланың артиллерияшыларына түнгі мезгілде алғаш рет байқауда орындауға тура келді.   

Әскери қызметшілер 2Б11 минаатқышынан, түнгі көздеуіштері бар РПГ-7В және АК-74-тен оқ атты. Минаатқыштан оқ ату радиусы 15 метр жеке құрамға арналған тасалары бар арнайы дайындалған ордан жүргізілді. Межеге дөп тигізу үшін әрбір командаға үш минадан берілді. Әрбір мүлт кеткен оққа бір айып шеңбері қосылып отырды. Оқ атулар нысананы үздіксіз жарықтандыру үшін белгіленген қарқынмен «Оңтүстік» ӨңҚ 85395 әскери бөлімінің Д-30 122 мм гаубицаларының атыс есептоптарымен жүргізілді. Түнгі жағдайда оқ ату үшін қатысушыларға қазақстандық «Аселсан» өндірісінің түнгі көру көздеуіштері ұсынылды. Оптика мергендерге түнгі уақытта оқ атуға, сонымен қатар, сайыстың кейбір сәттерінің түсірілімін жүргізуге мүмкіндік берді. 

Қазақстанның минаатқыш есептоптары түнгі жағдайда барлық кедергілерді ойдағыдай еңсеріп, барынша жылдамдықта мәре сызығына жетті. Байқаудың екінші кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстанның командасы үздік атанды. Екінші орынға Ресей тұрақтады, үшінші орынды Қырғызстанның командасы еншілесе, төртінші орынды Венесуэла місе тұтты. Қазақстанның командасы жеткілікті деңгейде дайындалғанын айта кеткен жөн. Байқаудың басынан бастап қазақстандық артиллерияшылар жоғары нәтижелер көрсетіп, барлық сынақтарда өздерін сенімді ұстауда. 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!

Жүгіртпе / Лента

Почему нельзя использовать сдвоенные рожки для автомата

Почему нельзя использовать сдвоенные рожки для автомата

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи